28 Шілде 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адамның байлығы – діні мен ахиреті

Адамның байлығы – діні мен ахиреті

Адамның қазынасы – діні мен ахиреті болып табылады. Бұл қазынаны сақтай алу үшін ояу болу керек, дүниелік істердің ахиретке пайдалы болуы және жаһаннамға сүйремеуі үшін, қолдан келгеннің барлығын жасап тырысып бағу керек.

Имам Ғазали хазреттері дүние істерімен айналысып жүріп, дінін ұстануда мына жеті нәрсеге мән беру керектігін айтып былай деген:

1) Күнде таңертең өзінің, бала-шағасының ризығын табу үшін, оларды ешкімге мұқтаж етпеу үшін, Аллаһу та'алаға таза және жақсы (оңай) ғибадат ете алу үшін, ахирет жолында жүре алу үшін жұмыс істеуге кетіп бара жатырмын деп ниет етуі керек. Бұлай ниет еткен адам жұмысын істеген сайын сауап алады. 

2) Мыңдаған адам жұмысын істемей бос отырып алса, өзінің бір күн болса да өмір сүре алмайтынын ойлау керек. Мысалы, егінші, шаруа, наубайшы, тігінші, темірші, жіп иіріп сататындар және тағы басқа көптеген қолөнершілердің барлығы сен үшін жұмыс істеуде. Сен олардың барлығына мұқтажсың. Барлық адамдар сен үшін жұмыс істеп жатқанда, сенің бос отыруың, ешкімге пайдасыз болуың дұрыс бола ма? Бұл дүниеде барлық адам жолаушы. Келдік, кетіп бара жатырмыз. Жолаушылардың бір-біріне көмек берулері, бірге тіршілік етулері, бауырдай болулары керек. Әрбір мұсылман осылай ойлауы керек.

3) Дүние істері ахиретке, ғибадаттарға кедергі болмауы керек. Ахиреттің табыс көзі – мешіттер. Мунафиқун сүресінің 9-шы аятында: «Мал-мүліктерің мен балаларың, Аллаһу та'аланы еске алуларыңа кедергі болмасын!» делінген. Хазреті Омар былай деген:

«Ей Саудагерлер! Әуелі ахирет ризықтарыңды табыңдар! Сосын дүние ризқы үшін жұмыс істеңдер!»

4) Базарда, жұмыс орындарында Аллаһу та'аланы зікір ету керек. Әр уақыт Оны ойлау керек. Тілі мен көңілін бос қалдырмау керек. Өткізіп алған әрбір сәтті барлық нәрсесін беріп қайтара алмайтынын жақсы білу керек. Ғафлет (қараңғылық, азғындық) арасында Аллаһты еске алудың сауабы көп болады. Расулуллаһ алейһиссалам: «Ғафилдер (бұзылған, азғын адамдар) арасында Аллаһу та'аланы зікір еткен адам, қураған талдардың арасында тұрған жасыл көшет сияқты және өлгендердің арасындағы тірі адам сияқты және соғыста қашқандардың арасында арыстандай соғысқан адам сияқты болады» деген.

5) Дүние істеріне қатты берілмеу керек. Мысалы, базарға ең бірінші барып, ең соңынан қайтпау керек. Хадис шәрифте: «Саудагердің, дүкеншінің ең жаманы – ерте барып, кеш қайтқандары» делінген.

Таң намазын оқып және кітап оқып бірнеше нәрсе үйренбейінше жұмысқа бармауды әдетке айналдыру керек.

6) Күмәнді нәрселерден қашу керек. Харамға жақындаған адам онсыз да пасық болады.

7) Сауда-саттықта сатып алушыға айтқан сөздерін, әрекеттерін, алып-бергендерін жақсылап және дұрыс есептеу керек.

Қияметте бұлардың барлығының есебі болатынын білу керек. Бір әулие кісі түсінде бір дүкеншіні көріп:

- Аллаһу та'ала саған не істеді?- деп сұрады. Дүкенші:

- Алдыма елу мың бет (парақ) қойды. Йа Раббым, бұл парақтар кімдікі дедім. «Елу мың адаммен сауда жасапсың. Әр бет бұлардың әр бірімен болған мәмілеңді көрсетеді»- деді. Қарасам, әр бетте әр кісімен жасаған мәмілелерім, толықтай жазылған екен,- деді.

 

Міне, осы жерге дейін дін ұлыларының халдері мен дініміздің жолы білдірілді. Қазіргі таңда бұл жол ұмытылып, білетін адам қалмағандай. Қазір бұлардың бірін орындаған адамға көптеген сауап беріледі. Расулуллаһ алейһиссалам былай деген:

«Бір заман келеді, ол заманның мұсылмандары қазір сендердің істеп жүрген ғибадаттарыңның оннан бір бөлігін орындаса, ахиретте азаптан құтылады.» Мұның себебі сұралғанда: «Өйткені сендердің жақсылық істеуде көп көмекшілерің бар. Олардың көмекшілері болмайды, сонымен қатар түрлі кедергілерге душар болады. Олар ғафилдердің (азғындар), надандардың арасында қалады» деп бұйырды.

Қорыта айтқанда, ахиреттің дүниеден жақсы екеніне сенген адам, бұл айтылғандардың барлығын істей алады. Кімде кімнің дүниелік саудасы ахиреттік жағдайына кедергі болып жатса, бұл адам бейбақ деген сөз. Бір темір шөлмек алу үшін алтын қазанын берген адамға не деуге болады? Дүние қыштан жасалған құмыра сияқты. Құнсыз және тез сынады. Ахирет болса алтын сияқты, төзімді және құнды, сынбайды және мүлдем таусылмайды.