11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Хайз / Орануға қатысты сұрақ жауаптар

Орануға қатысты сұрақ жауаптар

Сұрақ: Хиджаб кигеннен кейінгі әйел баласының жасауына болмайтын нәрселері жайында толығырақ жазып жіберсеңіздер?

Жауап: Мұсылман әйелге хиджаб кисе де кимесе де жасауға болмайтын нәрселері бірдей. Хиджаб киген әйелге харам болатын нәрселер хиджаб кимеген әйелдерге де харам болады. Бірақ сонда да хиджаб кигеннен кейін әйелдің бүкіл жүріс-тұрысына, қимылдарына бұрынғыға қарағанда өте мұқият болуы талап етіледі. Себебі хиджаб киген әйелдің істейтін әрбір қопал қылығы және айтатын әрбір сөзі «мұсылмандардың барлығы осындай екен» деген оймен қарсы алынады. Сол себепті хиджаб киген бір қыздың жұмыс орындарында, қоғамдық жерлерде басқа кісілермен келіспеушіліктерге, жанжалдарға араласуы бүкіл хиджаб кигендердің барлығының атына кір келтіреді. Сондықтан хиджапты әйел әркезде артықша әрекеттерден, сөздерден тиылып, халық арасында мұсылман әйел деген атқа лайықты, үлгі боларлықтай өмір сүруі керек.

Мысалыға кейбір оқу орындары немесе мемлекеттік қызметтерге хиджабты әйелдердің алынбауына көбінесе бұрын сол қызметтерде істеп немесе сол оқу орындарында оқып мұсылмандарды жаман көрсетіп қойған хиджабты әйелдердің орынсыз іс-әрекеттері себеп болған.

Атеизмнен шыққан қоғамымыздың хиджабтыларға басқаша көзқараспен қарайтыны белгілі. Мұндай қоғамда мұсылмандардың олармен конфликтке апаратын әрқандай сөз, қимылдан ұзақ тұрулары тек қана жеке басының емес, күллі мұсылман әлемінің абыройын қорғап қалуды қамтамасыз етеді.

Бүгін кейбір жерлерде, кейбір орталарда мұсылмандарға қарсы жаман мәмле көрсетіліп жатқан болса бұған тағы да өзіміздің “мұсылманмын” деп жүрген қызба және шаласауат қыз-жігіттердің себеп болғанын көріп отырғанымыз қандай өкінішті.

Пайғамбарымыз “алейһиссалам”: «Адами қасиеттерді жетілдіріп тамамдау үшін жіберілдім.» деген. Тағы да бір хадис шәрифте: «Сендердің араларыңда иманы ең кәміл болғаныңыз қолынан, тілінен ешкімге зияны тимейтіндеріңіз» деп айтылған. Олай болса осы насихатты өмір бойы ұстанатындар өзіне де, діндес бауырларына да, дініне де жаман сөз айтқызбайды.

Дініміз әдептілік діні. Әдептілік бірінші орында тұрады. Қайбір адамға әдепті болу нәсіп еткен болса, ол адамның мұсылмандығы да жетік деген сөз. Алайда ақыр заман мұсылмандары, яғни замандастарымыз хиджаб пен сақалға мән бергендей халық арасында мұсылмандықты жүріс-тұрыс арқылы танытуда барынша әдеп сақтауға мән бермей жатыр.