10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ашуды жеңу

Ашуды жеңу

Сұрақ: Тез ашуланамын. Ашуланбаудың жолы бар ма?

Жауап: Ашуланбайтын адам жоқ, бәрі ашуланады. Дінімізде ашуланбау емес, ашуды жеңу талап етілген. Дініміздің әмірлеріне бағынып, тыйымдарынан сақтанған адам ашуын жеңеді, сабырға қол жеткізеді. Дініміз, орындалуы мүмкін болмаған нәрсені әмір етпейді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Хақ та'ала өзін сабыр етуге мәжбүрлеген адамның сабыр етуін нәсіп етеді.» (Бұхари)

Сабырдың иманға қатысы бар. Пайғамбарымыз, сахабаларының кейбірлерінен «Имандарыңның белгісі қандай?» деп сұрады. Олар, «Кеңшілікте (молшылықта) шүкір етіп, таршылықта (жоқшылықта) сабыр етеміз және Аллаһу та’аланың жазған тағдырына разы боламыз» деп жауап берген кезде, «Ант етіп айтамын, сендер мүминсіңдер» деді. Басқа бір кезде «Иман деген не?» деп сұрағандарға «Сабыр» деп жауап берді. Тағы бірде, «Сабырдың имандағы орны, бастың денедегі орны сияқты. Бассыз дене болмайтынындай, сабырсыз да иман бола алмайды» деді. Сабыр етпеген адамның иманы әлсіз деген сөз. Хадис құдсиде: «Тағдырыма разы болмаған, қиындықтарға сабыр етпеген, ниғметтеріме шүкір етпеген адам өзіне басқа құдай іздесін» делінген.

Сабырдың үш түрі бар:

1) Қиындықтарға сабыр ету.

2) Дін ілімдерін үйренуде және ғибадаттарды орындауда сабыр ету.

3) Күнә істеп қоймау үшін сабыр ету. Хадис шәрифте: «Қиындықтарға сабыр еткендерге үш жүз, ғибадаттарды орындауға сабыр еткендерге алты жүз, ал күнә істемеуге сабыр еткендерге тоғыз жүз дәреже ихсан етіледі.» делінген.

Қиындықтарға сабыр ету жайында хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһу та’ала былай деді: Денесіне, бала-шағасына немесе мал-мүлкіне бір зиян жеткен адам осы қиындықтарды сабри-жәмилмен қарсы алса, қияметте оны есепке тартуға ұяламын.» (Хаким)

«Ниғметке қауышқан кезде шүкір ететін, қиындыққа тап болған кезде сабыр ететін, қателік істегенде кешірім сұрайтын, зұлымдық еткендерді кешіретін адамдар, саламаттық пен хидаяттың ішінде.» (Табарани)

«Жақтырмаған нәрсеге сабыр етуде үлкен қайыр бар.» (Тирмизи)

«Түні бойы басы ауырған адам, Аллаһу та’аладан келгені үшін бұған разы болып сабыр етсе, жаңа туылған баладай күнәлардан тазарған болады.» (Ибн Әбиддүния)

«Ұнатпағандарыңа сабыр етпегенше, жақсы көргендеріңе қол жеткізе алмайсыңдар.» (И. Мауарди)

Құран кәрімде былай делінген:

«Ей иман келтіргендер, сабыр етіңдер, сабыр етуде бір-бірлеріңмен жарысыңдар!» (Али Имран 200)

«Жақсы түрде сабыр ет!» (Мәариж 5)

Жақсы түрде сабыр ету – келген қиындықтарға разы болып, өзгелерге жарияламау және шағымданбау деген сөз. Жақсы түрде сабыр еткен адам, дүние мен ахиретте құтылады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қиындыққа сабыр етіп, тап болған пәлекетін жасыруы және ешкімге шағымданбауы, адамның Аллаһу та’аланы жақсы танығанынан.» (И.Ғазали)

Мақал-мәтелдермен хикметті, даналық сөздер:

Сабыр түбі - сары алтын.

Шатысқан істің шешімі - шыдам.

Сабыр етсең - ісің оңға асады, шүкір қылсаң - жамандық та қашады.

Ұстамды бол, сабыр ет!

Сабыр – шалынып құламайтын көлік, ал қанағат – бүгілмейтін қылыш.

Әр қиындықтың өткінші екендігін білген адам, бәлеге ұшырағанда өзін жұбатуда жетістікке жетеді.

Қиындыққа сабырсыздық таныту – одан да асқан қиындық.

Қиындыққа ұшырап көзі шыққан, құлағы керең болған немесе басқа бір мүшесінен айрылған мүминнің күнәлары кешірілгені үшін, ахиретте үлкен сияпатқа қауышады. Хадис шәрифте де, «Бір мүшесі нұқсан болған адамның ақылы артады.» делінген. Ақыл нұқсандығы, дене нұқсандығынан әлбетте жаман. (Әдәб-уд-дуния)

Мұхаммед Масум хазреттері былай деген:

Адамға келген қиыншылықтар Аллаһу та’аланың қалауымен келеді. Разы болу керек. Ғибадаттарды жалғастырып, қиыншылықтарға, ауруларға сабыр ете алу керек. Аллаһу та’аланың ұлылығынан амандық, саламаттық күту керек! Жаратылғандардан ешнәрсе күтпеу керек, әр нәрсенің Аллаһу та’аладан келетінін білу керек! Дерттерден, қиыншылықтардан құтылу үшін дұға мен истиғфар ету керек! Оның тағдыры, қалауы болмағанша ешкім ешкімге зиянын тигізе алмайды. Сонымен қатар, себептерге жабысу – пайғамбарлардың жолы. Себептердің әсерін де Аллаһу та’аладан үміт ету керек. (1 том, 72 мәктуб)

Хазреті Хызыр былай деген:

«Күлімдеген (жылы) жүзді бол, ашуланба! Әрдайым пайдалы істер жаса, аз да болса зиянды іс жасама! Қажетсіз жүрме, бостан бос күлме, ешкімді кемшілігі үшін айыптама, күнәларың үшін жыла!»

Сабыр мен намаз – бүкіл қиындықтардың емі. Құран кәрімде былай делінген:

«Ей иман келтіргендер, Аллаһтан сабырлылық және намаз оқу арқылы жәрдем сұраңдар. Аллаһу та’ала әлбетте сабыр еткендермен бірге.» (Бақара 153)

Сұрақ: Ашулану күнә ма?

Жауап: Ашуланбайтын адам жоқ. Біреуде аз, біреуде көп болады. Ашу пышақ сияқты. Жақсы істерде қолданылса пайдалы, жаман істерде пайдаланса зиянды болады. Адамдағы бүкіл мінездер осындай. Ифрат пен тәфриттері зиянды. (Ифрат – шамадан көп, асыра сілтеушілік, ал тәфрит шамадан өте аз деген сөз.)

Насихат сұраған бір адамға Расулуллаһ алейһиссалам «Ашуланба!» деді. Бірнеше рет тағы сұрағанында да, бәріне «Ашуланба!» деп жауап берді. (Бұхари)

Тәкәппарлығы үшін ашулану жаман. Иса алейһиссалам ашудың тәкаппарлықтан туындайтынын білдірген. Хадис шәрифте: «Ашулану иманды бұзады» делінген. (Бәйһақи)

Ашудың тым көп болуына қызбалық (басқыншылық) делінеді. Мұндай адам тым ашуланшақ болады, өзіне және басқаларға зиянын тигізеді, бұл жағдай күпірге де апаруы мүмкін. Хадис шәрифте: «Ашу иманды бұзады» делінген. (Бәйһақи)

Ашудың қалыпты (қажетті) мөлшеріне шәжаат (батылдық), қажетінен аз болуына қорқақтық делінеді. Хадис шәрифте: «Ифратпен тәфриттен сақтаныңдар!», «Асыра сілтеген адам құриды» және «Істердің қайырлысы уасат (орташа) болғаны» делінген.

Шәжаат – орта жол. Шәжаат күйіндегі ашу жақсы. Хазреті Имам Шафии: «Шәжаат керек болған жерде қорқақтық көрсеткен адам есекке ұқсайды» деген.

Ислам мен мұсылмандарға дұшпандық еткендерге, бұзуға тырысқандарға қарсы қатаң болу керек. Бірақ, өзін қауіпке төндіру де жаиз емес. Қауіпті жерлерде жалғыз қалу, жалғыз жүру күнә. Дұшпандарға қарсы қорқақтық жаиз емес. Қорқып қашу, Аллаһу та’аланың тағдырын өзгерте алмайды. Қорқақ адам әйеліне, қызына қарсы жігерсіздік көрсетеді, оларды қорғай алмайды. Қорлық пен зұлымдыққа мойын бүгеді, қиянатшы адамды көрген кезде үндемейді.

Құран кәрімде былай делінген:

«Ей Наби, кәпірлерге қарсы (қарумен) және мұнафықтарға қарсы (үгітпен, дәлелмен) жиһад ет, (үгітті де қабылдамаса) олармен қатаң бол! Олар баратын тозақ, қандай жаман жер.» (Тәубе 73, Тахрим 9)

«(Сахабалар) кәпірлерге қарсы қатаң, өздері арасында мейірімді.» (Фәтих 29)

Хадис шәрифтерде де былай делінген:

«Үмметімнің қайырлысы темір сияқты қатты, сүйенетіндей болғаны.» (Бәйхақи)

«Ашу – үмметімнен таңдалғандарына (жақсыларға) берілген мінез.» (Табарани)

«Амалдардың, ғибадаттардың ең құндысы – Хубби филлаһ және Буғди филлаһ.» (И. Ахмед)

(Хубби филлаһ – Аллаһ үшін жақсы көру, буғди филлаһ – Аллаһ үшін жақсы көрмеу, жақтырмау деген сөз.)

Аллаһу та’ала ашуын жеңе алған адамды мақтаған, бірақ еш ашуланбайтынды мүлдем мақтамаған. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жігіттік, балуандық қарсыласын жеңу емес, өз ашуын жеңу.» (Бұхари)

Адам әйелі мен бала-шағасын ашу сипатымен қорғайды. Ислам дұшпандарына қарсы осы сипат арқылы жиһад етеді. Ислам діні ашудың жойылуын емес, оны басқарып, дінге лайық қолданылуын әмір етеді. Аллаһ үшін ашулану – дін қайраттылығынан. Табаранидегі бір хадис шәрифте Әнәс бин Малик хазреттері: «Біз тартысып жатқанымызда Расулуллаһ алейһиссалам келді. Бізге ашуланғаны соншалық, мұндай болғанын еш көрмеген едік» деді. Мүслимдегі хадис шәрифте: «Мен де адаммын, мен де басқа адамдар сияқты ашуланамын» деді. Бірақ ашуланғаны Оны ақиқаттан айырмайтын. Ашуын жеңетін және кешіретін. Аллаһу та’ала жақсы адамдарды былай мақтаған:

«Олар молшылықта да, жоқшылықта да инфақ етеді (өздері мұқтаж болған нәрселерін басқаларға бере алу), ашуларын жеңеді, адамдарды кешіреді.» (Али Имран 134)

Адамдар, ашулану тұрғысынан әртүрлі. Тирмизидегі хадис шәрифте: «Адамдар, әртүрлі мінезді. Біреулер кеш ашуланады, ашуы тез тарқайды. Біреулер тез ашуланады, тез басылады және бұл нәрсе оларды құтқарады. Біреулер тез ашуланып, кеш басылады. Ең жақсысы, кеш ашуланып ашуы тез басылған адам. Ең жаманы да, тез ашуланып кеш басылатын адам.» делінген. Тағы бір хадис шәрифте: «Мүмин, тез ашуланып, тез басылады» делінген. Бірақ, «Мүмин еш ашуланбайды» делінбеген.

Ашуды жеңудің құндылығымен осыған қатысты хадис шәрифтердің біршамасы төменде:

«Кімде-кім, Аллаһ разылығы үшін ашуын жеңсе, Аллаһу та’ала одан азабын алыстатады.» (Табарани)

«Ашуын жеңген адам жаннатқа қауышады.» (Табарани)

«Ашуын жеңген адамды Аллаһу та’ала қорғайды және оған дұшпанын мойынсұндырады.» (Бұхари)

Атақ құмарлық, тәкаппарлық және ужбты жойған адам, ашуына ие болады.

Пайғамбарымыз тас көтеріп күштерін сынап жатқан адамдардан:

- Осы тасты көтеруден де қиын нәрсені білесіңдер ме?-деп сұрады.

- Йа Расулуллаһ, не екенін білдіріңіз-ші,- десті.

- Егер кісі, ашулы күйде ашуын жеңіп, одан кейін сабырлылық жолын ұстанса, сендердің ең ауыр тас көтергендеріңнен де күштірек сол. (Т. Ғафилин)

 

Ашуды жеңу

 

Ашулы күйді өзгерту және ашу отын сөндіру бес нәрсе арқылы мүмкін:

1) Мұндай кездері Аллаһу та’аланың есімдерін зікір ету. Өйткені Аллаһты еске алу Аллаһтан қорқуға себеп болады. Аллаһтан қорқуы да жақсылықпен кешіру сияқты қасиеттердің келуіне әсер етеді. Осылайша Аллаһу та’аланы еске алу арқылы ашудың оты бәсеңдеп сөнеді.

2) Кінәлі адамды кешірудің сауап болатындығын еске түсіру. Бұл еске түсіру адамды сауапқа жетелейді, кінәлі адамды кешіру Аллаһу та’ала уәде берген жаннат ниғметтеріне қол жеткізуге себеп болады, ашуды кетіреді, тынышсыз нәпісті тыйып, иесін бақытты ортаға қарай итермелейді.

3) Ашуын басып, жұмсақтық көрсетіп кешірімді болса, адамдарда оған деген сүйіспеншілік туындайтындығын еске алу. Осы жолмен адамдардың сүйіспеншілігіне қол жеткізу және олардың арасында құрметті адам болу идеалы, ашу халінің кетуіне себеп болуы мүмкін.

4) Ашулы кездегі күйден басқа күйге өту. Мысалы, отырған кезде орнынан тұрып кету сияқты. Халифа Мәмун ашуланған кезде бірден ол жерден кетіп, ашуын жеңуге тырысқан!

5) Ашуланудың соңында тудыратын қатты өкіну сезімін, кек қайтарудың жамандығын және оңайлықпен кетпейтін ауыр нәтижелер келтіретіндігін ойлау. Яғни, ашуланған нәрсенің бір қиындық екендігін қабыл етсек, сабыр ету керек, мұның қиындығын арттырып басқа қиындықтарға жол ашпау керек. Қол қанға былғануы мүмкін, түрмеге түсуі мүмкін, отбасы тарап кетуі мүмкін немесе т.б. үлкен зияндарға ұшырауы мүмкін. Бір қиындыққа сабыр етпеу арқылы дүние мен ахиреті бұзылуы мүмкін.

 

Сұрақ: Шаһует пен ашуды жою үшін аш жүріп риязат ету дұрыс па?

Жауап: Ислам діні шаһует пен ашудың жойылуын емес, екеуіне де ие болып, дінге лайық қолданылуын әмір еткен. Атты әскердің атын және аңшының итін жою емес, бұларды тәрбиелеп, оларды пайдалану керектігіне ұқсайды. Яғни шаһует пен ашу аңшының иті мен атты әскердің аты сияқты. Бұл екеуі болмаса, ахирет ниғметтері ешқашан қолға түспейді. Бірақ бұлардан пайдалана алу үшін, оларды тәрбиелеп, дінге лайық қолдану керек. Тәрбиеленбей азғын болып, діннің шектерінен асатын болса адамды пәлекетке апарады. Риязат ету, бұл екі сипатты жою үшін емес, тәрбиелеп дінге бағындыру үшін. Мұны орындау барлық адамдар үшін мүмкін.

Сұрақ: Тез ашуланамын, үлкен-кішіні тыңдамай, айналамдағыларды қырып соғамын. Ашуыма ие болу үшін не істесем болады?

Жауап: Діннің әмірлеріне бағыну керек. Мұның күнә екендігін білу керек. Адам біліп тұрып ашуланбайды. Ашуланса да, ашуына ие болады. Онсыз да дініміз ашуланбауды емес, ашуына ие болуды әмір етеді. Барлық адам ашулана алады, бірақ ашуланған кезде діннің сыртына шығып кетпеу керек, зиянды нәрсе жасамау керек.

Ашуланған кезде Әузу-Бисмилләһ және екі «Құл әузу...» сүрелерін оқу керек. Ашуланған адамның ақылы жабылады. Ислам дінінің шекарасынан сыртқа шығады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ашуланған адам, қалағанын істеуге күші жете тұра жылы мәміле көрсетсе, Аллаһу та’ала оның жүрегін саламаттық және иманмен толтырады.» (Ибн Әбиддүния)

«Ашу шайтанның уәсуәсәсынан пайда болады. Шайтан оттан жаралған. От сумен сөндіріледі. Ашуланған кезде дәрет алыңдар.» (Әбу Дауд)

«Ашуланған адам тұрған болса отырсын, ашуы тарқамаса жатсын.» (Әбу Дауд)

Тұрған адамның кек алу мүмкіндігі оңай. Отырған кезде азаяды. Жатқан кезде одан да аз болады. Ашулану кібірліктен туындайды. Жату – кібірдің азаюына себеп болады. Ашуланған кезде, «Аллаһуммағфирли зәнби уә әзһиб ғайза қалби уә әжирни минәшшайтан» дұғасын оқу хадис шәрифте білдірілді. (Ибн Сүнни)

Мағынасы: «Йа Раббым, күнәмды кешіре-гөр. Мені жүрегімдегі ашудан және шайтанның уәсуәсәсынан құтқара-гөр.»

Ашуға себеп болған адамға жылы мәміле көрсете алмайтын адам, оның жанынан кету керек, одан ұзақ болуға тырысу керек.