30 Сәуір 2017   


  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Көңіл ренжітудің күнәсы

Көңіл ренжітудің күнәсы

Сұрақ: Біреуді ренжіту мәселесіне дініміз қалай қарайды?

Жауап: Имам Раббани хазреттері былай деген:

Көңіл (жүрек) – Аллаһу та’аланың көршісі. Аллаһу та’алаға көңілдің жақындығындай еш нәрсе жақын емес. Мүмин болса да, кәпір болса да ешкімнің көңілін қалдырмау керек, яғни ешкімді ренжітпеу керек. Өйткені кәпір болған көршіні де қорғау керек. Абай болыңдар, сақ болыңдар, ренжітуден өте сақ болыңдар. Аллаһу та’аланы ең қатты ренжітетін нәрсе күпір. Күпірден кейін көңілді ренжітудей үлкен күнә жоқ. Өйткені Аллаһу та’алаға жететін нәрселердің ең жақыны көңіл (жүрек). Адамдардың барлығы Аллаһу та’аланың құлдары. Қандай-да бір адамның құлы жәбірленсе, ренжітілсе, оның иесі, қожайыны бұған әлбетте ашуланады. Бүкіл болмыстың жалғыз иесі болған Аллаһу та’аланың мәртебесін, ұлылығын ойлау керек. Оның махлұқтарына тек қана рұқсат берілген, әмір етілген мөлшерде ғана жұмыс істеткізуге, пайдалануға, қолдануға болады. Рұқсатымен қолдану – оларды ренжіту болмайды. Керісінше Оның әмірін орындау болады. (3 том, 45 мәктуб)

Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттерінің өсиетінің соңғы сөйлемі: «Ешкімді ренжітпеңдер!» - болған.

 

Сұрақ: Көңіл қалдырудың барлығы ренжітуге жата ма?

Жауап: Мазақ ету, масқаралау арқылы кісінің көңілін қалдыру ренжіту болады. Көңіл қалдыратын нәрселердің барлығы ренжітуге жатпайды.

 

Сұрақ: Адамды ренжітудің, көңілді қалдырудың үкімі қандай?

Жауап: Әлемде (күпірден кейін) көңіл ренжітуге жететін үлкен күнә жоқ. (Мәктубати Раббани 3/45)

Көңіл шыныдан жасалған сарайға ұқсайды. Яғни, өте жұқа шыныдан жасалған ыдыс сияқты. Сынса, қайта орнына келтіру өте қиын. Әсіресе салихтердің көңілінің сынуынан арши илаһи дірілдейді.

 

Сұрақ: Көңілді (адамды) ренжітудің Қағбаны жетпіс рет құлатудан да асқан күнә екені хадисте білдірілген. Біз бүгінге дейін бәлкім жүздеген адамдардың көңілін ренжіткен шығармыз. Олай болса, біздің жағдайымыз не болмақ? Әһли сүннет кітаптарын таратуға тырысамын, намазымды оқимын. Осы қызметтерім мен ғибадаттарым босқа кете ме?

Жауап: Дін ұлылары, «Тек бір рет көңіл ренжіту, бүкіл сауаптарды жояды» деген. Үлкен күнәлар, көбейген кезде көптеген сауаптарымызды алып кетеді. Дінімізде күнәдан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді. Бір парызды орындау кезінде бір харам істеуге мәжбүрлейтін жағдай туындайтын болса, ол парыз орындалмайды, кейінге қалдырылады. Мысалы, әйелдің махремсіз қажылыққа баруы харам. Қажылыққа бару оған парыз болса да, махремсіз орындалған қажылықтан сауап ала алмайды. Осы тұрғыдан ахиретте қиын жағдайға түсіп қалмау үшін күнәлардан, әсіресе көңіл ренжітуден өте сақ болу керек.

Мұсылман барлық жағынан елге үлгі боларлық адам деген сөз. Әрбір ісінде Аллаһтан қорқып әрекет етеді. Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігіне қауыштыратын істерді орындау үшін тырмысады. Сабырлы және кешірімді болады. Әр түсініспеушілікте, қиыншылықта кемшілікті өзінен көреді. Әрбір ісінде Аллаһ разылығын ойлайды. Ешкіммен таласып тартыспайды. Көңілдерді Аллаһтың үйі деп білгені үшін адамдардың көңілін қалдырудан, яғни адамдарды ренжітуден қатты қорқады. Сөздерімен әрекеттерімен немесе кез келген түрде біреуді ренжіткен адам дүниеде бақытсыз болатынындай, ахиретте де осы күнәсы себепті жаһаннамға түседі. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қиямет күнінде үмметімнің муфлисі (банкроты) мына адам: ахиретке өте көп намаз, ораза және басқа да ғибадаттарымен келеді. Бірақ өмірде біреуді балағаттаған, біреуге жала жапқан, біреудің мүлкін жеген, біреудің қанын төккен. Жасаған бұл зұлымдықтарының өтемі ретінде жинаған сауаптары ақы иелеріне беріледі. Сауаптары таусылса, ақы иелерінің күнәлары мұның мойнына жүктеліп жаһаннамға тасталады.»

Қандай түрде болмасын адамды ренжітуден өте сақ болу керек. Барлық адамдармен жылы жүзді, жылы сөзді мәміледе болу, ешкімді ренжітпеу, мал-мүлкіне, ар-намысына көз салмау, заңдарға қарсы келмеу мұсылманның міндеті.