27 Шілде 2017   


  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Күнәлардан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді

Күнәлардан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді

Бір харамнан сақтану – миллиондаған нәпіл намаз оқудан абзал. Харам істеу арқылы парыз амалды, мәкрух істеу арқылы сүннет амалды орындауға болмайды. Күнәдан сақтану ғибадат жасаудан бұрын келеді. (У. Бәсаир)

Дінімізде күнәдан сақтану сауап жинаудан бұрын келеді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Аздаған харамнан сақтану, 80 мың нәпіл қажылықтан абзал.» (Дәйләми)

Тағы бір хадис шәрифте: «Өте кішкентай бір күнәдан сақтану, бүкіл жын мен адамдардың ғибадаттарының қосындысынан артық» делінген. Барлық күнәлар Аллаһу та’алаға қарсы шығушылық болғандықтан бәрі де үлкен. Бірақ кейбірлері кейбірлеріне қарағанда кіші болып көрінеді. Бір кішкентай күнәны жасамау бүкіл жаһанның нәпіл ғибадаттарынан сауаптырақ, өйткені нәпіл ғибадат істеу парыз емес. Ал күнәлардан сақтану – парыз. (Риядун насихин)

Күнә істеуді ойлау, істеуге ниет ету, шешім қабылдау күнә болмайды, жасау күнә болады. Адам күнә істеуге шешім қабылдап бір рет жасаса, күнә істеу үшін табан тіреп тұрып алған болады. Мүлдем жасамаса, тұрақты жасауға ниеттенуі, шешім қабылдауы жамандықта табан тіреушілік болмайды. Тұрақты істеп жүруге шешім қабылдап, істеп, өкінсе, тәрк етсе, күнәда табан тіреген болмайды. Қайтадан жасап, тағы да тәубе етсе немесе күніне көп рет істеп, әрқайсысынан кейін тәубе етсе, бәрібір күнәға жабысып қалғандық болмайды.

Тәубе еткен кезде күнә істегеніне өкініп, мұңаю және күнәдан дереу бас тарту, енді қайта істемеуге шешім қабылдау шарт. Бұл үш шартты орындамай, тек тілмен тәубе ету – өтірікшілік болады. Кіші күнәні тұрақты істеп жүру, осы істе табан тіреп алушылық үлкен күнә болады. Мұның күнәсы үлкен күнәні бір рет істеуден де ауырырақ болады. Тәубе етілсе, үлкен күнә да кешіріледі. Кіші күнәға кіші деп менсінбей қарау үлкен күнәға себеп болады. Кіші күнә істегенін айтып мақтанған кісінің күнәсы да үлкен күнәға айналады. Кіші күнә істеген адамды ғалым, салих деп санау да үлкен күнә болады.

Мүмин үлкен  күнәға түспеу үшін кіші күнәдан сақтанады, күнәнің кішісі болмайды, Аллаһқа болған мойынсұнбаушылықтардың барлығы үлкен.

Күмәнді бір нәрсеге тап болғанда қолды жүрек тұсына қою керек. Жүрек соғуы артпаса, ол нәрсені істеу керек. Егер көбірек соғатын болса, онда жасамау керек. Хадис шәрифте: «Қолыңды көкірегіңе қой! Халал нәрседе жүрек тыныш болады. Харам нәрседе қатты соғады. Күмәнға түссең жасама! Дін адамдары фәтуа берсе де жасама!» делінген.

Үлкен күнәлар көп істелсе иман кетуі мүмкін. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мына жеті үлкен күнәдан сақтаныңдар:

1) Аллаһқа серік қосу, 2) Сиқыршылық, 3) Адам өлтіру, 4) Соғыстан қашу, 5) Жетімнің мүлкін жеу, 6) Пайыз, 7) Намысты әйелге жала жабу» (Табарани)

«Ең үлкен күнә - адамның, күнкөрісі өзіне қарағандарға немқұрайлы қарауы.» (Мүслим)

«Ең үлкен күнә - адамның қарызын өтеу үшін мүлік қалдырмай өлуі.» (Әбу Дауд)

«Ата-ананы жәбірлеу және өтірік куәлік ету – үлкен күнә.» (Дәйләми)

«Жалған жерде ант ету үлкен күнә.» (Бұхари)

«Ілімде сараң болмаңдар, ілімді үйретуде артта қалмаңдар. Ілімді жасырмаңдар. Өйткені ілімді жасырумен жасалған қиянат, мүлікке жасалған қиянатқа қарағанда үлкен күнә.» (Әбу Нуайм)

«Үш үлкен күнә: Қарсы шығушылар жақта жиналу, ата-анаға қарсы шығу, залымға жәрдем беру.» (Табарани)

«Өсиетте мирасқорлардың бірін зиянға ұшырату үлкен күнә.» (Ибн Жәрир)

«Ширктен кейін ең үлкен күнә - зина.» (Ибн Әбиддүнийа)

«Шарап ішу үлкен күнә. Бүкіл жамандықтардың анасы, басы.» (Зәуәжир)

«Әурет жерлерін (басқаның көруі харам болған жерлерін) ашу үлкен күнә.» (Р. Насихин)

«Көңілінде зередей тәкәппарлық болған адам жаннатқа кірмейді.» (Табарани)

 

Маңызды қағидалар

Сұрақ: «Тақиясыз жамағатпен намаз оқу абзал ма, әлде кейінірек тақия тауып киіп жалғыз өзі оқу абзал ма?» деген сұраққа «Жамағатпен намаз оқу сүннет. Тақиясыз намаз оқу мәкрух. Тақиясы жоқ адам жамағатқа ұймайды, тақия тауып киіп жалғыз оқуы, тақиясыз жамағатпен оқуынан абзалырақ» делінеді. Бұл қате емес пе? Өйткені бұл жерде екі сүннет мәселесі бар, қайсысы маңызды болса, сол жасалмай ма? Яғни жамағатпен оқу абзалырақ емес пе? 27 есе сауап көбірек болады емес пе?

Жауап: Осы тұрғыдағы қағидаларды білдірейік:

«Бір сүннет пен бір мәкрух кездескенде, яғни сүннетті істеу үшін мәкрух істеуге тура келсе, мәкрух істемеу үшін сүннетті тәрк ету керек. Яғни мәкрухтан сақтану, сүннетті орындаудан бұрын келеді.»

«Бір парыз бен бір харам кездескенде, яғни парызды істеу үшін харам істеуге тура келсе, парызды кейінге қалдыру керек.»

Бір мысал келтірейік:

Бір әйелге қажылық парыз болса, бірақ жанында махремі (еркек туысы) болмаса қажылыққа бара алмайды. Баратын болса қажылық борышы өтеледі, бірақ істеген күнәсі тапқан сауабынан көбірек болады.

Әмір мен тиымда да бір қағида бар:

Үстінде, киімінде намазға кедергі болатындай мөлшерде нәжіс болған адам, тазалануы мүмкін болмаса, басқа киімі де жоқ болса, солай оқиды, жалаңаш оқымайды. Тіпті тазалауға мүмкіндігі болса, бірақ жанында бөтен адамдар болса, тазаламай оқиды. Өйткені басқалардың жанында әурет жерлерді ашуға тиым салынған. Ал нәжісті тазалау болса әмір етілген.

Қағида мынадай:

«Әмір мен тиым бір араға келген кезде, тиымнан сақталынады. Өйткені, харамнан сақтану парызды орындаудан бұрын келеді.»

Тағы бір маңызды қағида мынадай:

«Харамнан сақтанудың сауабы парыздарды орындаудың сауабынан көбірек. Парыздарды орындамаудың күнәсі, харам істеу күнәсынан көбірек.»

Бұл жерде ғибадат ету харамнан сақтанудан бұрын келеді деп саналуы мүмкін. Бірақ олай емес. Әлде де харамнан сақтану бұрын келеді.

Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері былай деген:

«Екі қарама-қайшы нәрсенің бірінен алыстамағанша екіншісіне жақындасу мүмкін болмайды. Яғни Аллаһу та’аланың дұшпандарынан ұзақтамайынша, достарына жақындық болмайды. Парыздарды әркім жасай алады, бірақ харамдардан әркім сақтана алмайды. Тек салих адамдар ғана сақтанады. Жақсы адам да, жаман адам да жақсылық жасай алады. Ал жамандық жасамау болса, тек Аллаһ адамдарының ерекшелігі. Сыддықтар күнә істемейді.»

Парыздарды орындамаудың күнәсі, харам істеу күнәсынан көбірек болу мәселесіне келсек, харамдардың тәрк етілуінде тек растау, мойынсұну бар, яғни бұларға харам деп сену және сақтану бар, амал жоқ. Ал парыздарда растаумен қатар амалды орындау да бар. Амал тәрк етілгені үшін күнәсы көбірек болады. Басқаша айтқанда, парыздарды орындамаған адам, амалды тәрк еткені үшін харамдарды істеуден көбірек күнәға кіреді. Харам істемейтін адам, мәселен шарап ішпейтін адам намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру сияқты амалмен орындалуы қажетті істерді жасамайды. Шарап ішкен адам тек бір харам істеген болады. Ал намаз оқымаған адам көп амалды тәрк етеді. Бір намазда 12 парыз бар. Бес уақыт намазда 60 парыз бар. Намаз оқымаған адам күніне 60 рет үлкен күнә істейді. Басқа парыз бен күнәлар да осыған ұқсайды.

Ол мысалда, жамағатпен оқу деген сүннетті орындау үшін тақиясыз намаз оқу, яғни мәкрух істеу мәселесі бар. Егер жамағатпен оқу сүннетін тәрк ету мәкрух болғанда, екі мәкрух кездескені үшін сіздің айтқаныңыз дұрыс болар еді. Бірақ жамағатсыз, жалғыз намаз оқу мәкрух емес. Бұл жерде жамағатпен оқу сүннеті мен тақиясыз оқу мәкрухы кездесті. Мұнда «Мәкрух істемеу үшін сүннет тәрк етіледі» қағидасы қолданылады. Ол мысалда екі сүннет жоқ. Тақиясыз оқу мәкрух, жамағатқа қосылмай оқу, яғни жалғыз өзі оқу мәкрух емес. Мәкрух болғанда, екі мәкрухтан жеңіл болғаны таңдалатын еді. Өйткені қағидалар мынадай:

«Екі сүннет кездескенде, абзал болғаны таңдалады.»

«Екі мәкрух кездескенде, жеңіл мәкрух болғаны таңдалады.»

Мысалы, мәкрух уақытта және дәрет қысқанда намаз оқу мәкрух. Екінді, дәрет қысып тұрған күйде мәкрух уақыт кірмей тұрып оқылатын болса, қыстанып оқығаны үшін намаз мәкрух болады. Дәрет алып оқылған кезде мәкрух уақыт кіретін болса, бұл екеуі арасында жеңілірек болғаны таңдалады. Ал жеңілірек болғаны – екіндінің мәкрух уақытқа қалуы. Дәреттің қысуы ауырырақ. Сондықтан намаз мәкрух уақытқа кірсе де, қыстанып оқымау үшін дәрет алып қиналмай, рахат оқу керек. Екі шәрдің (жаманның) бірін жасауға тура келген кезде, жеңілірек болғанын жасайды. Мәжәллә қағидасы мынадай:

«Екі зиянды нәрседен бірін істеуге тура келген кезде жеңілін таңдау керек.»

 

Харамдардан сақтану

Сұрақ: Харамдардан сақтану оңайырақ па, әлде парыздарды орындау ма?

Жауап: Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері:

«Екі қарама-қайшы нәрсенің бірінен алыстамағанша екіншісіне жақындасу мүмкін болмайды. Яғни Аллаһу та’аланың дұшпандарынан ұзақтамайынша, достарына жақындық болмайды. Парыздарды әркім жасай алады, бірақ харамдардан әркім сақтана алмайды. Тек салих адамдар ғана сақтанады. Жақсы адам да, жаман адам да жақсылық жасай алады. Ал жамандық жасамау болса, тек Аллаһ адамдарының ерекшелігі. Сыддықтар күнә істемейді» деген.

 

Харамдардан сақтану

Сұрақ: Харамнан сақтану сауаптырақ па, әлде парызды орындау ма?

Жауап: Бір харамнан сақтанудың сауабы бір парызды орындаудың сауабынан есе-есе көп. Харамнан сақтану парызды орындаудан бұрын келеді. Зияндардан сақтану пайдалы нәрселерді жасаудан бұрын келеді. Мәкрухтан сақтану сүннетті орындаудан бұрын келеді. Күнәдан сақтану ғибадат жасаудан бұрын келеді. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Харамнан сақтанған адаммен бірге отыру ғибадат.» (Дәйләми)

«Ахиретте халал табыстың есебі, харам табыстың азабы бар.» (И.Асакир)

«Дұғаларыңның қабыл болуы үшін халал азық жеңдер! Көптеген адамдардың жегені мен кигені харам. Кейін қолдарын жайып дұға етеді. Мұндай дұға қалай қабыл болады?» (Шира)

Харам істеу арқылы парыз орындалмайды. Парыз бен харам бір араға келген кезде, яғни парызды істейтін кезде харам істеу мәжбүрлігі бар болса, харам істемеу үшін парыз, жағдайға қарай тәрк етіледі немесе кейінге қалдырылады.

Харамдардың тәрк етілуінде тек растау, мойынсұну, яғни бұлар харам деп сену және сақтану бар, амал жоқ. Ал парыздарда растаумен қатар амалды орындау да бар. Амал тәрк етілгені үшін күнәсы көбірек болады. Басқаша айтқанда, парыздарды орындамаған адам, амалды тәрк еткені үшін харамдарды істеуден көбірек күнәға кіреді. Шарап ішкен адам тек бір харам істеген болады. Ал намаз оқымаған адам көп амалды тәрк еткен болады.

 

Харам мен парыздар

Сұрақ: Мына үш сөйлемді, мысал келтіріп түсіндіріп бересіз бе?

1) Харамнан сақтанудың сауабы, парыздарды орындаудың сауабынан көбірек.

2) Парыздарды орындамаудың күнәсы, харам істеу күнәсынан көбірек.

3) Жамандық жасаудан сақтану, жақсылық жасаудан сауаптырақ.

Жауап:

1) Мәселен харамнан сақтанудың сауабы 100 бірлік, парызды орындаудың сауабы 10 бірлік болсын. Ата-анаға қарсы шықпау 100 сауап, ал ата-анаға жақсылық жасау 10 сауап болады. Яғни харамнан сақтанудың сауабы көбірек болады.

2) Парыздарды орындамау 100 бірлік, харам істеу 10 бірлік күнә болсын делік. Парыз болған намазды оқымаған адам 100 бірлік, ал шарап ішкен адам 10 бірлік күнә істеген болады. Бір адам күнде кешке бір шарап ішсе 10 бірлік күнә табады. Бір намазда 12 парыз бар. Бір күнде 60 парыз болады. Бір мұсылман бес уақыт намазын оқымаса, күніне 60 рет Аллаһу та’алаға қарсы шыққан болады. 60 x 100 = 6000 бірлік күнә жасайды. Парыздардың, әсіресе намаздың маңыздылығы осыдан да түсінілуі керек.

3) Жамандық жасаудан сақтану, жақсылық жасаудан бұрын келеді, сауабы да артығырақ.

Әр үш бөлімде күнәдан сақтанудың маңыздылығы білдірілуде. Парыздарды орындамау да күнә болады. Күнәдан сақтану, сауап істеуден бұрын келеді. «Көлеңке түсірме басыма, соның өзі жақсылық», «Пайдаң тимесе де зияның тимесін» сөздері де осыған ұқсайды. Көршімізге жақсылық жасамасақ, бізге ештеңе демейді. Бірақ егер мазасын қашырсақ, жаман көрші болған боламыз. Керісінше, көрші бізге қиындық беріп, біз оған шыдасақ, Аллаһ дәргейінде де жақсы көрші болған боламыз. Ешкімге жақсылық жасауға мәжбүр емеспіз, бірақ ешкімге жамандық жасамауға мәжбүрміз. Мәжәлләде: «Зиянды жою, пайда табудан бұрын келеді» делінген. Бұл жерде де зиян келтіруден, жамандықтан сақтану пайда табудан, жақсылық жасаудан бұрын келетіні білдірілуде.