30 Сәуір 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Салих адам болу үшін

Салих адам болу үшін

Әли Рамитани хазреттері былай деген: Салих адам бола алу үшін он нәрсе қажет:

1)Таза болу керек. Тазалық екіге бөлінеді: 

а) Захири (сыртқы) тазалық: Сыртқы көріністің таза болуы. Бұл барлық адамдардың мән беретін мәселелердің бірі. Киетін, ішіп-жейтін, қолданатын бүкіл нәрселердің таза болуы.

б) Батини (ішкі) тазалық: Көңілдің (жүректің) жақсы мінездерге толы болуы. Хасед (көре алмаушылық) етпеу, басқалар тұралы жаман ойламау, Аллаһу та’аланың дұшпандарын жақсы көрмеу, достарын жақсы көру керек. Көңіл Аллаһу та’аланың назар мекені. Сондықтан көңілге дүние махаббатын, ал асқазанға харам нәрселерді салмау керек. Хадис шәрифте: «Харам жеген адамның дұғасы қабыл болмайды» делінген. Көңіл таза болмаса ғибадаттардың ләззатын ала алмайды, Аллаһу та’алаға тән ілімдерге, яғни марифатқа қауыша алмайды.

2) Тілге ие болу керек

Тілмен орынсыз және жаман сөздер айтпау, үндемеу, Құран кәрім оқу, әмри маруф және нәхи мункар жасау, яғни діннің әмірлерін орындауды және тыйымдарынан сақтануды насихаттау. Сүйікті пайғамбарымыз: «Адамдар тілдерінің кесірінен жаһаннамға тасталады» деген.

3) Көпшіліктен ұзақ болу керек

Осы арқылы көз харамдарға қарамайды. Өйткені көңіл (жүрек) көзге бағынышты. Көздің әр харамға қарауы көңілді қарайтады. Сүйікті пайғамбарымыз:«Бөтен әйелдерге шахуатпен қарағандардың көздеріне қияметте еріген, қызып тұрған қорғасын құйылады» деген. Еркектердің бөтен әйелдерге, әйелдердің де бөтен еркектерге шахуатпен қарауы харам болып табылады.

4) Ораза тұту керек

Адам ораза ұстау арқылы періштелерге ұқсайды және нәпсін қинаған болады. Хадис құдсиде: «Ораза маған тән ғибадат, оның сияпатын мен беремін, оның сауабы шексіз» делінген. Хадис шәрифте: «Ораза тозақтан қорғайтын қалқан»делінген. Ораза тұтып көңілді бақытқа, тыныштыққа қауыштыру керек және шайтанның жолын жауып, оған тосқауыл жасау керек.

5) Аллаһу та’аланы көп еске алу керек

Аллаһу та’аланы еске алу үшін айтылатын ең қасиетті сөз «Лә илаһә иллаллаһ» деп айту. Мұны әрдайым айтып жүретін адам ықылас иесі болады. Ықылас – бүкіл істерін Аллаһ разылығы үшін істеу, дүниелік мал-мүліктерге, жоғары лауазымдарға деген ынтасын тоқтатып ахиретті қалау деген сөз. Ықыласты адам «Менің жалғыз мақсатым Аллаһ разылығы» деп айтады. Құран кәрімде: «Ей иман келтіргендер Аллаһты көп еске алыңдар» делінген. (Ахзаб 41). Нәпістің зиянды болған қалауларынан құтылу үшін әрдайым Аллаһу та’аланы еске алу керек.

6) Көңілге мән беру керек

Көңілге төрт түрлі ой келеді. Рахманнан, періштеден, шайтаннан және нәпістен. Рахманнан келген ой ғафлеттен оятады және жаман жолдан тура жолға қауыштырады. Періштеден келген ой ғибадатқа ынталандырады. Шайтаннан келген ой күнәны әдемі етіп көрсетеді. Ал нәпістен келгені дүниенің пайдасыз нәрселерін талап еткізеді. Шайтани және нәфсани ойлардан құтылу керек.

7) Аллаһтың үкіміне разылық көрсету

Қорқу мен үміттің арасында болу керек. (Қорқпауға, құтылатынына сенімді болуға болмайтынындай, құтылатынынан да үмітсіз болмау керек) Өйткені имансыз өлуден қорқатын адам күнә істемейді. Және мүмин жаннатты үміттенеді.

8) Салих адамдармен сұхбат

Салих (діндар, жақсы) адамдармен сұхбат ету күнә істеуден қайтарып, харамдарды көзіне жаман қылып көрсетеді. (Дүние және ахирет бақыты үшін жақсылармен бірге болу керек.)

9) Жақсы мінездермен мінезделу керек. 

Яғни Аллаһу та’аланың мінезімен мінезделу керек.

10) Халал азық жеу керек.

Аллаһу та’ала: «Халал және таза болған нәрселерді жеңдер» деген. (Бақара 168) Сүйікті пайғамбарымыз: «Ғибадат он бөліктен тұрады. Тоғызы халалды талап ету» деген. Қалған біреуі бүкіл ғибадаттар болып табылады. Харам жеген адам бойынан ғибадат етуге күш-жігер таба алмайды. Ал халал жеген адам күнә істемейді.

 Хадис шәрифте былай делінген:

«Ақылды адам дұға және ғибадат ету үшін, нәпсін есепке тарту үшін, кемшіліктерінің өзіне білдірілуі үшін және мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшін уақыт бөледі. Тіліне ие болады, уақытын тиімді пайдаланады, жұмысына барады және ең адал досына да ықтиятты болады.» (Дәйләми)

 Мұсылман күлімдеген, жылы, жарқын жүзді болуы керек. Қабағын түйіп жүрмеуі керек. Хадис шәрифте: «Мүмин бауырының жүзіне қабағын түйіп қараған адамға періштелер лағынет айтады» делінген. (Хатиб)

 Соғыста емес, бейбіт кезде қалай болсақ солай көрінуіміз керек немесе көрінгеніміз сияқты болуымыз керек. Хадис шәрифте: «Шынайы мұсылманның ісі мен сөзі бірдей болады, көршісі де оның жамандық жасамайтынынан сенімді болады» делінген. (Ибн Лал)

 Қатемізді айтқан адамды жақсы қабылдап оған рахмет айтуымыз керек. Хадис шәрифте былай делінді: «Аллаһтан қорқ дегенге, сен алдымен өзіңе қара деген адамды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді» (Бәйһақи)

 Мұсылман адамгершілігімен, көркем мінезімен, барлық жақсы қасиеттерімен басқаларға үлгі болуы керек, адамдарға көмектесуі, қиындық тудырмауы керек. Хадис шәрифте: «Мұсылман жеңілдетеді (оңайлатады), мүшкілдік (қиындық)шығармайды» делінген. (Нәсаи)

 Мұсылман қолынан кеткен немесе қолына түспеген нәрсеге ренжімеуі керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Дүниеде ризығына разы болып, нәсіп болмаған нәрселерге ренжімеген адам жақсы мінезді болады.» (Әбу Нуайм)

 Бақытты, берекелі өмір сүру үшін дүниелік ниғметтері бізден аз болған адамдарға қарап халімізге шүкір етуіміз керек. Хадис шәрифте былай делінген:«Байлардың жанына кіріп шығуды азайтыңдар. Бұл, Аллаһу та’аланың сендерге берген ниғметтерін төмен көрулеріңе себеп болады.» (Хаким)

 Күнәларының кесірінен құрыған, опат болған, қиралған жерге бармаған жақсы. Хадис шәрифте: «Опат болған өлкеге кезіксеңдер ол жерден тез өтіп кетіңдер» делінген. (Табарани)

 Сөйлеп жатқан адам жаман біреу немесе жас бала болса, егер хақ үшін тырысып жатса қарсылық көрсетпеу керек, керісінше қолдау керек. Хадис шәрифте:«Үлкен, кіші немесе ұнамайтын біреу хақ нәрсені қорғап жатса, сөзі хақ болса қабыл ет, егер пиғылы бұзық, сөзі жалған болса қабылдама!» делінген. (Дәйләми)

 Молшылық, рахаттық және қайғы-қасіретсіз кезде дұға ету, қиындық, тапшылық, бақытсыздық келген кезде дұға етуден үстем. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Жақсылықтар жамандықтарды кетіреді. Раббысын рахаттық және молшылық кезінде зікір еткен (еске алған) адамды Аллаһу та’ала қиындық кезде құтқарады.» (Әбу Нуайм)

«Аллаһу та’аланы соншалықты көп зікір етіңдер, адамдар сендерді «мәжнун» деп айтсын» (Хаким)

«Тамақты Аллаһу та’аланы зікір етіп, намаз оқып сіңдіріңдер» (Бәйһақи)

 Өлімді еске алу өте жақсы. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Өлімді көп еске алыңдар, өлімді көп еске алған адамның көңілі (жүрегі)жанданады, өлімі де жеңіл (оңай) болады.» (Дәйләми)

«Өлімді көп еске алу адамды дүниеден алыстатып, күнәлардан тыйылдырады.» (Ибн Лал)

 Қызығып, әуестеніп қаралатын адамдардың сипаттарын сүйікті пайғамбарымыз былай түсіндіреді: «Мына адамға әуестеніледі: Мал-мүлкі аз, бала-шағалары намаз оқиды, ораза тұтады. Ғибадаттарын жасыруға тырысады. Танитын адамдары аз, атақты емес, саусақпен көрсетілмейді. Ризықтары жетердей. Бұған да сабыр етеді. Жағдайын ешкім білмейді. Артынан жылайтындары аз, мирасы да көп емес.» (Табарани)

 Әркімге дерттер айтылмайды, әркімнен жәрдем сұралмайды. Хадис шәрифте:«Дін бауырыңнан ұяттылық, аманаттылық және адалдық сияқты үш қасиетті байқағаныңда, одан бір нәрсе өтінуіңе болады. Бұл қасиеттері жоқ болса, ешнәрсе сұрама!» делінген. (Дәйләми)

 Аллаһтан қорқып күнәлардан сақтану керек, ғибадаттарды орындауға тырысу керек! Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһқа сенген адам құтылады. Оны таныған адам Одан қорқады. Қорыққан адам амандықта болады. Оны жақсы көрген ұялады. Берген ризығына разы болған адамның көзі тоқ болады, тәуәккүл еткенге де жеткілікті болады.» (Рамуз)

 Қызмет ету өте үлкен сауап. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Сапарда бір қауымның мырзасы – оларға қызмет еткен адам. Шәһидтіктен басқа қызмет ету сауабына ешбір нәрсе жете алмайды.» (Хаким)

«Мұсылманның бір ісіне көмектескен адам қажылық пен умра орындағандай сауапқа қауышады.» (Хатиб)

 Адамдардың жақсы және жаман мінездері көп. Пайғамбарымыз бірнешеуін былай білдірген:

«Адамның ең жаманы – жалғыз тамақтанады, ешкімді құрметтемейді, қызметшісін ұрады. Бұдан да жаманы – адамдарды жек көреді және олар да оны жек көреді. Одан да жаманы – зиянынан қорқылған және жақсылық күтілмейтін адам. Бұлардан да жаманы – дүние үшін ахиретін сатқан, дінін жеген(дінін дүниелік пайда үшін құрал қылған) адам.» (Ибн Асакир)

«Ең жақсыларың – уәдесін орындаған және нәпсін тазалағандарың.»(Әбу Йала)

«Ең жаман адам – айқайлап сөйлейтін, балағаттап сөйлеуге дағдыланған және көп сөйлейтін адам. Ең жақсы адам – мінез-хұлқы ең жақсы болған адам.»(Бәйһақи)

«Адамдардың ең жаманы – тас жүректі және тәкаппар болған адам, ең жақсысы – жақсы болса да, құрметі білінбеген, әлсіз, өзіне қадір берілмеген адам. Ол, «мына нәрсе осылай болады» деп ант ішсе, Аллаһу та’ала оны өтірікші қылмайды.» (Дәйләми)

 Жаннаттық және жаһаннамдық адамның сипаттарын пайғамбарымыз былай білдірген: «Жаһаннамдық болатын адам қатал, дөрекі болады. Жанұясына, достарына және адамдарға қарсы дөрекі мәміледе болады. Жаннаттық болатын адам қарапайым және заһид (діндар) болады.» (Дәйләми)

 Қарыз немесе сыйлық беріп, немесе бір жәрдем беріп адамдарды қуанту үлкен сауап. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Парыздардың орындалуынан кейінгі Аллаһу та’аланың ең қатты жақсы көрген ісі – мүминді қуанту.» (Табарани)

«Мүмин бауырына күлімдеп қарау садақа.» (Ж. Сағир)

Осы насихаттарға ерген адам дүние мен ахиретте бақытты болады. Кімге діннің әмірлерін орындау оңай келсе, оның салих адам екені мәлім болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ахиретке қатысты қалауларыңа оңай қол жеткізіп, дүниеге қатысты болғандарға қол жеткізуің қиындаса, біл, сен жақсы халдесің. Мұның терісі болса жаман халдесің!» (Бәйһақи)

 

Сұрақ: Әһли бәйттің қадірінің үстемдігін білеміз. Ал салих адамдардың Аллаһу та’аланың алдындағы қадірі қандай?

Жауап: Салихтер әлбетте өте құрметті адамдар. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Әр тақуа адам әһли бәйттен саналады.» (Хаким)

 

Сұрақ: Адам өзінің салих екенін біле алады ма?

Жауап: Өте оңай біле алады. Дініміздің әмірлерін орындап, тиымдарынан қашатын адам салих деген сөз. Кімге діннің әмірлерін орындау оңай келсе, оның салих екені аңғарылады.