24 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Тадили әрканға мән беру

Тадили әрканға мән беру

Сұрақ: Тадили әркан деген не? Тадили әрканға мән бермесе не болады?

Жауап: Тадили әркан – намазда бес жерде, яғни руку, екі сәжде, қаумә және жәлсәда барлық мүшелердің бір мезет әрекетсіз, қимылсыз болып тұруы деген сөз. Ең аз мөлшері бір рет «Субханаллаһ» деп айтатындай уақыт қимылсыз тұру. Мәселен рукуға иіле салып дереу тұрып кетуге болмайды, рукудан тұрғанда да бір мезет күту, белін тік ұстау керек. Екі сәжде арасында «субханаллаһ» деп айтатындай уақыт қимылсыз отыру керек. Осыларға тадили әркан деп айтылады. Рукуде, сәждеде үш рет тәсбихтерді айтқанда күткен болып есептелеміз. Қаумәда «раббанә ләкәл хамд» дегенде де күткен болып саналамыз. Яғни тадили әркан орындалған болады. Бірақ тауықтың жем шоқығанына ұқсап, өте тез намаз оқылған жағдайда тадили әрканға амал етілмеуі мүмкін. Бұлай тез оқитындар қаумәда және жәлсәда белін толық тік ұстамайды, бір мезет тұрмайды. Екі сәжде арасында «Субханаллаһ» дейтіндей мөлшерді күтпейді. Бұлар уәжіпке амал етпеген болып саналады.Тадили әркан әдейі тәрк етілсе, имам Әбу Юсуф бойынша намаз бұзылған болады. Тарафайн, яғни имам Ағзам мен имам Мұхаммедтің үкімі бойынша намаз бұзылмаса да, уәжібті әдейі тәрк ету себебінен намазды қайта оқу уәжіб болады. Ұмытып тәрк етілген кезде де сәһу сәждесі қажет. (Қаумә: Рукудан көтеріліп тік тұру. Жәлсә: Екі сәжде арасында отыру.)

Ислам Ахлақы кітабында тадили әрканға мойынсұнбаудың кейбір зияндары былай тізбектелген:

1) Кедейлікке себеп болады.

2) Әділеттен түседі, куәлігі дінде қабыл болмайды.

3) Намаз оқыған жері қияметте оған қарсы куәлік етеді.

4) Имансыз өлуге себеп болады.

5) Намазынан ұрлаған болады.

6) Қиямет күні оқыған намазы ескі шүберекке айналып бетіне ұрылады.

7) Аллаһу та’аланың мейірімінен махрұм болады.

8) Басқа ғибадаттарының сауабының жойылуына себеп болады.

9) Жаһилдердің (сауатсыздарға жаман үлгі болып) тадили әрканды тәрк етуіне себепші болады. Осы тұрғыдан дін адамының (уағызшының) күнә істеуі көбірек азап шегуге себеп болады. (Мысалы, дін адамы тақиясыз намаз оқыса, жаһилдерге жаман үлгі болғаны үшін басқа адамдардан үлкенірек мәкрух істеген болады.)

10) Аллаһу та’аланың азабына душар болады.

11) Шайтанды қуантқан болады.

12) Жаннаттан ұзақ, тозаққа жақын болады.

13) Өзіне зұлымдық еткен болады.

14) Оң және сол жағындағы періштелерді жәбірлеген болады.

15) Сүйікті пайғамбарымызды ренжіткен болады.

16) Бүкіл махлұқтарға (жаратылғандарға) зияны тиеді. Өйткені ол адамның күнәсі себебімен жаңбыр жаумауы мүмкін немесе қажетсіз кезде жаңбыр жауып, пайда орнына зиян берген болады.

 

Сұрақ: Намазда тадили әрканға мән беру қалай болады?

Жауап: Руку, сәжде, қаумә мен жәлсәда барлық мүшелердің әрекетсіз бір мезет тұруына тадили әркан делінеді. Мысалы рукуға иілер-иілмес бірден тұруға болмайды. Қаумә да сондай, яғни рукудан көтерілгеннен кейін белін түзеп, тік тұрып бір мезет қимылсыз күтуі керек. Сәждеден көтерілген кезде де осылай. Бұларға тадили әркан делінеді. Ол жерлерде оқылатын тасбихтер әрекетсіз болуға кедергі болмайды. Үш рет тәсбих айтқан кезде автоматты түрде күткен боламыз, одан бөлек уақыт күтілмейді. Қаумада да «Раббана ләкәл хамд» деумен күткен боламыз.

 

Сұрақ: Өте жылдам намаз оқитындар бар. Осындай жылдам оқылған намаздар сахих па?

Жауап: Намазды жылдам оқитын адам, егер қырааты дұрыс болса және тадили әрканға мән бере алатын болса, намазы сахих болады. Бірақ, әдетте жылдам оқитын адам тадили әрканға мән бермейді. Қаума мен жәлсәда белін толығымен түзетпейді. Тадили әрканға мән беру уәжіп. Намаздың уәжіптерінің бірі біліп тәрк етілсе, ол намазды қайтадан оқу уәжіп болады.

Осы тұрғыдан намазды асықпай, парызына, уәжібіне, сүннет пен әдептеріне мән беріп оқу керек. "Уәсиләт-ун нәжаттағы" хадис шәрифтерден бірнешеуі мыналар:

«Ұрылардың ең үлкені – намазынан ұрлағандар. Яғни намаздың әрканына мән бермейді, руку мен сәжделерін орнымен орындамайды.»

«Алпыс жыл намаз оқып, намазы қабыл болмаған адам, руку мен сәжделерді толығымен орындамайтын адам.»

«Намаз оқитын көптеген адамдар бар, намаздарынан онда бірінен артық жазылмайды. Әрқайсысының намазында көңілдің дайын болған бөлімдері ғана жазылады.»

«Көңіл дайын болмаған намазға Аллаһу та’ала назар етпейді.»

«Намаз иманның басы, діннің тірегі, мүминнің миғражы, көктің нұры және Жаһаннамнан құтқарушы.»

Сондықтан дініміздің тірегі болған намазды оқығанда асықпау керек, ғафлеттен ұзақ болып ықыласпен оқуға тырысу керек. (Саадәт жолы)

 

Сұрақ: Туманинеттің (бір мезет күтудің) өлшемі Ханафиде, Маликиде және Шафииде қандай?

Жауап: Үш мазһабта да бірдей.

 

Тадили әркан

Сұрақ: Намазда тадили әркан төрт жерде ме, әлде бес жерде ме? Қиямда да әрекетсіз және қимылсыз тұру тадили әрканнан саналмайды ма?

Жауап: Тадили әркан – руку, екі сәжде, қаума және жәлсәда әр мүше әрекетсіз болып бір мезет тұруы деген сөз. Екі сәжде бір деп есептелсе, төрт жерде делінеді. Бөлек-бөлек есептелсе, бес жерде делінеді. Мөлшерін емес, қай жерлерде әрекетсіз тұру керектігін білу маңыздырақ.

Қиямда да әрекетсіз тұру, оңға-солға қарамау керек. Бұны бәрі орындағаны үшін, қиям тадили әркан арасында білдірілмеген. Соңғы тәшәһудте отыру да парыз. Бірақ барлығы әрекетсіз отырғаны үшін тадили әркан арасында білдірілмеген.