21 Қыркүйек 2017   


  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Дәлел іздеу керек пе?

Дәлел іздеу керек пе?

Сұрақ: Әркім өз мазһабының үкімдерінің дәлелдерін білуі керек пе?

Жауап: Мужтәһидтер білдірген үкімдердің дәлелдерін муқаллидтер іздеуі, түсінуі қажет емес. (Рәдд-ул-мухтар)

Кітап, Сүннет, Ижма және Қияс мүжтәһидтер үшін дәлел. Муқаллидтер, яғни төрт мазһабтың бірінде болғандар үшін дәлел – ұстанған мазһаб имамының ижтиһады мен сөзі. Өйткені муқаллидтер аяттан және хадистен үкім шығара алмайды. Сондықтан мазһаб имамының сөзі “Насс”-қа, яғни аят пен хадиске сай болып көрінбеген жағдайда, мазһаб имамының сөзіне мойынсұнылады. Өйткені Насс (Аяттар және хадистер) ижтиһад етудi талап етуі мүмкін немесе үкімі басқа бір аят немесе хадиспен өзгертілген болуы, тәуил етілуі немесе нәсх етілген болуы мүмкін. Бұларды да тек қана мужтәһид ғалымдар түсіне алады. (Бәриқа 94 бет)

Мазһабтың үкіміне қайшы екен деп хадис шәрифтермен тiкелей амал ету біздерге жаиз емес. Мазһабымыздың үкіміне қайшы болып көрінген хадис шәрифтер ғалымдардың сөздерін жоққа шығару үшін дәлел, құжат бола алмайды. Муқаллидтердің ілімі бір нәрсенің халал немесе харам болуына дәлел бола алмайды. Бір нәрсенің халал немесе харам болуы үшін мүжтәһид ғалымдардың ижтиһад етуі қажет. (М. Раббани 1/3/12, Мәбде уә Мәад 31)

Табииннен жаңадан иманға келгендер сахабаларды тақлид ететін еді. Дәлелдерін мүлдем сұрамайтын еді. Сахабалар бұларға тек ғибадаттардың қалай жасалынатынын үйретті. Дәлелдерін іздеуді бұйырмады. Дәлелсіз, тақлид етулерін жеткілікті санады. Әрбір істерінде сахабалардың жолында жүрген мазһаб имамдарымыз да оларға мойынсұнды. Мужтәһид болмаған адам дәлел іздеместен төрт хақ мазһабтың біреуін тақлид етуі (ұстануы) керек. (Малумати нафиа)