26 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Көп ақша табу үшін көп жұмыс істеу

Көп ақша табу үшін көп жұмыс істеу

Сұрақ: «Көп табу үшін көп жұмыс істеу керек» дегенді қалай түсінуге болады?

Жауап: Дәл жазылғанындай түсіну керек. Өзінің және бала-шағасының напақасын табу және қарыздарын өтеуге жететіндей мөлшерде жұмыс істеп ақша табу парыз. (Напақа дегеніміз – жейтін тамағы, киімі, баспана немесе арендасы.) Хадис шәрифте былай делінген: «Жұмыс істеп ақша табу парыз.» (Табарани)

Бала-шағасының бір жылдық напақасын жинайтындай мөлшерде жұмыс істеу мубах. Мұсылмандарға көмектесу үшін, дінге қызмет ету үшін көбірек жұмыс істеп ақша табу мүстаһаб, жақсы болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны.» (Кудаи)

Мақтану үшін, адамдарға көрсету үшін ақша табу тахриман мәкрух. Жұмыс істеу ризықты арттырмайды. Жұмыс істеу – тағдыр етілген ризыққа қол жеткізу үшін бір себеп. Ризықты беретін Аллаһу та’ала. Жұмыс істеу – сол себепке жабысу. Себепке жабысу сүннет. (Әл-Ихтияр)

Көп сауап жинау үшін көп ақшаға қажеттілік бар. Көп мал-мүлік табу үшін де көп жұмыс істеу керек. Ислам дініне сай алынған қандай да бір табыс дүниеге берілушілік болмайды, керісінше ахиретке жарамды іс болады.

 

Сұрақ: Дұға еткен кезде дүниелік сұрау жаиз ба?

Жауап: Иә, дүниелік сұраудың зияны жоқ. Мүмин дүниелікті де ахирет үшін қолданады. Дінімізде мал-мүліктің қадірі, маңызы үлкен. Адам жанын, мүлкін, денсаулығын, дінін және ар-намысын мал-мүлкінің көмегімен қорғайды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ахир заманда үмметім үшін мал-мүлкінің көп болуы бақыт.» (И.Рафии)

«Бір замандар келеді, ақшасы болмаған адам рахат жүре алмайды.» (Табарани)

«Абыройларыңды мал-мүліктеріңмен қорғаңдар!» (Ибн Асакир)

 

Сұрақ: Жалқаулықтан, бос нәрселерден қалай құтылсақ болады?

Жауап: Жалқаулықтың емі – еңбекқорлармен сөйлесу, жалқау, ұйқыбас адамдардан ұзақ болу, Аллаһу та’аладан ұялу керек екенін, азабының да өте ауыр болатынын ойлау және намаздарды уақытылы оқу. Намазға мән берген адам жалқаулықтан құтылады. Еркектер намазды міндетті түрде жамағатпен оқу керек және таң намазы үшін де мешітке бару керек.

 

Көп жұмыс істеу

Сұрақ: Дінімізде көп жұмыс істеу жаиз ба?

Жауап: Өзінің және бала-шағасының напақасын табатындай және қарыздарын өтейтіндей мөлшерде жұмыс істеп ақша табу парыз. Осы ниетпен жұмыс істеген адам қарызын өтей алмай өлсе де азап тартпайды. Хадис шәрифте: «Әр еркектің жұмыс істеп напақасын табуы парыз»- делінген. Бұдан артығы үшін жұмыс істеу де жаиз. Бала-шағасының бір жылдық напақасын жинайтындай мөлшерде жұмыс істеу мубах. Мұсылмандарға көмектесу үшін, дінге қызмет ету үшін көп жұмыс істеп ақша табу болса, мүстаһаб, яғни жақсы болады. Хадис шәрифте: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайдалы болғаны» делінген. (Дара Қутни, Кудаи)

Бала-шағасының напақасын өтейтіндей мөлшерде ақша табу үшін жұмыс істеу парыз. Қажеттіліктерді өтеу үшін көп жұмыс істеу сүннет. Адамдарға көрсету үшін, мақтану үшін қажетінен артық ақша табу тахриман мәкрух немесе харам болады. Дүниелік табу үшін жұмыс істеу күнә емес. Дүниеге деген махаббат, дүниеге көңіл байлау күнә. Әшекей болған нәрселерді жұмыс істеп табу мубах. Қажеттілік пен әшекей заттарын Ислам дініне сай табу ғибадат болады.

Адамдардан оқшауланып ғибадатқа беріліп, үйлену, қыдыру сияқты мубах істерді және халалдан ақша табуды тәрк ету тахриман мәкрух. (Татарханийа)

Әсіресе өзін мұқтаж жағдайға түсіру түбегейлі жаиз болмайды. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Жұмыс істемей өзін садақа сұрайтындай жағдайға түсірген адам 70 нәрсеге мұқтаж болады.» (Тирмизи)

Сондықтан, дініміз әмір еткеніндей халал жолмен жұмыс істеп ақша табу керек. Жұмыс істеу ризықты арттырмайды, бірақ себепке жабысу болады. Ал себептерге жабысу сүннет.

 

Дүниеде жағдайымызды жақсарту

Сұрақ: Ахиретіміз үшін сауап жинау мақсатымен, жағдайымыздың жақсаруы үшін дұға етудің зияны бар ма?

Жауап: Өте жақсы болады. Сәид Абдуллаһ Дәһләуи хазреттері, Маулана Халид Бағдади хазреттеріне «Менен бір нәрсе сұра, бірақ тек бір нәрсе ғана болсын» деген кезде, «Дінім үшін дүниелік сұраймын» деген, өйткені дүниелік болмаса, ойдағыдай дінге қызмет етіле алмайды.

Мал-мүлік – Аллаһу та’ала берген ниғмет. Ахирет үшін сауап жинау мал-мүлік арқылы орындалады. Дүние мен ахирет мал-мүлік арқылы реттеледі, рахат болады. Қажылық, жиһад сауабы мал-мүлікпен табылады. Дененің сау әрі қуатты болуы тағы мүлік арқылы қол жеткізілетін дәулет. Адамды басқаға мұқтаж болудан қорғайтын да мал-мүлік. Садақа беру, туысқандарға көмектесу, кедейлерге жәрдем беру сөзсіз мал-мүлік арқылы жүзеге асады. Мешіттер, мектептер, ауруханалар, жолдар, көпірлер соғып, әскер жетілдіріп адамдарға да пайдасын тигізу мал-мүлік арқылы болады.

Мал-мүлік иесі болу басқа, мал-мүлікке деген махаббат басқа. Дүние мен ахирет бақытына қол жеткізу және адамдарға қызмет ете алу үшін мал-мүлік және мансап иесі болу өте жақсы. Бүкіл дүние бір адамдікі болса, мал-мүлікке берілместен дінге сай жұмсайтын болса, өте үлкен сауап алады. Сүлейман алейһиссалам өте үлкен байлық және салтанат арасында жүрген болса да, Құран кәрімде «Ол қандай жақсы құл» деп мақталған. (Саъд 30)

Дүниеліктің, мал-мүліктің көп болуы жаман емес. Өйткені хазреті Ибрахим, хазреті Сүлейман, жаннатпен сүйіншіленген Абдуррахман бин Ауф хазреттері және әулиелердің ұлыларынан болған Убәйдуллаһ Ахрар хазреттері сияқты көптеген әулиелер өте бай болған.

Адамдарға жәрдем беру үшін жұмыс істеп ақша табу нәпіл ғибадат етуден сауаптырақ. Жаннаттың жоғары дәрежелеріне мал-мүлік арқылы қол жеткізіледі.

Мал-мүлік қадірлі болғаны үшін Құран кәрімде мүлкімен және жанымен жиһад еткендер мақталған. (Ниса 95)