19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!

Кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!

Аллаһу та’аланың құлдарына және барлық жаратылыстарына деген мейірімділігі шексіз. Әсіресе құлдарының жасаған күнәларын кешіргенді жақсы көреді. Сондықтан кәпірлердің және мұсылмандардың дүниедегі шарттарына сай жасаған тәубелерін қабыл ететінін қайта-қайта білдірген. Аллаһу та’ала былай деп бұйырады:

«Егер құлым көктегі бұлттарға дейін жететіндей күнә жасаса да, менен үмітін үзбей кешірілуін тілесе оны кешіремін.»

Бір күні пайғамбарымыз алейһиссалам сахабаларына:

-       Құл бір күнә жасаған кезде жасаған бұл күнәсі амал дәптеріне жазылады,- деді. Сол жерде отырғандардың бірі:

-       Йа, Расулаллаһ! Ол адам тәубе ететін болса, не болады?- деп сұрады. Сонда пайғамбарымыз:

-       Амал дәптерінен өшіріледі,- деді. Ол кісі:

-       Егер күнәсін қайта жасаса, не болады?- дегенде:

-       Қайта жазылады,- деді. Сұрақ қойған адам:

-       Қайта тәубе етсе, не болады? деп сұрағанда:

-       Қайта өшіріледі,- деп жауап берді. Сол кезде ол кісі:

-       Сол күнәнің амал дәптерінен өшірілуі қашанға дейін жалғасады?- деп қайта сұрағанда:

-       Ол кісі күнәсына толығымен тәубе етіп, Аллаһу та’алаға бет бұрғанға дейін жалғасады. Құл истиғфар айтудан жалықпайынша Аллаһу та’ала да күнәсін кешіруден жалықпайды,- деді.

 

Бір мәжуси (отқа табынатын кісі) Ибраһим алейһиссаламның қонағы болуды қалайды. Ибраһим алейһиссалам:

- Егер мұсылман болсаң ғана сені қонақ етіп, сый-құрмет көрсетемін,- деп шарт қояды. Сонда мәжуси оның бұл шартын қабыл етпей, кері қайтып кетеді. Сол кезде Аллаһу та’ала уахи жіберіп: «Не үшін мәжусидің қонақ болуына мұсылман болуын талап еттің? Менің құлдарыма жасаған мәмілеме қарамадың ба? Жетпіс жылдан бері иман келтірмесе де, оның ризығын беріп жүрегенімді ойламадың ба? Оны қонақ еткеніңде қайырын көрер едің» деп бұйырады. Аллаһу та’аланың бұл әмірінен кейін Ибраһим алейһиссалам мәжусиді іздеп тауып, үйіне шақырып қонақ етіп күтеді. Мәжуси бұған таң қалып:

- Бұл қалай болғаны? Неге мені қонақ етіп қабыл еттің? Неге мұсылман болу шартыңнан бас тарттың?- деп сұрайды. Сонда Ибраһим алейһиссалам оған Аллаһу та’аланың әмірін білдіреді. Бұларды естіген мәжуси:   

- Демек, Аллаһу та’ала мен жайында осындай әмір берді ме? Олай болса, маған исламды үйрет, мұсылман боламын,- деп иман келтіреді.

 

Бір күні Исраил ұлдарынан 40 жыл бойы қарақшылық еткен бір кісі қасында хауариімен келе жатқан хазреті Исаны көреді де бұрынғы тонаушылықтарына өкініп:

- Келе жатқан бұл кісі – Иса алейһиссалам. Қасындағысы хауарилерінің бірі. Мен енді бұларға қосылайын,- деп арттарынан еріп жүре береді. Бірақ Иса алейһиссаламның қасындағы хауари:

- Қайдан ғана тап болды бұл қарақшы? Қалайша менің қасымда жүреді?- деп одан алыс жүруге тырысады. Ал қарақшы:  

- Мен сияқты күнәһар адам осындай мүбәрәк кісілердің қасында жүруге лайық па?- деп өзін жазғыра бастайды. Хауари деңгейіндегі адам өзін жоғары санаса, қарақшы өзін олардың қасында қор, төмен көреді. Олардың бұл халіне Аллаһу та’ала Иса алейһиссаламға уахи жіберіп: «Екеуіне де айт! Екеуінің де өткен өмірлерін жойдым. Амалдарын жаңадан бастасын. Өзін ұнатқаны үшін хауаридің ғибадаттарын жойдым. Өзін төмен санағаны үшін қарақшының күнәларын кешірдім.» дейді.

Өзін жоғары санап тәкаппарланған хауаридің ғибадаттары мен өзін қор, төмен санаған қарақшының күнәлары амал дәптерлерінен өшіріледі. Иса алейһиссалам мән жайды бұл екеуіне білдіріп, кейін қарақшылықтан тәубе еткен бұл адамды хауарилерінің қатарына қосады.

 

Хазреті Мутарриф бин Абдуллаһ үнемі Аллаһу та’алаға: “Аллаһым, бізден разы болмасаң да бізді кешір. Өйткені қожайыны құлынан разы болмаса да оны кешіреді” деп жалбарынатын еді.

Қорыта айтқанда, Аллаһу та’ала кешірімді және кешіргенді жақсы көреді. Шарттарына сай жасалған дұға және тәубелерді қабыл етеді және күнәларды кешіреді. Өйткені Аллаһу та’ала кешірім және мейірім еткенді жақсы көреді. Сол себепті Аллаһу та’алаға жалбарынып, кешірім сұрау керек және істеген күнәлардан бас тарту керек. Пайғамбарымыз алейһиссаламның көп оқуға кеңес берген дұғасы:

«Аллаһуммә иннәкә афуун кәримун тухиббул афуә фа’фу анни»

Мағынасы: «Йа, Раббым! Сен кешірушісің, ұлсысың. Кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!»