24 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Жаназа намазы

Жаназа намазы

Бiр мұсылман кiсiнiң дүниеден өткендiгiн естiген ер кiсiлер үшiн, егер ер кiсiлер болмаса, әйелдер үшiн жаназа намазын оқу фарзи кифая болады. Жаназа намазы Аллаһу та’ала үшiн намаз, ал мәйіт үшін дұға болады. Бұл намаздың маңыздылығына мән бермеген адам иманнан шығады.

 

Жаназа намазының шарттары

1) Мәйіттің мұсылман болуы шарт.

2) Жуылған болуы керек. Жуылмай көмiлгелi жатқан жаназа (өлген адам) үстіне әлi топырақ тасталмаған болса қайта шығарып жуып, содан кейiн жаназа намазын оқу керек. Жаназа мен имамның тұрған жерi таза болуы тиiс.

3) Мәйіттің денесінің жартысы мен басы, немесе бассыз дененің жартысынан көбі имамның алдында болу керек.

4) Жаназа жерде немесе жерге жақын қолда көтеріліп, яки тас үстiнде имамның алдында тұруы тиiс. Жаназаның басы имамның оң жағында, ал аяқтары имамның сол жағында тұруы керек. Керісінше қою күнә болады.

5) Жаназа имамның алдында дайын тұруы керек. Яғни бір ауылда тұрған мәйітке басқа ауылда  тұрып жаназа оқылмайды.

6) Мәйіттің және имамның әурет жерлерi жабық болуы керек.

 

Жаназа намазының парыздары

1) Төрт рет тәкбiр айту.

2) Жаназаны тұрып оқу.

 

Жаназа намазының сүннеттерi

1) Субханака дұғасын оқу.

2) Салауат оқу.

3)  Өзiне, мәйітке және барша мұсылмандарға ғафу, мағфирет, кешiрiлу үшiн бiлдірілген дұғалардан білгендерін оқу.

Жаназа намазы мешiт iшiнде оқылмайды. Тiрiтуылған бала өлетін болса есімқойылып, жуылып, кебінге оралып намазыоқылады. Жаназаны көтергенде табыттың төрт бұрышынан ұсталады.

 

Жаназа намазы қалай оқылады?

Жаназа намазындағы төрт тәкбiрдiң әрбiрi бiр рәкат сияқты. Төрт тәкбiрдiң алғашқысында қол құлаққа көтеріледi, кейiнгi үш тәкбiрде қол көтерiлмейдi.

1) Алғашқы тәкбiр алынып қолды байлағаннан кейiн  «Субаханака» дұғасы оқылады. Бұл кезде «уә жәллә сәнәукә» да айтылады. Фатиха оқылмайды.

2) Екiншi тәкбiрден кейiн «Аллаһумма салли-барик» дұғалары оқылады.

3) Үшiншi тәкбiрден кейiн жаназа дұғасы оқылады. Жаназа дұғасының орнына «Раббана атина» немесе тек қана «Аллаһуммағфир ләһ» деп яки дұға ниетiмен Фатиха оқу да жеткiлiктi болады.

4) Төртiншi тәкбiрден кейiн алдымен оңға, кейiн солға сәлем берiледi. Сәлем бергенде жаназаға және жамағатқа ниет етiледi.

Имам төрт тәкбiрмен екi иығына берген сәлемдi дауыстап айтады. Өзге дұғаларды iшiнен оқиды. Жаназа намазынан кейін табыттың қасында дұға ету жаиз емес, мәкрух.