26 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Ағаш отырғызудың маңызы

Ағаш отырғызудың маңызы

Сұрақ: Дінімізде ағаш отырғызудыңмаңызы қандай?

Жауап: Жемісті-жеміссіз ағаштардың және ормандардың адамдарға тигізетін пайдалары санауға келмейтіндей мөлшерде көп. Адамзатқа осылай ағаш отырғызып пайда тигізудің, қызмет етудің дініміздегі маңызы да үлкен. Бұл жөнінде білдірілген хадис шәрифтердің кейбірлері мыналар:

«Ағаш отырғызған адамға ағаштан жиналатын жеміс-жидектің мөлшеріндей сауап беріледі.» (И.Ахмед)

«Кімде-кім бір ағаш отырғызса, бұл ағаш жеміс бергенге дейін оған қарап қорғаса, бұл ағаштан түскен әрбір жеміс Аллаһ алдында ол адам үшін бір садақа болады.» (И.Ахмед)

«Бір ағаштан адамдар, жануарлар немесе құстар пайдаланатын болса, ол ағашты отырғызған адам үшін бір садақа болады.» (И.Шарани)

«Бір ағаштан желінген немесе пайдаланылған нәрселер сол ағашты отырғызған адамға садақа сауабы болып жазылады.» (Мүслим)

«Мына жеті нәрсені орындаған адам өлгеннен кейін де үздіксіз сауап алады:

1) (Дінге сай) ғылыми еңбек жазған,

2) Халыққа ішетін су көзін жүргізген,

3) Су құдығын ашқан,

4) Құрма ағашын еккен,

5) Мешіт соққан,

6) Мусхаф (Құран кәрім кітабын) жазған,

7) Өлгеннен кейін өзіне дұға ететін салих перзент жетілдірген.» (Бәйһақи)

Отырғызылған ағаштың көлеңкесінен адамдар пайдаланатын болса, ағашты отырғызған адам үшін сауап жазылады. Ол ағаштың неғұрлым көп пайдасы тиетін болса, сауабы да соғұрлым көп болады. (Әл-Әнуар)