22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жәннат уәжіп болды

Жәннат уәжіп болды

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Адам не айтса да, егер халі сөзіне сай болмаса, тигізетін зиянының өтеуі мүмкін болмайды. Осы себептен «Адамның халі мен әрекеттері сөздеріне қарағанда әсерлірек болады» делінген.

Өлген адамның артынан айтылған сөздер өте маңызды. Аллаһу та’ала мұсылмандардың ол жайында қандай куәлік беретіндігіне мән береді. Дінімізде куәлік өте маңызды. Екі мүмин бір мәйіттің артынан «Біз куәміз, бұл кісі әһли сүннет сенімінде» деп куәлік етсе, күнәсі қанша болса да, сол екі куәнің себебімен Хақ та’ала оны кешіреді. Тіпті қабірде, Арасат алаңында куәлік етсе де кешіріледі. Сондықтан жақсы адамдармен достық құру – бұл діннің негізі. Демек, салих болған достарды көбейтуіміз керек. Сүйікті пайғамбарымыз да: «Дін бауырларыңды көбейтіңдер, өйткені Раббыларың кәрим, қияметте достары арасында болған адамға азап беруге ұялады» деген.

Асхаби кирамнан болған бір кісі мынадай оқиға айтып берген:

Хазреті Омардың қасында едім. Мәдинада жұқпалы аурудың салдарынан қайтыс болғандар көп болып жатқан еді. Жанымыздан бір табыт өтіп бара жатқанда айналадағылар «Йа Әмир әл-муминун, бұл адам өте жақсы кісі еді, жақсы мінезді және жақсылық жасауды жақсы көретін еді» деді. Ол ештеңе айтпады, басын біраз иіп «Уәжіп болды» деді. Біраздан соң тағы бір табыт келді. Айналадағылар: «Бұл да өте жақсы мұсылман еді, өте жомарт еді» десті. Қайтадан басын иіп «Уәжіп болды» деді. Тағы бір табыт өтті. Бұл жолы: «Бұл кісі адамдарды көп ренжітетін еді, өте сараң, әрі залым еді» деді. Тағы да дәл солай «Уәжіп болды» деді. «Йа Әмир әл-муминун, уәжіп болған, нақты болған нәрсе не?» деп сұралған кезде былай деді:

Бір күні Расулуллаһтың жанынан бір табыт өтті. «Бұл кісі өте діндар, жақсы адам еді» десті. Расулуллаһ «Уәжіп болды» деді. Уәжіп болған не нәрсе екені сұралғанда: «Төрт мұсылман бір адамның жақсы мұсылман болғанына куәлік етсе, Аллаһу та’ала оны жәннатына кіргізеді. Осылай болатындығы нақты» деді. «Йа Расулаллаһ, куәгерлер үш адам болса ше?» дедім. «Үш адам болса да солай» деді. «Екі адам куәлік етсе ше?» дедім, «Екі адам болса да солай, жәннат оған уәжіп болады» деді. Бұдан кейін «Бір адам болса ше?» дей алмадым, сұрауға ұялдым.