*** ОРАЗА КEСТЕЛЕРІ ***

     28 РАМАЗАН 1431
     7 Қыркүйек 2010    Сейсенбі

негіз / Адасқан ағымдар

Уаххабилік (2)


“Шауаһид-ул-хақ” кітабында Имам Субкиден алынған сөзде былай делінеді: «Расулуллаһпен тауассул ету (жалбарыну) екі түрлі болады:

1.       Оның жоғары мәртебесі, берекеті үшін Аллаһу та’аладан сұрау. Мұндай дұға етерде тауассул, истиғаса және ташаффу сөздерінің кезкелгені қолданылады. Үшеуі де бір нәрсені білдіріп тұр. Осы сөздерді қолданып дұға еткен кісі Расулуллаһты себеп етіп Аллаһтан сұрауда. Оны ортаға қойып Аллаһу та’аладан истиғаса етуде. Дүние жұмыстарында да бір кісіден оның жақсы көретін адамы арқылы бір нәрсе сұралатын болса, дереу береді.

2.       Тілекке жету үшін Расулуллаһтың Аллаһу та’алаға дұға етуін одан сұрау. Өйткені, ол қабірде тірі. Ол арқылы дұға еткендердің тілегендерін есітіп түсінеді және Аллаһтан сұрайды. Қиямет күнінде де шапағаты сұралады, ол шапағат етеді және шапағаты қабыл болады.

Шихабуддин Рамли (рахметуллаһи та’ала алейһ) былай дейді: «Пайғамбарлар мен әулиелер қайтыс болғаннан кейін де олар арқылы истиғаса не тауассул етіледі. Пағамбарлар қайтыс болғанда мұғжизалары тоқтап қалмайды. Әулиелер қайтыс болса да кереметтері бітпейді. Пайғамбарлардың мазарда тірі екендігін, намаз оқитындығын, қажылыққа баратынын хадистер ашық түрде көрсетуде. Шәйіттердің де тірі екендігі, кәпірлермен соғысқанда көмекке келетіндігі мәлім».

 

Хаким келтірген сахих хадисте: «Адам алейһиссалам жаннаттан шығарылған соң көп дұға етті. Тәубесі қабыл болмады. Соңында: “Ей Раббым! Ұлым Мұхаммедтің құрметі үшін маған мейірімділік таныт” дегенде дұғасы қабыл болып, “Ей Адам! Мұхаммед алейһиссаламның есімімен не қаласаң да орындар едім. Мұхаммед болмағанда, сені жаратпас едім” деп бұйырылды» делінген. Бұл қудси хадис “Мәуаһиби ләдуннийа” және “Әнуар-и Мухаммади” кітаптарының басында да жазылған. Мұны Алуси де “Ғалия” кітабының 109- бетінде кеңінен жазған. Бұл дұғаларда өтетін “хақ”, “ақы” сөзі - “құрмет”, “абырой” және “құн” дегенді білдіреді. Яғни “бір әулиенің ақысы үшін” делінгенде, сол әулиенің Аллаһ алдындағы қадірі, абыройы, құны үшін сұралған болады. Өйткені ешбір жаратылыстың ешқандай тұрғыдан Аллаһта ақысы жоқ.

Ол кезде Мұхаммед алейһиссалам дүниеде жоқ болатын. 313 мың жылдан кейін дүниеге келеді. Адам алейһиссалам оны қайдан білді?

Адам пайғамбар жұмақта жүргенде, жаннаттың әр жерінде және Аршта “Ла илаһә иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ” деген жазуды көреді. Оның Аллаһу та’аланың ең сүйікті құлы екенін осыдан түсінген еді. Бұл жерде Ислам әріптерімен жазылған еді. Демек, ол әріптер де адамға тән емес. Әлем мен Адам жоқ кезде ол әріптер бар болатын. Барлық кітаптар сахифалар (рисала) Ислам әріптерімен жіберілген.

Бұл дұғалар Аллаһу та’аланың сүйген адамдары арқылы жалбарыну, яғни оларды араға салып, солардың құрметіне Аллаһтан тілеуге болатынын көрсетеді.

Ибни Абидин (рахметуллаһи та’ала алейһ) “Радд-ул-мухтар” кітабының 5-томының 524-бетінде: «Расулуллаһты араға салып, Аллаһу та’алаға дұға ету өте жақсы болады. Бұрын және кейін келген ғалымдардың ешқайсысы бұған қарсы ешнәрсе айтпады. Тек Ибн Таймийа ғана қарсы шықты. Ешкімнің айтпаған нәрсесін айтып, ортаға бидғат шығарды. Мұны Имами Субқи жақсы түсіндіріп берген» дейді.

Ахмед бин Сайид Зәйни Дахлан (рахметуллаһи та’ала алейһ) - Меккенің мүфтиі, ғалымдардың басшысы және шафии мазһабының шайхы еді. Бірнеше еңбектері бар. “Хуласат-ул-кәлам фи баяни умара-ил бәләд-ил-харам”, “Фиррадди алал-уаххабиати атбаи мазһаби Ибни Таймийа” және “әд-Дурар-ус-санийа” кітаптарында уаххабилердің, мазһабсыздардың ішкі ниеттерін түсіндіріп, қате жолдағы бұзық екендіктерін аяттармен хадистер арқылы көрсетеді. “Хуласат-ул-Кәлам” кітабында былай дейді:

«Расулуллаһ тірі кезде де, қайтыс болғаннан кейін де оны себеп етіп дұға ету сахих (дұрыс) және жаиз (рұқсат). Сол сияқты әулиелер мен салих адамдарды себеп ету арқылы дұға оқуға болатынын хадис шәрифтер көрсетуде. Хазіреті Омардың жаңбыр дұғасына шығарда хазіреті Аббасты ертіп баруы - Расулуллаһтан басқа адам арқылы да дұға етуге болатынын көрсету үшін еді. Әһли сүннет ғалымдары айтады: “Әсерді беретін, жарататын, пайда мен зиян әкелетін, жоқ ететін-тек Аллаһу та’ала. Оның серігі жоқ. Пайғамбарлар және барлық тірі және өлген адамдар әсер, пайда және зиянды жарата алмайды. Тек Аллаһу та’аланың сүйікті құлдары болғандықтан олардан берекет күтеміз. Ал мыналар (адасқандар) тірі адамның әсер ете алатынына, өлген адамдардың әсер ете алмайтынына сенеді». “Фатх-ул-мәжид” уаххаби кітабының 70, 77, 98, 104, 239, 248, 323, 503 және 504-беттерінде: «Мәйіттен және ұзақтағы естімейтін, көріп тұрмаған тірі адамнан бір нәрсе сұраған (тілеген) адам мүшрік болады. Адамнан құдіреті жететін нәрселерді сұрауға болады. Тек Аллаһтың құдіретімен болатын нәрселерді адамнан сұрау жаиз емес (болмайды)» делінген. 70-бетінде: «Тірі адам өзінен сұралған нәрсе үшін дұға етеді. Аллаһ оны қабыл етіп, ол нәрсені жаратады. Өлі немесе алыстағы адамнан сұрау - оның құдіреті жетпейтін нәрсені сұрау деген сөз. Бұл ширк болады» дейді. 136-бетінде: «Салих адамдардың қабірлері арқылы жалбарыну – Лат, Манат пұттарына табыну сияқты ширк» делінген. 208-бетінде: «Қажет нәрсесін өлген адамнан сұрау - ширк. Өлген адамнан шапағат етуді сұрау - надандық. Ол Аллаһтың рұқсатынсыз ешкімге шапағат ете алмайды. Одан истиғаса ету, шапағатын сұрау – оның шапағат етуіне рұқсат берілуіне себеп қылынбаған. Шапағатқа қауышуға себеп – иманды болу. Истиғаса ету ширк болғандықтан шапағат етуге тосқауыл болуда» делінген. Алайда, бұл кітап өз сөздерін өзі теріске шығарады. Өйткені, 200-бетінде: «Көктер Аллаһтан қорқады. Аллаһ көктерде сезім жаратқан. Олар сезеді, түсінеді. Құранда жердің және көктердің тәсбих еткендігі білдірілді. Расулуллаһтың алақанындағы тастардың тәсбих айтқандығын және мешіттегі ханнана деген тіректің жылағандай дыбыс шығарғанын және тағамның тәсбих еткенін сахабалар естіді» делінген.

Тауда, таста, тіректе сезім мен түйсіктің бар екенін айтып, пайғамбарлар мен әулиелерде сезім болмайды деулері таңқаларлық жағдай. “Тірі адамдар тауассул етіледі, өлілер тауассул етілмейді” деп, өздері мүшрік болуда. Өйткені, бұл сөз тірілер естиді, әсер етеді, өлгендер естімейді, әсер етпейді дегенді білдіреді. Аллаһтан басқа адамның әсер ете білетініне сену болады. Осылай сенген адамдарды өздері мүшрік деп атайды. Алайда, өлі де, тірі де текқана себеп болады. Әсер ететін, жарататын - жалғыз Аллаһу та’ала. Тауассул, ташаффу, истиғаса және тәуәжжуһ бәрі бір мағынада. Бәрі де жаиз. Бұхари хадисінде: «Қиямет күні адамдар алдымен Адам алейһиссаламға истиғаса (жалбарынады) етеді» деп бұйырылған. Ұлы сахаба Билал бин Харис расулуллаһтың қабіріне барып: “Ей Расулуллаһ! Үмбетің үшін жаңбыр жаууын сұра” деді. Жаңбыр жауды. Пұттар бізге шапағат жасайды деп санайтын кәпірлер пұттарға табынатын. Ал, шапағат тілейтін муминдер пайғамбарлар мен әулиелерге табынбайды. Екеуін бір деп ойлау қандай ақымақтық. “Фатх-ул-мәжид” уаххаби кітабының 209-бетінде: «Құран Кәрімде “Тек Аллаһтың рұқсат беруімен шапағат етіледі” және “Тек риза болған адамдарына шапағат етеді” делінген. Шапағат сұрап молаға барған адам өзіне шапағат ету үшін Пайғамбарға рұқсат берілетінін қайдан біледі? Өзінің Аллаһтың ризалық білдіргендерінің қатарында екенін қайдан біліп, шапағат сұрайды?» делінген. Бұл сөздері хадис шәрифтерге қайшы келеді және өз сөзін өздері теріске шығарады. Өйткені, осы кітаптың 208-бетінде уаххаби өз ауызымен: «Шапағатқа қауышудың себебі - иман» деген еді. Азан шақырылғаннан кейін оқылуы бұйырылған дұғада Аллаһу та’аланың Пайғамбарымызға (алейһиссалам) фазилә және уәсилә (ізгілік пен арашы, себеп болу) дәрежелерін уәде еткендігі көрсетілген. Бұл дұғаны оқығандарға және салауат айтқандарға, сондай-ақ қабіріне зиярат жасағандарға Пайғамбарымыз шапағат ететінін айтты. Сол сияқты қаншама хадис шәрифтер Пайғамбарымызға қалаған адамына шапағат етуге рұқсат берілгенін айтады. «Үлкен күнә жасағандарға шапағат етемін» деген хадис шәриф иманы бар барлық адамға шапағат ету үшін өзіне рұқсат берілгендігін көрсетуде. Юсуф Набханинің (рахметуллаһи алейһ) “Шауаһид-ул-хақ” кітабының 130-бетіндегі қырық хадистің он үшіншісінде: «Қиямет күні шапағат етемін. “Ей Раббым! Жүрегінде қышаның түйіріндей иманы бар адамдарды жұмаққа жібер” деймін. Олар жаннатқа барады. Сосын жүрегінде аз ғана нәрсе барларға “Жаннатқа барыңдар” деймін» делінген. Бұл хадис Бухари тарапынан білдірілген. Истиғаса – тауассул ету, уәсилә-себеп ету, жәрдем сұрау, тілеуін қалау деген сөз. Пайғамбардан шапағат тілеу. Оны себеп етіп, Аллаһу та’аладан иманмен өлуді тілеу дегенді білдіреді “Фатх-ул-мәжид” уаххаби кітабының көптеген жерінде, мысалыға 323-бетінде: «Алыстағы және өлген адамдарды истиғаса ету, олардан пайда күту - ширк. Аллаһ мүшріктермен соғысуды бұйырады» деген. Алайда, Пайғамбарымыздың өзі дұға еткенде өз атын араға қойып «Ей Мұхаммед, сені себеп етіп, (сенің құрметің үшін) Раббыма тәуәжжуһ етемін, жалбарынамын» дейтін. Ол қайтыс болғаннан кейін де сахабалар осы дұғаны оқитын. Табаранидің көрсеткен бір хадисінде: «Шөлде жалғыз қалған адам бір нәрсе жоғалтса, “Ей, Аллаһтың құлдары, маған көмек беріңдер” десін. Өйткені, Аллаһу та’аланың сендердің көздерің көрмейтін құлдары бар» делінген. Ибн Хажар Мәкки “Изах-ул-манасиқ” кітабының хашийасында (кітап беттерінің шетіндегі бос жерге жазылған түсіндірмесінде) бұл дұғаның бірнеше рет тәжірибеден өткізілгенін айтады. Әбу Дауыт және басқалары келтірген бір хадис шәрифте: «Расулуллаһ сапарда жүргенде кешке қарай: “Ей, Раббымның жері! Сенің жамандығыңнан құтқар деп, Аллаһқа сыйынамын” дейтін» делінген.

«Ихуан-ул-муслимин» деп аталатын мазһабсыздардың басшысы Сайид Қутб да “Зумар” сүресінің 3-аятына тәпсір жасаған кезде: «Тәуһид және ықылас иесі Аллаһтан басқа ешкімнен ешнәрсе сұрамайды. Ешқандай жаратылысқа сенбейді. Адамдар Ислам көрсеткен тәуһидтен бөлінді. Қазір барлық елдерде әулиелерге ғибадат жасалуда. Исламнан бұрынғы арабтардың періштелерге, мүсіндерге табынғаны секілді олардан шапағат тілеуде. Аллаһ көрсеткен тәуһидте Аллаһ пен құл арасында уасита, уәсилә, себеп және шапағат ету деген болмайды» дейді. Осы сөздерімен уаххаби екендігін жария етеді.

 

Аллаһу та’алаға тән сипаттар “сифат-и затийа” және “сифат-и субутийа”, яғни, “улуһийат сипаттары” (Құдайлық сипаттары) деп аталады. Бір жаратылған нәрсеге ғибадат ету - тас, ағаш, күн, жұлдыз, сиыр, адам, ескерткіш, сурет сияқты нәрседе құдайлық сипаты бар деп санап, оған жалбарыну деген сөз. Осылай сену “ширк”, сенген адам “мүшрік” деп аталады. Бұл табынылған нәрселер “шерик”, “мабуд”, “пұт” деп аталады. Қазіргі христиандардың көбісі, буддистер, брахмандар және мәжусилер (отқа табынатындар) мүшрік болып табылады. Мұсылмандар ешқандай әулиеде улухиет (құдайлық) сипаты бар екендігіне сенбейді. Пайғамбарлардың және әулиелердің Аллаһтың құлы екендігіне сенеді. Оларға табынбайды. Зиярат етушілермен дұға етушілердің тілектерін Аллаһтың оларға білдіретініне сенеді. Сондықтан дұғаларының, тілектерінің қабыл болуы үшін Аллаһтың алдында көмектесулерін, шапағат етулерін сұрайды. Мұсылмандардың осындай пәк ниетпен зиярат етулерін “пұтқа табынушылыққа”, зиярат етілген Пайғамбарды және Исламның ұлы тұлғаларын “пұттарға” меңзеулері уаххабилердің жауыз мақсаттарын көрсетуге жетеді.

3.  Уаххабилердің үшінші бұзық сенімдері - мазардың үстіне кесене салуды, кесенелерде намаз оқуды, онда қызмет істейтіндер мен намаз оқығандарға шырақ жағуды, өлгендердің рухына садақа нәзір етуді (атау) жаиз емес (дұрыс емес) деп санауы. Уаххабилердің айтуы бойынша Харамайн (Мекке-Мәдина) халқы бүгінге дейін күмбездермен дауалдарға табынып келген екен. Әһли сүннет пен шиит тобындағы мұсылмандар сол үшін мүшрік болып саналады екен. Оларды өлтіріп, мал-мүлкін тәркілеуге болады екен. Олардың сойған малы арам болып есептеледі екен.

 

Кесенеде намаз оқуға болатындығы “Қиямет және ақырет” кітабының 3-бөлімі болған “Мұсылманға насихаттың” 14-бабында кеңінен жазылған. “Кесене” - “бөлме” дегенді білдіреді. Кесенеге тыйым салынатын болса сахабалар (радиАллаһу та’ала анһум ажмаин) Расулуллаһты, Әбу Бәкірді және Омарды бөлме ішіне жерлемес еді. Кесене өлген адамға табыну үшін салынбайды. Оған құрмет көрсету, дұға етуге келгендерді жауыннан, күннен қорғау үшін салынады. “Мәжма-ул-әнхур”1 кітабының 2-томының 552-бетінде: «Мұхамед бин Ханафийа Абдуллаһ бин Аббасты жерлегеннен кейін қабірінің үстіне шатыр құрды. Зиярат етушілер үш күн шатырды паналады» делінген. Сахабалардың жолындағы адамдар кесенені құлатпайды, кесенені салады.

“Кәшф-ун-нур”2 кітабында: «Ғалымдардың, әулиелердің қабірлері үстіне кесене оларды надандардың қастандығынан қорғау үшін салынады» делінген. “Жами-ул-фәтауада”3 және “Тәнуир”4 кітабында: «Қабір үстіне күмбез салу мәкрух емес» делінген. “Надандар әулиелерді жаратушы деп есептемесін деп кесенелерді қиратамыз” деген сөз күпірлік болып саналады. Перғауын да солай деген еді. Бүлік шығарды деп, Мұсаны (алейһиссалам) өлтіруге тырысқан болатын. Аллаһу та’ала әулиелерін жақсы көреді. Олардың қалаған нәрсесін жүзеге асырады. Уаххабилер болса, Аллаһу та’алаға, әулиелерге және бүкіл мұсылмандарға су-и зан (жаман ойда, күмәнда болу) етуде. Мұсылманға су-и зан ету – харам. Әулие тірі кезінде де, өлгеннен кейін де ешнәрсе жаратпайды. Аллаһу та’аланың жаратуына себеп болады. Әулиелердің рухтары қабірдегі денелерімен қатынаста болады. “Кунуз-уд-дәқаиқ”5 кітабында жазылған Дәйләмидің көрсеткен хадисінде: «Өлгеннен кейін де тірі кезімдегідей білетін боламын» делінген. Тірі немесе қайтыс болған әулиенің файзына, мейіріміне бөлену үшін, одан пайда ала білу үшін оны жақсы көріп, құрметтеу керек. Надан халық өлген кісіні жер астында әрекетсіз жатқанын көріп, өзінен төмен санайды. Кесенені барлық адамдардың құрметтеп, зиярат етіп жатқанын көрсе, ол да оны құрметтейді. Яғни, кесене өлген адам үшін емес, тірі адамдардың құрмет көрсетіп, зиярат етулері, әулиенің файзымен берекетінен пайдаланулары үшін салынады. Әһли сүннет ғалымдары: «Қабірдің үстіне әсемдік үшін, мақтаныш үшін кесене салу - харам, ұмыт болып кетпеу үшін салынса - мәкрух. Мәйітті ұрыдан, аңнан қорғау үшін салынса - мәкрух болмайды. Мәйітті алдын ала салынған кесенеге жерлеу жаиз (болады)» деген. Расулуллаһ ұлы Ибрахимнің қабірін бір қарыс биік етіп жасатты. Және оны сылатты. Бір күні Ибрахимнің қабірінің бір шеті ашылып қалғанын көріп, ол жерді бітегендігі “Хуласа” кітабында жазылған. Ислам ғалымдарының ешқайсысы кесенелерді пұтқа ұқсатпаған. Ең ауыр жазғаны да “харам” деген. Кесене зиярат етіп, әулиелерді тауассул еткен мұсылмандарға мың жыл бойы ешбір Ислам ғалымы су-и зан етпеген, жамандамаған. “Фатх-ул-мәжид” уаххаби кітабының 242-бетінде: «Ибни Хажар Мәкки “Зәуажир” кітабында “Қабірдің үстіне күмбез салу үлкен күнә. Мұсылман  патшаларының, әкімдерінің бұл күмбездерді бұзуы - уәжіп. Ең алдымен Имам Шафиидің күмбезін қирату керек” деген» деп жазады. Алайда, Ибн Хажари Мәкки (рахметуллаһи алейһ) “Зәуажир” кітабында: «Қабірлердің үстіне күмбез салу - үлкен күнә» демейді. «Жалпылама, яғни көп адам көмілетін және уақыф етілген (мұсылмандардың жалпы қолдануы үшін садақа етілген мүлік) мазараттардағы кесенелерді бұзу керек. Өйткені, орын алып, басқа мұсылмандарды көмуге кедергі келтіреді» дейді (Яғни мәйіттің өз мүлкі болмаған жерлерде басқалардың көмілу құқығын шектегені үшін кесене салынбасын дейді). Имам бұл жерде кесене салуды, оны зиярат етуді күпірлік деп санамайды. Аяттар мен хадистердің мағыналарын өзгертуден тартынбаған уаххабилердің әһли сүннет ғалымдарының кітаптарындағы мәліметтермен сөздерін де бұрмалап, өзгертіп жазып, мұсылмандарды алдауға тырысқандығының айқын бір дәлелі Ибн Хажар Мәккиге жапқан осы жаласы болып табылады.

Ибн Хажари Мәкки “Фәтауа-и фиқһийа» кітабының 125-бетінде: «Пайғамбарлардың кесенелерінде намаз оқу сахих (дұрыс). Тіпті мәкрух та емес. Пайғамбарлар мазарларында тірі. Бірақ, олардың өмірі біздің өміріміз сияқты емес, олардың ішіп-жеуі, ғибадат жасауы қажет емес. Періштелердің өміріне ұқсайды. Олар ләззат алу үшін ғибадат жасайды, өйткені, қабір өмірінде Аллаһты сезіну мүмкіндіктері дүние өміріндегіден жетілген сипатта» деп жазады.

Судандық Ислам ғалымы Тахир Мұхаммед Сүлеймен Малики “Захират-ул-фиқһил-кубра” кітабында былай дейді: «Қабір үстіне кесене салудың төрт шарты бар. Қабір орны мәйіттің жеке мүлкі болуы керек. Кесенеде бидғат жасамау керек. Кесенелер мақтаныш үшін салынбау керек. Қабірдегі әулиелерге белгі ретінде салынуы керек. Ибн Таймийаны бұзық ниеттегі сөздерінің еш мәні жоқ».

Мұсылман екендігін айтып, ғибадат жасайтын, яғни “әһли қыбла” деп аталатын адамның әһли сүннетке қайшы келетін сенімі, мағынасы ашық анық бір дәлелді жоққа шығаратын сипатта болса, бұл тәуил (басқа мағына шығару) арқылы болса да, болмаса да күпірлік болады. Ол кісі “мулхид” деп аталады. Бұл сенімі ашық емес, күмәнді бір дәлелдің әр түрлі мағыналарынан ашық және мәшһүр болғанына қайшы болса және бұған тәуил (басқа мағына шығарып, түсіндірме бере алса) жасай алса, күпірлік болмайды, бидғат болады. Тәуил жасаудан хабары болмай, бидғатшы ғалымдардың жолын ұстанса немесе нәпсісінің қалауына еріп, дүниелік пайда үшін солай сенген болса, тағы да күпірлік болады.

Әһли сүннет болсын, бидғат өкілі болсын, дінін дүниелік пайда үшін қолданған надан адам “соқыр діншіл” деп аталады. Ешқандай дінге сенбей, мұсылмандарды алдап, олардың имандарын жою, Исламды өз ішінен құлату үшін мұсылман болып көрініп, күпірлікке себеп болған нәрселерді дәлелдеу үшін дәлелдерден қате мағына шығарған адамдар “зындық” (дінсіз) деп аталады. Бидғатшылар, мулхидтер және олардың жолын ұстанған надан адамдар “мазһабсыздар” болып саналады. Мазһабсыздар мен иман ұрысы болған зындықтар “діндегі реформаторлар” ретінде танылуда.


 

1 Абдуррахман Шайхизада, Пайғамбар ұрпағы - саййид, Арабстанда Забид муфтисі еді.

2 “Кәшф-ун-нур ан асхаб-ил-қубур”, Абдулғани Наблуси. Фиқһ, тафсир, хадис және тасаууф ғалымы. Хижраның 1050 (м.1640) ж. Шамда (Дамаск) туылып, х.1143 (м.1731) ж. сол жерде қайтыс болған.

3 Әбул-Қасым Самарқанди, ханафи фикһ ғалымы, х.556 (м.1161) жылы қайтыс болған.

4 “Тәнуир-ул-абсар”, Шамсиддин Мухаммед бин Абдуллаһ Ғаззи - Тимурташи, ханафи фиқһ ғалымы, х.1004 (м.1595) ж. Палестинаның Ғазза қаласында қайтыс болған.

5 Абдуррауф Мунауи (немесе Манауи), шафии фиқһ ғалымы, “Кунуз-уд-дәқаиқ” кітабында 10 мың хадис бар, х.1031 (м.1621) ж. Каирде қайтыс болған.




Рамазан сұхбаты:

Қадір түні (Ләйлә-тул-қадр)

Қадір түні рамазан айының ішіндегі және құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Аятта былай бұйырылды: «Қадір түні мың айдан қайырлы». Құран кәрім расулуллаһқа осы түні түсе бастады. Рамазанның соңғы он күнінде және түндерінен іздеу керек...

Жалғасы


Сұрап үйренген ғалым:

Тарауих намазы

         Сұрақ: Тарауих намазы қанша рәкат және жамағатпен оқу сүннет пе, қалай оқылады?          Жауап: Пайғамбарымыз 3-4 күн тарауих намазын жамағатпен оқыды, одан кейін үйінен шықпай қойды. Себебін сұрағанда «Тарауих намазының сендерге парыз болуынан қорққаным үшін үйден шықпадым» деп айтты. (Бұхари) ...

Жалғасы

Іздеу
НАМАЗ УАҚЫТЫ
Имсак .......  
Күн .......  
Бесін .......  
Аср .......  
Ақшам .......  
Құптан .......  

Намаз уақыттары

Cүрелер және дұғалар

Таңдамалыға қосу
Таңдамалыға қосу

Жаңалықтарға жазылу
Email:      

info@islamdini.kz
-->
Қонақтар саны:

Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. Islamdini.kz ®