14 - Шәууал, 1445 жыл.
     23 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Дәрет - Ғұсыл / Дәреттің парыздары

Дәреттің парыздары

Сұрақ: Төрт мазһаб бойынша дәреттің парыздары қандай?

ЖАУАП:

Ханафи мазһабында:

1) Бетті жуу.

2) Екі қолды шынтақпен қосып жуу.

3) Бастың ең аз дегенде төрттен біріне мәсіһ тарту.

4) Екі аяқты тобықпен қосып жуу.

 

Малики мазһабында:

1) Ниет ету.

2) Бетті жуу.

3) Екі қолды шынтақпен қосып жуу.

4) Басты толығымен мәсіһ ету.

5) Екі аяқты тобықпен қосып жуу.

6) Мууалат (Арасын үзбей, мүшелерді бірінен соң бірін жуу).

7) Дәлк (Жуылатын мүшелерді ысқылап жуу).

 

Шафии мазһабында:

1) Ниет.

2) Бетті жуу.

3) Екі қолды шынтақпен қосып жуу.

4) Бастың аз бір бөлігін мәсіһ ету.

5) Екі аяқты тобықпен қосып жуу.

6) Тәртіп (өз ретімен, кезегімен жуу).

 

Ханбали мазһабында: Дәреттің алты парызы бар. Дәреттің шарттары да парыз болып саналады. Осы парыздарды да қосып санағанда, дәретте он парыз болады:

1) Ниет.

2) Бисмиллаһ айту.

3) Ауызды жуу.

4) Мұрынды жуу.

5) Бетті жуу.

6) Екі қолды шынтақпен қосып жуу.

7) Басты толығымен мәсіһ ету (құлақтар басқа жатады).

8) Екі аяқты тобықпен қосып жуу.

9) Тәртіп.

10) Мууалат.

 

Дәретті төрт мазһабқа да сай алу

Сұрақ: Дәрет алғанда төрт мазһабқа сай алуға да ниет ету дұрыс болады ма?

Жауап: Жақсы болады. Онсыз да Ханафи мазһабына сай, яғни парыз, сүннет және мүстаһабтарына сай дәрет алған адам қалған үш мазһабқа да сай дәрет алған болады. Мысалы дәрет алғанда:

1) Ниет ету – Ханафиде сүннет, басқа үш мазһабта парыз.

2) Бисмиллаһ айту – Ханафиде сүннет, Ханбелиде парыз.

3) Ауызға, мұрынға су алу – Ханафиде сүннет, Ханбелиде парыз.

4) Басқа толығымен мәсіһ тарту – Ханафиде сүннет, Малики мен Ханбелиде парыз.

5) Тәрттіппен, яғни ретімен жуу – Ханафиде сүннет, Шафии мен Ханбелиде парыз.

6) Мууалат, яғни арасын үзбей жуу – Ханафиде сүннет, Малики мен Ханбелиде парыз.

7) Дәлк, яғни мүшелерді ысқалау – Ханафиде сүннет, Маликиде парыз.

Аңғарылып тұрғанындай, Ханафиге сай дәрет алған адам, яғни парыз, сүннет және мүстаһабтарына да мән берген адам қалған үш мазһаб бойынша да дәрет алған болып саналады.

 

Төрт мазһабта дәретті бұзатын жағдайлар

Сұрақ: Басқа хақ мазһабтарымыз бойынша қандай жағдайлар дәретті бұзады?

Жауап: Теріден қан шықса Ханафиде дәрет бұзылады. Қалған үш мазһабта бұзылмайды.

Түйе етін жеу және мәйітті жуу Ханбелиде дәретті бұзады, қалған үш мазһабта бұзбайды.

Махрем болмаған әйелдің қолына немесе терісіне жалаң күйде тигенде Шафииде дәрет бұзылады. Ханбели мен Маликиде шәһуетпен тиген кезде бұзады. Ханафиде шәһуетпен болса да бұзылмайды.

 

Бет, қолдар және аяқтар

Сұрақ: Дәретте бет, қолдар және аяқтардың қай жері жуылуы тиіс?

Жауап: Бет – екі құлақтың сырғалығы арасы және жақ пен шаш өсетін жердің (кекілдің) арасы. Екі қол шынтақтармен бірге, ал екі аяқ екі жанындағы тобықтарымен бірге жуылады. Бұл мүшелерді парыз болған жерден біраз асырып жуу мүстаһаб, одан артық жуу мәкрух болады. (С.Әбәдийа)

 

Жақтың астын жуу

Сұрақ: Дәретте жақтың астын жуу қажет пе?

Жауап: Ханафиде жақтың асты жуылмайды. Ал Шафииде жақтың астын жуу парыз.

 

Қолдарды жуу парыз

Сұрақ: Дәреттің парыздары арасында қолдың білектен төменгі жағын жуу білдірілмей, сүннеттердің арасында білдірілгеніне қарағанда, қолдың білектен төменгі (саусақтар орналасқан) жағын жуу сүннет болады ма?

Жауап: Қолдың білектен төменгі жағы да қол болып саналғандықтан, қолдың білектен төменгі жағын (алақан маңайын) да қолдармен бірге жуу парыз. Ал дәретті бастағанда білектен төмен қолды жуу – сүннет.

 

Басқа мәсіһ тартқанда

Сұрақ: Дәретте қолымыздағы ылғалдылық шашымыздың түбіне, яғни басымызға өтуі керек пе?

Жауап: Жоқ, тек шаштың үстіне тию керек.

 

Шаштың артын мәсіһ ету

Сұрақ: Дәретте бастың төртте біріне мәсіһ тарту парыз. Шашымыздың үлгісі бұзылмасын деп тек шаштың артын ғана мәсіһ етсек жаиз болады ма?

Жауап: Парыз орындалған болады. Бірақ сүннетке сай мәсіһ тарту үшін басты толығымен мәсіһ ету керек.

 

Орамалға мәсіһ тарту

Сұрақ: Әйел адам сыртта дәрет алғанда, шаш көрінбесін деп, орамалдың үстінен мәсіһ тартса, жаиз болады ма?

Жауап: Жоқ, жаиз болмайды. Ханафиде басты толығымен мәсіһ ету сүннет, ал төртте біріне мәсіһ тарту парыз. Осы себептен, орамалды шешпей, шашты көрсетпей төртте біріне мәсіһ тарту керек. Мысалы бастың артқы жағына мәсіһ тартуға да болады. Маликиді тақлид ететін адамның басты толығымен мәсіһ етуі парыз болып табылады.

 

Тақияның үстінен мәсіһ тарту

Сұрақ: Тақия немесе сәлденің үстінен мәсіһ тарту жаиз ба?

Жауап: Жоқ.

 

Ұзын шашқа мәсіһ тартқанда

Сұрақ: Әйел адам өте ұзын шашына қалай мәсіһ тартады? Шаштың үстіңгі жағына ылғалды қолды тигізу керек пе, әлде әрі үстін, әрі астын жақсылап сулау керек пе?

Жауап: Шаш ұзын болса, суланған қолмен басқа мәсіһ тартарда ұзын шашты ұстап төменге қарай, яғни шаштың ұшына дейін тартады. Астын, үстін сулау қажет емес. Қолдағы ылғал азайса да, тіпті мүлдем қалмаса да, қолдың тиюі жеткілікті болады.

 

Қолдағы ылғалмен мәсіһ тарту

Сұрақ: Қолдарды жуғаннан кейін қалған ылғалмен басқа мәсіһ тарту жаиз ба?

Жауап: Жоқ.

 

Орамалдың үстінен мәсіһ тарту

Сұрақ: «Жеңілдік болсын деп әйелдерге орамалдарының үстінен мәсіһ тартуға болады» деп жатады. Орамалдың үстінен мәсіһ тарту жаиз ба?

Жауап: Жоқ, орамалдың үстінен мәсіһ тартуға болмайды. Мәсіһ тартқан болып саналу үшін суланған қолдармен шашты сипау керек. Осыған ұқсас кейбір мазһабсыздар да шұлықтың үстіне мәсіһ тартуға болады деп жүр. Бұлар діндегі жеңілдік емес, жеке-жеке бидғат болады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Ғибадаттарды біз сияқты жасамаған адам бізден емес.» (Мизан-ул кубра)

Жеңілдік болсын деп діннің бұйрықтарын өзгертуге ешкімнің ақысы жоқ. Тағы біреуі шығып, жеңілдік болсын деп, «Дәрет алудың еш қажеті жоқ, аптасына бір рет дәрет алсаңдар жеткілікті болады» деуі де мүмкін. Дін ақылмен шығарылады ма?