19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сырат көпіріндегі екінші сұрақ

Сырат көпіріндегі екінші сұрақ

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Сырат көпірінде иман сұрағынан өткендер намаздан есепке тартылады. Намаз – діннің тірегі. Шарттарына сай оқылуы және қазаға қалдырылмауы, қазаға қалғандарының да қазасын оқуы керек. Аллаһу та'ала уақытылы оқылмай, қазасы да өтелмеген бір уақыт намаз үшін тозақта 80 хуқба жағуы мүмкін. Қазаларды өтей бастаған адамды, өтеп бітіруге өмірі жетпесе де, Аллаһу та'ала кешіруі мүмкін.

Намаз – иманның белгісі, байрағы. Бір қаланың қай мемлекетке тиісті екені байрақ арқылы аңғарылғанындай, бір адамның мұсылман екендігі де жамағатпен намаз оқуынан аңғарылады. Кәпір екені баршаға мәлім болған бір адам жамағатпен намаз оқыса, мұсылман болғанына қатысты үкім беріледі. Бірақ жалғыз өзі оқитын болса, мұндай үкім берілмейді. Өйткені жамағат – Исламның нышаны. Сондықтан, мүмкін болса, намаздарды жамағатпен оқу керек.

Намаз сұрағынан өте алу үшін қаза намаздарынан қарыз болмау керек. Егер бар болса, бір сәтке болса да ертерек қазасын өтеп, бітіруге тырысу керек. Осы себептен Әһли сүннет ғалымдары «Сүннеттерді оқығанда қаза намазына да ниет етіңдер» дейді. Бұл – жақсы мүмкіндік, үлкен жеңілдік. Қазаға қалған намазымыз болмаса да, бәлкім ғұсылымыз немесе дәретіміз кесірінен сахих (дұрыс) болмаған кейбір намаздарымыз болуы мүмкін деп, өлгенге дейін сүннеттерді оқығанда қаза намазына да ниет ету керек.

Аллаһу та'ала намазға үлкен ізет берген. Оны оқыған адамдарды қадірлі етеді. Аллаһу та'ала сыйлаған ниғметтеріне қайтарым ретінде рахмет айтуымызды, шүкір етуімізді талап етеді. Бұл рахметті намазбен бастатқызған. Намаз оқымайтындардың ешбір шүкірін, рахметін қабыл етпейді. Бір мүмин жүз мың рет қажылық жасаса, жүз мың алтын садақа берсе, жүз мың рет хатым оқыса, бірақ бір уақыт намазды өткізсе, бұл жасағандарының ешбір пайдасын көре алмайды.

Нәпіс – Аллаһтың дұшпаны. Адамның да ең үлкен дұшпаны – ішіндегі осы нәфси әммара (тәрбиеленбеген нәпіс). Алайда нәпістің көптеген пайдалары да бар. Мысалы адамдар нәпіске қарсы жиһад жасағанда (күрескенде) періштелерден де үстемірек болады. Бұл нәпіс адам өмір сүріп жатқан мерзім бойы мүлдем өлмейді, бірақ әлсіреуі мүмкін. Ол әлсірегенде адамды алдай алмайды. Ал нәпісті әлсірету ғибадат арқылы жүзеге асады. Нәпістің ең үлкен дұшпаны – ғибадат. Аллаһу та'ала мұсылмандарды қатты жақсы көргендіктен, намаз оқуды әмір етті. Намаз Аллаһу та'аланың сондай мейірімі, нәпіс намазда әр сәтте құлдырайды. Нәпісті тоқтататын қару – тек қана намаз. Сондықтан, бір адам намаз оқымайтын болса, жасаған жақсылық пен ғибадаттарының еш қадірі жоқ.