22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Әйелдер намазы

Әйелдер намазы

Пайғамбарымыз Мұхаммед (алейһиссалам) да: «Аллаһу та’ала құлдарына күнде бес уақыт намаз оқуларын әмiр еттi. Дұрыс дәрет алып, бес намазды уақытында оқыған, руку мен сәжделерiн толық орындаған пенделердің күнәларын Аллаһу та’ала кешiредi» - деп айтқан.
Бес уақыт намаз 40 рәкаттан тұрады. Бұлардың 17-сі парыз, 3-і уәжiп, 20 рәкаты сүннет. Олар мына төмендегiдей:
1) Таң намазы: 4 рәкат. Алдымен 2 рәкат сүннетi, кейiн 2 рәкат парызы оқылады. Бұл екi рәкат сүннет ең қуатты сүннет болып саналады. Тiптi мұны уәжiп дегендер де бар.
2) Бесiн намазы: 10 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат соңғы сүннет).
3) Екiндi намазы: 8 рәкат (4 рәкат сүннет, 4 рәкат парыз.)
4) Ақшам намазы: 5 рәкат (3 рәкат парыз, 2 рәкат сүннет.)
5) Құптан намазы: 13 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат соңғы сүннет, 3 рәкат үтiр намазы).
Екiндi мен құптан намаздарының алғы сүннеттерi ғайри муаккад сүннетке жатады. Бұлардың екiншi рәкатында отырғанда, “әттәхият”тан кейiн “Аллаһумма салли” және “Аллаһумма барик” дұғалары ақырына дейiн оқылады. Үшiншi рәкатқа тұрғанда, алдымен бисмиллаһ айтылмай тұрып, “Субханака” дұғасы оқылады. Ал, бесiн намазының алғашқы сүннетi Муәккад сүннет. Яғни қуатпен әмір етілген. Сондай-ақ бұл сүннеттiң сауабы да көп. Бiрiншi отырыста парыз намазындағыдай тек қана “Әттәхияту” оқылып кейiн үшiншi рәкатқа тұрады. Тұрғанда алдымен Бисмиллаһ айтылып кейiн “фатиха” сүресi оқылады.

Мәселен таң намазының сүннеті былай оқылады:

1- рекат
1- НИЕТ
2- ТАХРИМА ТӘКБИРІ Дене мүшелерін белгілі етпейтіндей қылып бастан аяққа дейiн жабылады. Тек қана алақандары мен жүзi ашық болады. Қолдарын еркектер сияқты құлаққа апармайды, кеуде тұсына әкеліп, саусақтарының ұшын иық деңгейіне дейiн көтерiп. «Ниет еттiм Аллаһу тағаланың ризалығы үшiн бүгiнгi таң намазының сүннетiн оқуға, жүзiмдi қараттым қыблаға»– деп ниет еткен соң «Аллаһу әкбар» – деп екi қолды көкiрек үстiнде бір-бірінің үстіне қояды.
  
3- ҚИЯМ
Осы тұруға қиям делінеді. Қиямда тұрғанда көздер сәжде етiлетiн жерге қарайды және мына төмендегілер оқылады:
- Субханака дұғасы
- Аъузу… – бисмиллаһ….
- Фатиха сүресі
- Бір сүре (зәм сүре) /Каусар сүресі/
4- РУКУ
Рукуде еркектердей түзу иілмейді, арқасын, басын, аяқтарын түзу ұстамайды. Еркектерден аз иіледі. Саусақтарын ашпай тізелерінің үстіне қояды және тізелерін біраз бүгіп тұрады. Көздер аяғының ұшына қарайды. Үш рет «Субхана раббиал азым» деп айтады.
«Сәмиаллаһу лиман хамидаһ» деп рукуден тұрып жатқанда шалбар балағы тартылмайды және көздер де сәжде орнынан айрылмайды Тiке тұрғаннан кейiн «Раббәна ләкәл хамд» деп айтады. (осы тік тұруға қаума делінеді).
5- СӘЖДЕ
Қаумада ұзақ тұрып қалмай «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеге барарда ретiмен:
- Оң тiзе кейін сол тiзе, оң қол кейін сол қол, мұрын сосын маңдай жерге қойылады.
- Аяқ саусақтары қыбылаға қарап бүгiледi.
- Бас екi қолдың арасына қойылады.
- Қол саусақтарының арасы жабылады.
- Алақан жерге қойылады, шынтақтары да жерге тиеді.
- Сәждеде аяқтар жерден көтерілмейді және көздер жұмылмайды.
- Осы халде үш рет «Субханә раббиял аъла» деп айтылады.
«Аллаһу әкбар» деп аяқтар оң жаққа шығарылып сол саны үстіне отырады. Қолдар тiзенiң үстiне қойылады, саусақтар арасы өз еркiне жiберiледi. Бұған жәлсе делінеді.
Көп отырылмастан «Аллаһу әкбар» деп қайта сәждеге барады. Тағы ең аз үш рет «Субханә раббиал аъла» дейді
2 - рекат
«Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Сәждеден тұрар кезде қолдарымен жерден күш алуға және аяқтарды ары-бері қозғалтуға болмайды. Сәждеден тұрар кезде ең алдымен маңдай, мұрын, содан кейiн сол қол, оң қол содан соң сол тiзе содан соң оң тiзе жерден көтерiледi.
Аяқта тiк тұрғанда
- Бисмиллаһ…..
- Фатиха сүресі
- Зәм сүре, мысалыға Ихлас сүресі оқылады. Екiншi рәкат та бiрiншi рәкаттағы сияқты оқылады.
Зәм сүреден соң «Аллаһу әкбар» деп рукуға иіледі.
Рукуде еркектердей түзу иілмейді, арқасын, басын, аяқтарын түзу ұстамайды. Еркектерден аз иіледі. Саусақтарын ашпай тізелерінің үстіне қояды және тізелерін біраз бүгіп тұрады. Көздер аяғының ұшына қарайды. Үш рет «Субхана раббиал азым» деп айтады.
«Сәмиаллаһу лиман хамидаһ» деп рукуден тұрып жатқанда көздер сәжде орнынан айырылмайды. Тiке тұрғаннан кейiн «Раббәна ләкәл хамд» деп айтады.
Ұзақ тұрып қалмай «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеге барарда ретiмен:
- Оң тiзе кейін сол тiзе, оң қол кейін сол қол, мұрын сосын маңдай жерге қойылады.
- Аяқ саусақтары қыбылаға қарап бүгiледi.
- Бас екi қолдың арасына қойылады.
- Қол саусақтарының арасы жабылады.
- Алақан жерге қойылады, шынтақтары да жерге тиеді.
- - Сәждеде аяқтар жерден көтерілмейді және көздер жұмылмайды.
- Осы халде үш рет «Субханә раббиял аъла» деп айтылады.
«Аллаһу әкбар» деп аяқтар оң жаққа шығарылып сол саны үстіне отырады. Қолдар тiзенiң үстiне қойылады, саусақтар арасы өз еркiне жiберiледi. Бұған жәлсе делінеді.
Көп отырылмастан «Аллаһу әкбар» деп қайта сәждеге барады. Тағы ең аз үш рет «Субханә раббиал аъла» дейді
6- ТӘШӘХХУД
Eкiншi сәждеден соң «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрмай, жоғарыда айтылғандай отырып:
- Аттахияту,
- Аллаһумма салли,
- Аллаһумма барик,
- Раббана атина дұғаларын оқиды.
Кейін алдымен оң иыққа, сонан соң сол иыққа «Ассаламу алейкум уә рахматуллаһ» деп сәлем берумен намазын аяқтайды.

Сәлем бергеннен соң «Аллаһуммә әнтәс-сәлам уә минкас-сәлам табаракта я зәл жәлали уәл икрам»– дегеннен соң еш нәрсе сөйлеместен таң намазының парызын оқу үшiн орнынан тұрады. Өйткенi сүннет пен парыз намазының арасында сөйлеу намазды бұзбаса да сауабын азайтады.

Намаздан кейін үш рет «Астағфируллаһ» дегеннен соң «Аятул курси» және отыз үш тәсбих (субханаллаһ), отыз үш тахмид (әлхамдүлиллаһ), отыз үш тәкбiр (Аллаһу әкбар) және бiр тахлил (Ла илаһә илләллаһу уаһдаһу ла шәрикә лаһ. Лаһул мүлкү уә лаһул хамду уа һуа ала кулли шайин қадир) оқылады. Бұларды әр кім өзі есітетіндей дауыспен оқиды. Дауыс шығарып оқу бидғат болады.

Соңынан дұға етiледi. Дұғада қолдарын көкірек тұсына паралелл қылып көтереді. Шынтақтар денеге жақын тұрады. Алақан іші көкке қаратылады. Өйткені намаздың қыбласы Қағба болғанындай, дұғаның қыбласы да аспан. Дұғадан соң «Субхана раббика…» аяты оқылып қолдармен бет сипалады.