10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   


Шайтан

Қуылған, алыстатылған дегенді білдіреді. Тәкаппарлық және менмендік себебімен Аллаһу та’аланың “Адамға сәжде етіңдер!” деген әміріне бағынбай, қарсы шыққаны үшін Оның рақымдылығынан алыстатылған мақлұқ – Ібіліс. Аллаһу та’ала Құран кәрімде былай деген:

«Шайтан адамдарға көп уәде беріп, босқа үміттендіреді. Шайтан уәде берген нәрселерінің барлығы жалған.» (Ниса сүресі 121)

«Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады. Сендерге сараңдықты бұйырады. Ал Аллаһу та‘ала өзінен мағфирет (кешірім) және мейірімді уәде етеді.» (Бақара сүресі 268)

«Ашу (ыза) шайтаннан. Шайтан оттан жаратылған. Отты су өшіреді. Ашуланған адам дәрет алсын!» (Хадис шәриф – Ахмед бин Ханбәл)

«Кімде-кім тозақ отынан құтылуды, жаннатқа кіруді қаласа, жамағатпен бірге болсын! Өйткені, шайтан жалғыз адаммен бірге болады. Ал екі адам болса, олардан алыстайды.» (Хадис шәриф – Ахмед бин Ханбәл)

«Оң қолдарыңмен жеңдер! Оң қолдарыңмен ішіңдер! Өйткені, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді.» (Хадис шәриф – Шират-ул-Ислам)

Жүрегіңді (көңіліңді) шайтанның ойыншығы қылма! (Фәридуддин Генжи Шәкәр)

Әулиелердің бірі шайтанға былай деді: “Сен сияқты малғұн (лағнеттелген) болғым келеді. Не істейін?» Оған шайтан қуанып, мен сияқты болғың келсе, намазға мән берме және өтірік-шын барлық нәрселерге ант ете бер, яғни көп ант іш!» дейді. Сонда әлгі кісі “Ешбір намазымды тастамаймын және бұдан былай ант етпеймін!” дейді. (Ибн Жәузи)

Көптеген қалаулар адамның өзінен болмайды, сырттан келеді. Бұлардың ішіндегі пайдалы болғандарын Аллаһу та’ала мейірімділік етіп жібереді. Бір хадис шәрифте: «Әрбір мүминнің жүрегінде (көңілінде) Аллаһу та’аланың бір уаизы (насихат етушісі) бар» делінген. Зиянды болғандарын шайтан жібереді. Шайтан адамдарға үнемі жамандық және дұшпандық жасауларына уәсуәса (жаман ой) береді. (Имам Раббани)

Барлық шайтандар кәпір. Адамдарды алдап-арбауға тырысады. Ғибадаттарды ұмыттырып, күнә-харамдарды жақсы етіп көрсетеді. Нәпсінің қалауларын қоздырады. Шайтандар от пен ауадан жаратылған. Жында ауа, ал шайтанда от сипаты басым. Жын мен шайтандар өте ұсақ жерлерден де өтеді. Адамның ішіне де, тамырларына да кіреді. (Сәйид Абдулхаким Аруаси)