21 Қаңтар 2017   



Арш

Аллаһу та’аланың жаратқан ең үлкен жаратылысы. Жеті қабат көктердің және күрсінің үстінде болып, халқ (материя) әлемінің соңы, әмір (материясыз) әлемінің басы. Аршуллаһ, Арши мәжид және Арши а’ла деп те айтылады.

Аяти кәрималарда былай делінген: «Аллаһу та’ала көктер мен жерді алты күнде жаратты. (Бұдан бұрын) Арш судың үстінде еді.» (Һуд 7)

Бұл аяти кәрима судың жерден және көктерден бұрын жаратылғанын көрсетеді. Демек, Арш жердің құрылысында болмағаны секілді, көктердің де құрылысына ұқсамайды. Жер мен көкке ұқсайтын жағы жоқ. Тек қана Арш жермен салыстырғанда көктерге ұқсайды. Сондықтан да көктерге жатады. (Ахмед Фаруқи)

«Жеті топтағы адамдарды Аллаһу та’ала ешқандай көлеңке болмайтын күні Арштың көлеңкесінде көлеңкелетеді. (Бұл адамдар) Әділ ел билеушісі, жастық шағын ғибадатпен өткізгендер, көңілін мешіттерге байлағандар, Аллаһ разылығы үшін бір-бірлерін жақсы көріп, бір араға жиналып және осы сүйіспеншілікпен айрылғандар, өзін сұлу әйел шақырған кезде “Мен Аллаһтан қорқамын” деген адам, оң қолының берген садақасын сол қолы білмейтіндей түрде жасырын бергендер және жалғыз кезінде Аллаһу та’аланы зікір еткенде Аллаһтан қорқуынан жылағандар.» (Хадис шәриф – Бұхари, Мүслим)

Арши а’ла Аллаһу та’аланың таңғажайып махлұқтарының (жаратқандарының) бірі және махлұқтардың ең құрметтісі. Барлық нәрседен де таза және нұрлы. (Имам Раббани)

Намаздың қыбласы Қағба болғаны секілді дұғаның қыбласы да Арш. Сондықтан дұға еткенде қолдар көтеріліп, алақанның іші аспанға қаратылып ашылады. (Имам Ғазали)