19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Хадиспен жүргісі келетін мазһабсыздар

Хадиспен жүргісі келетін мазһабсыздар

Сұрақ: Қазіргі таңда өздерін "сәләфит" деп атайтын адамдар көбейіп келеді. Олардың айтуынша "ең дұрыс жол Пайғамабарымыз (с.а.у) ның сүннеті және біз сол жолды ұстанамыз. Біздің масхабтарға қарсылығымыз жоқ. Бірақ мазһаб үкімдеріне қарағанда хадиспен жүргенді абзал деп білеміз” дейді. Шынымен де хадистермен жүрген адам дұрыс істеген бола ма?

ЖАУАП: Пайғамбарымыз үмметінің басына келетіндерді білдіріп жатып: «Үмбетім 73 топқа бөлінеді. Олардың ішінен 72-сі тозаққа барады, тек бір топ қана құтылады.» дейді. Сахабалар мұны естігенде “Ол қай топ?” деп сұрайды, сонда пайғамбарымыз «Бұл топтағылар менің және сахабаларымның жолымен жүргендер!» деп бұйырады. (Тирмизи) Ислам ғалымдары бір ауыздан бұл құтылатын топтың “Әһли сүннет” екендігін білдірген. (Абдулхақ Дәхләуи, Имам Раббани)

Әһли сүннет уәл жамағат - сүннет және жамағат қауымы дегенді білдіреді. Сахабалар Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) жамағаты еді. Ал Сүннет - пайғамбарымыздың жолы дегенді аңғартады. Олай болса "Мен тек Құранмен сүннетке бағынамын" деу үлкен қате. Сүннит болу үшін Сахабаи кирамның барлығын сүйіп құрметтеу және олардың жолымен жүру де шарт. Пайғамбарымыз "Тек қана менің жолыммен жүргендер жаннатқа барады" демеді. "Менің және сахабаларымның жолымен жүргендер" деді. Бұл өте маңызды нюанс! Сахабалардың барлығын сүйіп құрметтеу тек Әһли сүннетке нәсіп болған ерекшелік. Олай болса, дұрыс жолда, дұрыс сенімде болудың өлшемі - Расулуллаһтың және Асхабтың жолымен жүру.

Әһли сүннет болғандар бүгін төрт мазһабта жиналған. Бұл төрт мазһаб Ханафи, Малики, Шафии, Ханбели мазһабтары. (Тахтауи)

 

Пайғамбарымыздың жолы - Құран Кәріммен, хадис шәрифтермен және мужтаһидтердің ижтиһадтарымен көрсетілген жол! Осы үш дәлелмен бірге тағы  "Ижмаи уммет" деп аталатын Сахабалармен Табеиннің ауызбірлігін көрсететін төртінші дәлел де қосылады. Бір үкім, бір мәселе жайлы егер төрт мазһабтың ижтиһадтары (үкімдері) арасында бірдей шешім қабылданса, бұл "ижма" (ауызбірлігі) болады да бұған сену шарт болады, сенбегендер күпірге түседі. (Мәктубат 2/36) 

          

М. Хадими хазреттері былай деген: «Діндегі төрт дәлел мүжтәһидтер үшін. Біз үшін дәлел мазһабымыздың білдірген үкімдері. Өйткені біз аят және хадистерден үкім шығара алмаймыз. Мазһабтың бір үкімі аятқа немесе хадиске сай келмейтін болып көрінсе де қате емес, өйткені аят және хадис ижтиһад талап етеді, үкімі басқа аят немесе басқа хадиспен өзгертілген болуы мүмкін немесе біз білмейтін тәуилі болады.» (Бәриқа 94 бет)

 

            «Кімде кім Құран кәрімнен өз ақылымен (ой-пікірімен) мағына шығарса, шығарған мағынасы дұрыс болса да, үкім шығара алу құқығы өзіне берілген мүжтәһид болмағаны үшін қателік жасаған болады. Қате мағына шығарса кәпір болады.» (Бәриқа)

            Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Құран кәрімді өз ақылымен тәфсирлеген адам кәпір болады.» (М. Раббани)

 

            Хадис кітаптарынан хадис нақл ету үшін хадис ғұламаларынан ижазат (диплом, рұқсат) алған болу керек. Хадис шәрифтердің де сахих немесе сахих емес екенін білмей тұрып, сахих болған хадис шәрифтің өзін айту да күнә болады. Мұндай адамның хадис шәриф оқуы жаиз болмайды. Хадис шәрифте “Білмеген сөзін хадис ретінде айтқан адам, тозақта азап көреді.” делінген. Сондықтан ғалым болмаған адамның хадис шәриф оқып түсінгенімен амал етуі жаиз болмайды. (Бәриқа)

 

«Біз секілді надандарға діннің үкімдерін дін ілімін жетік меңгерген ғалымдар мен кәміл салихтар (тақуалар) білдірді. Бұлар – Мұхаддистер мен Мүжтәһидтер. Хадис ғалымдары (мұхаддистер) хадис шәрифтерді зерттеп-зерделеп ішінен сахихтарын (дұрыстарын) теріп жазды. Мүжтәһидтер аяты кәрималардан және хадис шәрифтерден үкім шығарды. Ал біз ғибадаттарымызды және барлық амалдарымызды осы үкімдермен жасаймыз.» (Усулул-әрбаъа фиттәрдидил-уәһәбииә)

 

            «Мүжтаһид болмаған адам, оқыған хадисінен өзінің түсінгені бойынша амал ете алмайды. Мүжтаһидтердің аяти кәрима және хадис шәрифтерден түсініп, шығарған фәтуаларымен амал етуі керек. Тақрир кітабында да осылай жазылған. Бұлай жасамаса уәжіпті тәрк еткен болады.» (Кифайа)

 

Пайғамбарымыз да бүкіл хадис шәрифтерін бір күнде, бір мезетте айтқан емес. 23 жыл бойы айтты. Түрлі оқиғаларға байланысты, жеке тұлғаларға қатысты, түрлі шарттарға байланысты айтты. Мұсылмандарға рахмет болуы үшін бір мәселеде өзгеше айтқан үкімдері де болды. Сол себепті хадис шәрифтердің қашан, қай оқиғаға байланысты және не үшін айтылғаны да маңызды. Дін 23 жыл бойы түсіп білдірілді. Кейбір әмірлер уақыт өте келе харам қылынды, кейбір тыйымдар да уақыт өте келе парыз етілді.

Сондықтан хадисті түсіне білу үшін, әсіресе үкім берілген хадистерді түсіне білу үшін де әһли сүннет ғұламаларының бұларға берген түсініктемесін оқу керек.

 

Мәселен алғашқы кездерде өлгендердің көбі мүшрик болғандығы үшін қабір зияратына тыйым салынған еді. Кейіннен мұсылмандар өліп, мұсылман мазараттары пайда болғанда «Бұрындары қабір зияратына тыйым салған едім, енді бұдан былай зиярат етіңдер» деп бұйырылды. Сол сияқты әйелдердің орану әмірі кейіннен келді, спиртті ішімдік ішуге де кейіннен тыйым салынды, Құран кәрім алғашқы түсе бастаған кезінде аяттармен хадистер шатаспауы үшін хадис шәрифтердің жазылуына тыйым салынып, кейіннен жазылуы қайта әмір етілді. Мазһабсыздар бұзық пікірлерінде осы секілді хадис шәрифтерді бұрмалап қолдануда.

 

Саййид Абдулхаким Арваси “Асхаби кирам” атты кітабында былай дейді: «Мужтаһид болу үшін араб тіліне қатысты жоғары ғылымдарды толық меңгеру, Құран Кәрімді жатқа білу, әр аяттың түрлі мағыналарын білу және аяттардың келген уақыттарымен келу себептерін, не туралы екендігін, насих немесе мансух екендігін, муқайад немесе мутлақ екенін, қираати сәба, қираати ашәрә (жеті және он түрлі оқу тәсілі) және қираати шаззә (Кұранның мәшһүр болмаған оқу түрі)-ден қалай оқылатынын білу, Кутуби ситтадағы (мәшһүр алты Хадис жинағы) және басқа хадис кітаптарындағы жүз мыңдаған хадисті жатқа білу және әр хадистің қашан, не үшін айтылғанын, мағынасының қаншалықты ауқымдылығын, қай бірінің қайсысынан бұрын не кейін айтылғанын, оған қатысты оқиғаларды, қай жағдай немесе оқиғаның үстінде айтылғанын, кімдер тарапынан нақыл және риуайат етілгенін (жеткізілгенін), жеткізген адамдардың қандай адамдар екенін, өмірбаяндарын, мінез-құлқын білу, фиқһ ғылымының әдістері мен қағидаларын білу, он екі ғылымды және Құран Кәрім мен хадис шәрифтердің ишараттарын, румуздарын (белгілерін), ашық және астарлы мағыналарын ұғыну, осы мағыналар рухына орныққан болу, күшті иман иесі болу, итминанға (толығымен тәрбиеленген, тазарған, сенімге бөленген) толы таза жүрек пен ожданға ие болу керек.»

Сахабалардан кейінгі екі ұрпақ: Табеин және Табаи табеин арасында да мужтаһид болғандар жиі кездесетін еді. Бұдан кейінгі замандарда бүлік-фитналар, бидғаттар тарағаны және хижри 400 жылдардан кейін мутлақ мүжтаһид мүлдем жетілмегені «Асхаби кирамда», «Ибни Абидинде» және басқа да бірқатар кітаптарда білдірілген. Осы мужтаһидтердің мазһабтары арасында тек төрт данасы ғана кітаптарға толық жазылып үлгерді және дүние жүзіне тарады. Ал басқаларының мазһабтары ұмытылды. (Бұлардан Имам Ағзам табеин (екінші ұрпақтан), ал қалған үш мазһаб имамдары табаи табеиннен (үшінші ұрпақтан) еді.) Бұл төрт мазһабтың имандары сахабалардың иманымен бірдей болғандықтан төртеуіне де "Әһли сүннет уәл жамағат" делінді. Имандары арасында ешқандай негізгі мәселеде айырмашылық жоқ және олар бірін-бірі бауыр деп қарайды, құрметтейді.

Бұл дәуірде Әһли сүннет уәл жамағат сенімін мұсылмандар арасында тек белгілі төрт мазһабтың өкілдері ғана ұстанады. Төрт мазһабтың сыртында әһли сүннеттің қалмағанына 1000 жылдай уақыт болды. Бірақ осыған қарамай қазіргі таңда сәләфи, уаххаби секілді адасқан дүмшелер де өздерін "сүннит" деп таныстырып, мунафиқтық жасап халықты алдап жүр. Міне осындай  мунафиқтар тозақтың түбінде болады.