19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Алғашқы жасақтар

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаның қауіпсіздігін сақтау, дұшпандардың жағдайын бақылау үшін жасақтар, яғни шағын әскери топтар құрды. Олардың саны бесжүз бен төрт жүз арасында өзгеретін. Пайғамбарымыз қатысқан және өзі басқарған соғыстар “ғаза” деп аталды. Пайғамбарымыз дұшпанның тұтқиылдан шабуылының алдын алу үшін Мәдинада кезекшілік әдісті орнатып, қауіпсіздік шарасын қамданды.

 

Мүшріктерді сауда және экономикалық тұрғыдан әлсіретіп, жолға салу қажет болды. Бұл үшін Сирия сауда жолдарын жабулары керек еді. Осы кезде бір мүшрік керуенінің Мәдинаға жақын жерден өтіп бара жатқанын естиді. Пайғамбарымыз дереу жорыққа дайындалуды бұйырып, отыз атты әскерге хазіреті Хамзаны басшы етіп сайлады. Оған Аллаһу та’аладан қорқу және қол астындағыларға жақсы қарауын айтып «Аллаһу та’аланың жолында Аллаһу та’аланың есімін ұрандап, ғазаға шығыңдар! Аллаһу та’аланы танымайтындармен соғысыңдар» деді. Хазіреті Хамзаға ақ ту беріп, шығарып салды.

 

Хазіреті Хамза қарамағындағы атты әскерімен үш жүз атты әскер қорғаған мүшрік керуеніне қарай беттеді. Керуен Шамнан Меккеге бара жатқан жолдағы Сифр-ул Бахр деген жерге жеткен кезде мүжахидтерге кездеседі. Сахабалар соғысуға дайындалып тұрғанда, сол жердегі Мәжди бин Амр әл-Жүхәни келеді. Мәжди бин Әл-Жүхәни екі жақтың да одақтасы болатын. Мұсылмандардың саны аз екенін көріп, олар жеңіледі деп ойлады. Мұсылман мемлекетінің мәңгілік жасайтынын ойлап, екі жақты соғысудан бас тартуға шақырды. Сөйтіп, хазіреті Хамза мен адамдары Мәдинаға қайтты. Мәждидің әрекеті пайғамбарымызға айтылған кезде разылығын білдіріп, «мүбәрәк, жақсы және дұрыс іс істепті» деді.

 

Осыдан кейін жорықтар жалғаса берді. Убәйдә бин Харистің қарамағына алпыс немесе сексен шақты мүжахид беріліп, Рабиғқа жіберілді. Мүшріктер мұсылмандардан қорқып, қашып құтылды.

 

Пайғамбарымыз бір күні құрайыш мүшріктерін бақылау үшін Нахләге жасақ жіберуді ойлады. Жіберілетін әскерлерге Әбу Убәйдә бин Жәррахты (радиаллаһу анһ) қолбасшы еткісі келді. Әбу Убәйда бин Жәррах (радиаллаһу анһ) бұл бұйрықты алған кезінде пайғамбарымыздан алыстайтындықтан жылай бастайды. Расулуллаһ алейһиссалам оның орнына Абдуллаһ бин Жахшты (радиаллаһу анһ) тағайындайды.

 

Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) Исламға берілген адам болатын. Мұсылман болған кезінде кәпірлер оған неше түрлі қастандықтар жасаса да оларға иманының күшімен қарсы тұрып, тартқызған азаптарына шыдаған болатын. Сондықтан пайғамбарымыз ол туралы сахабаларына «...Аштық пен шөлге ең көп шыдаған адам» деген. Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың шәйіттер туралы сүйіншісін естіп, әрдайым шәйіттік жолға ұмтылатын. Соғыстарда ең алдыңғы шепте қаһармандық, батырлықпен соғысатын.

 

Хазіреті Абдуллаһ бин Жахш айтады: «Сол күні пайғамбарымыз құптан намазын оқып болып, мені жанына шақырды. «Ертең ерте маған кел. Қаруыңды да ала кел. Сені бір жаққа жіберемін» деді. Таң атқан соң мешітке бардым. Қылышымды, қалқанымды, садағымды, жебемді алып бардым. Пайғамбарымыз бамдат намазын оқытқаннан кейін үйіне келді. Мен ерте келіп есіктің алдында күтіп отырған болатынмын. Мұхажирлерден менімен бірге баратын бірнеше адам тапты. «Сені осы адамдарға қолбасшы еттім» деп бір хат берді. «Бар, екі түндік жолдан кейін хатты аш. Сонда жазылғаны бойынша әрекет жаса» деді. «Йа, Расулаллаһ! Қай жаққа қарай жүрейін?» деп сұрадым. «Нәждийә жолына түс. Ракийәға, құдыққа бет ал» деді. Абдуллаһ бин Жахшқа (радиаллаһу анһ) Нахлә жорығы тапсырылғаннан кейін оған алғаш рет «Әмир-ул муминин» деген сипат тағылды. Исламда ең алғаш осы есіммен аталған адам сол болды. Сегіз немесе он екі адамдық топпен екі күннен кейін «Мәләл» деген жерге жетіп, хатты ашады. Онда:

«Бисмилләһир-рахманир рахим. Бұл хатты оқыған кезіңде Мекке мен Таиф арасындағы Нахлә деген жерге түскенше Аллаһу та’аланың есімі мен берекесімен барып жетесің. Жолдастарыңның ешқайсысын өзіңмен бірге баруға қинама. Нахләдегі құрайыштардың керуенін бақылайсың. Олардың жағдайы туралы бізге айтасың» деп жазылған еді.

Әмир-ул муминин хазіреті Абдуллаһ бин Жахш хатты оқығаннан кейін «Біз Аллаһу та’аланың құлдарымыз. Және бәріміз Соған қайтып ораламыз. Естідім, бағындым. Аллаһу та’аланың және Оның пайғамбарының бұйрығын орындаймын» деп, хатты сүйіп басына қойды. Сосын жолдастарына қарап, «Кім шәйіт болуды қаласа менімен жүрсін. Барғысы келмеген адам қайта берсін. Ешкімді қинамаймын. Бармасаңдар мен жалғыз өзім барып, пайғамбарымыздың бұйрығын орындаймын» деді. Жолдастары бәрі бірден «Біз пайғамбарымыздың бұйрығын естідік. Аллаһу та’алаға, Расулуллаһқа және саған бағынамыз. Қайда барсаң да Аллаһу та’аланың берекесімен бар» деді. Са’д бин Әбу Уаққас та (радиаллаһу анһ) қосылған осы шағын әскер Хижазға қарай бет алып, Нахләге барды. Бір жерге жасырынып, сол жерден өткен-кеткен құрайыштықтарды аңдыды. Бір кезде бір құрайыш керуені өтеді. Түйелеріне жүк артылған болатын. Мұхажирлер керуенді ұстап, оларды Исламға шақырды. Олар қабылдамаған соң соғыса бастады. Олардың біреуін өлтіріп, екеуін тұтқынға алды, біреуі атты кісі болғандықтан оған жете алмай қалады. Кәпірлердің барлық заты мүжахидтерде қалды. Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) осы олжаның бестен бірін пайғамбарымызға бөліп қойды. Бұл мұсылмандардың алған алғашқы ғаниметі еді.

 

Мешіт Қыбләтәйн: Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинаға көшкеніне он жеті ай болған еді. Осыған дейін олар намаздарын Құдыстағы Бәйт-үл-Мақдиске қарап оқитын. Осы кезде яһудилердің «Не деген ғажап іс. Діні бізден бөлек, бірақ қыбласы біздікіндей» деген сөздері пайғамбарымызға жетті. Бұл сөздерге ол ренжиді. Бір күні Жәбрейіл алейһиссалам келген кезде оған «Ей, Жәбрейіл! Аллаһу та’аланың жүзімді яһудилердің қыбласынан Қағбаға бұрғызуын қалаймын» деді. Жәбрейіл алейһиссалам «Мен жай ғана құлмын. Мұны Аллаһу та’аладан сұра» деді. Осыдан кейін «Бақара» сүресінің 144-аяты түсті. Онда «(Ей, сүйікті құлым! Уаһидің келуі үшін) жүзіңді көкке қаратып тұрғаныңды көріп тұрмыз. Сондықтан біз сені өзің разы болатын қыблаға бұрамыз. Енді бетіңді Харам мешітіне (Қағбаға) бұр. (Ей, мүміндер!) Сендер де қай жерде болсаңдар да беттеріңді сол жаққа бұрыңдар. Күмәнсіз, өздеріне кітап берілгендер осы қыблаға бұрудың Раббылары тарапынан жасалғанын біледі. Ал, Аллаһу та’ала олардың жасағандарын біледі». Бұл аяти кәримә түскен кезде расулуллаһ сахабаларымен бесін намазын оқып жатқан болатын. Намаздың жартысына келген болатын. Уаһиды ала сала беттерін қыблаға бұрды. Сахабалар да пайғамбарымыздың артынан беттерін қыблаға қаратты. Бұл мешіт «Масжид-ул-Қибләтәйн», яғни «екі қыблалы мешіт» деп аталды. Пайғамбарымыз Кубаға да барып, алғаш салынған мешіттің михрабын өз қолымен қайтадан жасап, мешіттің қабырғасын өзгертті.