19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Флирт

Сұрақ: Үйленетін ниеті бар қызбен жігіттің жақсы ниетпен "флиртовать етуі", бір-бірін жақсы тану үшін жүруі, кездесіп, сөйлесіп тұруы, некесіз бірге өмір сүруі неліктен дұрыс емес?

Жауап: Үйленетін жастардың флирт деп аталатын жүріске қажеттілігі жоқ. Керісінше бұлай жүрудің көптеген зияндары, қауіптері бар:

Мұндай жүрулерде тұзақ бар. Мұндай жүрушіліктердің көпшілігінде жігіт қызды алдап, мақсатына жеткеннен кейін тастап кетеді.

Флирт – ақылға салу, ойлану, дұрыспен бұрысты ажырату секілді сезімдерді перделейді. Флиртке дағдыланғандар жұбын жиі жиі ауыстыратын болады. Жігіт тарапынан алданып, тасталған қыз елге масқара жағдайға түседі. Көбінесе жігітпен жүремін деп қыздар арынан (намысынан) айрылып жатады. Мұсылман қыз үшін бұдан асқан пәлекет бола алмайды. Флирт көптеген жастарды қаңғыбастыққа, бет алды мал шашуға, мақсатсыздыққа, ессіздікке ұшыратады. Жастар арасында төмендік комплексін, көре алмаушылық, қызғаншақтық, жек көрушілік, дұшпандық, анархия және түрлі рухани күйзелістер тудырады.

Флиртте нәпістің қалауы көзден таса жерде кездесуге шақырады. Соңында көптеген жастардың басы бәлеге қалады. Алдымен қызды алдап, мәжбүрлеп тұзағына түсіреді, қалауына жеткеннен кейін қызды айыптап, масқаралайды. Көбінесе осындай сезім майданында жарысқандардың түбі үнемі суықтықпен бітеді.

Жас жігіт иіскеген гүліне тез тойып, кейін басқа түстегі, басқа бір гүлді іздей бастайды. Ендігі бұл сахна бұл жігітті қызықтырмай, ондағы құпиялар ашылғаннан кейін, басқа құпияларды ашуға ынтығып, басқа асуларды қуалап кетеді. Осы тұрғыдан да жүру (флирт) деген нәрседен қыздар, әйелдер өте сақ болулары қажет.

Мұндай жағдайлар басынан өтпеген жастар үшін бұлар түсініксіз, орынсыз болып көрінуі мүмкін. Өйткені біреуге көңіл қойған, ғашық болып қалған адам, өзіне айтылған насихаттарға мән бермейді, жындының сандырағы сияқты қабылдайды. Сол себепті де пайғамбарымыз «Ғашықтық адамды керең және соқыр етеді» деген.

Кереңге не айтсаң да естімейді. Соқырға бүкіл түстерді көрсетіп шықсаң да, ешбірін ажырата алмайды. Ғашық болғанның да көзіне өзге ешнәрсе көрінбейді. Құдды нашаға тұтыққандай, нашақордай болады. Барлық жағынан қате, дұрыс емес екендігін біліп тұрса да бәрібір онымен үйленуді қалайды.

Флирт арқылы үйленген жастардың көпшілігі соңында өкініп қалуда. Сол себепті де салих болған ата-ананың кеңестеріне міндетті түрде құлақ салу керек. Ата-ана ұлының немесе қызының үйленетін адамына, балаларының көзімен қарамайды. Ащы, өмірлік тәжірибелерінен құралған парасаттарымен қарайды. «Ұлы сөзді тыңдамаған опық жейді» деген сөз бар. Жанұя мәселесін зерттеген мамандар «Флирт (жүру) арқылы үйленгендер ажырасуға жақынырақ болады» деген.

Бүкіл осы зияндардан да бөлек, ең маңызды болғаны, дініміз некесіз жүруді, кездесуді харам еткен. Харам нәрседе қайыр болмайды. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала харамда шипа жаратпады» делінген. (Бұхари, Хаким)

Алдағы уақытта үйленетін болса да діни некесі болмаған еркекпен әйел діни тұрғыдан бір-біріне бөтен саналады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Еркектің әйелге, әйелдің еркекке (шәһуатпен) қарауы харам.» (Табарани)

«Харамға қарау шайтанның улы оғы. Аллаһу та’аладан қорқып бөтен әйелге қарамағанға зауқты (қуатты) иман нәсіп болады.» (Рамуз)

«Кісінің басына темір қазық батырылуы, некесі түсетін бір әйелге қолының тиюінен жеңіл келеді.» (Табарани, Бәйһақи) 

«Бөтен әйелмен құшақтасқан еркек шайтанмен бірге шынжырға ұрылып отқа тасталады.» (Шира)

«Әйелдермен бір жерде жалғыз қалудан сақтаныңдар. Аллаһқа ант етемін, бір кісі бір әйелмен жалғыз қалғанында араларына шайтан кіреді. Біреудің балшықты доңызбен қысылып қалуы, ол адам үшін өзіне халал болмаған бір әйелге тиюден де жеңіл болады.»(Табарани)

«Ей жастар, намыстарыңды қорғаңдар, зина етпеңдер! Жақсы біліңдер намысын қорғағанға жаннат бар.» (Хаким)

«Жамандықтан қорғану үшін некелі өмір сүріңдер және арлы болыңдар.» (Ибн Асакир)

«Ей әйелдер, тек қана махремдерің болған еркектермен сөйлесіңдер, махрем болмағандармен сөйлеспеңдер!» (Ибн Саид)

«Бөтен әйелге шәһуатпен қарау көз зинасы, оны ұстау қол зинасы, оған бару аяқтардың зинасы.» (Р. Насихин)

 

Сұрақ: Мен студентпін, бір қызбен сөз жарастырып, жүріп жүр едім. Исламда некесіз әйел адамның қолын ұстауға, сөйлесуге де болмайды, енді мен неке қидырсам калай болады? деген сұрағым бар. Осы тығырықтан шығатын қандай амал жолдары бар өтініш маған соны көрсетіп сілтеп айтып жіберіңізші?

Жауап: Дініміз некесіз қыз бен жігіттің (зәру жағдайсыз) бостан бос сөйлесуіне (жүруіне) тыйым салған. Харам нәрседен ешқандай қайыр, пайда болмайды.

Некесіз еркек пен әйел дін бойынша бір-біріне бөтен саналады. Бұл жөнінде хадис шәрифте былай делінеді:

«Ей әйелдер, тек қана махремдерің болған еркектермен сөйлесіңдер, махрем болмағандармен сөйлеспеңдер!» (Ибн Саид)

Үйлену мақсатымен қылует болмайтындай (оңаша емес) жерде кездесуіне, сөйлесуіне, хат (смс) алысуына, үйленетін уақыттарын келісіп алуына болады. Бірақ, жақын арада үйленетіндей жағдайы болмаған адамның қатты ғашық болып қалса да, жағдай болғанда осы қызға үйленем деген ниеті болса да, бөтен қызбен сөйлесуіне, кездесуіне, хат алысуына болмайды. Неке қиылмай тұрып қолынан ұстауға да, үзірсіз сөйлесуге де болмайды. Зина, күнә болады.

Некесіз қызбен жігіттің тасада өткізген әр минуты, сөйлескен әрбір сөзі екеуін де күнәға батырады. Шын сүйген адам сүйіктісін отқа тастағысы келе ме?! Сүйіп қалдым деген адам сүйіктісін екі дүниеде бақытты етуге дайын болса ғана шынында сүйген болып саналады. Әйтпесе өзі махаббатын айтып күйіп-пісіп жатқаны жайлы қаншама сайраса да онікі тек жыныстық құмарлық қана. Сүйіктісінің қолынан ұстағысы, құшақтағысы келіп кездесуге шақыратын "ғашықтар" намыс ұрылары болып табылады. Адам осы берілген өлшемдерге қарап өзінің "махаббаты"ның қаншалықты "пәк" екенін біле алады.

Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» деп бұйырылған. Бұл – зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден аулақ болыңдар деген сөз.

Нәпіс бастапқыда жай ғана сөйлес дейді. Кейін кездес дейді, кейін қолынан ұста дейді. Соңы пәлекетке, зинаға апарады.

Соңғы кезде кейбір жастардың, әсіресе үйлерінен, ата-аналарынан алыста жүрген студенттердің ешкімге айтпай, ата-аналарымен ақылдаспай өздерінше тек неке қидырып жүргендерін жиі кездестіретін болдық. Егер сұрамақ болғаныңыз осы болатын болса, бұл дұрыс емес.

Жанұялық өмірдің қайырлы, берекелі болуы үшін, яғни некесінің дүниемен ахиреті үшін де қайырлы, бақытты болуы үшін мазһабымыздың үкімдеріне сай болуы, сүннеттеріне, мүстаһабтарына мән беріліп қиылуы, неке дұғалары оқылуы керек. Жақындарына, туыстарына, көршілеріне, достарына естіртуі керек. Хадис шәрифте: «Некені адамдардарға естіртіңдер!»делінген. Бұл өте маңызды жайт. Бұларды назардан тыс қалдырмауға тырысу керек. Бұлардың ең басында ата-ананың рұқсатын, дұғасын, батасын алу келеді. Ата-ананың разылығын алмаған перзент мақсатына, мұратына жете алмайды. Бұл жөнінде мына сілтемедегі мақаладан да кеңірек мәлімет ала аласыз: "Ата-ананың құқықтары"

Мұсылман фитнаға себепші болмауы керек. Фитна – бүлік шығару, дін атына кір келтіру, дінді жаман атты қылу деген сөз. Діннен сауатсыз жастардың ешкімге білдіртпей неке қиғанын естіген басқа адамдар (ата-аналар) не істесін?! Дінге кері көзқараспен қарайтыны, ұл-қыздарын діннен алыс ұстауға тырысатындары анық. Осы сияқты фитналардың кесірі тікелей мұсылмандыққа келіп тиюде.

Алдыңызға мақсат қойыңыз, сабағыңызды жақсы оқып, жақсы жұмысқа тұрып, ертерек отбасы асырай алатындай жағдайға келіп үйленіңіз. Хадис шәрифте «Үйленген адам дінінің жартысын қорғаған болады» делінген.

 

Үйленер алдында кездесу

Сұрақ: Менің үйленетін жағдайым да, кәсібім де бар. Мұсылман қызбен үйлену мақсатында кездесіп, көрісуге бола ма, әлде кездеспей үйлену керек пе?

Жауап: Үйлену мақсатымен бөтен қызбен қылует болмайтындай (көзден таса емес) жерде кездесуге, сөйлесуге үйленетін уақыттарын келісіп алуға болады. Бірақ, жақын арада үйленетіндей жағдайы болмаған адамның қатты ғашық болып қалса да бөтен қызбен сөйлесуіне, кездесуіне болмайды.

Некеден бұрын, танысу үшін бір рет кездесу, көрісу сүннет болып табылады. Бұл болашақ жарын таңдау үшін берілген мүмкіндік. Қажеттілікке қарай екінші рет те көрісуге болады. Бұл мүмкіншілікті тым асырып, күнә істеп қоймау керек. Өйткені (қажеттілік болмағанша) некесіз қандай да бір қатынас (кездесу, сөйлесу, хат жазысу және т.б.) дінімізде харам болып табылады. Жар таңдау үшін көрісу қажеттілік. Көріспей, таныспай жанұя құру – болашақта отбасының бұзылуына себеп болуы мүмкін.

 

Фэйсбуктан жар іздеу

Сұрақ: “Фэйсбук”, “моймир” секілді сайттардан және “мессенжер”, “агент” арқылы үйлену мақсатында немесе дін үйрету, дінге қызмет ету мақсатында қарсы жыныспен танысуға бола ма? Және осы мақсатта видео звонок арқылы көрісуге бола ма?

Жауап: Болмайды. Күнә істеу арқылы дінге қызмет етілмейді. Үйлену үшін де болса, бұл да флирттің бір түрі. Флирт арқылы жар таңдалмайды. Танысатын адамымыз жақсы адам болса да мұндай жолмен жар ізделмейді. Әсіресе жас қыздардың мұндай сайттарға мүше болуы мүлде жақсы емес. Жаман ниетті немесе жаһил біреулердің ойындарына, тұзақтарына түсулеріне, үйден қашып кездесулеріне себеп болуы мүмкін. Ешқандай жаман нәрсеге себеп болмайтын болса да бұлай көрісудің өзі жаман.