2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Әдептілік – Ұяттылық – Ар тазалығы

Әдептілік – Ұяттылық – Ар тазалығы

Сұрақ: Әдептің дініміздегі орны кандай?

Жауап: Әдеп – жақсы тәрбие, жақсы мәміле, көркем мінез, ұяттылық, нәзіктік, сыпайылықдеген сияқты мағыналарға келеді. Мысалы тәрбиелі бала, әдепті бала дегенді білдіреді. Хадис шәрифте: «Бала-шағаларыңды әдепті, тәрбиелі етіп өсіріңдер» делінген. Дініміздің  негізі әдеп. Әдеп - құл өзін Аллаһу та’аланың қалауына бағындыру, жақсы мінезді болу дегенді білдіреді. Хадис шәрифте «Араларыңдағы ең жақсыларың, ең көркем мінезді болғандарың» делінген.

Хазреті Омар «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ол өте айбатты болуына қарамай, әдептілігінен, ұяттылығынан Расулуллаһтың жанында өте ақырын сөйлейтін еді. Пайғамбарымыз да, бір адамның жанында тізерлеп отыратын, ол адамға құрмет көрсету үшін мүбәрәк аяғын тік көтеріп отырмайтын еді. Әбу Саид Худри  хазреттері «Расулуллаһтың ұяты, бойдақ ислам қыздарының ұятынан да көп еді» дейтін.

Ибн Мүбәрәк хазреттері «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» дейтін.

Барлық уақытта, барлық жерде әдепті, ұятты болуға тырысу керек! Хадис шәрифте:«Ұятсыздық адамды күпірге түсіреді»- делінген. Ұят ғимаратты ұстап тұратын тірек тәрізді.Тірексіз ғимараттың тұруы қиын болғанындай, ұятсыз адамның иманын қорғауы да қиын болады.  

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та’аладан ұялыңдар! Аллаһтан ұялған адам, жаман ойдан алыс тұрады, асқазанына түскендерді қадағалайды, өлімді еске алады» (Тирмизи)

«Ұяттылық –бастан-аяқ (толығымен) жақсылық» (Мүслим)

«Әр діннің бір ахлағы бар. Исламның ахлағы ұяттылық.» (Ибн Мажә)

«Ұятсыз адам үнемі жамандық жасайды.» (Ибн Мажә)

«Ұятсыз адам аманатқа қиянат етеді, қиянатшыл болады, мейірім сезімі қалмайды, діннен ұзақтайды, лағынетке ұшырайды, шайтан сияқты болады.» (Дәйләми)

«Ұятпен иман егіз бауырдай. Бірі кетсе екіншісі де кетеді.» (Әбу Нуайм)

«Мүмин айыптамайды, лағынет етпейді, жаман сөз айтпайды және ұятсыз емес.» (Тирмизи)

«Ұят иманның құрылымы. Бір нәрсенің құрылымы бұзылғанда, бөлшектері де бұзылады.» (И. Мәуарди)

«Ұяттылық – иманнан. Ұятсыздың иманы жоқ деген сөз.» (Ибн Хиббан)

«Адам салих екі көршісінен ұялғанындай күндіз-түні өзімен бірге болған жанындағы екі періштеден де ұялуы тиіс.» (Бәйһақи)

«Ұятсыздың діні болмайды және ұятсыз жаннатқа кіре алмайды.» (Дәйләми)

«Иман жалаңаш, әшекейі ұяттылық, киімі тақуалық, қазынасы фиқһ, жемісі амалдар.» (Дәйләми)

«Ұят адам болғанында жақсы адам болар еді, Арсыздық (ұятсыздық) адам болғанда жаман адам болар еді.» (Табарани)

«Ұят пен иман бір жерде. Бірі кетсе екіншісі де кетеді.» (Хаким)

 

Дінімізде ұятың орны өте маңызды. Аллаһу та’аладан ұялу иманның қуатты екендігінің, ал ұятсыздық иманның әлсіз екендігінің белгісі. Хадис шәрифте:«Ұяттың аздығы күпірден» делінген. Ұятсыз адам уақыт өте күпірге де кіруі мүмкін. Ұят иманның негізінен болып табылады. Ұяты бар адам Аллаһтан ұялғаны үшін күнәдан тартынады. Адамдардан ұялмаған адам Аллаһтанда ұялмайды. Адамдардан ұялып күнәсін жасыру да ұяттылықтан болып саналады. Адамдардан ұялған адамның Аллаһу та’аладан да ұялатыны түсініледі. Өйткені хадис шәрифте «Аллаһтан қысылған, адамдардан дақысылады» делінген. Ұятсыз адамның адамгершілігі қалмайды. Хазреті Әбу Бәкр «Ұятсыз адам, адамдардың арасында жалаңаш отырған кісі сияқты» деген.

Құран кәрімде: «Иман келтіргендердің арасында жамандықтың, ұятсыздықтың таралуын қалағандар және ұнатқандар үшін дүниеде де ахиретте де қайғылы азап бар»делінген. (Нұр 19)

Әйел мен ердің қатынастарында және әжетхана үшін қолданатын сөздерді  дәл солай қолдану адамгершілікке сай емес, ұятты(ар-намысты) жояды және жақсыларды жәбірлейді. Ондай сөздерді айту керек болғанда, ашық сөздермен емес, ишарамен, астарлы сөздермен айтылады.

Аллаһу та’аланың ниғметінде, ниғметті бергенді көру керек, әр дайым Оның құзырында екендігін ойлау керек, мысалы отырғанда, жатқанда әдепке мән беру керек. Жегенде, ішкенде, сөйлегенде, оқығанда, жазғанда және әр істі істегенде бұлардың барлығы Аллаһу та’аланың құдіретімен болып жатқанын, барлық әрекеттерде оның әміріне мойынсұнып, тыйым салғандарынан сақтануды ойлау керек. Осылай ойлау өте үстем ғибадат болып табылады.

 

Махрем тақырыптарды әдеппен сұрау керек

Қыз бала махрем тақырыптарды анасынан сұрау керек. Егер ол білмейтін болса, анасына «Әкемнен уйрен» дейді. Әкесі де білмейтін болса, әкесі барып білетін біреуден сұрауы керек. Әкесі болмаса, ағасы, көке(әкесінің ағасы), нағашы көкесі сияқты махрем болған туыстарынан сұрауы керек. Бұларда үйреніп білдірмейтін болса, онда хатпен немесе телефонмен, өзінің атынан емес «бір әйелдің белгілі жағдайы пәленше уақыт жалғасып тоқтаса, не істеу керек» деген сияқты түрде сұраған жақсырақ болады. Бір әйелдің күйеуі, бұл ілімдерді үйреніп әйеліне үйретпейтін болса, әйел ең ыңғайлы бір жолмен бұларды үйрене алады. Білетіндерден бұл тақырыпқа қатысты мәселелерді әдеп шеңберінен шықпайтындай түрде сұрауы ұят болмайды.

Хазреті Әсманың пайғамбарымыздан қалай ғұсыл алатынын сұрап жатқанда ұялғанын байқаған Хазреті Айша анамыз «Ансар әйелдері қандай жақсы, ұялулары діндерін үйренуде кедергі болып тұрған жоқ» деді. (Бұхари)

Демек, ұят болады деп өзіне парыз болған ілімдерді үйренбеу қателік. Пайғамбарымыз махрем тақырыптарды түсіндіріп жатқанда «Аллаһу та’ала хақтың түсіндірілуінен тартынбайды»  деді. (Тирмизи)

Осы мағынада болған аяти кәрима да бар:

«Аллаһу та’ала шындықты айтудан тартынбайды.» (Ахзаб 53)

 

Ғашық болу күнә ма?

Сұрақ: Күнә жасамау шартымен біреуді жақсы көрудің зияны бар ма?

Жауап: Ғашықтық адамның қолында болмаған сезім. Арын, яғни намысын қорғап және күнәға жақындамау шартымен біреуге ғашық болудың зияны жоқ. Тіпті ар-намысын қорғап ғашықтығын жасыру үлкен сауап. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ғашықтығын жасырып, ар-намысын қорғап өлген адам шәһид болады.» (Хаким, Хатиб)

«Ғашықтығын жасырып, ар-намысын қорғап, сабыр еткен адамның күнәларын Аллаһу та’ала кешіріп, жаннатына қояды.» (Ибн Асакир)

Демек дінімізде намысты қорғау және ғашықтық себебімен күнә жасамауға сабыр ету, үлкен сауап. Өйткені әдетте ғашықтық адамды көр қылғаны үшін, адамның өз-өзін күнә жасаудан ұстап қалуы қиын. Қиын болған істерді іске асырудың сауабы да үлкен болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Үмметтімнің үстем болғандары ғашықтық бәлесіне ұшырап, арын сақтағандар» (Дәйләми)

 

Арлы (пәк) адамның жары да арлы болады

Имам Ғазали хазреттері балай дейді:

«Ақылды тыңдамайтын, оған ең көп қарсы шығатын шәхуат (ләззат құмарлық) болып табылады. Адамдардың басқалардың айыптауы сияқты себептермен бұл шәхуаттан ұзақтаулары пайдалы болса да, олар үлкен сауап ала алмайды. Бірақ, күнә жасау үшін барлық жағдайларға ие бола тұра, арада ешқандай тосқауыл болмай, тек Аллаһ разылығы және Аллаһтан қорққаны үшін шәхуатының тұтқыны болмай, оған қарсы шықса, ең үлкен құндылықтарға жетеді. Бұл дәреже сыддықтар мен шәһидтер мәртебесі.» Хадис шәрифте былай делінген:

«Ұяттылық, ар-намыстылық, тілге ие болу және ақыл – иманнан. Мұндай адамдардың ахирет қалауы көбейіп, дүние қалауы азаяды. Сараңдық, әдепсіздік, арсыздық – ұятсыздық пен екі жүзділіктен туындайды. Бұларда дүние қалауы көбейіп, ахирет қалауы азаяды.» (Бәйһақи)

Ер адамдар ар-намыссыз, (жүргіш) болса, жақындары да жаман жолға түсуі мүмкін. Пайғамбарымыз «Сендер арлы болсаңдар, әйелдерің де арлы болады» деген. (Табарани)

Хазреті Ибн Нәжжар білдірген «Зина еткен адам, дәл сол нәрсеге тап болады» деген мағынадағы хадис шәриф, ар-намыссыз болған адамның жақындары да ар-намыссыз болуы мүмкін екендігін көрсетуде. Арын сақтауға тырысқан адам бұны іске асырады. «Арлы болуды қалаған адамды Аллаһу та’ала арлы етеді» деген хадис шәрифосыған дәлел. (Хаким)

Дін үкімдеріне қайшы істер, яғни күнәлар, дүниеде адам үшін масқара. Ал ахиретте азабы өте ауыр. "Мен өлмеймін” немесе “Тозақтың оты маған зиян келтірмейді” деген бар болса, қалаған жамандықтарын жасасын! Хадис шәрифте былай делінген:

«Дүние үшін дүниеде қалатыныңдай еңбек ет! Ахирет үшін ол жақта мәңгі қалатыныңдай еңбек ет! Аллаһу та’алаға мұқтаж болғанындай мойынсұн! Тозаққа шыдай алатыныңдай күнә жаса!»(Әйухәл уәләд илмихалы)

Өлетініне сенген және өлгеннен кейін басына келетіндерді ойлаған адам, күнә, жамандық жасай алады ма?

 

Арлы болу үшін

Адамға ең үлкен зиян жаман достан келеді. Жаман достармен араласатын, солармен бірге жүретін адамның, яғни жол сілтеушісі қарға болған адам қай уақытқа дейін таза болмақ?

Жақсы адамдармен бірге болған адам, біразға дейін олар сияқты жақсы істер жасамаса да, олардың жанында жамандық жасай алмайды. Хадис Шәрифте «Адамның діні достарының дініндей болады» делінген. (Тирмизи)

Олай болса жасалу керек болған іс, айналамыздағы адамдарға, достарға мән беру және жаман достардан ұзақ болу керек. Арлы, намысты болып өмір сүруді қалаған адамға Хақ та’ала сол нәрсені нәсіп ететіні дін кітаптарда жазулы. Хадис шәрифте былай делінген:

«Арлылықты талап еткен адамды, Аллаһу та’ала арлы етеді.» (Хаким)

Ар-намысты адам, жанұясының да арлы, пәк болуын қалайды. Оларды да жамандықтардан сақтайды. Өзі жаман болса, бір күні бала-шағасы да Аллаһ сақтасын жаман жолға түсуі мүмкін. Бала-шағасының арсыз болуын қай ата-ана қалауы мүмкін?

Балаларға жақсы үлгі болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Арлы болсаңдар, әйелдеріңде арлы болады. Ата-аналарыңа ихсан етсеңдер(жақсы қарасаңдар), балаларың да сендерге ихсан етеді!» (Табарани)

«Жамандықтан сақтану үшін, некелі өмір сүру және ар-намысты болу керек.» (Ибн Асакир)

 

Тектіліктің маңызы

Тектілік басқа ерекшеліктермен бірге болса құнды болады. Барлық адамдар Адам алейһиссаламнан тараған. Әр жақсының балалары жақсы, әр жаманның балалары да жаман деген қағида жоқ.

Хазреті Адам және Хазреті Нұхтың ұлдарының бірі кәпір болған. Нұх алейһиссалам және Лұт алейһиссаламның әйелдері кәпір болған. Пайғамбарымыздың көкесі(әкесінің ағасы) Әбу Ләхаб кәпір еді.

Ата-ананың күнәһар болу себебінен, балалары да жақсы адам болмайды деп айту үлкен қателік. Аллаһу та’ала жаманнан жақсы, жақсыдан жаманды жаратады. Құран кәрімнің бірнеше жерінде «Өліден тірі, тіріден өлі шығарады» делінген. (А.Имран 27)

Ислам ғалымдары бұл аяти кәриманы түсіндіргенде «Кәпірден мұсылман, мұсылманнан кәпірді жаратады» деп айтқан. Сондықтан тегіндегілердің жаман болуы, өзінің де жаман екендігін еш көрсетпейді. Барлығымыз Адам алейһиссаламнан келдік. Дінімізде нәсіл үстемдігі жоқ. Аллаһ алдында үстемдік тек тақуалықта. «Аллаһ құзырында ең үстемдерің, одан ең қатты қорқандарың» деп бұйырылған. (Хужурат 13)

(Тақуалық– Аллаһтан қорқып діннің бұйрықтарына мойынсұну және тыйымдарынан сақтану дегенді білдіреді.)

 

Жақсы мінез де – бір тектілік

Сенімді болмаған, қате бір кітапта мынадай әбес пікір өткен:

«Тектіліксіз берілген тәрбие әсерлі болмайды. Мысты қаншалықты сүртіп жалтыратсаң да үш күннен кейін қайта қарая бастайды. Жасанды жылтыр аз уақытқа жетеді. Алтынды ешқашан дат баспайды. Сүртіп жылтырлатпасаң да өзінің жылтырлығын жоғалтпайды. Бұл мысал тектіліктің қаншалықты маңызды екендігін айқындайды.»

Кітап сенімді болмағанындай бұл пікір Құран кәрімге және хадис шәрифтерге де қайшы.

Бір адам текті отбасыдан шықпай жақсы мінезді, діндар болса, ол адамның көркем мінезімен діндарлығы тектіліктен де құнды болып табылады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жақсы мінездей тектілік болмайды.» (Ибн Мажә)

«Әйелді не байлығы үшін немесе сұлулығы үшін немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Материалдық және рухани ниғметтерге қауышасыңдар!» (Бұхари)

Насихат арқылы тексіз адамды да тәрбиелеуге болады. Сондықтан Құран кәрімде: «Насихат беріңдер! Насихат мүминдерге әлбетте пайда береді» делінген. (Зариат 55)

Тексіз адамды тәрбиелеу мүмкін болмағанда пайғамбарымыз алейһиссалам: “Мінездеріңді жақсартыңдар!” деп айтар меді? (Ибн Лал)

 

Хазреті Лұқманнан былай деп сұралады:

-          Әдеп, тектілік, мал-мүлік пен ілімнен қайсысы үстем?

-          Әдеп тектіліктен, ілім мал-мүліктен қайырлы.

Хазреті Лұқманнан ұлы былай деп сұрайды:

-          Ең жақсы қасиет не?

-          Діндар болу.

-          Жарайды, әке. Егер де бұл қасиет екеу болса ше?

-          Діндарлық және мал-мүлік иесі болу.

-          Үшеу болса?

-          Діндарлық, мал-мүлік және ұяттылық.

-          Төртеу болса?

-          Діндарлық, мал-мүлік иесі, ұяттылық және көркем мінез.

-          Бесеу болса?

-          Діндарлық, мал-мүлік иесі, ұяттылық, көркем мінез және жомарттық.

-          Алтау болса?

-          Балам, осы бес мінез кімде бар болса, ол адам тақуа иесі, Аллаһу та’аланың досы, шайтаннан ұзақ, таза адам болып табылады.

 

Ар-намыстың маңыздылығы

Аллаһу та’ала адамзат ұрпағын жалғастыру үшін еркек пен әйелдің табиғатын бір-бірлеріне құштар етіп жаратқан. Сонымен қатар осы сезім қарсаңында адамдарды дүниеде күрделі сынаққа салған. Бұл сынақтан өткен адам дүние мен ахирет қаһарманы. Адамның жақсы немесе жаман екені көбінесе осы ар-намыс тұрғысынан белгілі болады.

Аллаһу та’ала Құран кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, (жүргіш) адамға жаһаннам азабын білдірген. Аллаһу та’ала арсыздарды адам өлтірген адамдармен бір тұтқан. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген:

«Мүминдер намаздарын хушумен (ықыласпен) оқиды. Бос, қажетсіз нәрселерден аулақ болады. Зекеттерін береді. Ұятты жерлерін сақтайды. Аманаттарын қорғайды және уәделерінде тұрады.» (Муминун 1-8)

Ар-намыссыз адам Аллаһ алдында күнәһар, халықтың алдында құрметсіз болады. Бір намыссыздың қоғамдағы жақсы адамдардың қасындағы қадірі бір иттің қадірі құрлым жоқ. Бай және өте әдемі әйел егер ар-намыссыз болса абыройсыз болады. Кедей әйел намысты болса, әрдайым қадірлі, құрметке лайық болады.

Дүние жүзіндегі көптеген жанжалдар, адам өлтірулер, ұрыс-керістер, қызғаныштар, қысқаша барлық жамандықтар ар-намыссыздық, ұятсыздықтың кесірінен болуда. Адамдардың көпшілігі ұятсыздықтың жамандықтарын біле тұра өздерін бұл жаман жолдардан бас тарттыра алмауда. Осындай қуатты сезімдердің қарсаңында, бұлардың алдын алатын шаралар бар. Бұл – тәрбие және ахлақ мәселесі.

Аллаһтан қорқатын адам ұятсыз бола алмайды. Сондықтан да балаларымызға Аллаһтан қорқуды үйретуге тырысайық, бұл біз үшін ең басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Аллаһу та’аладан қорқу үшін Аллаһты жақсы білу керек. Аллаһты білу үшін Оның ұлылығын және сипаттарын үйренуге мәжбүрміз. Аллаһу та’аланы мүлдем ойламайтын қоғам үшін Аллаһтан қорқу деген сезімге ие болу оңай емес. Аллаһу та’аладан қорқу да бір білім, қызмет және қажырлы іс, бұларды үйрену, талпыну керек. Аллаһтан қорқу сезіміне қараптан қарап ешкім  қауыша алмайды. Діннің әмірлері мен тыйымдарын орындайтын адам үшін оңай болады.

Әсіресе үлкен қалаларда ар-намыс мәселесі қауіпті жолда. Бойжеткен қыздардың өз ақылы-көзқарастарымен ар-намысын сақтауы шыныменде қиын. Егер бойжеткен қыз біраз сұлу болса, адамның ойына, қиялына келмейтін қауіптермен қоршалған деген сөз. Бұл қауіп оқу орындарында, жолда, автобуста, көршілердің арасында, тіпті үйдің ішінде, телефонда, интернетте, қайда барса да қыр соңынан қалмайды.

Қыздарымыз қауіп-қатерлердің қарсаңында әлсіз махлұқ ретінде ахлақсыз, ниеті бұзық адамдардың қолында ойыншық болмауы керек. Мұндай заманда кез келген адамнан, кез келген жерде оған зиян тиюі мүмкін. Тисе де оның ақшасына, пұлына емес, ар-намысына, абыройына тиеді. Ақшаға тиетін зиянның орнын толықтыруға болады. Ал рухани дүниеге тиетін зияндылықтың орны толмайды. Ахлақсыз, ниеті бұзық адамдардың ортасында жас қыз үшін абыройын сақтап өмір сүру өте қиын. Ар-намысты қыз өзге қыздар секілді жүргіштік жасауға әуестенбеуі керек. Бұл қауіпті тәжірибе. Негізінде жүргіштікпен құрылған отбасылар көбінесе бақытты болмайды.

Ар-намысын сақтау үшін жастарды өз уақытында үйлендіру керек. Ар-намысқа зиян келтіретін жерлерден алыс тұру керек. Жастық шақта жүріп қалу керек деп жасалатын әр түрлі көңіл көтеру жолдары жас қызды қолға түсірудің бірден-бір тұзағы. Мұның тұзақ екендігіне сенбеген қыздар, қай кезде де сол тұзаққа түседі, сол кезде барып есін жияды. Бірақ болар іс болып кетеді. Тұзақтың көріністегі тартымдылығына алданған қыздар еркектердің қолына түскенде көзді ашып жұмғанша ойыншыққа айналады. Өзіне сенімді қыз да, олардың алдында соңына дейін төзе алмайды. Сымбатты жігіттің алдамшы, күлімсіреген жүзінің алдында жеңілуі мүмкін. Тұзаққа түскенін байқамай да қалады. Ол тұзақтан құтылған адам аз немесе мүлдем жоқ. Ал негізінде сол тұзақ деген көңіл көтеретін жерлерге бармаған одан да оңай іс. «Көзден таса болса, көңілден де таса болады» деген сөз бар. Ондай жерлерге бармаған қыздар, ондай жерлердің қауіп-қатерінен де сақтанған болады. Егер баратын болса, құтылуы қиын болады.

Ар-намыс – жас қыздың немесе әйелдің құн жетпес асылы. Бұл асыл тасқа қол жеткізу үшін Аллаһу та’аладан қорқпайтын еркектер барлық шайтани тірліктерін қолданады. Қолға түсіргеннен кейін мақсатына жетеді. Сосын асыл тастың құны кетіп, жай тасқа айналып, көшеге лақтырылады. Бұл жерде еркек – ар-намыс ұрлықшысы, ал әйел – құндылығын жоғалтқан, асыл тасын ұрлатқан бейшара болып қалады.

Расулуллаһ алейһиссалам былай деген:

«Қызды теңін тапқанда, дереу үйлендіріңдер!» (Тирмизи)

Көріп отырғанымыздай, әйелді, қызды теңіне беру керек. Теңі дегеніміз еркектің тегінде, мал-мүлкінде, дін амалдарында және қасиетінде қызға лайықты болуы деген сөз. Әйтпесе бай болу, айлығы көп болу, дипломды болу және белгілі бір елдің азаматы болу деген сөз емес. Теңі – еркектің салих мұсылман болуы, намазын оқуы, ішімдік ішпеуі, яғни исламға мойынсұнуы және нафақасын (тұратын үй(аренда), киім, тамағын т.б.) қамтамасыз ете алатындай жұмысы болуы деген сөз. Яғни бір жанұяны асырай алатын еркекпен тұрмыс құру керек. Еркектің тек бай болғанын, баспанасы болғанын қалайтындар қыздарын пәлекетке итерген, жаһаннамға тастаған болады. Қыз баланың да намаз оқуы, басы, қолы, балтыры ашық көшеге шықпауы керек.

 

Сұрақ: Хадис шәрифте “Ұяттылық – иманнан” делінген. Жасаған ғибадаттарын басқаларға көрсетуден ұялу да осыған жата ма?

Жауап: Ғибадаттарын басқаларға көрсетуден ұялу жаиз емес. Ұят деп күнәларын, айыптарын жасыруға айтылады. Сондықтан уағыз айтудан, әмри маруф және нахии мункар жасаудан (әһли сүннет ғұламаларының кітаптарын таратудан) және имамдық, муәззин болудан, Құран және мәуліт оқудан ұялу жаиз емес. «Ұяттылық – иманнан» хадис шәрифінде ұят – жаман, күнә болған нәрселерді көрсетуден ұялу дегенді білдіреді. Мүминнің ең әуелі Аллаһу та’аладан ұялуы керек. Сондықтан ғибадаттарды сыдқ (беріліп), ықыласпен жасау керек.

Бұхара ғалымдарынан бірі көшеде әбес бір ойынның түрін ойнап жүрген сұлтанның балаларын көріп, қолындағы таяғымен ұрады. Олар қашып, әкелеріне шағымданады. Сұлтан бұл кісіні шақыртып, “Сұлтанға қарсы шыққан адамның тұтқындалатынын білмейтін бедің”,- дейді. Ғалым оған: “Рахманға (Аллаһу та’алаға) қарсы шыққан адамның жаһаннамға түсетінін білмейтін бедің?”,- дейді. Сонда сұлтан: “Әмри маруф жасау қызметін саған кім берді?”,- дейді. Ғалым да: «Сені кім сұлтан қылды?»,- деп жауап бергенде, “Мені халифа сұлтан қылып тағайындады”,- дейді. Ғалым да: “Ал мені халифаңның Раббысы осы қызметпен міндеттеді”,- дейді. Сонда сұлтан: “Саған Самарқанд қаласында әмри маруф жасау қызметін беремін”,-деген кезде “Мен өзімді бұл қызметтен босаттым”,- деп жауап береді. “Бұл жауабыңа қайран қалдым. Еш әмір етілмей, ешбір рұқсат берілмей қызмет атқарғанынды айтасың да, рұқсат берілген кезде қызметтен босағаныңды қалайсың”,- дейді. Ғалым: “Сен рұқсат бергеніңмен кейін қызметтен босатуың мүмкін. Ал Раббымның берген қызметінен мені ешкім босата алмайды”,- дейді. Осы сөзден кейін сұлтан: “Қалағаныңды сұра, берейін!”,- дейді. Сонда ғалым: “Мені жастық шағыма оралдыр!”,- дейді. “Бұл іс менің қолымнан келмейді”,- дегенде, “Маған бір бұйрық жаз, мені жаһаннамдағы періштелердің басшысы болған Малик отқа тастамасын!”,- дейді. “Мұны да жасай алмаймын”,- дегенде “Менің Сұлтанымның ұлылығы сондай, барлық нәрсемді Өзінен сұраймын. Қалаған нәрселерімді маған ихсан етеді. «Мұны жасай алмаймын»,- деп ешқашан айтпады”, - дейді. Сонда сұлтан “Мені дұғаңда ұмытпағайсың!”,- деп ғалымды шығарып салады.

 

Әдеп сақтау

Сұрақ: Хазреті Имам Раббани: “Әдеп сақтау – зікірден де үстем. Әдеп сақтамаған адам Аллаһу та‘алаға қауыша алмайды”деген. Бұл жердегі Аллаһқа қауышу деген не?

Жауап: Әулие бола алмайды деген сөз. Дін ұлыларының жолы – бастан-аяқ әдептілік болып табылады. Намаздың сүннеті мен әдептерінің бірін ұстану және тәнзиһан бір мәкрухтан сақтану – зікір мен тәфәккурден де үстем болып табылады.

 

Шегін білу

Сұрақ: Әдеп деген не?

Жауап: Әдеп – өзін-өзі кез-келген ортада ұстай білу, шектен асып кетпеу деген сөз. Отбасында, жұмыс орнында, қоғамда барлық жердің бір шекарасы, ережесі бар. Барлық қиындықтар мен адамдармен сыйыспаушылықтар үнемі шектен асып кетуден пайда болады. Әркім өзінің шегін (орнын) біліп, шамадан тыс кетпесе, мысалға: бір үйдің әйелі мен күйеуі де өздерінің шегінен аспай, соған сәйкес әрекет етсе, ол үй – жаннаттай болады. Жаннаттай болған үйден ахиретке көшкендер де әлбетте жаннатқа кетеді. Әрбір мәселеде дініміздің әміріне мойынсұнып, соған сәйкес әрекет еткен адам, шамасын біліп, шегінен аспаған болады. Ондай жағдайда ұрыс-керісте, сыйыспаушылықта, төбелесте болмайды. Дүние гүл бақшасына айналады. Барлық нәрсенің шегін дініміз білдіруде.

 

Біреуге не істесең алдыңа сол келеді

Сұрақ: Бір танысымжолдас баламның әйелін алып қашып кетіп үйленді. Діни тұрғыдан бұл дұрыс па?

Жауап: Үш тұрғыдан дұрыс емес:

1) Басқа біреудің әйелін тура жолдан тайдыру үлкен күнә. Хадис шәрифте былай делінген:«Біреудің әйелін тура жолдан тайдырып, адастырған адам бізден емес.» (Әбу Дауд)

2) Күйеуі ол әйелден ажыраспай тұрып (талақ бермей тұрып) ешкім онымен үйлене алмайды. Жасағандары зина болады.

3) Күйеуі әйелінің алып қашылғанын, үйленгенін естіп, сол кезде ажырасса да, иддет уақытын күтпей мүлдем үйленілмейді. Үйленетін болса, зина болады.

Біреу біреудің әйелін туралықтан тайдырса, басқа біреу де оның әйелін туралықтан тайдыруы мүмкін. “Біреуге не істесең алдыңа сол келеді”,- деп бекер айтылмаған. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сендер арлы болсаңдар, әйелдерің де арлы болады.» (Хаким)

Күйеуіне қиянат жасап, басқаға қашып үйленген әйел, ол күйеуіне де қиянат жасауы мүмкін. Сол еркекке не үшін қашып кетті? Не байлығы үшін, не сымбаттылығы үшін, не жас көрінгені үшін қашты. Қандай себеп болса да, одан да бай, одан да сұлу, одан да жас жігітті тапқанда, оған да қашып кетпейтініне кім кепіл? Аллаһтан қорықпайтын адам барлық нәрсені жасауы мүмкін.

 

Ғашық болу

Сұрақ: Мен намаз оқымаймын. Көшеде жабынып жүрмеймін. Басқа да күнәларымбар. Бірақ «Ғашықтығын жасырып, ар-намысын қорғап өлген адам шәһид болады» деген хадис шәрифке сүйенетін болсақ мен ғашық адамыммен зина жасасам, бұл жағдайды көп кісілер білсе де шәһид болып өлмеймін ба?

Жауап: Кейбір оқырмандардан осыған ұқсас сұрақтар келгендіктен бұл хадис шәрифті ашықтап, түсіндіруге мәжбүр болдық. Хадис шәриф ашық түрде білдірілгенімен, қате жорамалдануы өте жаман. Бұл хадис шәрифте үш түрлі мәселе білдірілген:

1) Ең маңыздысы да қазіргі таңда “ғашықтық, махаббат” делінгенде шәһуаттық сезімдер аңғарылады. “Махаббат” деген бөлек, нәфсани (нәпістік), шәһуаттық қалаулар деген бөлек. Нәпсіне құл болған адам жаһаннамға түседі. Нәфсани сезімдерге “ғашықтық, махаббат” делінбейді. Сүйіспеншілік тұрғысынан басым болғанда бұған “ғашықтық” делінеді. Мәуліт кітабында: “Хабибім (сүйіктім), саған ғашық болдым” делінеді. Яғни Аллаһу та’ала Расуллуллаһты өте жақсы көреді, деген сөз. Бұл махаббатты заманауи жастар сияқты ойлайтын жазушы оқыса «Мәуліт кітабының осы жері дұрыс емес» деуі мүмкін. Негізі қателік ол адамның өзінде. Үйленуден мақсат - өзін күнәлардан қорғау және Аллаһу та’аланың ризалығын алу болу керек. Аллаһу та’ала үшін болмаған шәһуаттық сезімдерге “ғашықтық, махаббат” делінбейді.

2) Ғашықтығының жасырын қалуы айтылған. Ғашық болған кісі де білмейді, өзге адамдар да білмеуі керек. Осылайша іштей жанып күйеді. Ғашықтығының салдарынан күнә істемейді.

3) Ар-намысын, абыройын сақтап өлу айтылады. Зина жасау былай тұрсын, бір-бірлерінің қолдарынан ұстаса да адам харам жасаған болып, ар-намысы қорғалмаған болады. Хадис шәрифте ар-намыс, абыройды қорғаудың да шарты бар. Егер ар-намысы қорғалмайтын болса, қалайша шәһид болып өледі?

 

Ғашықтық пен шәһуаттық сезімдерді ажырата алмаған жастар осы айтылған нәрселерге құлақ аспауда. «Ұқпасқа айтқан – сөз жетім» деп аталарымыз бекер айтпаған шығар.