18 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Жалаң аяқ намаз оқу

Жалаң аяқ намаз оқу

Сұрақ: Әйел адамға жалаң аяқ намаз оқуға болады ма?

Жауап: Намаз киімінің етегі ұзын болса, аяқтар көрінбейтін болса ешқандай зияны жоқ. Әйелдердің қолы мен жүзінен басқа барлық жері, білектері, ұзын шаштары және табандары, намаз үшін Ханафиде әурет болып табылады. Қолдарының үстін әурет емес деген ғалымдар да көп. Олардың айтуынша, әйелдердің білектеріне дейінгі қолдарының үсті ашық күйде намаз оқулары жаиз болады. Бірақ, кітаптардың бәріне сай болу үшін әйелдердің қолдарын жабатындай ұзын жеңді намаз киімі немесе кең (үлкен) орамалмен қолдарын жауып оқуы жақсырақ болады. Әйелдердің аяқтары намазда әурет емес деген ғалымдар бар болса да, бұл ғалымдар да намазда жабуы сүннет, ашуы мәкрух деді. (С.Әбәдийа)

Әйелдердің аяқтарының ашық болуына қатысты екі қаулы бар. Бірінші қаулы бойынша мәкрух, екінші қаулы бойынша намаз бұзылады. Әйелдер шұлықпен немесе аяқтарын жабатындай ұзын юбка, көйлек киіп намаз оқу керек! (Мәзаһиби Әрба’а)

Әйелдің тобығы, білегі, мойны немесе шаштары ашық күйде оқыған намазы сахих болмайды. Жұқа болып, астындағы мүшенің бейнесі немесе түсі көрінетін мата негізінде жоқ деп саналады. (Үмдәт-ул-Ислам)

Шафииде әйелдің екі қолы мен жүзінен басқа барлық жері әрдайым әурет.

Тұтқында болмаған еркін әйелдің алақанынан, жүзінен және аяқтарынан басқа бүкіл денесі әурет болып табылады. Аяқтарына әурет деген ғалымдар да болды. Нур сүресіндегі «Әйелдер аяқтарын жерге ұрып жүрмесін, аяқтарындағы жабық әшекейлерінің дауысы естілмесін» мағынасындағы аяти карима, аяқтардың әурет екенін көрсетуде. (Халеби-и кәбир)

Намаз сыртында әурет және әурет емес деген ғалымдар да болған. Осы тұрғыдан намазда және намаз сыртында аяқтарды шұлықпен жабу керек, аяқтары ашық жүргендерге де харам істеп жүр демеу керек.

 

Жалаң аяқ намаз оқу мәкрух

Сұрақ: Әйелдердің аяқтары әурет болғандықтан жалаң аяқ намаз оқи алмайды. Ер адамның аяғы әурет болмағанына қарағанда, жалаң аяқ намаз оқуы Ханафиде мәкрух па? Тіпті тек тізе мен кіндік арасын жауып оқыса қандай зияны болады?

Жауап: Тек қана кіндік пен тізе арасын жауып оқылған намаз сахих болса да, мәкрух болады. Намаз борышынан құтылатын болса да, намаздан пайда болатын үлкен сауаптарға қауыша алмайды. Фиқһ кітаптарында былай делінген:

1) Намазды таза мәсі немесе аяқ киіммен (шұлықпен) аяқтарын жауып оқу, жалаң аяқ оқудан қаншама есе абзалырақ. Хадис шәрифте жабық аяқпен намаз оқу әмір етілген. (Дуррул мухтар)

2) Расулуллаһ және Асхаби кирам аяқ киіммен намаз оқитын еді. Намазды шұлық немесе мәсімен оқу керек, ғибадаттарын жалаң аяқ орындайтын яһудилерге ұқсамау керек. (Рәддул мухтар)

3) Намазды аяқтарды жауып оқудың сауабы өте көп. (Халеби, Бәриқа, Хадиқа)

4) Еркектердің жалаң аяқтарымен намазға тұрулары мәкрух. Аяқ киім немесе мәсі кір болса, аяққа таза шұлық кию сүннет болады. Намаздың уәжібі сияқты, сүннетін де тәрк ету мәкрух болады. (И. Ахлақы)

5) «Яһудилерге ұқсамау үшін намаздарды аяқ киіммен оқыңдар» хадис шәрифі жалаң аяқ намаз оқудың мәкрух екенін көрсетуде. (С.Әбәдийа)

 

Аяқтарды жабу

Сұрақ: Фиқһ кітаптарында «Сәждеде аяқтарды қолмен жабу мәкрух болады» делінген. Неліктен жабу мәкрух болады?

Жауап: Еркектердің жалаң аяқ намаз оқуы мәкрух. Жалаң аяқ намазға тұрған адам, осы мәкрухқа кедергі болу үшін қолдарымен аяқтарын жабуға тырысатын болса, екінші бір мәкрух істеген болады.

Отырған кезде қолын сандарынан алу мәкрух болғандықтан, аяқтың ашық болу мәкрухтығын кетіру үшін екінші мәкрух істемеу керек. «Халеби-и кәбир»-де жазылғанындай, түрегеп тұрғанда, рукуда, сәжделерде және отырғанда қолдарды сүннет болғанындай ұстамау мәкрух болады. «Мәрақил фәлаһ»-та «Сүннетті тәрк ету мәкрух. Сондықтан еркектердің сәждеде жалаң аяқтарының астын қолымен жабуы мәкрух болады» деуі де осы себептен. (С.Әбәдийа)

 

Жалаң аяқ намаз оқу

Сұрақ: Шафииде еркектердің жалаң аяқ намаз оқуы сүннет, ал Ханафиде мәкрух. Әркімнің өз мазһабы бойынша әрекет етуі керек емес пе?

Жауап: Иә. Мазһабтар арасында мұндай бір-бірінен өзгеше үкімдер көп. Мысалы Шафииде имамның артында Фатиха оқу парыз болса, Ханафиде харамға жақын мәкрух. Әркім өз мазһабының үкімі бойынша әрекет етеді. Ханафиде мынадай делінгенде, Шафиилердің де солай жасауы қажет емес.