18 - Шәууал, 1445 жыл.
     27 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Періштелерге иман және төрт үлкен періште

Періштелерге иман және төрт үлкен періште

Періште – елші, хабаршы немесе қуат деген сөз. Періштелер денеге жатады, өте жеңіл. Газ күйінен де жеңіл. Нұрдан құралған, тірі және ақылды. Адамдардың бойындағы жамандықтар періштелерде жоқ. Олар барлық кейіпке ене алады.

Періштелердің барлығын «Мәлаика» деп атайды. Періштелер барлық жандылардан бұрын жаратылған. Сондықтан кітаптарға иман келтіруден бұрын періштелерге иман келтіру білдірілген. Кітаптар да пайғамбарлардан бұрын тұрады. Құран кәрімде де сену керек болғандардың атауы осы ретпен айтылған.

Періштелер Аллаһу та'аланың қадірлі құлдары. Олар әмір етілген істерді атқарады, қарсы шықпайды. Ештеңе ішіп-жемейді. Үйленбейді, ер-әйел болып бөлінбейді, балалары болмайды. Илаһи кітаптарды олар әкелген. Сенімді болғандықтан, әкелгендері дұрыс.

Мәулана Халид Бағдади хазреттің айтуынша, періштелердің бір-бірінен үстемдіктері бар. Ең үстем төрт періште: Жәбрейіл, Исрафил, Микаил және Әзрейіл (алейһимуссалам).

Мәулана Халид Бағдади хазреттің айтуынша, төрт ұлы періштеден кейін үстем періштелер төрт топқа бөлінеді:

1) «Хамәлә-и Арш» деп аталатын төрт періште. 2) Аллаһу та'аланың дәргейінде болатын періштелерді «Муқаррабин» деп атайды. 3) Азап періштелердің үлкендеріне «Кәрубиян» делінеді. 4) Рахмет періштелері «Руханиян» деп аталады. Олардың барлығы періштелердің үстемдері.

Жәннат періштелерінің үлкенінің есімі Ридуан. Тозақ періштелері «Зәбани» деп аталады. Олар тозақта әмір етілген міндеттерін атқарады. Тозақ зәбанилерінің үлкендері 19 періште. Ең үлкенінің есімі Малик.

Әр адамның жақсы-жаман барлық амалдарын жазатын екеуі түнде, екеуі күндіз келетін төрт періштені «Кирамән катибин» немесе «Хафаза періштелері» деп атайды. Оң жақтағы періште сол жақтағының әмірі (басшысы), ол жақсы амалдарды және ғибадаттарды жазады. Сол жақтағысы жаман амалдарды жазады.

Қабірдегі сұрақ періштелері «Мүнкәр және Нәкир» деп аталады. Мұсылмандардан сұрайтындарды «Мубәшшир және Бәшир» деп атайды.

Саны ең көп болған жаратылыс – періштелер. Аспанда періштелер ғибадат етпейтін бос орын жоқ. Аспандағы барлық кеңістік рукудағы немесе сәждедегі періштелерге толы. Аспанда, жерде, шөптерде, жұлдыздарда, жандыларда, жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаш жапырақтарында, әр молекулада, әр атомда, әр реакцияда, әр әрекетте, барлық нәрседе періштелердің міндеттері бар. Олар барлық жерде Аллаһу та'аланың бұйрықтарын орындайды. Олардың кейбірлері басқа періштелердің әмірі (басшысы). Кейбірлері пайғамбарларға хабар әкеледі. Кейбірлері адамдардың жүректеріне жақсы ой әкеледі, бұл ой «Илхам» деп аталады. Кейбірлерінің адамдардан және бүкіл жаратылыстан хабары жоқ. Олар Аллаһу та'аланың жамалының алдында есінен танған. Әрқайсының белгілі орны бар, сол жерден айрылмайды. (Итиқаднама).