21 Қыркүйек 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Рух тазалығы

Рух тазалығы

Сұрақ: Рух тазалығы деген не?

Жауап: Хадис шәрифте «Ілім екіге бөлінеді: дене ілімі, діни ілім» делінген. Яғни «Ілімдердің арасында ең қажеттісі – рухты қорғайтын діни ілім және денені сақтайтын денсаулық ілімі» дей отырып, бәрінен бұрын рух пен дененің сергектігі үшін тырысу керектігін әмір етті. Ислам діні дене білімін діни білімнен бұрын үйренуді әмір етуде. Себебі, бүкіл жақсылықтар дене сау болса ғана орындала алады.

Ислам дінінде рух тазалығы негіз болып табылады. Жалған сөйлейтін, қулық істейтін, адамдарды алдайтын, зұлымдық жасайтын, әділетсіздік жасайтын, дін бауырларына көмектеспейтін, өзін басқалардан жоғары санайтын, тек өзінің жеке пайдасын ғана ойлайтын адам қаншалықты ғибадат етсе де, шынайы мұсылман болып саналмайды. Құран кәрімде былай делінген:

«Ей Расулым, қиямет күнін жоққа шығаратын, жетімді ренжітіп ақысын тартып алатын, кедейді тойдырмайтын және басқаларды да кедейге жақсылық жасауға шақырмайтын мына адамды көрдің бе?» (Маун)

Осы сияқты адамдардың ғибадаттары қабыл болмайды. Ислам дінінде тыйымдардан, харамдардан сақтану әмірлерді, парыздарды орындаудан бұрын келеді. Шынайы мұсылман – бәрінен бұрын жетілген және кәміл бір адам деген сөз. Күлімдеген жүзді, жылы сөзді, әрдайым дұрыстықты айтушы болады. Ашуланудың не екенін білмейді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жұмсақтық, сыпайылық берілген адамға дүние мен ахирет жақсылықтары берілді деген сөз.» (Тирмизи)

Мұсылман өте қарапайым болады. Өзіне өтініп келгендердің әрбірін тыңдайды және мүмкіндік болса көмектеседі. Мұсылман салмақты, ізгі болады. Жанұясын және отанын жақсы көреді. Хадис шәрифте «Отанды сүю иманнан» делінген. Сондықтан отанына шабуылдайтындарға қарсы қажетті міндеттерін орындайды. Шынайы мұсылман дініне, ата-анасына, ұстазына, әміріне (басшысына) құрмет көрсетеді. Қажетсіз нәрселермен айналыспайды. Тек пайдалы нәрселермен ғана шұғылданады. Құмар ойындарды ойнамайды, уақытын босқа өткізбейді.