22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Екі өмірде де сұлтан болу

Екі өмірде де сұлтан болу

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Дүние мен ахиреттің арасы көзді ашып-жұмғандай қысқа. Бұл дүние қиял және өткінші. Негізгі өмір – ахирет өмірі, бұл өмір мәңгі. Ол жақта жәннатпен тозақтан басқа жер жоқ.

Аллаһу та’ала «Құлым менен не сұраса, оған сол есіктерді, сол жолды ашамын» деген. Жүрегіміздегі (көңіліміздегі) бағыт өте маңызды. Қайда бағытталғанымызға, неге ниет еткенімізге қарайық, жақсылап ойланайық.

Дүниенің сұлтаны болуға емес, ахирет сұлтаны болуға тырысу керек. Ибрахим бин Әдхам хазреттері Дижла өзенінің жағасында шапанын жамап отырғанында сарайдағы бұрыңғы достары оны көріп, бұл жағдайына таң қалады. «Сарайыңда қалуың керек еді, қандай тамаша сұлтан едің, дәруиш болып, неге қол жеткіздің?» дейді. Ибрахим бин Әдхам хазреттері оларға ұзақ қарап тұрады да, қолындағы инені өзенге тастап «Ей Аллаһтың махлұқтары, менің инемді әкеліңдер!» дейді. Бүкіл балықтар инені әкелу үшін жарыса бастайды. Ибрахим бин Әдхам хазреттері инесін алып «Міне, осыған қол жеткіздім. Сендерге сұлтан болмағаныммен, мен бұларға сұлтан болдым» дейді.

Адам қайда сұлтан болатындығын жақсылап шешуі керек, таңдауын жасау керек. Нені сатқанын және мұның орнына нені алғанын жақсылап ойлауы керек!

Олай болса, өзімізге келейік, өмір су сияқты ағып өтуде, біз де келдік, кетіп бара жатырмыз. Оқыған намазымыз соңғы намаз болуы мүмкін, өйткені әр күні мыңдаған адам өліп, ахиретке кетіп жатыр. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса басқа күні, әйтеуір бір күні Әзірейіл алейһиссалам міндетті түрде аманатты алады. Соңында бәрі жоқ болатын мына дүниелік мал-мүліктер және атақ-даңқ үшін күнәға түсу, харам істеу – ақылды адамның тірлігі емес. Дінімізді үйренуіміз, үйренгенімізді орындауымыз, уақытымызды босқа өткізбеуіміз керек. Аллаһ алдында жағымды болғаны – мал-мүлік пен атақ-даңқ емес, тақуалық, жұмсақтық, адамдарға жақсылық жасау және дінімізге қызмет ету.

Ең үлкен қорқынышымыз соңғы демде, Аллаһ сақтасын, кәпір болып жан тапсыру. Өйткені кіші күнәларды үзбей істеу үлкен күнә болады. Үлкен күнәны үздіксіз істеу күпірге жетелейді. Ал кәпірдің жазасы – тозақта мәңгі жану. Бұдан үлкен пәлекет болуы мүмкін бе?

Діни кітаптарымыз бұл дүниенің төмен екендігін, бұл күнәлардың пәлекетін, ахиреттің азаптарын ұзақ-ұзақ баяндауда. Ал құтылудың шарасы қандай? Мұның тек бір ғана шарасы бар – құтылғандармен, яғни дұрыс иман иелері болған адамдармен, тақуалармен, күнәдан сақтанып жүргендермен бірге болу. Өйткені «Адамның діні досының діні сияқты болады» делінген.