17 - Шәууал, 1445 жыл.
     26 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / ҚАБІР ЗИЯРАТЫ ЖӘНЕ ҚҰРАН КӘРІМ ОҚУ

ҚАБІР ЗИЯРАТЫ ЖӘНЕ ҚҰРАН КӘРІМ ОҚУ

Қабірді зиярат ету сүннет болып табылады. Аптасына бір рет, ең болмағанда айт күндері зиярат етіледі. Бейсенбі немесе жұма немесе сенбі күндері зиярат ету сауаптырақ болады. «Шир’ат-ул-Ислам» кітабының соңында былай жазылған: Қабір зияраты сүннет болып табылады. Зиярат етіп келген адам мәйіттің шірігенін ойлап, ғибрат алады. Осман “радиаллаһу анһ” қабірдің қасынан өтіп бара жатқанда көп жылайтын, сақалы суланып кететін еді. Мәйіт те жасалған дұғадан пайдаланады. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” туыстарының және сахабаларының “радиаллаһу та’ала анһум” қабірлерін зиярат ететін еді. Сәлем және дұғадан кейін, құбылаға кері бұрылып, қабірге қарап отыру керек. Қабірге қолды, бетті тигізу, топырақты сүю христиандардың әдеті. Хадис шәрифте: «Бір адам танысының қабіріне барып сәлем берген кезде, мәйіт оны таниды және сәлеміне жауап береді» делінген. Ахмед ибн Ханбал “рахимә-һуллаһу та’ала”: «Мазардың қасынан өтіп бара жатқанда Ихлас, екі "Құл аузу" сүрелерін және Фатиханы оқып, сауабын мәйіттерге бағыштау керек. Оларға сауабы тиеді» деген. Әнәс бин Малик “радиаллаһу та’ала анһ” білдірген хадис шәрифте: «Аят-әл күрсиді оқып, сауабын мәйіттерге бағыштаған кезде, Аллаһу та’ала мұны барша мәйіттерге жеткізеді» делінген.

«Хазанәтур-риуаят»-та былай жазылған: «Тірі кезінде зиярат етілген ғалымдарды қайтыс болуынан кейін де зиярат ету үшін ұзақ жерлерге бару жаиз. Пайдалану тұрғысынан пайғамбарлардың “алейһимуссалауату уәттаслимат”, әулиелердің және ғалымдардың “рахимә-һумуллаһу та’ала” зияраты арасында айырмашылық жоқ. Тек дәрежелерінде ғана айырмашылық бар.»

[Бір мұсылман, тұрған үйінің бөлмесінің қабырғасына бір тақташа іліп, тақташаға сүйіктісінің есімін жазса немесе оның қабірінің үстіне тас қойып, тасқа жазса, бөлмеге кірген және әлгі қабірді зиярат еткен мұсылмандар, тақташа мен тастың үстіндегі есім иесінің рухына Фатиха және дұға оқыса, Аллаһу та’ала есім иесіне мейірім етеді, күнәларын кешіреді. Бөлменің қабырғасына және қабір тасына есім жазу, оны еске алу үшін емес. Сол есім иесіне Фатиха және дұға оқу үшін. Осы себептерден Ислам мемлкеттерінде бөлменің қабырғаларына және мазарлардың үстіне есім жазу әдет болған. Бір әулиенің есімі жазылса, осы есімді оқып, иесінен шапағат, дұға сұралса, әулие естіп, сұраған адамның дүние мен ахирет тілектері үшін дұға етеді және дұғасы қабыл болады.]

Әйелдердің зиярат етуі жаиз болса да, Расулуллаһтан басқалардың қабірлерін зиярат етпегені жақсырақ болады. Хайз және жүніп кезде зиярат ету жаиз болса да, дәретті болу сүннет болып табылады. Хадис шәрифтерде: «Бір мүминнің қабірін зиярат етіп, "Аллаһумма инни әс-әлука би-хаққи Мухаммадин уә әли Мухаммадин ән лә-ту’аззибә һәзәлмәйит" десе, мәйіттің азабы тоқталады.» «Ата-анасының немесе олардың бірінің қабірін әр жұма сайын зиярат еткен адам кешіріледі»делінген. Тек ата-ананың ғана топырағын сүю жаиз. «Кифая» кітабында былай жазылған: Бір адам Расулуллаһтан “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” "Жәннаттың есігін сүюді ант еттім, енді не істейін?" деп сұрағанда,«Анаңның аяғын сүй!» деп бұйырды. "Ата-анам жоқ" дегенде,«Қабірлерін сүй! Қабірлерінің қайда екенін білмесең, екі сызық сызып, олардың қабірі ретінде ниет етіп, сол сызықтарды сүй! Антыңды орындаған боласың!» деп бұйырды.

Ұлы әулиелердің қабірін зиярат ету үшін ұзақ жерлерге бару, басқа бір ісі үшін барғанда зиярат ету жақсы болады. Тек пайғамбарымызды “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” зиярат ету үшін арнайы бару сауап. Пайғамбарларды “алейһимуссалам” және әулиелерді “алейһимуррахмә” зиярат еткен адам олардың мүбәрәк рухтарынан пайдаланады. Оларға деген махаббаты, байланысы шамасында жүрегі тазарады. Кесенеде күнә істейтіндер бар болса, мысалы ашық-шашық жүрген әйелдер де келсе, зияратты тәрк етпеу керек, оларға бөгет бола алмаса, көңілмен жақтырмау керек. Шынында, әйелдер болған, ән, илаһи, өлең айтылатын мүминнің жаназасына бару керек.

Әйелдердің қабірді зиярат етуі қайғыру, жылау, бақыру үшін болса және еркектердің арасына араласып, бүлік шығару үшін болса, харам болып табылады. Мұндай әйелдерге лағнет жауады. Жасы үлкен әйелдердің еркектердің арасына араласпай, туысының және әулиелердің қабірлерін зиярат етуі жаиз болса да, жас қыздарға мұндай зиярат мәкрух болады. Әйелдердің жаназаға қатысуы да осындай.

«Жила-ул-қулуб» кітабында былай делінген: Мазарға барған адам түрегеп тұрып «Әссәләму алейкум, йа әһлә дар-ил қаум-ил му’минин! Инна иншааллаһу ан қарибин бикум ләхиқун» дейді. Содан кейін «Бисмиллаһ»-пен он бір рет «Ихлас» және бір рет «Фатиха» сүрелерін оқиды. Кейін «Аллаһумма рәббәл-әжсадил-балийәһ, уәл-изамин нахира-тилләти харажәт минәддуния уә хия бикә му’минәтун, әдхил алейһа раухан мин индика уә сәләмән минни» дұғасын оқу керек. Қабірдің жанына келгенде мәйіттің оң [қабірдің құбыла] және аяқ жағынан жақындайды. Сәлем береді. Түрегеп тұрып немесе тізерлеп немесе отырып, Бақара сүресінің басы мен соңын, Ясин сүресін, Тәбәракә, Тәкәсур, Ихлас және Фатиха сүрелерін оқып, мәйітке бағыштайды.

Ескерту: Біреудің орнына қажылыққа бару тәртібін білдіріп жатқанда ғалымдарымыз былай деген: «Намаз, ораза, садақа және Құран кәрім оқу, зікір ету, тауаф жасау, қажылыққа, умраға бару, пайғамбарлардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету, мәйітті кебіндеу сияқты парыз немесе нәпіл ғибадаттардың және жақсылық пен қайырымдылық жасаудың сауабын өзгелердің рухтарына бағыштау жаиз. Ғибадатты орындаған адамға да, олардың рухтарына да сауап беріледі. Сондықтан, қабірдің басында немесе басқа жерлерде Құран оқып, сауабын мәйіттерге бағыштау керек және олар үшін дереу дұға ету керек. Өйткені, Құран кәрім оқылған жерге рахмет пен береке түседі. Сол жерде жасалған дұға қабыл болады. Қабірдің қасында оқылса, қабірге рахмет, береке толады. Ханафи мазһабында, бір адам нәпіл ораза, намаз, садақа, оқитындардың сауабын өлі немесе тірі өзге біреуге бағыштаса, оларға да сауабы тиеді. Парыздардың сауабын бағыштаса да тиеді деген ғалымдар да бар. Сауаптар мәйіттерге бөлініп берілмейді. Әрбіріне толықтай беріледі. Малики мен Шафии мазһабтары бойынша Құран, намаз оқу сияқты тек денемен жасалатын ғибадаттар бағышталмайды. Бұлардың себебімен дұға етіледі.

«Китаб-ул-фиқһ аләл-мәзаһиб-ил-әрбә’а»-да былай делінген: «Өліден ғибрат алу және ахиретті ойлау үшін қабірді зиярат ету еркектерге сүннет болып табылады. Ханафи мен Малики мазһабтарында бейсенбі, жұма және сенбі күндері зиярат ету муәккад сүннет болады. Шафии мазһабында бейсенбі күні екіндіден бастап сенбі күні күн шыққанға дейін муәккад сүннет болады. Зиярат етіп келген адамның мәйітке Құран оқып, оған дұға етуі қажет. Бұлардың мәйітке пайдасы тиеді. Мазарға кіргенде«Әссәләму алейкум, йа әһлә дар-ил қаум-ил му’минин! Инна иншааллаһу ан қарибин бикум ләхиқун»  деп айту сүннет. Жақын және ұзақта орналасқан кезкелген қабірді зиярат етуге болады. Әсіресе салихтарды, әулиелерді “рахимә-һумуллаһу та’ала” зиярат ету үшін ұзақ жерге бару сүннет болып табылады. Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мүбәрәк қабірін зиярат ету ғибадаттардың ең құндыларынан. Қарт әйелдердің де оранған күйде зиярат етулері жаиз. Фитна мен бүлікке себеп болатын болса, қарт әйелдердің де зиярат етулері харам болады. Зиярат еткен кезде қабірді тауаф ету (айналып жүру), тасты, топырақты сүю, өліден бір нәрсе сұрау жаиз емес.» Әулиелерден “рахимә-һумуллаһу та’ала” шапағат етулері, Аллаһу та’аланың беруіне себеп болуы сұралады.