19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ілім мен әдеп

Ілім мен әдеп

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Адамның бұл дүниедегі үстемдігі, қасиеттілігі, құрметі – ілімі мен әдебі арқылы өлшенеді. Мал-мүлікпен, абыроймен және тектілікпен өлшенбейді. Қадірлі адам – әдептілікке мән беретін және діннің бұйрықтарына бағынатын адам. Ал әдеп – өз орнын, шегін білу деген сөз.

Жұмыс орнында, жанұяда, қоғамда, барлық жерде әркімнің өз орны, шегі болады. Сол шектеуден шықпайтын болса, өткінші өмірі жәннат сияқты болады. Бүкіл қайғы-қасіреттер, қиыншылықтар, ұрыс-керістер, бәрі шектен асудан туындауда. Егер үйдің әйелі өз орнын біліп жүрсе, яғни сол әдептілікті сақтап жүрсе, жәннат әйелі сияқты болады. Ер адам да өз орнын, шегін, біліп жүрсе, сол шектеуден аспай сөйлесе, әрекет етсе, сол жер жәннат болады. Ал осы шектеу дегеніміз не? Мұны ілім үйрену арқылы бiлу мумкiн. Ілім үйренбейтін адам ешбiр шекара танымайды, шектеулерден хабары болмайды. Хазреті Әли: «Маған бір сөз, яғни дінімізге қатысты бір мәселе үйреткен адамның құлы болуға дайынмын» деген.

Сүйікті пайғамбарымыз да былай деді:

«Бір шәкірт, діни бір мәселе үйрену үшін үйінен шықса, ұстазының үйіне дейін жүрсе, "Бұл қадірлі пенде менің үстімді бассын" деп періштелер қанаттарын оның аяқ астына төсейді. Аспандағы барлық құстар, құрлықтағы барлық жануарлар, теңіздегі барлық балықтар бұл пендеге "Йа, Раббым, ол сенің дініңді үйрену үшін жолға шықты, оны кешіре гөр" деп истиғфар және дұға етеді.»

Бұл тек үйрену үшін барған адамға берілетін сауап. Ал үйрету үшін барған адам, әрине, бұдан әлдеқайда көп сауап алады.

Егер бір жерде Аллаһу та'аланың дініне қызмет жасалып жатқан болса, әр мұсылманның мойнына мына үш нәрсенің бірін жасау парыз болады. Үшеуін де істей алмаса, ахиретте мұның ауыр азабын шегеді. Егер ата-бабаларымыз, бізден бұрыңғылар осы үш шартты орындамағанда еді, бүгінде біз, бәлкім, кәпірдің баласы болар едік, бәлкім, дінсіз болар едік. Өйткені Ислам діні бізге дейін басқалардың еңбегімен келген. Осы себептен, еңбегі тигендердің біздің мойнымыздағы ақысы өте үлкен.

Үш парыздың біріншісі – тікелей денемен қатысу. Шынында сахабалар сонау Меккеден, Мәдинадан Орта Азияға дейін келді. Не үшін келді? Жерге иелену немесе байлыққа қолжеткізу үшін емес, Аллаһу та'аланың дінін пенделеріне үйрету үшін келді.

Екінші парыз – іс-әрекетпен қосылуға, жәрдемдесуге мүмкіндік болмаса, мал-мүлікпен, ақшамен демеуші болу.

Бұл да мүмкін болмаса, үшінші парыз – қолды жайып, дұға ету. «Аллаһым, мен сенің дініңе қызмет етушілерге қосыла алмай жатырмын, әлсізбін, аурумын, дерттерім көп, мал-мүлкім жоқ. Сен оларға жәрдем бер, оларды әр түрлі жамандықтардан сақта, жұмыстарын жүргіз, адамдар құтылсын, дінсіз, имансыз болып қалмасын» деп дұға етсе, осы шартты орындаған болады.