18 Тамыз 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Екі күн бірдей болмау керек

Екі күн бірдей болмау керек

Сұрақ: Дінімізде екі күні бірдей болған адам зиянға ұшырайды, сонда күнде бірдей ғибадаттарды орындаған адам зиянға ұшырамайды ма? Әлде күнде алдыңғы күндегіден көбірек ғибадат жасау керек пе?

Жауап: Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Екі күні бірдей болған (күнде ілгерілемейтін, жаңа нәрсе үйренбейтін) адам өзіне зиян келтірді.» (Бәйһақи)

«Екі күні бірдей болған адам алданды, ал бүгіні кешегі күнінен жаман болған адам лағнеттелген.» (Бәйһақи)

Дүниелік істердегідей, діни істерде де ілгерілеу керек. Күнде бірдей ғибадаттарды орындаған адам, мысалы күнде бес уақыт намаз оқыған адам зиянға ұшырамайды.

Ғибадаттардың құндылығы ниетке, ықыласқа және иманның қуатына, жарқырауына байланысты. Яғни иманы жарқын, ниеті түзу және ықыласы көп болған адамның ғибадаты құндырақ болады. Ғибадаттар тұрақты ықыласпен орындалатын болса, иман күн сайын қуаттанады, жарқырайды және осылайша ғибадаттардың құндылығы артады. Ғибадаттардың құны да мөлшерімен емес, сапасымен өлшенеді. Күнде бірдей істер жасалса да, құндылығы әр түрлі болады. Мысалы хазреті Әбу Бәкірдің екі рәкат намазы бүкіл мұсылмандардың намаздарының жиынтығынан да құнды. Асхаби кирамнан бәрінің имандары өте қуатты, жарқын болғандықтан және ықыластары көп болғандықтан, олардың екі рәкат намазының сауабы біздің өмір бойы оқыған намаздарымыздың сауабынан көбірек.

Олай болса, зиянға ұшырамау, күн сайын ілгерілеу үшін иманды жарқырату, қуаттандыру керек. Ықыласпен ғибадат еткен сайын иманның жарқырауы артады. Осы тұрғыдан бүгін оқылған екі рәкат намаз кеше оқылған екі рәкат намаздан құндырақ болады. Күнә істемеген және ғибадаттарын қалдырмаған адамның екі күні бірдей болмаған, күн сайын көбірек пайда көрген болып саналады. Егер ықыласы нұқсан болса, иманын жарқырата алмаса немесе әр түрлі күнә істеп, иманның жарқындығын азайтқан болса, ғибадаттардың құндылығы азаяды, кешеге қарағанда бүгін зиян көрген болады.

Барған сайын иманды қуаттандырудың орнына иманды әлсіреткендер зиянға ұшырайды. Ғайбат, өтірік сияқты күнә істеген адамның да сауаптары азаятындықтан, ол да зиянға ұшырайды.

Осы мысалдардан аңғарылғаны бойынша, бүгін жиырма рәкат намаз оқыған адамның алданбауы үшін ертеңіне жиырма рәкаттан көбірек намаз оқуы қажет емес. Зиянға ұшырамауы үшін күнә істемеуі, ықыласпен ғибадат жасап, иманның жарқындығын жоғалтпауы керек.