30 Сәуір 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Намазды қандай үзірмен қазаға қалдыруға болады?

Намазды қандай үзірмен қазаға қалдыруға болады?

Сұрақ: Намазды қандай үзірлермен қазаға қалдыруға болады және қазасы бар болған адам нәпіл намаз оқуына болады ма?

Жауап: Бір намазды, жәм қылып (екі намазды біріктіріп) оқуға да мүмкіндік жоқ болса, тек мына үзірлермен қазаға қалдыруға болады:

Соғыста, дұшпанның алдында отырып және құбыладан басқа тарапқа қарай бұрылып та намаз оқи алмаса, сапарда болған кезде; сел, жыртқыш жануар, қарақшылар, залым сияқты бір қауіп бар болса, намазды отырып немесе жануардың үстінде ишарамен де оқу мүмкін болмаса, ананың немесе баланың өмірі қауіпте болғанда акушердің және жедел операцияларда дәрігердің қатысуы кезінде намазды қазаға қалдыру және ұйқы, ұмыту сияқты үзірлердің бірімен намазды фәут ету (өткізіп алу) күнә болмайды. (Дуррул мухтар)

Осындай бір үзір болмастан намазды қазаға қалдыру харам болып табылады, үлкен күнә болады.

Барлық фиқһ кітаптарында фаитә, яғни уақыты өтіп кеткен намаз делінеді. Өйткені мұсылман намаздарын тәрк етпейді. Тек жоғарыда білдірілген бір үзірмен жіберіп алған болуы мүмкін. Осы тұрғыдан уақыты өтіп, оқыла алмаған намаздардың саны аз болады. Бүгінде тәрк етілген намаз саны көп. Бір үзірмен уақыты өтіп, оқыла алмаған намаз бен үзірсіз, әдейі тәрк етілген намаздың үкімі бірдей емес. Намаздарды жоғарыда білдірілген бір үзірмен фәут етіп қазаға қалдыру күнә болмағандықтан, бұлардың қазаларын сүннеттерді және басқа нәпілдерді оқитындай уақытқа кешіктіру де күнә болмайды. Ұйықтап қалу, ұмыту сияқты бір үзірмен оқылмаған, яғни фәут етілген (жіберіп алған) намаздардың үкімі мынадай:

Фәут болған намаздардың қазасын оқу нәпіл оқудан жақсырақ болса да, бес уақыт намаздың сүннеттерін және хадис шәрифте мақталған Духа, Тәсбих, Тахийатул мәсжид сияқты белгілі намаздарды оқу бұған жатпайды. Уақыттың сүннеттері мен осы нәпілдерді оқу қаза оқудан абзалырақ. (Рәддул мухтар, Халеби, Хиндийа)

 

Ал тәрк етілген намаздың үкімі мынадай:

Үлкен ғалым Ибн Нужәймнен «Қаза намазы бар болған адам сүннеттерді оқитын кезде қазаға ниет етіп оқыса, сүннеттерді тәрк еткен болып саналады ма?» деп сұралғанда, жауап ретінде: «Сүннеттерді тәрк еткен болмайды, өйткені ол уақыт ішінде парыздан басқа (нәпіл болса да, қаза болса да) қандай да бір намаз оқығанда, сүннет те орындалған болып саналады» деді. (Нәуадир-и фиқһийа фи мәзһәб-ил-әиммәт-ил Ханафийа, 36 бет)

Бес уақыт намаздың сүннеті дегеніміз – Расулуллаһ оқыған намаз деген сөз. Бұл намаздарға сүннет атауы кейіннен берілген. Расулуллаһ бес уақыт намаздың сүннеттерін оқитын кезде тек «Аллаһ разылығы үшін намаз оқуға» дейтін еді. «Сүннетті оқуға» деп ниет етпейтін еді. Әр уақыт ішінде осылай оқылған әр намаз сүннет деп аталып кеткен намаз болады. (Рәддул мухтар, Уйун-ул бәсаир, Халеби)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Ең үстем жиһад – парыздарды орындау.» (Табарани)

«Қаза намазы бар болған адамның нәпіл намазы қабыл болмайды.» (Дуррәт-ул-фахира)

«Бәрі нәпілмен әуре болып жүргенде сен парыздарды толықтыр!» (Мифтах-ун нәжат)

«Хақ та'ала "Парыз ғибадатпен маған жақындағандарыңдай басқа еш нәрсемен жақындай алмайсыңдар" деді.» (Бұхари)

«Парыз намаздан қарызы бар болған адамның нәпіл оқуы босанайын деп жатқан жүкті әйелге ұқсайды. Босануы жақындаған кезде баласын түсіріп алады. Бұдан кейін бұл әйелге жүкті де, ана да деуге болмайды. Әлгі адам да парыз намаздарын өтемегенше Аллаһу та'ала нәпіл намаздарын қабыл етпейді.» (Футух-ул ғаиб, 48 хат)

Ханафи мазһабы ғалымдарынан Абдулхақ Дәһләуи «Бұл хадис парыздан қарызы бар болған адамның сүннеттері де қабыл болмайтындығын көрсетіп тұр» деді.

Абдулқадир Гейлани хазреттері былай деген:

«Парыз қазасы бар адамның нәпіл намаз оқуы, берешекті адамның алашағы бар адамға сыйлық беруіне ұқсайды, бұл да әлбетте қабыл болмайды. Мұсылман адам саудагер сияқты. Парыздар – оның капиталы, нәпілдер – үстінен қалатын пайдасы, табысы. Капитал жоқ болса, сақталмаса, табыс та болмайды.» (Футух-ул ғаиб, 48 хат)

Хамза мырза хазреттерінің Бәй уә Шира рисаласының шәрһінде: «Сапарға шығудан бұрын алдымен екі рәкат намаз оқу керек! Қазаға қалған намазы бар болса, бір, екі немесе үш уақыт намазының қазасын оқу керек! Өйткені қазадан қарызы бар кезде нәпіл намаз оқу – ақымақтық» делінген. (6-шы бет)

Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Парыздың жанында нәпілдің ешқандай құны жоқ. Сүннеттердің парыздың жанындағы құны теңіздің жанындағы бір тамшы су сияқты да емес.» (29 хат, 260)

Төрт мазһабтың фиқһ білімдерін жақсы меңгерген Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттері былай деген:

«Бірнеше жылдық қаза қарызы бар болған адам сүннеттерді оқитын кезінде қаза намазына ниет етіп оқуы керек. Осылай ниет етіп оқу төрт мазһабта да қажет.»

Аллаһу та'ала «Маған парызды орындау арқылы жақындай аласыңдар», ал Расулы «Қазадан қарызы бар болған адамның нәпілі қабыл болмайды» дей тұра, ғалымдар да «Қазасы бар болған адамның сүннет және нәпіл оқуы ақымақтық», «Сүннеттер парыздың жанында теңіздің жанындағы бір тамшы сияқты да емес» дей тұра, бір үзірмен өткізіліп алынған намаз бен әдейі оқылмаған намазды бірдей деп санайтын надандар Аллаһу та'аланың әмірі болған парызды қалдыртып, Духа, Тахийатул мәсжид, Тәсбих, Тәһәжжуд намазы сияқты нәпілдерді оқытуға тырысып жатыр. Бір адам өмірінде осы нәпіл намаздарды мүлдем оқымаса, ахиретте бұл үшін жаза берілмейді. Бірақ бір парызды тәрк етудің жазасы өте ауыр болады.

Дұшпанның алдында бір парыз намазды оқу мүмкін бола тұра, тәрк ету жеті жүз үлкен күнәға тең. (Жами-ул фәтәуа)

Бұл фәтуаның да көрсетіп тұрғаны: «Нәпілдермен адамдарды әуре қылып, парыздарды кешіктіргендер немесе парыздарды оқытпағандар үлкен жауапкершіліктің астында.»

 

Сұрақ: Таң намазын уақытында оқымай, өткізіп алған адам қазасын бесіннен кейінге қалдырса, күнәға кіреді ме?

Жауап: Иә, күнәға кіреді. Кешіктіру күнәсі да өте үлкен.

 

Ұмыту – үзір

Сұрақ: Көп рет ұмытып немесе ұйықтап қалып намазды қазаға қалдыра беремін. Ұмыту үзір болады ма?

Жауап: Ұмыту және ұйықтап қалу үзірге жатады, бірақ бұл жағдай жиі орын алып жатқан болса, мұның алдын алмағандықтан күнә болады. Бірнеше мысал келтірейік:

1) Түнде өте кеш жатқан болса, оның үстіне оятқыш қоймаған немесе басқа шаралар қолданбаған болса, намаздың қазаға қалуы қалыпты жағдай емес.

2) Бір адам жұмыс орнынан шыққанда намаз уақыты кірген болса, үйге жеткенде оқырмын деп ойласа, жалпы алғанда үйге уақытылы бара алмаса, намаз жолда қазаға қалатын болса немесе уақытында үйге келген жағдайда жұмыс орнында оқып жүргендіктен, үйде оқуды ұмытса, «не болса да ұмыту үзір болады» деп, намаздың қазаға қалуына мән бермесе, бұл әрекеттері оны ақтамайды.

3) Дәрет алғанда сүннетті орындау үшін құбылаға бұрылған адам үнемі ұмытып аяқтарын құбылаға қарай созатын болса, аяқтарын құбылаға қарай созбау үшін құбылаға қарап дәрет алмауы керек. Өйкені мәкрух істемеу үшін сүннет тәрк етіледі. Яғни мүмкіндік бар болса, құбылаға теріс бұрылып қалса да, аяқтарын құбылаға созбау үшін дәретті құбылаға қарап алмауы керек.