19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Иман ниғметіне шүкір ету

Иман ниғметіне шүкір ету

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Өте бай, абырой және мансап иесі болса да, әр адам міндетті түрде соңында өледі. Иманы жоқ болса, имансыз өлсе, мәңгілікке тозаққа түседі. Ал мүмин жәннатқа кіреді және мәңгі ниғметтерге қауышады. Осыншалықты қысқа бір өмірдің нәтижесінде осыншама үлкен ниғмет беріледі! Сондықтан Әһли сүннет сенімінде, дұрыс жолда болған және Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарын, әулиелерін жақсы көрген мүминдер осы үлкен ниғметке қанша шүкір етсе де аз.

Күнделікті өмірімізде кәпірлермен, бидғатшылармен, күнәхарлармен, яғни еш қысылмай күнә істеп жүргендермен бір жерде болып қаламыз, олармен көрісіп, алыс-беріс жасап жүреміз. Олар осы жағдайымен өлетін болса, тозаққа, ал олармен көрісіп жүрген мүмин иманын сақтап қала алса, жәннатқа кіреді. Сол көрісіп жүрген кәпірлерден өлгендері мәңгілікке кетті. «Оларды тапсақ қой, калима-и шаһадат айт дей алсақ, дінімізді үйрететін бір кітап бере алсақ екен» деген пікір ақылымызға келсе де, бұдан былай есік жабылды, кері қайту мүмкіндігі жоқ. Мәңгі тозақтан құтылуы бұдан былай мүмкін емес. Сол себептен әлі мүмкіндік бар кезде лайықты болған адамдарға кітап беруге тырысу керек.

Дұрыс иманымызға көп шүкір етуіміз керек. Әйтпесе, қадірін білмесек, дүниелік қиыншылықтарға шағымдансақ, жазасы да өте ауыр болады. Дәрет ала бастаған кезде «Әлхамдулиллаһи алә динил ислам уә алә тәуфиқил иман уә алә хидаятәр-рахман!» дұғасын оқыған адам иман ниғметіне шүкір еткен болады. Иманның дұрысталуы үшін осы дұғаны оқу керек. Басқа ниғметтерге шүкір еткен кезде ниғметтер артады, ал иман ниғметіне шүкір еткен кезде иман дұрысталады, қуаттанады. Имам Тирмизи «Иманның кетуіне себеп болатын күнәлардың біріншісі – иман ниғметіне қауышқанына шүкір етпеу» деген. Шүкір – Ислам дініне бағыну деген сөз.

Әулиелеріміз, Әһли сүннет ғалымдары өте үлкен аманат қалдырды. Бұл аманатқа, бұл істерге екі қолмен жармасу, қалдырған жерінен ілгерілету – әрбір мұсылманның міндеті. Олардың осы құнды қызметтерімен, жазған кітаптары себебімен біз Әһли сүннет сенімін үйрендік, бұл жолдың ұлыларын таныдық, жақсы көрдік, дінімізді дұрыс ұстана бастадық. Бұл үлкен ниғметке шүкір ету үшін осы дұрыс білімдерді басқаларға жеткізуге тырысу керек. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) иман келтірген кезде алғашқы сөзі «Йа, Расулаллаһ, тағы алты досым бар, оларды да алып келейін бе?» болды. Әркім мүмкіндігіне қарай денесімен, ақшасы немесе дұғасымен осы қызметке қосылуға мәжбүр. Маңызды болғаны, иықтарымыздағы хафаза періштелеріне Әһли сүннет кітаптарын жаюшылардың арасына есімімізді жаздыру.