19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Егін екпегеннің өнім күтуге ақысы жоқ

Егін екпегеннің өнім күтуге ақысы жоқ

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Балаларымыз сәтті немесе сәтсіз өткен бір жылды артта қалдырды. Сәтті немесе сәтсіз дегенде көпшіліктің ойына мектепте алған білімдері және бағалары келеді. Ал негізінде сәттілік дегеніміз тек қана осы ма? Негізінде сәттілік баламыздың алған бағасымен шектелмейді. Өйткені төмен баға алуы дүниенің соңы деген сөз емес. Көптеген төмен бағамен оқыған азаматтар, өмір мектебінде шыңдалып, едәуір жетістіктерге қол жеткізгенін көрудеміз. Шынайы сәттіліктің көрсеткіші болып табылатын ғылым бар. Бұл ғылымнан сусындамағандар үшін дүниенің соңы десе орны бар. Бұл ғылым дүние мен ахирет бақытына жетелейтін діни ілімдер. Өкінішке орай көпшілігігіміз бұған немқұрайлы қараудамыз. Мектепте үздік болса болды, дін ілімдерін әйтеуір бір үйренер деген түсінік бар. Мектепке жиі жиі барып баланың үлгерімін қадағалап, үйге келгенде баланың сабақ орындауын тексеру құлшынысымыз діни тақырыпқа келгенде бәсеңдеп немесе мүлде тоқырауға ұшырауда. Кейініректе баладан әдепке қайшы, жаман әрекеттер байқағанымызда ойбайға салып жатамыз. Көргенсіз, сен бізді масқара қылдың деп баланы жазғырып жатамыз. Ал негізінде көргенсіз қылып, әдептен, діннен жұрдай етіп өсірген өзіміз емес пе? Ата-анаға, туыстарға әдепсіз қылық көрсеткенінде, ата-анаға осылай жасала ма деп ата-ана ақысы еске түсіп жатады. Ал негізінде кінә өзімізде, дініміздің білдірген әдеп қағидаларын, ата-ана ақысын, дұрыс пен бұрысты үйреткен бе едік? Не берген болсаң, не үйреткен болсаң соны аласың, не ексең соны орасың деген даналық сөз бар.

Бір адам хазіреті Омарға келіп, ұлынан шағымданады. Хазіреті Омар бұл кісінің баласына айтады:

– Иманнан кейінгі бірінші міндетіміз ата-анамызды ренжітпеу. Олар қаншалықты жаман болса да, бүкіл нәрседен жоғары тұратын ақылары бар. Оларды ренжіткен адамның ғибадаттары қабыл болмайды. Мұсылман болып туылуымызға және мұсылман болып жетілуімізге себеп болған ата-анамызды ренжітсек жәннатқа қалай кіреміз? Олар бізді ұрысса да, жалынып олардың көңілдерін аулауымыз керек. Мұсылман ата-анамыз бізден разы болмағанша, Аллаһу та’аланың сүйікті құлы болу өте қиын.

– Йа, Амир-ул муминин! Айтқандарыңды толығымен қабыл етемін. Бірақ баланың ата-анасында ешқандай ақысы жоқ па?

– Иә, баланың да ақысы бар. Үйленетін кезде баласына қызды немесе әйелді жақсы жанұядан таңдауы, баласына жақсы есім қоюы және дінін үйретуі керек.

Бала хазіреті Омарға былай деп жауап берді:

– Әкем маған ешқандай тәрбие бермеді. Ал анам, қара нәсілді мәжусидің (отқа табынушының) қызы еді. Есімімді «Қарақоңыз» деп қойған. Аллаһу та’аланың кітабынан бір әріп те үйретпеді. Өкінішке орай, дінім жайында еш нәрсе білмеймін.

Сонда хазіреті Омар баланың әкесіне қарап:

– Маған келіп ұлыңнан шағымданып жатсың. Ал негізінде сен оның ақысын жеген екенсің. Ол саған жамандық етуден бұрын, сен өзің оған жамандық еткен екенсің,-дейді.

Бір кісі Әбу Хафс хазреттеріне келіп: «Мені балам ұрды, баламнан көңілім қалды» деп айтады. Хазреті Әбу Хафс: «Оған тәлім-тәрбие бердің бе, ілім үйреттің бе?» деп сұрады. Әлгі адам «жоқ» деп жауап берді. Әбу Хафс хазреттері «Құран кәрімді және Құранның ахлақын үйреттің бе?» деп сұрады. Әлгі кісі тағы да «жоқ» деп басын шайқады. Әбу Хафс хазреттері баласының немен айналысатынын сұрағанында, диқаншылықпен күнелтетінін айтты. Сонда хазрет: «Бәлкім балаң таңертеңгісін тұрып, есегіне мініп, өгізін алдына салып, Құран кәрім оқуды білмегендіктен өлең айтып, егіске жол тартып келе жатқанында кенеттен саған соқысып, сені өгізі екен деп ойлап байқаусызда тартып жіберген болса керек. Сен Аллаһқа шүкір ет, басыңды жармағанына. Діннен, иманнан хабары жоқ адамнан басқа не күтуге болады?»  

Бейнамаз, есірткіге салынған, арақ құмар, ойын-суық, қыз-қыраңның соңын қуған жастар діни тәрбиесіз өсудің салдары. Менің балам мұндай болмайды деп ойламаңыздар. Егістік қараусыз қалса арам шөптер қаптайтынын ұмытпаңыздар!