22 - Шәууал, 1445 жыл.
     1 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Кедейліктен қорқу

Кедейліктен қорқу

Сұрақ: Кедейліктен қорқудың, жаман ырымға сенудің дініміздегі орны қандай?

Жауап: Бұл туралы Имам Ғазали хазрет «Кимия-и саадат» кітабында былай дейді:

Кедейліктен қорқу, жаман ырымға сену шайтаннан. «Бақара» сүресінің 268-ші аятында: «Шайтан сендерге мұқтаж жағдайға түсетіндеріңе сөз береді» делінген.

Аллаһу та'аланың қамқорлығына жүгіну үлкен жетістік. Күтпеген жерден, ойламаған себептерден мол ризық жібергені әрдайым байқалуда. Бірақ, жасырын себептерге де сеніп қалмаған жөн, себептерді жаратқанға жүгіну керек.

Кезінде Аллаһқа жүгінген біреу уақытын мешітте тек ғибадат жасаумен өткізетін. Мешіт имамы оған:

- Кедейсің ғой, жұмысқа тұрып ақша тапқаның жақсы болады, - деді. Сонда ол:

- Менің яһуди көршім бар, күнде маған қажет заттарымды әкеп тұрады, - деп жауаптады. Имам:

- Олай болса, сен жағдайыңды жасап алыпсың, жұмыс істемесең де болады, - деп еді:

- Олай болса, сен де жамағатқа имам болудан бастарт. Өйткені яһудидің сөзін Аллаһу та'аланың сөзінен жоғары санадың, бұл имамға лайық емес, - деді.

Басқа бір мешіттің имамы жамағаттағы біреуге:

- Күнкөрісіңді қалай табасың? – деп сұрады. Ол:

- Тоқта! Алдымен саған ұйып оқыған намазымды қайтадан оқиын, - деді. Яғни «Сенің Аллаһу та'аланың ризық жіберетініне сенімің жоқ. Намазың қабыл болмайды» демекші болды.

Осылай Аллаһқа толықтай жүгінгендер әрдайым еш күтпеген жерлерден ризық тапқан, «Худ» сүресінің 6-шы аятының: «Жер жүзіндегі әр жандының ризығын Аллаһу та'ала әлбетте жібереді» дегенімен имандары күшейген.

Әбу Яқуб Басри хазрет былай айтып берген:

«Меккеде он күн ештеңе жемедім, аш қалдым. Аштыққа шыдай алмай кеттім. Көшеге шығып, қоқысқа тасталған шалқан көрдім. Алмақшы болдым. Ішімнен бір дауыс «Он күн сабыр еттің, енді шіріген шалқан жейсің бе?» дегендей болды. Алмадым. Харам мешітіне барып отырдым. Бір кезде бір адам келіп, алдыма майдан енді шыққан ыстық шелпек, кәмпит және бадам қойды да:

- Теңізде едім, кенеттен боран басталып кетті. Құтылсам, алдымнан бірінші шыққан кедейге осыларды беремін деп атадым, - деді. Мен әрқайсысынан бір уыстан алдым да, «Қалғанын өзің ала бер» дедім.

«Демек, Аллаһу та'ала маған ризық жіберу үшін теңізде боран шығарды. Мына адамды құтқарып, атағаны арқылы маған ризық жіберді» деп шүкір еттім. Көшеде ризық іздегеніме өкініп қалдым».

Иманды күшейту үшін осындай оқиғаларды, хикаяларды оқыған жақсы болады.