20 - Шәууал, 1445 жыл.
     29 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Жандының суреті бар жерде намаз оқу

Жандының суреті бар жерде намаз оқу

Сұрақ: Намаз оқылатын жерде, қабырғада адамның немесе жануардың суреті бар болса, мұның намазға зияны бар ма?

Жауап: Жандының суреті намаз оқитын адамның үстінде, алдында, оң және сол жағында, қабырғаға салынған немесе матаға, қағазға салынып асылған, қойылған болса, онда олай намаз оқу мәкрух болады.

Жандының кейіпінде болмаса да крестің суреті де жандының суретіндей. Өйткені, бұл христиандарға ұқсау болып саналады. Оларға ұқсау ниеті болмаса да, олар істейтін жаман нәрселерді және жаман болмағандарын да оларға ұқсау ниетімен жасау мәкрух болады.

Осындай жерлерде және ішкілік, құмар, музыкалық аспап бар жерде намаз оқудың мәкрух екендігі және ол жерге рахмет періштелері кірмейтіні және ол жерде жасалған дұға қабыл болмайтыны «Тәрғиб-ус салат» және «Нисабул ахбар» кітаптарында жазылған.

Музыкалық аспап тыңдалатын және қарау харам болған суреттерге қаралатын нәрселер музыкалық аспап секілді.

Жандының суреті аяқ басатын, отыратын, сүйенетін жерде тұрса, намаз мәкрух болмайды. Сурет намаз оқитын адамның артындағы қабырғада және төбеде болса, жеңіл, яғни тәнзиһән мәкрух болады.

Сәжде етілмейтін жерлерінде жандының суреті бар жайнамаз үстінде намаз оқу мәкрух емес. Өйткені жерге төсеу қорлау болып саналатыны «Дүрәр» кітабында жазылған.

Олай болса, қағба, мешіт суреттері және қасиетті жазулары бар және ойды бұзатын суреттер, ою-өрнектер бар жайнамаздарды қолдану жаиз емес.

Сурет намаз оқитын адамның аяқ астында, отырған жерінде, денесінде, қолында болса, мәкрух болады.

Бұдан аңғарылып тұрғаны, қалтадағы суреттер намазды мәкрух қылмайды. Өйткені басатын, отыратын жер денедегі киім секілді. Білекке асылатын сурет мәкрух. Себебі қолды сүннетке сай қоюға кедергі болады.

Ақшадағы, жүзіктегі және барлық жердегі сурет кішкентай болса, яғни жерге қойғанда тік тұрған адам мүшелерін ажырата алмаса, намаз мәкрух болмайды. Үлкен, бірақ беті жабық болса да мәкрух болмайды. Жандының басы кесілген, беті немесе кеудесі, қарны, басы өшірілген, шимақталған болса, намаз мәкрух болмайды.

Жансыздың суреті, мысалы ағаш, табиғат суреттері қайда тұрса да, намаз мәкрух болмайды. Өйткені, кішкентай және бассыз, жансыз суреттерге ешкім табынбаған. Күнге, айға, жұлдыздарға және жасыл ағашқа табынғандар болған, дегенмен бұлардың өзіне табынған болатын. Суреттеріне табынбаған. Бұлардың өзіне қарата намаз оқу мәкрух болады.