22 - Шәууал, 1445 жыл.
     1 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Ұстазын ренжіткенге өкпелемеу

Ұстазын ренжіткенге өкпелемеу

Сұрақ: Әһли сүннет ғалымдарына тіл тигізген адамға ренжімеу сенімнің әлсіздігінен туындай ма?

Жауап: Бұл тақырыпта Имам Раббани хазрет былай дейді:

«Махаббат сүйіктінің достарын жақсы көруді, ал дұшпандарына дұшпандық жасауды талап етеді. Бұл сүйіспеншілік пен дұшпандық адал адамдарда қиыншылықсыз, өздігінен пайда болады. Досының достары жақсы, ал дұшпандары жаман көрінеді.

Жақсы көремін деген адам сүйгенінің дұшпандарынан аулақ болмайынша адал және сөзінде шыншыл саналмайды. Оны екі жүзді, яғни өтірікші деп атайды. Шәйхулислам Абдуллаһ Ансари хазрет:

«Әбул Хасан бин Сәмун бір күні ұстазым Хусриды ренжітіп қойды. Сол кезден бері көңілім оған суып қалды» деген. Ғұламалардың:

«Ұстазыңды ренжіткенге өкпелемейтін, ашуланбайтын болсаң, онда сенен ит жақсы» деген сөзін осы жерде атап өту орынды болады.

Махаббаттың шарты Құран кәрімде және хадис шәрифте аталған. Аяти карималардан аңғарылғаны бойынша, Аллаһу та'аланың дұшпандарын жақсы көру адамды Аллаһу та'аладан алыстатады. Дұшпанынан аулақ болмайынша шынайы достық болмайды. Бірақ, бұл кейбір адамдар істеп жүргендей, адамды сахабаларды жақсы көрмеуге итермелеп адастырмау керек. Өйткені дұшпандық дұшпандарға жасалуы қажет.

Сізде екі нәрсе бар болса, онда еш мұңаймаңыз! Біріншісі, осы жарқын діннің иесіне бағыну, екіншісі, дінді үйренген ұстазыңыздың ұлылығына сену және оны жақсы көру. Осы екі ниғметке немқұрайлы қарамау үшін Аллаһу та'алаға сиынып, Оған жалбарыныңыз. Осы екеуі бар болса, басқа нәрселердің түзелуі оңай болады.

Осы жолды (әһли сүннетті) ұстанып жүргендерді жақтырмаудың өлтіретін у екенін жақсылап біліп алыңыз. Ғұламалардың сөздеріне, істеріне қарсы келу адамды шексіз пәлекетке жетелейді, әсіресе өзінің ұстазын жақтырмай, оған қарсы шықса, ұстазын ренжітсе, қайда баратынын ойлау керек! 

Бұл ғұламаларға сенбегендер олардың берекетіне қол жеткізе алмайды. Оларға қарсы шыққандар әрдайым зиянға ұшырайды, алданады. Ұстаздың әрбір ісін, әрбір сөзін жақсы және әдемі деп санамайынша оның үстемдіктерінің ешбіріне қол жеткізу мүмкін емес. Егер бір нәрсеге қол жеткізе алған болса, ол истидраж саналып, оның соңы құлдырау мен шөгу болады. Ұстазын жақсы көре тұра ішінде оған деген қылдай ұнатпау бар болса, мұны өзіне пәлекет, құлдырау деп білу керек».