22 - Шәууал, 1445 жыл.
     1 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Досты қалай таңдаймыз?

Досты қалай таңдаймыз?

Сұрақ: Қандай адаммен дос болу керек?

Жауап: «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген мақал бар. Тек ортақ қасиеттері бар адамдар ғана бір-бірімен достық құрады. Бірі жақсы, бірі жаман адамдар дос бола алмайды. Егер достықтары жалғасса, я жаман адам жақсы болады, я жақсы адам жаман болады. Егер жаман адам жамандығында, ал жақсы адам жақсылығында табан тіреп тұрса, достықтары ұзаққа созылмайды. Осы себепті дос таңдағанда мыналарға мән беру керек:

1) Дос ақылды болу керек. Ақылды болмаған адамды ақымақ дейді. Хазреті Әли айтқан:

«Ақымақ және надан адаммен достық құрма! Одан өзіңді қорға! Қаншама ақымақтар бар, ақылды достарын бұзады. Әр адам досымен өлшенеді. Жүректер кездескен кезде бір-біріне әсер етеді».

Ақымақ адам жақсылық жасаймын деп жамандық жасайды. Сондықтан да дана ата-бабаларымыз «Ақымақ дос ақылды дұшпаннан жаман» деген. Ақылды кісі – ислами мінез-құлықпен әшекейленген адам. Ақиқатты қабылдайтын адам.

2) Дос көркем мінезді болу керек. Көркем мінезі жоқ адамның қайыры жоқ. Хадис шәрифте: «Көркем мінезді адам бақытты болады» делінген. (Бәйһақи).

Көркем мінездің ең азы – қиыншылықтарға төтеп беру, жасаған жақсылығына жауап күтпеу, бүкіл адамдарға қамқор болу.

3) Фасық (күнәһар) болмау керек. Фасық – ашық түрде күнә істейтін адам. Аллаһу та'аладан қорқатын адам тұрақты түрде үлкен күнә істеп жүрмейді. Ал Аллаһу та'аладан қорықпайтын адамға сенуге, жүгінуге болмайды.

4) Бидғатшы болмау керек. Бидғатшымен дос болу мұсылман емес адаммен дос болудан да жаман. Адасқан адамдардан аулақ жүрген жөн. Имам Раббани хазрет: «Бидғатшыны қадірлеген адам исламды құлатуға көмектескен болады» деген. Хадис шәрифте: «Бидғатшымен араласпаңдар! Олардың ауруы құтырған иттің ауруындай жұқпалы» делінген.

5) Таңдағымыз келген досымыз дүниеге берілген болмауы керек. Бәрінен бұрын осы аталған қасиеттерге өзіміз ие болуымыз керек. Одан кейін ғана досымыздың бойында іздегеніміз жөн. Дүниенің пайдасыз нәрселерінің соңында жүрген адамдармен дос болу – өлтіретін у секілді. Адамның болмысы, табиғаты бірге өмір сүріп жүрген адамдарға еруге бейім келеді.

 

Хазреті Әли айтқан:

«Көргенде ар-ожданыңды оятатын адамдармен дос болу арқылы амалдарыңды жақсартыңдар!»

Имам Ахмед хазрет айтқан:

«Құрметті деп санамаған адамдарыммен сұхбаттасуым мені пәлекетке түсірді».

Хазреті Лұқман айтқан:

«Балам, ғалымдардың сұхбатына қатыс! Көктемнің жаңбыры жерді көгалдандырғанындай, олардың сұхбатындағы хикмет нұры да адамдардың жүректерін жарқыратады».

Даналық иелерінің айтуынша, достық құрмақшы болған адамыңа cен үшін маңызды нәрселерді айт! Сосын бір сылтаумен оны ашуландыр. Кейін оған бір адам жібер. Ол одан сен туралы сұрасын. Егер сен туралы жақсы сөйлеп, сырыңды сақтаса, ол адамның адал екені аңғарылады. Онымен достық құруыңа болады.

Адал, жақсы адаммен араң ашылса, ол сонда да сен туралы жақсы сөйлеп, жамандығыңды жасырады. Жаман адаммен достығың тоқтаса, ол сенің жақсылығыңды жасырып, сыртыңнан жамандайды.

Фудайл бин Аяз хазрет айтқан:

«Ахиретте салихтармен, тақуалармен бірге болғың келеді, бірақ ол үшін қандай амал жасадың? Ашуыңды Аллаһ үшін жеңдің бе? Саған келмеген туысыңа өзің бардың ба? Досыңның қай кемшілігін кешірдің? Аллаһ үшін қай жақыныңнан алыстадың және Аллаһ үшін кімге жақын болдың?».

Сондай-ақ: «Адамның досының жүзіне мейіріммен және сүйіспеншілікпен қарауы ғибадат» деген.

Күнәһар біреу салих кісіге «Сізді Аллаһ үшін жақсы көремін» деді. Салих кісі ішінен: «Йа, Раббым, мені жақсы көрмесе де сен үшін мені жақсы көретінін айтқан адамнан саған сиынамын» деген екен.

Мүжаһид хазрет айтқан:

«Аллаһ үшін достық құрғандар бірге жиналған кезде бір-біріне күлімдеп қараса, күздегі жапырақтар секілді күнәлары төгіледі».

Ғалымдардың бірі былай дұға еткен екен:

«Йа, Раббым! Менің күнәларымды білесің. Сенің алдыңда кемшіліктерім, айыптарым көп. Бірақ сені жақсы көретін салих, тақуа адамдарды жақсы көремін. Олардың құрметіне мені кешіре көр!».

Демек, салих, тақуа адамдарды жақсы көру үлкен ниғмет. Әрдайым салихтармен бірге болуға тырысу керек.

 

Сұрақ: Кеңес берген кітаптарыңызды оқып, бес уақыт намаз оқуды бастадым. Өз ортамда құрметке, қошеметке ие болдым. Өте қуаныштымын. Әйелім де мен сияқты қуанышқа бөленгісі келеді. Бірақ айналасындағы адамдардың сөзінен, мазағынан қорқып, дініміздің бұйрықтарын орындай алмай жүр. Не істеуге болады?

Жауап: Бүкіл бақытсыздықтың, бүкіл пәлекеттің басы, қайнар көзі – жаман дос. Сондықтан жаман достан, жаман туыстан аулақ болған жөн. Бір мезетте айналадағы сол адамдармен қарым-қатынасты үзу, араласпай қою өте қиын. Ғибадат жасауға бөгет болатын адамдардан аулақ болу шарт. Сондықтан қалай болсын қоршаған ортаңызды ауыстыру керек. Сіздерді танымайтын ортаға кірсеңіз, ол адамдар сіздерді сол күйде қабылдайды. Жақсы ортаға кірсеңіз, әрине жақсырақ болады.