1 - Зүл-қада, 1445 жыл.
     9 - Мамыр, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Асхаби кирам" кітабы / БІРІНШІ ТОМ, 251-ШІ ХАТТЫҢ АУДАРМАСЫ

БІРІНШІ ТОМ, 251-ШІ ХАТТЫҢ АУДАРМАСЫ

Ислам дініндегі ең ұлы ғалым Имам Раббани мүжәддид әлфи сани Ахмед Фаруқи (қуддиса сиррух) хазреттің әртүрлі қалалардағы ғалымдарға, әкімдерге, қолбасшыларға және патшаларға жауап әрі насихат ретінде жазған хаттарының бес жүз отыз алтысынан туындаған «Мәктубат-и Имам-ы Раббани» кітабының бірінші томы, екі жүз елу бірінші хаты мәулана Мұхаммед Әшрафқа жазылып, хуләфа-и рашидинның (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) құндылықтарын, шәйхайн хазреттердің [яғни Әбу Бәкір мен Омардың] (радиаллаһу анһума) үстемдіктерін, хазреті Әмірдің [яғни хазреті Әлидің] (радиаллаһу анһ) ерекше ізгіліктерін, асхаби кирамның (алейһимурридуан) құрметтері мен абыройларын және араларындағы соғыстарының негізін баяндауда.

Бұл хаттың бас жағы пайғамбарларға (алейһимуссалауат) және әулиелерге (қуддиса сирруһум) қатысты терең білімдер болғандықтан, тек соңғы жағын ғана аударамыз:

Хазреті Әмірдің (радиаллаһу анһ) есімінің жәннат есігінің үстінде жазылып тұрғанын білген кезімде шәйхайн хазреттерінің [яғни Әбу Бәкір мен Омардың] (радиаллаһу анһума) жәннат есігіндегі құндылықтары мен құрметтерінің қандай екеніне қызықтым. Түсінуге көп тырыстым. Ақыр соңында түсінгенім, бұл үмбеттің [яғни мұсылмандардың] жәннатқа кіруі осы екі ұлы тұлғаның әмірі және рұқсатымен болады. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) жәннат есігінің алдында тұрып, ішке кіруге рұқсат беретін және Омар (радиаллаһу анһ) қолдарынан жетектеп ішке кіргізетін сияқты. Бүкіл жәннаттың Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) нұрына толып тұрғанын сезудемін. Бұл пақырдың ойынша, шәйхайн хазреттерінің бүкіл асхаби кирам (алейһимурридуан) арасында ерекше құрметтері мен үстемдіктері бар. Басқа ешбірі бұларға ортақ емес. Сыддық (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызбен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге бір үйдің иесіндей. Айырмашылықтары бір үйдің екі қабатындағы айырмашылықтай. Фаруқ та (радиаллаһу анһ) Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) арқасында осы дәулеттің ішінде. Басқа сахабалардың пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақындықтары сүннет-и сәниясына [яғни ислам дініне] бағынуы шамасындай көршілес, ауылдас немесе жерлес секілді. Олар осындай болса, кейіннен келгендердің әулиелері қайда қалды? Осыны ойлану керек! Олай болса, олар шәйхайнның ұлылығынан не түсіне алады? Екеуінің де ұлылығы соншалықты биік, олар пайғамбарлардың (алейһимуссалам) қатарында тұр. Пайғамбарлық мәртебесінен басқа барлық үстемдіктерге ие. Расында пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Менен кейін пайғамбар келсе, Омар пайғамбар болар еді» деген.

Имам Ғазалидың (рахметуллаһи алейһ) айтуынша, халифа Омар (радиаллаһу анһ) шәһид болғанда Абдуллаһ бин Омар асхаби кирамға қарап: «Білімнің оннан тоғызы Омармен (радиаллаһу анһ) бірге өлді!» деген. Кейбіреулердің бұл сөзді түсіне алмай тұрғанын байқағанда: «Білім дегенім Аллаһу та'аланы білу. Дәрет пен ғұсылдың білімдері емес» деді. Омар осындай болса, Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) ұлылығын қалай түсінеміз, Омардың бүкіл жақсылықтары оның бір жақсылығы ғана. Осылай екендігі хадис шәрифте айтылған. Омар мен Сыддық (радиаллаһу анһ) арасындағы айырмашылық Сыддық пен Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арасындағы айырмашылықтан артық. Басқаларының Сыддықтан (радиаллаһу анһ) қаншалықты төмен екенін осыдан түсінуге болады. Шәйхайн (радиаллаһу анһума) қайтыс болғаннан кейін де пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бөлек қалмады. Махшарға да олармен бірге тұрып баратыны хабар берілген. Олай болса, үстемдік, ізгілік Оған жақындық дегенді білдіріп, бұл осы екеуіне тән. Бұл пақырлығым және төмендігіммен Олардың үстемдіктерінен не түсіне аламын, не айта аламын, үстемдіктері жайлы не сипаттай аламын? Шаң тозаңының, түтіннің күнді сипаттап беруге шамасы жете ме? Бір тамшы су үлкен теңіздер жайлы айта ала ма?

Адамдарға насихат айту, баршаға жол көрсету үшін кері қайтқан әулиелер (қаддәсаллаһу та'ала асрара-һумул азиз) кәшфтерінің нұрымен және табиин мен тәбә-и табииннен ижтиһад дәрежесіне көтерілген ғалымдар (рахимә-һумуллаһу та'ала) хадис шәрифтердің терең ұғымындағы мағыналарын тауып түсінумен шәйхайнның (радиаллаһу анһума) кемелдігінен біраз түсініп, ақиқаттарынан аз нәрсеге қолжеткізіп, үстемдіктерін хабар берген және мұнда ғалымдардың ауыз бірлігі пайда болған. Бұл сөздеріне сай келмейтін кәшфтердің, аяндардың қате екенін айтып, бұларға мән бермеген. Бұл екеуінің үстемдігі асхаби кирам арасында онсыз да әйгілі болған. Мысалы, Бұхари-и шәрифте Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһума) айтады: «Біз пайғамбар (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәуірінде Әбу Бәкірдей ешкімді білмейтін едік. Одан кейін Омарды, Одан кейін Османды (радиаллаһу анһум) білетін едік. Олардан кейін ешкімді ешкімнен үстем санамайтынбыз». Әбу Даудтың жеткізгені бойынша, тағы Абдуллаһ бин Омар айтады: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәуірінде біз ең үстем Әбу Бәкір, кейін Омар, кейін Осман (радиаллаһу анһум) дейтін едік».

Әулиелік пайғамбарлықтан жоғарырақ дегендердің сөзі арбаби сәкрдің (әулиелік халдердің әсерінен), ой-қиялдың жетегімен сөйлейтіндердің сөзі. Яғни кері қайтпаған, пайғамбарлық мәртебенің кемелдігінен хабары жоқ әулиелердің сөзі. Бұл пақыр көптеген хаттарымда ұзағынан баяндағанмын, пайғамбарлық әулиеліктің үстінде. Тіпті пайғамбардың өз әулиелігінің де үстінде. Сөздің дұрысы осы. Мұның терісін айтқан адам пайғамбарлық мәртебенің жоғары екенін білейтін адам. Әулиелік жолдардың арасында «Силсилә-туз зәһәб» жолы Сыддықи әкбардың (радиаллаһу анһ) жолы болғандықтан, бұл жолдың жолаушылары сергек болады. Сондықтан жолдардың ең үстінде тұрады. Басқа жолдағы әулиелер бұлардың кемелдігіне қалай жете алсын? Олардың негізін қалай түсіне алсын? Бұл жолдың жолаушыларының бұл істе табыстары тең деп айтқым келмейді. Бәлкім миллионнан бірі осылай бола алса, бұл ниғмет, бақыт болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берген хазреті Мәһди (рахимә-һуллаһу та'ала) әулиеліктің ең жоғары дәрежесінде болатындықтан, ол да бұл жолдан жетілген және бұл жолды толықтырған, түзеткен болады. Өйткені бүкіл әулиелік жолдар бұл жолдан төмен және жетіп келген әулиеліктерде пайғамбарлық мәртебенің кемелдіктерінен аздаған нәрсе бар. Бұл жолдан қолжеткізілген әулиелікте болса Сыддық-и әкбардың жолы болғандықтан, ол кемелдіктердің көбі бар.

Хазреті Әмір (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) уилаятын (әулиелігін) алғандықтан кері қайтпайтын, яғни халық арасына араласпайтын, әулиелік кемелдігі бойларында артығымен болған әулиелердің, мысалы құтыптардың, абдалдың және әутадтың тәрбиелері, оның көмегі, жәрдемі арқылы болады. Құтбул ақтаб, яғни құтб-и мәдар оның бұйрығы және тәрбиесі астында. Яғни міндетін оның көмегі және жәрдемі арқылы атқарады. Фатима-туз зәхра және Хасан мен Хусейн (радиаллаһу анһум) да осы мәртебеде хазреті Әмірмен ортақ.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының барлығы (радиаллаһу анһум) ұлы. Әрқайсысын ұлы деп білу және айту қажет. Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) жеткізгені бойынша пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Аллаһу та'ала бүкіл адамзат арасынан мені таңдады, ажыратты. Адамдардың ең жақсыларын маған сахаба ретінде таңдады. Олардың арасынан маған туыс және көмекші ретінде ең үстемдерін ажыратты. Кімде кім мені жақсы көргені үшін оларды құрметтесе, Аллаһу та'ала оны барлық қауіп-қатерден қорғайды. Оларды қорлап мені ренжіткендерді ренжітеді». Абдуллаһ бин Аббас (радиаллаһу та'ала анһума) жеткізгені бойынша Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Сахабаларыма тіл тигізгендерді, оларды балағаттағандарды Аллаһ лағнет етсін! Бүкіл періштелердің және адамдардың қарғыстары оларға жаусын!». Айша Сыддықа (радиаллаһу анһа) хабар берген хадис шәрифте: «Үмбетімнің ең жаманы – сахабаларыма тіл тигізуге батылы жеткендер» делінген.

Асхаби кирам (алейһимурридуан) арасында болған соғыстарды жақсы себептерден, жақсы ойлардан туындады деп білу, дүниелік үшін, жеке пайда үшін деп білмеу қажет. Өйткені олардың бөлінуі ижтиһад және тәуил бөлінуі еді. Нәпістің қалауынан туындаған бөліну емес еді. Әһли сүннет ғалымдарының бәрі осылай айтады. Негізінде хазреті Әмірге қарсы соғысқандар қателесті. Хақ хазреті Әмірдің (радиаллаһу анһ) тарапында еді. Бірақ олардың қателіктері ижтиһад қатесі болғандықтан, ештеңе айтуға және тіл тигізуге болмайды. «Шәрһи мәуақиф» кітабында жазылғаны бойынша, Амидидың айтуынша, Жәмәл мен Сыффин оқиғалары ижтиһад себебінен еді. Әбу Шәкур Мұхаммед Сүләми «Тәмхид» кітабында жазғанындай, әһли сүннет уәл жамағат бойынша хазреті Муауия және онымен бірге болғандар (радиаллаһу анһум) қателескен еді. Бірақ олардың қателіктері ижтиһад қатесі еді. Ибн Хажәр Мекки «Сауаиқ-и мухрика» кітабында жазғанындай, хазреті Муауияның хазреті Әмірге (радиаллаһу анһума) қарсы соғысы ижтиһад себебімен еді. Әһли сүннет ғалымдары осылай айтқан. «Шәрһи мәуақиф»-тағы «Сахабаларымыздың көбісінің айтуынша ол соғыстар ижтиһад себебімен емес еді» деген сөзде сахабаларымыз деп кімдер туралы айтқысы келген? Әһли сүннет ғалымдары олай айтпайған, керісінше айтқан. Ғұламалардың кітаптарының бәрі ижтиһадтағы қателік екенін жазады. Мысалы Имам Ғазали және Қазы Әбу Бәкір және т.б. ғалымдар. Олай болса, хазреті Әмірге (радиаллаһу анһ) қарсы соғысқандарға күнәһар, адасқан дегендей сөздер айту жаиз емес (рұқсат емес).

Қазы Аяздың (рахимә-һуллаһу та'ала) «Шифа» кітабында Имам Малик (радиаллаһу анһ) айтады: «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының бірін, мысалы Әбу Бәкірді немесе Омарды немесе Османды немесе Муауияны немесе Амр бин Асты (радиаллаһу анһум) балағаттаған және оларды жамандаған адам егер жолдан шықты, кәпір болды деген болса, ол адам өлтірілу керек. Жоқ егер басқа бір айып және кемшілікпен жамандаған болса, ауыр түрде соққыға алыну керек». Хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) соғысқандар өздерін алеуи деп атаған шиилердің шектен шыққандары айтқанындай кәпір емес. Күнәһар да емес. Өйткені Айша Сыддықа (радиаллаһу анһа), Талха, Зубәйр және асхаби кирамның көбі олардың қатарында (ридуануллаһи алейһим әжмаин). Талха мен Зубәйр (радиаллаһу анһума) Жәмәл соғысында он үш мың адаммен бірге өлтірілген еді. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) ол кезде араласпаған болатын. Мұсылман кісі олар туралы адасты немесе күнәға батты дегендей сөздер айта алмайды. Пиғылы бұзық, рухы лас адам ғана айтады.

Фиқһ ғалымдарының кейбірі хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) туралы зұлымдық жасады деген болса, мұның мақсаты хазреті Әмірдің халифалығы кезінде өзін халифа жариялауы дұрыс емес еді дегені. Адасу және күнә істеу белгісі болған зұлымдық деген сөз емес. Бұл жолмен сөздері әһли сүннет ғұламаларының сөздеріне сай болады. Сонымен қатар шынайы дін ғұламалары ондай қате мағына түсінілетіндей сөздер айтпайды. Хазреті Муауияны (радиаллаһу анһ) қалайша залым деуге болады? Оның Аллаһу та'аланың бұйрықтарын және мұсылмандардың ақыларын қорғауда әділ халифа болғанын «Сауаиқ-и мухрика» кітабында ғұлама Ибн Хажәр Мекки жазуда. Ондай сөздерді Язид туралы айтса орынды. Бірақ Муауия (радиаллаһу анһ) туралы айту өте жаман болады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) қайырлы дұға еткенін хадис ғалымдарының барлығы айтады. Мысалы «Йа, Раббым, оған кітап, яғни жазуды әрі ілім мен есеп-қисапты үйрет және оны азаптан қорға!» және бір ретінде «Йа, Раббым! Оны тура жолға түсір және тура жолға түсіруші қыл!» деген. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұғасының қабыл болатыны күмәнсіз. Оған қарғыс айтты деген жаңа [надан, адасқан] дін адамдарының (!) діни кітаптардан мүлде хабарлары жоқ екені аңғарылмай ма? Имам Шаби хазреттің хазреті Муауияны (радиаллаһу анһ) жамандады дегендей сөздер де шындық емес. Ондай нәрсе болса, Шабиның шәкірті болған Имам Ағзам Әбу Ханифаның бұл сөздерді айтуы қажет болар еді. Имам Малик (радиаллаһу анһ) бір риуаят бойынша тәбә-и табииннен және хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) дәуірінде өмір сүрді. Мәдина ғұламаларының ең үлкені болғаны анық. Осы үлкен ғалым Муауияны және Амр бин Асты (радиаллаһу та'ала анһума) балағаттағандарды өлтіріңдер дейтін бе еді? Демек оны балағаттауды үлкен күнә санап, балағаттағандарды өлтіруді әмір еткен. Оны балағаттауды хазреті Әбу Бәкірді және Омарды, Османды (радиаллаһу анһум) балағаттау секілді деп білген.

Олай болса, хазреті Муауияны (радиаллаһу анһ) жамандау мүлде рұқсат емес. Жақсы ойлап қарасақ, хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) бұл істерде жалғыз өзі емес еді. Асхаби кирамның жартысы дерлік онымен бірге еді. Егер хазреті Әмірге (радиаллаһу анһ) қарсы соғысқандарға кәпір немесе күнәһар делінсе, ислам дінінің жартысы құлайды. Өйткені ислам дінін әлемге жайған, бізге жеткізген олар. Оларды тек қана дүмшелер, яғни ислам дінін құлатуға тырысатындар жамандайды. Ол соғыстардың, бүліктердің шығуы хазреті Османның шәһид болуымен басталды. Өлтірушілердің жазалануын талап етумен басталды. Талха мен Зубәйр (радиаллаһу анһума) жаза кешіккендіктен Мәдинадан шығып кетті. Айша да (радиаллаһу анһа) бұл мәселеде олармен бірге еді. Жазаны бір сәтке ертерек жүзеге асырғысы келген еді. Соғысу ойларына да келмеген еді. Жәмәл соғысы хазреті Османның (радиаллаһу анһ) шәһид етілуіне себеп болған Абдуллаһ бин Сәбә яһудиінің және оның адамдарының шабуылдауымен басталды. Бұл соғыста он үш мың адам және Талха мен Зубәйр (радиаллаһу анһума) өлтірілді. Муауия (радиаллаһу анһ) кейіннен Шамнан бұл мәселеге араласып, оларға қосылды. Сыффин соғысы орын алды. Имам Ғазалидың айтуынша, бұл соғыстар халифа болу үшін емес еді. Хазреті Әмірдің (радиаллаһу анһ) халифалығының басында қылмыскерлерге жаза берілуі үшін еді. Аллама Ибн Хажәр Мекки хазрет те әһли сүннет осылай айтады дейді. Ханафи ғалымдарының үлкендерінің бірі Әбу Шәкур Мұхаммед Сүләмидің айтуынша, хазреті Муауияның хазреті Әмірмен соғысуы халифалық үшін еді (радиаллаһу анһума). Өйткені пайғамбар (алейһиссалату уәссәләм) оған «Адамдардың басына (билікке) өткен кезіңде оларға жұмсақ бол!» деген еді. Мұны естіген күнінен бері оның ішінде халифалық қалауы оянған болатын. Бірақ ижтиһадында қателескен еді. Хазреті Әмірдің (радиаллаһу анһ) ижтиһады дұрыс еді. Өйткені оның халифалығының уақыты хазреті Әмірдің (радиаллаһу анһума) халифалығынан кейін еді. Бұдан бүліктің басталуына қылмыскерлерді жазалаудың кешігуі себеп болғаны аңғарылады. Жаза берілмеген соң халифа болу пікірі пайда болды. Не болса да, бұл ижтиһад мәселесі еді. Қателескен бір дәреже, дұрыс тапқан екі дәреже сауап алды. Бұл мәселеде біз үшін ең жақсы жол пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларының (радиаллаһу анһум) ұрыс-керісіне араласпау. Бұл туралы сөз қозғамауымыз керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Асхабым (ридуануллаһи алейһим әжмаин) арасындағы мәселелерге араласпаңдар!». Тағы: «Асхабым (алейһимурридуан) туралы айтылған кезде тілдеріңді тыйып отырыңдар!» деді және хадис шәрифте: «Асхабым үшін Аллаһу та'аладан қорқыңдар! Сахабаларыма тіл тигізбеңдер!» деді.

Иә, опасыз Язид қырсық және пасық еді. Оны қарғамау әһли сүннеттің кәпір болса да адамды қарғауға рұқсат бермегені үшін. Тек қана кәпір болып өлгені мәлім адамды қарғау рұқсат деген. Әбу Ләһәб және әйелі секілді. Әйтпесе Язидті қарғамау керек деген сөз емес. Аллаһу та'аланы және Оның Расулын (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ренжітушілерді дүниеде және ахиретте Аллаһ лағнет етсін!

Қазіргі таңда көптеген адам халифалық мәселесін әңгіме қылып айтып отырады. Сөзді айналдырып асхаби кирам арасындағы соғыстарға келтіреді. Надандар жазған тарих кітаптарын оқып, бидғатшылардың өтіріктеріне сеніп, асхаби кирамның (алейһимурридуан) көбісін жамандайды. Сондықтан осы тұрғыда білетін ақиқаттарымды жазып достарыма жолдауды жөн көрдім. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Бүлік артып, өтіріктер жазылатын, әдеттер ғибадаттарға араластырылатын және сахабаларыма (алейһимурридуан) тіл тигізілетін кезде дұрысты білгендер баршаға білдірсін! Аллаһу та'аланың және періштелердің әрі бүкіл адамдардың қарғысы дұрысты біліп, шамасы жете тұра айтпағандарға жаусын! Аллаһу та'ала ондай ғалымдардың парыздарын да, басқа ғибадаттарын да қабыл етпейді».

Аллаһу та'алаға қанша шүкір етсек те аз, [Үндістанда] заманымыздың патшасы ханафи мазһабында және әһли сүннет сенімінде. Әйтпесе мұсылмандардың жағдайы өте қиын болар еді. Бұл үлкен ниғметке әрбір мұсылман шүкір ету керек.

Әр мұсылманның әһли сүннет сенімін үйреніп, иманын соған қарай түзетуі, әркімнің сөзіне және тоқыма кітаптарға алданып, тура жолдан таймауға тырысуы қажет. Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) кітаптарын тастап, дінін, иманын дін дұшпандарының қулықпен, алдайтын, арбайтын сөздерімен жазған кітаптары мен журналдарынан үйренуге кірісу өз-өзін тозаққа тастау болады. Әһли сүннет уәл жамағат ғалымдарының сөздерін жеткізетін кітаптарды оқып, соларға бағынудан басқа құтылу жолы жоқ. 251-ші хаттың аудармасы осы жерде тәмәм болды.