27 Шілде 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / НАМАЗ УАҚЫТТАРЫ

НАМАЗ УАҚЫТТАРЫ

Пайғамбарымыз алейһиссалам бiр хадисiнде былай дедi: «Жәбрейiл алейһиссалам Қағбаның есiгiнiң жанында екi күн маған имам болды. Екеумiз таң шапағы туғанда таң намазын, күн тал түстен ауғанда бесiн намазын, әр нәрсенiң көлеңкесi өзiмен бiрдей болғанда екiнтiнi, күн батысымен ақшамды және шапақ қарайғанда құптанды оқыдық. Ал екiншi күнi таң намазын айнала жарық болғанда, бесiндi әр нәрсенiң көлеңкесi өзiнен екі есе ұзын болғанда, екінтіні осыдан сәл өткізіп, ақшамды ораза бұзылған уақытта, құптанды түннiң үштен бiрi кiргенде оқыдық. Кейiн: «Ей, Мұхаммед алейһиссалам сенiң және өткен пайғамбарлардың намаз уақыттары осы. Үмметiң бес уақыт намаздың әрбiрiн осы оқыған екi уақыттың арасында оқысын» – дедi.» Әр күнi оқылуы әмiр етiлген намаз санының бесеу болғандығын осы хадистен де бiлуге болады.

Таң намазының уақыты – фәжір уақытынан, яғни көкжиек ағараңдағаннан бастап, күн шыққанға дейiнгi уақыт.

Бесiн намазының уақыты – көлеңке қысқара бастаған уақыттан бастап, әр бір заттың көлеңкесі өз бойынан бiр немесе екi есе ұзарғанға дейiн жалғасады. Бiрiншiсi, екi имамға, яғни Имам Абу Юсуф пен Имам Мұхаммедтiң үкімі, екiншiсi, болса Имам Ағзам Абу Ханифаның үкімі.

Екiнтi (намаздыгер, аср) намазының уақыты – Бесiн намазының уақыты бiтiсiмен басталады. Имам Юсуф және Имам Мұхаммедтiң үкімі бойынша бiр нәрсенiң көлеңкесi сол затпен бiрдей болғаннан бастап күн батқанға дейiнгi уақыт. Ал Имам Ағзам Абу Ханифаның үкімі бойынша, бiр заттың көлеңкесi өзiнен екi есе ұзын болғаннан бастап күн батқанға дейін.

Бiрақ күн қызарғаннан кейiн, яғни батуына найза бойы қалғанда қандай да бiр намаз оқу харам болады. Екінті намазын бұл уықытқа дейін кешіктіру харам. Алайда, сол күннің екінті намазы оқылмаған болса, күн батқанға дейін оқу керек.

Ақшам намазының уақыты: Күн батқаннан кейiн басталып көк жиектің қарайғанына дейiн, яғни қызарудың жоқ болуына дейiн жалғасады.

Құптан намазының уақыты: Ақшам намазының уақытының шығуынан басталып көк жиектің ағаруына дейiн жалғасады. Имам Ағзамның үкімі бойынша құптан уақыты батыс толығымен қарайғанда басталады. Яғни, екi Имамның үкімі бойынша екінті немесе кұптан уақыты кірген соң, тағы жарты сағат өткізіп оқылса, бұл намаздар бүкіл имамдардың үкіміне сай оқылған болады. Құптан намазын себепсiз түннiң жартысынан кейiнге қалдыру мәкрух.

Намаздарды уақытынан бұрын және кейiн оқу харам.

Намаз оқу тахримән мәкрух, яғни харам болған уақыт үшеу: Күн шығып келе жатқанда, күн дәл төбеде тұрғанда, күн батып бара жатқанда. Бұл үш уақытта оқылған намаздар қабыл болмайды және де дайын тұрған жаназаның намазын оқу, тилаует сәждесі, сәһу сәждесі жасау жаиз емес. Күн батып бара жатқанда тек қана сол күннiң екiнтi намазын оқуға болады.

Тек нәпiл намазын оқу мәкрух болған екі уақыт бар. Бiрiншiсi, таң намазының парызынан кейін күн шыққанға дейiн, екiншiсi, екiнтi намазының парызынан күн батқанға дейiн.