21 Қыркүйек 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Нағыз жетістік

Нағыз жетістік

Бір мұсылман дұрыс себепке жабысса, дұрыс нәтиже алады. Ал қисық себепке жабысқан адам қисық нәтижеге қол жеткізеді. Бірақ себепке жабысатын кезде ол себептің дұрыс немесе бұрыс екенін ажырату өте қиын. Пайғамбарымыздың “ алейһиссалам” мынадай дұғасы бар: «Аллаһүммә әринәл хаққи хаққән уә әринәл батили батилән». Мағынасы: “Йа Раббым маған дұрысты дұрыс етіп, бұрысты бұрыс етіп білдіре гөр”. Бұл – пайғамбарымыздың дұғасы. Адам баласының өмірде басынан өткеретін ең қиын нәрсесі – қате себептерге жабысып көңілсіз нәтижеге қол жеткізуі. Жарайды ал сонда дұрыс себепке қалай жабысуға болады, дұрыс нәтижеге қол жеткізу үшін не істеу керек?... Бұл сұрақтың жауабы (формуласы) Әһли сүннет ғұламаларының кітаптарында білдірілген. Онда былай делінеді: «Екі формула беремін. Кімде-кім осы екі формула бойынша әрекет етсе, атқарған ісін дұрыс жасаса да қате жасаса да дұрыс нәтижеге қол жеткізеді. Бұл тек қана дұрыс нәтижеге алып баратын формула. Біріншісі: Бір істі бастар алдында біреуді қуанту, яғни садақа беру, содан кейін дұға ету. “Йа Раббым мен мына жұмысты істегім келеді, маған осы жұмыста жетістікке жетуімді нәсіп ете гөр”, деп дұға ету керек. Бұл бірінші себеп. Екіншісі болса, жетпіс рет “әстағфируллаһ мин күлли мә кәрихаллаһ” деп айту.» Жетпіс рет айттық, садақаны бердік, дұға еттік сөйтіп жұмысты бастадық делік... Содан не керек сәтсіздікке ұшырадық!... Дұрыс себепке жабыссақ дұрыс нәтиже аламыз дегеніміз қайда?!... Дініміздің ұлылары былай дейді: “Кез-келген жетістікке жетуге, адамдармен жақсы мәміледе болуға, кез-келген бақыт пен рахатқа қауышуға адамның өз нәпсі кедергі болады. Өйткені нәпістің Аллаһқа дұшпан, пайғамбарға дұшпан, бізге де дұшпан екендігі айтпай-ақ белгілі. Адамның бұл өмірде басынан өткеретін қиыншылықтары, қайғы-мұңдары және т.б. қандай қасіреттері болса, барлығы нәпіске мойынсұнғандықтан туындайды, яғни игіліктердің бәріне тосқауыл болатын нәпіс.”

Кәпірлердің жетістікке жетулерінің себебі сұралғанда ғұламалар былай деп жауап берген: “Сендердің жетістік дегендерің не нәрсе, жетістік дегенде нені түсінесіңдер? Шынайы өмірдегі жетістік пе әлде түстегі (ұйқыдағы) жетістік пе? Түстегі жетістікті айтқан болсаңдар, ол жетістік емес. Өйткені адам түсінде кез-келген нәрсені істей алады, кедей де бола алады, бай да бола алады, неше түрлі зәулім ғимараттар да тұрғыза алады. Бірақ оянғанда, яғни өліп ана дүниеге барғанда сол жасағандарының есебі сұралады, бұларды не үшін жасадың делінеді... Олай болса, әрбір істеріңде өлгеннен кейін Раббымның разылығына қалай қауышамын, бұл ісімнен Раббым разы бола ма деп ойлайтын болсаңдар, сонда істеген істеріңнің барлығы Аллаһу та’аланың разылығына сай істелген болады. Нағыз жетістік деген осы.

Ал егер жетістік дегендегі мақсаттарың бай болу, атақты болу, адамдарға ұнайтын болу, адамдардың сен туралы сөз етуін, мақтауын қалау болса, онда бұған да жетесіңдер. Алайда бұл жетістіктерің өлгеннен кейін сәтсіздікке айналады. Шынайы жетістік – Аллаһу та’аланың разылығы, яғни өлгеннен кейін де өзінің құндылығын жоғалтпайтын нәрсе. Аллаһу та’аланың разылығы осы екі шарттың орындалуына байланысты. Олай болса садақа беріп, дұға етіп, жетпіс рет истиғфар айтып жасалған дүниелік істерде жетістікке жеттің не, жетпедің не... Бірақ бұл Аллаһу та’аланың разы болатын ісі екенін міндетті түрде білу керек. Өйткені өз ақылымызды қолданбай, білдірілген себепті орындағанымыз үшін бұл жерде нәпістің үлесі болмайды. Нәпістің үлесі болмайынша иншаллаһ жасалған істердің нәтижесі қайырлы (жақсы) болады.

Егер дұғамыз қабыл болсын десек, өзгелердің дұғасын алуымыз керек, өзгелерді қуантуымыз керек. Бір замандарда Мысырда жұт болып, жаңбыр да жаумай қояды. Адамдар жаңбыр жаууы үшін шара іздеп, дұға етеді, бірақ еш жаңбыр жаумайды. Салих бір кісі мешітте жамағатқа қарата «Мен мұның шарасын, жаңбырды қалай жаудыру керектігін білемін. Әрбір адам садақа берсін, сонда дұға қабыл болады» дейді де «Менің мына шапанымнан бақа ешнәрсем жоқ, мен шапанымды беремін» деп шапанын шешіп ортаға қояды. Одан кейін адамдар несі бар болса ортаға жинап, мұны кедейлерге таратады. Кейін қолдарын жайып «Уа Раббым, құлдарыңды қуантқан адамдардың дұғасын қабыл ететініңді білдіргенсің, біз сенің кедей құлдарыңды қуанттық Йа Рабби» деп жатқанда көкпеңбек, ашық аспан бірден қара бұлттармен қапталып жаңбыр жауа бастайды... Егер дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ, өзгелерді қуантып, өзгелердің дұғаларын алуымыз керек. Бір кісі бір әулиеге келіп: “Балам ауырып қалды, шипаға қауышып, жазылып кетуі үшін дұға етіңізші” дегенінде әулие кісі: “Пәлен жерде бір кедей тұрады, әуелі соны қуантыңдар содан кейін келіңдер” дейді. Кедейді қуантқаннан кейін айтылған дұғамен бала жазылып орнынан тұрып кетеді. Аллаһу та’аланың дұғамызды қабыл етуі үшін, бізді жақсы көруі үшін дұғаның шарттарына мойынсұнуымыз және Оның құлдарын қуантуымыз керек.

Аллаһу та’ала бұл дүниеде Оның разылығы үшін жасалған ғибадаттар мен амалдарды қабыл етеді. Адамдарға көрсету (мақтану) үшін, адамдарға жағымпаздану үшін жасалған амалдарды қабыл етпейді. Сондықтан ғибадаттарымыздың, амалдарымыздың, іс-әрекеттеріміздің барлығын ықыласпен орындауымыз керек. Хазреті Имам Раббани былай дейді: “Ахыретте Аллаһ разылығы үшін жасалған ғибадаттардан басқа амалдардың ешқайсысы қабыл етілмейді. Сондықтан аз да болса дұрысын жасау керек, яғни Аллаһтың разы болатын амалдарды жасау керек. Ең маңызды нәрсе Аллаһ разылығы. Шейх Шади Ширазидің “Гүлістан” атты кітабында: «Әлидің пайдасына жұмыс істеп, ақысын Уәлиден сұрамаңдар, кімге жұмыс істесеңдер, ақысын содан сұраңдар» делінеді. Жасаған амалдырымызды адамдар көрcін, “қандай керемет” деп мақтасын деген оймен емес, Аллаһу та’алаға ұнасын деп орындауымыз керек.