20 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Аманатқа қиянат – екі жүзділіктің белгісі

Аманатқа қиянат – екі жүзділіктің белгісі

Қиянат - өзін өзгелерге сенуге болатын, адал адам ретінде танытып, кейін сол артылған сенімді ақтамайтын тірлік істеу деген сөз. Бұл өте жаман мінездердің бірі. Қиянатшы – аманатқа қиянат жасайтын, жамандық жасайтын адам. Мұсылман болсын, кәпір болсын кез-келген адамға қиянат жасау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте: «Сенімді болмаған адамда иман жоқ. Уәдесінде тұрмаған адамда дін жоқ.» делінеді.

Бұл хадис шәрифті әһли сүннет ғұламалары “аманатқа қиянат жасаған адамның иманы кәміл болмайды, бұл нәрсеге мән бермесе иманы кетеді” деп түсіндірген.

 

            Қиянат жасау адамдардың ренжуіне алып келеді, бұл өз кезегінде харам және мүнафиқтықтың (екіжүзділіктің) белгісі болып табылады. Қиянаттың терісі – аманат, сенімді болу. Аманат пен қиянат затта, мүлікте болатыны секілді сөзде де болады. Хадис шәрифте «Ақыл сұралған адам – сенімді адам.» делінген.  

            Ақыл сұралған адамның дұрыс нәрсені айтатынына және сұралған нәрсені өзгелерден жасыратынына аманат етіліп, сеніледі. Адам, мүлкін сенетін адамына аманат ететіні (тапсыратыны) секілді, дұрыс айтатынына сенетін адамынан да ақыл, жол сұрайды. Али имран сүресінің 159-аятында: «Істейтін ісіңді әуелі ақылдас (кеңес) деп бұйырылған.

            Ақылдасу, яғни кеңесу адамды өкінуден, опық жеуден қорғайтын қамал секілді. Ақыл сұралатын кісі адамдардың жағдайын, заманның және мемлекеттің шарттарын білуі тиіс. Бұл саясат ілімі деп аталады. Сонымен қатар ақылды, озық пікірлі, ілгеріні болжай алатын, тіпті денінің де сау болуы тиіс. Ақыл сұралған адамның білмегенін немесе білгенінің терісін айтуы күнә болады. Жаңылысып қате айтуы күнә болмайды.

 

            Хазреті Абдуллаһ бин Мәсуд былай деген: “Дінімізден ең әуелі айрылып қалатын, жоғалтатын нәрселерің – аманат болады. Ең соңынан айрылатын нәрселерің – намаз болады. Діні болмаса да намаз оқитындар пайда болады.”

            Хазреті Суфйан Сәури насихат сұраған адамға былай дейді:

“Ардақты бауырым! Көркем әдеп пен көркем мінезге жақсылап жабыс! Жамағатқа қарсы келіп, олардан ажырап қалма! Өйткені жақсылық жамағатта. Бірақ, жамағат дүниеге беріліп, дүниеліктерімен әуре болып жатса оларға мойынсұнба. Дін туралы сенен бір нәрсе сұраған әр мұсылманға көмегіңді тигіз! Оларға жол көрсет! Оларға насихат айт! Аллаһу та'аланың ұнататын ісінде, сенімен ақылдасуға келген адамнан ешнәрсені жасырма! Мұсылманға қиянат жасаудан сақтан! Кімде кім бір мұсылманға қиянат етсе Аллаһу та'аламен Расулына қиянат еткен болады. Мұсылман бауырыңды Аллаһ разылығы үшін жақсы көретін болсаң, жаныңмен малыңды одан аяма.”

            Юсуф есімді бір адам  хазреті Зүннун Мысридың “Исми ағзам” дұғасын білетінін естіп, Мысырға барып, оған бір жыл қызмет етеді. Бір күні әлгі Юсуф хазреті Зүннун Мысриға:

- Ей ұстазым, сізге бір жыл қызмет еттім, енді ақымды беруіңіз керек. Сіздің Исми ағзам дұғасын білетініңізді естіп едім. Оны менен басқа ешкімге сеніп тапсыра алмайтыныңызды білетін шығарсыз – дейді. Хазреті Зүннун Мысри оған үн қатпай қоя салады. Арадан алты ай өткеннен кейін хазреті Зүннун Мысри әлгі шәкіртін шақырып, оған аузы жабылған бір ыдысты беріп:

- Фустатта пәлен досымды танисың ғой? -  дейді. Шәкірті:

- Танимын ұстазым – деп жауап қайырады.

- Міне мына ыдысты соған апарып бер – дейді.

            Шәкірті аузы жабық ыдысты алып жолға аттанады. Жолда кетіп бара жатып бірден “хазреті Зүннун Мысри секілді ұлы адам сыйлық жіберді. Бұл не болды екен? Қаншалықты құнды зат екен?” деген ойлар келеді. Қызығуын тоқтата алмай аузы жабылған ыдысты ашады. Аша сала ішінен бір тышқан атып шығып қаша жөнеледі де, көзден ғайып болады. Не істерін білмеген шәкірті хазреті Зүннун Мысриға келіп болған жағдайды айтып береді. Хазреті Зүннун Мысри шәкіртіне:

- Балам біз сені сынадық. Саған бір тышқанды аманат еттік, сен оған қиянат еттің. Бұдан кейін саған “Исми ағзам”-ды сеніп аманат ете аламын ба? – дейді.  

            Қорыта айтқанда мұсылман – аманатты, сенімді ақтайтын, қиянат етпейтін адам деген сөз. Өзіне аманат етіп тапсырылған ешбір нәрсеге қиянат етпейді. Пайғамбарымыздың айтқаны секілді: «Мүнафиқтың (екіжүздінің) үш белгісі бар: Өтірік айтады, сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат етеді.»