24 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Қасиетті уақыттар (күндер-түндер) / Бәрат – құтылудың құжаты

Бәрат – құтылудың құжаты

Бәрат немесе Бәраат сөзінің сөздіктегі мағынасы – ақталу, кінәдан, жазадан құтылу, бір адамның тағылған кінәдан ұзақ екенінің немесе айтылған айыптардың шын мәнінде айып емес екенінің анықталуы дегенді білдіреді. Сонымен қатар, Бәрат – құтылудың құжаты деген мағынаға да келеді.

Аллаһу та'ала төрт адамды төрт нәрсе арқылы айыптан, жаладан бәрат еттірген. Юсуф алейһиссаламды куәгер арқылы, Мұса алейһиссаламды киімін арқалап жүретін тас арқылы, хазіреті Мәриямды баласын сөйлету арқылы, хазіреті Айшаны Нұр сүресінің жиырма алтыншы аяты арқылы бәрат еттірген.Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ахиретте көптеген адам жәннатқа есепке тартылмай кіреді. Оларға мизан, таразы құрылмайды. Оларға берілген парақ беттерінде: “Лә илаһә иллаллаһ, Мухаммәдун расулуллаһ. Бұл – пәленше ұлы түгеншенің жәннатқа кіруінің және жаһаннамнан құтылуының бәраты (құжаты)” деп жазылады.» деген.

Абдуллаһ ибн Омар хазреттері бір күні Расулуллаһ алейһиссаламның құзырына келгенінде, пайғамбарымыз: «Қиямет күні барлық адамның бәраты, яғни құтылуының құжаты, барлық амалы өлшенгеннен кейін беріледі. Абдуллаһтың бәраты болса, дүниеде берілген» деді. Себебі сұралғанда: «Өзі уәра және тақуа иесі болғанындай, дұға етіп жатқанында “Йа, Раббым! Менің денемді қиямет күні сондай үлкен ете гөр, жаһаннамды тек мен ғана толтырайын. Осылайша жаһаннамды адамдармен толтырамын деген сөзің орындалған болады, Мухаммед алейһиссаламның үмбетінен ешкім жаһаннамда жанбасын” деп дін бауырларын өз жанынан да артық жақсы көретінін көрсетті.» деді.

Бір қажылық маусымында бір адам Әбу Амр әз-Зужажи хазреттерінің жанына келіп:

– Қажылығымды орындадым. Бәратымды беріңіз. Сіздің жолдастарыңыз сізден бәратымды алуға жіберді,- дегенінде Әбу Амр әз-Зужажи хазреттері ол адамның көңілінің таза екенін көреді және оған адамдардың қалжыңдағанын түсінеді. Сосын оған Қағбаның есігі мен Хажәрул-әсуад арасындағы Мултәзимді нұсқап:

– Ана жерге барып “Йа, Раббым! Маған Бәратымды бере гөр!” деп тіле!- дейді. Біраз уақыттан кейін әлгі адам қолында бір қағазымен қайтып келеді. Қағазында жасыл түсті жазулармен мынадай қатарлар жазылған еді: «Бисмиллахиррахманиррахим. Бұл пәленше ұлы түгеншенің жаһаннамнан Бәрат (құтылу) қағазы.»

Әр жылы Шабан айының 15-інші Бәрат түнінде сол жылы болатын нәрселер, амалдар, өмірлер, өлім себептері, көтерілулер, құлдыраулар, яғни барлық нәрсе Ләухул махфузға жазылады. Имам Раббани хазреттері қайтыс болардан алты ай бұрын, Шабан айының 15-інші түні болған Бәрат түнін өзінің жеке бөлмесінде өткізеді. Сол түннің жартысынан кейін, әйелі отырған бөлмеге кіреді. Әйелі:

– Мырзам, бұл түн – ажалдар мен амалдардың жазылатын түні. Кім біледі, Аллаһу та'ала кімнің дәптеріне «өлім», кімдікіне «өмір» жазды,- дегенінде, Имам Раббани хазіреттері:

– Неге тартынып, күмәнмен айтып отырсың? Есімінің дүниеде қалады дегендердің қатарынан өшірілгенін өзі көрген адамның халі не болмақ?- дейді. Сол жылы Имам Раббани хазреттері қайтыс болады. 

Мұхаммед Масум хазреттері де қайтыс болатын жылы, Шабан айының 15-інші түні, яғни дұғалардың қабыл болатын, ажалдардың жазылатын Бәрат түнінде шәкірттерінен кейбір оқиғаларды сұрап, жауабын алады. Сосын:

– Бір құтбтың есімі өмір сүретіндердің тізімінен өшірілді,- деп, қайтыс болатынына ишара етеді.

Ата бин Йәсар хазіреттері былай дейді:

«Шабан айының он бесінде, сол жылы өлетін адамдардың тізімі Әзрейіл алейһиссаламға беріледі. Бұл арада үй салып жатқан, ағаш егіп жатқан және үйленіп жатқан қаншама адамдар бар, әлгі тізімде олардың да аттары болады. Бірақ олар мұны білмейді.»

Шарттарына сай жасалған дұғалардың қабыл болатындығы кітаптарда білдірілген және дұғаның қабыл болатын уақыттары мынадай ретпен берілген:

«Ражаб айының алғашқы жұма түні болған Рағаиб түні, Шабан айының он бесі, яғни Бәрат түні және күндізі, басқа да қасиетті түндер, жұма күні имам мінберде екі хұтба арасында отырған уақытынан намазға дейінгі аралықтағы уақыт, әр түннің соңғы үштен бірінде, яғни сәре уақыты, азан және қамат оқылып жатқанда, әсіресе “Хаййа алал-фәлах” дегеннен кейін, Аллаһ жолында жиһад етіп жатқанда, барлық намаздан кейін, Құран кәрім оқығаннан кейін, әр сәждеден кейін, жамағат арасында, жаңбыр жауып жатқанда, Қағбаны көргенде, зәм-зәм суын ішкенде жасалған дұғалар қабыл болады. Қиыншылыққа душар болған адамның, сол уақытта жасаған дұғасы да қабыл болады.»

Қорыта айтқанда, Бәрат – ақталу, құтылу дегенді білдіреді. Аллаһу та’ала Бәрат түні сияқты қасиетті түндерде дұға етіп, жалбарынып, тәубе етіп, күнәлардан құтылып, бәратымызды алуымызды нәсіп етсін.

Мұхаммед Рабхами хазреттерінің айтқанындай:

«Бәрат түнінде көп дұға ету керек, өмірінің аяғының жаман болуынан, имансыз өлуден Аллаһу та'алаға сиыну керек, жаһаннам отынан құтылу бәратын, береке, рахмет (мейірім), мағфирет (кешірім) және амандық тілеу керек.»