30 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Құтылудың жеті өткелі

Құтылудың жеті өткелі

Сұрақ: Салих мұсылман болып өмір сүріп, ең соңыда иманмен өлу үшін не істеу керек?

Жауап: Дініміздің әмірлері мен тыйымдарын орындау керек. Мына жеті өткелді өткен адам мұратына қауышады. Бұл өткелдер мыналар:

1- Ілім, 2- Өкініш, 3- Қарақшы, 4- Пәлекет, 5- Себеп, 6- Ықылас, 7- Шүкір.

`          

2-Ілім өткелі:

Ілімсіз ешнәрсе болмайды. Ілім үйрену әр адамға парыз болып табылады. Ілім – шынайы жол көрсетуші, бастарға тәжі, әр адам оған мұқтаж. Ғибадатты дұрыс орындай алу үшін, ақиқатты өтіріктен ажырата алу үшін ілім үйрену шарт. Қазіргі таңда ілімді бір адамнан үйрену мүмкін емес болғандықтан, шынайы ислам ғұламаларының кітаптарынан оқып үйрену керек. Ілім және ілім иесі ғұламалар өте құнды болып табылады. Бірнеше хадис шәрифте былай делінген:

«Ғұламамен отыру, оның жүзіне қарау – ғибадат.» (Хаким)

«Ғұламаның демі зікір және тәсбих.» (Дәйләми)

«Ғұламаның екі рәкат намазы наданның мың рәкатынан да хайырлы.» (Ширази)

«Ғұламалардың ұйқысы ғибадат.» (И. Ғазали, И. Раббани, Т. Қуртуби )

Ғұлама жатар алдында таңғы намазға тұрамын, ертең мынадай пайдалы істерді істеймін деп ниет етіп ұйықтайды және ұйқысы ғибадат болады. Ғұламаның ұйқысы наданның ғибадатынан хайырлы. Надан адам ғибадат етудемін деп бидғат істеуі мүмкін, күнә мен күпірге түсуі мүмкін. Ақиқатты айтамын деп фитнаға себепкер болуы мүмкін. Сондықтан да «Наданмен бал жегенше ғұламамен тас тасы» деп айтылған. Ілімді ағаш деп алатын болсақ, ғибадат осы ағаштың жемісі. Ағаш болмаса жеміс болмайды. Бірақ, жеміссіз ағаштың аз да болса құны бар. Жеміссіз ағаш отын ретінде де пайдаға асуы мүмкін. Сондықтан, ілімімен амал етпеген ғұлама шырағданға ұқсатылады. Өзгелерге жарық берсе де, өзін жағып бітіреді.

Әр адамның тәуһид ілімінен дұрыс ақиданы біле алатындай үйренуі және намаз, ораза сияқты ғибадаттарға керекті ілімдерді білуі парыз болып табылады. Ілім өткелі қиын болса да, мақсатқа жете алу үшін өтілуі шарт болып табылады. Ықылассыз және ғибадатсыз бұл өткел өтілмейді. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Ғұламаларға мақтанып, надандармен таласып-тартысып олардың аузын жабу үшін, адамдардың мақтауын алу үшін ілім үйренген адам жаһаннамға кетеді.» (Тирмизи)

 

2- Өкініш өткелі

Ілім өткелін өткендердің күнәлары үшін тәубе етулері керек. Тәубә етпеген адам ғибадаттарында табысқа жете алмайды. Өйткені, күнәлардың жүгі, ауырлығы адамның берекесін қашыруы мүмкін. Әр күнә аяққа оралған бір бау, бір кедергі болып табылады. Бұл бауларды шешіп, кедергілерді асып өтіп жақсылық жасау өте қиын. Күнәлар көңілді қарайтып, әр түрлі жақсылықтарға кедергі болады. Жақсылық жасау үшін жүгіруге құлықсыз болған адам, күнәлармен байланған деген сөз. Күнәларға өкіну және өзіне ақысы өткен адамдардың разылықтарын алу парыз болады. Тәубе - ғадаби илаһиден (Аллаһ ашуынан) қорқып, рызаи илаһиге (Аллаһ разылығына) қауышу үшін, күнә істемеуге шешім қабылдау деген сөз.

 

Тәубенің дұрыс болуы үшін керекті болған төрт шарт мыналар:

1- Ендігі күнә істемеуге нақты шешім қабылдау.

2- Істеген күнәларына тәубе ету.

3- Тәубе еткен күнәсін қайта жасау қолынан келуі. Мысалы, қарақшылық жасап, сал болып қалған адамның «Бұдан кейін қарақшылық жасамаймын» деп айтуы әбес болады. Өйткені, ол қаласа да жасай алмайды.

4- Тәубе тек Аллаһтың разылығына қауышу және ашуынан құтылу үшін жасалу керек. Дүниелік мақсаттар көзделіп жасалған тәубе қабыл болмайды. Мысалы, адамдардан қорққаны үшін тәубе ету дұрыс емес. Ішімдік ішуді асқазаны ауырғандықтан тастаған адам, ішімдікті тастаған болып есептелінбейді. Тәубе - өкініш деген сөз. Бір хадис шәрифте: «Күнәларға өкіну – тәубе» делінген. (Хаким)

Күнәні қайта істеп қоямын деген қорқыныш, тәубеге кедергі емес. Күнәлар үш түрлі болады:

1- Қазасы парыз болған күнәлар. Бұларды тәубе еткеннен кейін қазасын орындауға тырысу керек.

2- Ішімдік және құмар сияқты күнәлар үшін тәубе етіп, ендігі жасамау керек.

3- Құл ақыларына қатысты күнәлар. Бұлар: дүние-мүлік, жан, намыс және ғайбатпен байланысты болуы мүмкін.

Өкініш өткелін асып өту өте қиын, дереу өтіп кетілмесе кейін бұдан да көп зияндарға себеп болады. Өкінуде кешігу өте қауіпті. Күнәмен көңіл (жүрек) қараяды. Өкініп, тәубе етпейінше ол көңіл тазармайды. Егер күнәларымыз бізді қорқытпай, ғибадат етуге уақыт пен орын таба алмай, тура жолға келе алмай жатқан болсақ, көңіліміз қарайған деген сөз. Ешқандай күнәні жеңіл көрмеу керек. Әр күні тәубә мен истиғфар ету керек. Бір хадис шәрифте: «Күнәсына тәубе еткен адам, еш күнә істемегендей болады» делінген. (Табарани)

Күнәларымызды бөлек-бөлек ойлап, жылауымыз керек. Жылаған көңілмен Аллаһу та'алаға дұға етуіміз керек. Мысалы, «Ей Раббым, оңбаған құлың, әлсіз құлың, күнахар құлың есігіңе келді. Сенен кешірім мен мағфирет тілеуде. Күнәларымды кешір, өмірімнің қалған бөлігінде саған қарсы келуден сақта. Өйткені, барлық нәрсе сенің құдіретіңде» деп жалбарыну және тәубе ету керек. Бұл кедергіні де өту үшін «Күнә істегенде әлсіздік танытпағаныңдай, тәубеде де әлсіздік танытпа!» қағидасын ұмытпау керек.

 

3- Қарақшы өткелі

Бұл өткелде адамның түгін қалдырмай тонайтын төрт қарақшы болады. Бұлар: дүние (пайдасыз іс), жаман дос, шайтан және нәпіс.

Бірінші қарақшы: Дүниедегі пайдасыз нәрселер мен харамдар. Бұларды қысқаша дүние дейді. Дүние - өткінші. Дүниеде жасалатын жақсылықтардың барлығы ахирет үшін жасалады. Өткіншінің қасында мәңгі болатын нәрсені жоғары қою керек. Дүниенің пайдасыз нәрселерінен бет бұрып, Аллаһ үшін болған істермен айналысу керек, салих мұсылмандармен бірге болуға тырысу керек. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Ғалымның сұхбатына қатысу мың рәкат нәпіл намаз оқудан үстем» (И. Ғазали)

Аллаһқа байлану үшін пайдасыз ұзақ өмір сүруді армандаудан, орындалмайтын мұраттардан, қиялдың соңынан қуудан, адамның уақытын алатын пайдасыз ойлардан ұзақ тұру керек. Аллаһқа деген сүйіспеншіліктен басқа сүйіспеншіліктің барлығын көңілден шығарып тастау керек. Аллаһқа деген сүйіспеншілікке алып баратын нәрселерді жақсы көру – Аллаһқа деген махаббатқа жатады. Аллаһу та'ала дүниедегі Аллаһ үшін болмаған нәрселердің барлығына дұшпан. Аллаһты сүйетін адам Оның сүймеген нәрселеріне дұшпан болады, харамдардан ләззат алмайды, өйткені харам от сияқты, тіпті оттан да қатты күйдіреді. Ахирет отының күштілігін ойлаған адам, харам отына қол созудан қашады. Улы нәжіс әдемі бір торт халіне келтірілсе, алтын табақтың ішіне салынса, білетін адам оның әдемілігіне, жылтырына алданбайды. Бірақ, ол торттың ішінде не бар екенін білмеген адам оны жеуі мүмкін. Тіпті, әдемі көріністе тұрған бұл тортты жей алмағаны үшін досын айыптап, ақымақ деп кінәлауы да мүмкін. Маскүнем адам да шарап ішпейтін адамды осылай айыптайды.

Екінші қарақшы: жаман дос. Жаман дос шайтан мен нәпістен де зиянды. Бір хадис шәрифте:

«Адамның діні досының діні сияқты. Кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!» (Хаким) делінген.

Жаман досты түзету үшін, онымен бірге жүріп-тұруға тырысатын болсаң, сен оның бір қисығын түзеуге тырысып жатқаныңда, ол сенің он түзуіңді қисайтады. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Ақылды адам тіліне ие болады, уақытын жақсы қолданады, ісіне ден қояды және ең жақсы досына да ықтиатты болады» (Дәйләми)

Танымаған адамдардан зиян көрмейміз. Қандай да бір зиян көрген болсақ, тек таныған жаман адамдарымыздан ғана көріп жатамыз. Сондықтан, жаман достан аулақ болу керек.

Үшінші қарақшы: Шайтан. Шайтанның жамандығынан құтыла алу үшін, оның айлаларын білу керек. Үй иесі ояу кезде үйге ұры кіре алмайтыны сияқты, шайтан да көңілі ояу адамды алдай алмайды. Ілім өткелін өткен адам шайтанның айлаларын біледі және оның алдын алады.

Төртінші қарақшы: Нәпсіміз. Нәпістің ақымақтығы соншалық, әр қалауы өзіне зиян. Нәпіс өте зиянды ішкі дұшпан. Іштегі жараның емі өте қиын. Сонымен қатар нәпіс мінетін атымыз. Нәпіс қатты тоятын болса, құтырып, жүгенін ұстатпай кетеді. Асау аттай иесін алып жерге ұрады. Нәпісті қатты аздырып, әлсіздендіру де дұрыс болмайды. Өйткені жақсы амалдар істеуге әлі жетпей қалады. Нәпісті ауыздықтап басқара алатындай дәрежеде тойдыру керек.

 

4- Пәлекет өткелі

Ғибадат жасап жатқанда келетін мына пәлекеттерге сабыр ету керек:

1- Ризқ пен күнкөріс қиыншылығы ғафилдердің дұрыс ғибадат етуіне кедергі болады. Барлық жанды нәрсенің ризқын Аллаһу та'ала береді. Себептерін орындап ризқ үшін еңбек ету керек, сонымен қатар Аллаһу та'алаға тәуекел ету керек. Тәуекел – керекті болған шаралардың барлығын істеп, нәтижені Аллаһтан күту деген сөз. Ризқ үшін тәуекел еткен адамның иманы қуатты деген сөз. Бір хадис шәрифте: «Егер Аллаһу та'алаға шындап тәуекел еткендеріңде, таңертең аш оянып, кешке тойып қайтқан құстар сияқты сендердің де ризқтарыңды беретін еді.» делінген (Тирмизи).

2- Негізсіз бекерші уайым беріліп ғибадат жасауға кедергі болады. Бұдан құтылудың жолы – керекті болған шараларды орындап, істің ақырын Аллаһқа тапсыру, өйткені біз кез-келген нәрсенің нәтижесінің жақсы немесе жаман болатынын біле алмаймыз. Соңы жақсылық болады деген көп нәрсенің ақыры жаман болып бітуі мүмкін, ақыры жаман болады деп ойлағанымыздың соңы жақсы болып бітуі деп мүмкін.

Көп ғибадат жасайтын бір адамның шайтанды көру үшін жасаған дұғасы қабыл болыпты. Шайтан оған көрініп: «Егер қырық жылдық өмірің болмағанда, сені қазір өлтірер едім» деп, көзден ғайып болып кетеді. Мұны естіген әлгі көп ғибадат жасап жүрген адам «Мен әуелгі жиырма жылымды дүниенің рахатына батып өткізейін, сосын тәубе етермін. Қалай болса да Аллаһ тәубелерді қабыл етеді. Қалған жиырма жылымды ғибадатпен өткізермін.» деп, ғибадатты тастап кетеді. Көңіл көтеріп, пәлекетке ұшырайды. Жиырма жыл өтпей өліп қалады. Тәубе етуге мүмкіндік таба алмай қалады.

3- Пәлекеттер ғибадат етуге кедергі болуы мүмкін. Бір ауру, бір пәлекет келген кезде бақырып-шақыру пайдасыз болады. Керісінше зияны тиеді. Мұның шарасы – Аллаһтың жазмышына разы болу.

4- Пәлекеттер мен тартылған азаптардың әкелетін ауыртпалығынан құтылудың шарасы – сабыр ету. Сабырлы болмаған адам табысты бола алмайды. Дүние мен ахиретте табысты болғысы келген адамның аштыққа, адамдардың жамандауына және де басқа ауыртпалықтарға сабыр етуі тиіс. Аллаһтан қорқып сабыр еткен адам қиыншылықтардан құтылып, мұратына жетеді. Аллаһу та'ала Әйуп алейһиссаламды сабырлылығы үшін мадақтаған. Бір сәттік сабыр үлкен жақсылықтарға қауыштырады. Сабыр – жетілуі мақсат етілген нәрселердің кілті. Барлық жақсылыққа сабырмен ғана қол жеткізуге болады. Жазылған нәрсе басқа бәрібір келеді, егер сабыр етілетін болса, сияпаты нәсіп болады. Сабыр етпей бақырып-шақыратын болса күнәға кіріп, бақытсыздыққа душар болады. Бір хадис қудсида: «Қаза мен тағдырыма разы болмаған, пәлекеттерге сабыр етпеген, берген ниғметтеріме шүкір етпеген адам менен басқа Құдай іздесін!» делінген.(Табарани)

Аллаһу та'ала сүйген құлдарын қиыншылықтарға душар қылып сынайды. Хадис шәрифте: «Ең ауыр пәлекет Әнбиа, әулие және солар сияқтыларға келеді.»  делінген.(Тирмизи)

Аллаһу та'аланың жіберген пәлекет пен қиыншылықтарына сабыр ету үлкен ниғмет болып табылады. Сабыр ете алмаған пәлекетке душар болады және бұл өткелден өте алмайды.

 

5- Ықылас өткелі

Өте керемет ғибадат ететін болсақ та, егер ықылас болмаса бәрі бос. Ықылас – тек Аллаһтың разылығы үшін ғана орындау деген сөз. Қабыл болмайтын көп амалдың не құны бар? Аз болса да ықыласпен және үздіксіз жасалған амалдар қабыл болады. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Аллаһу та'ала тек ықыласпен орындалған амалды қабыл етеді.» (Нәсаи)

Олай болса, әр істе ниетті түзету керек, ықылассыз жасамау керек. Адамдардың мақтауын алу үшін, жасатқан қайырымдылық орындарына, мешіттеріне «Пәленше мұнша ақша берді», «Пәленшенің мешіті» деп жаздырған адамның жасаған жақсылықтары босқа кетіп қана қоймай өзі де азапқа душар болады. Ал бірақ адамдарды жақсылық жасауға ынталандыру үшін атын жаздыру рия болмаса да, бәрібір риядан қашу керек.

Адамдарға мақтану үшін жасалған ғибадаттар алтын кесені көк тиынға ауысқанмен бірдей. Бір жақсылық үшін Аллаһу та'аланың беретін сауаптары, адамдардың мақтауының қасында миллиондаған, миллиардтаған есе құнды болып табылады. Мұндай бір құлға Аллаһу та'ала былай деуі мүмкін:

«Ей құлым, Менің мутлақ құдірет иесі екенімді біле тұра, жасаған жақсылықтарыңды тек Менің білуім, сол үшін саған беретін сияпатым жетпейтіндей адамдарды да бұл іске серік қылып, оларға да мақтанғың, олардың да мақтауларын  алғың келеді. Бұл опасыздық емес пе? Ендеше сол қайырымдылықтарыңды кімнің разылығын алу үшін жасаған болсаң, барып ақысын содан сұра!»

Қияметте сауап күтіп барған жерімізден осындай жауап алсақ не істей аламыз? Адамзаттың барлығы бізді жақсы көріп, қолпаштаса, бірақ, Аллаһу та'ала жақсы көрмесе мұның не құны бар? Керісінше, адамның барлығы бізді жек көріп, Аллаһу та'ала разы болса не зияны болады? Сонымен қатар Аллаһу та'аланың жақсы көрген құлын  адамдар да жақсы көреді. Мақсаты тек Аллаһ разылығы болған адамдар дүние мен ахиретте рахат табады. Жасалған ғибадаттарды рия сияқты, ужб та жоқ қылады. Ужб – құлдың өз ғибадаттарын ұнатуы, жасаған жақсылықтарын өзім жасап жатырмын деп ойлауы. Ужб ауруына шалдыққан адам Аллаһтың ілтипаты мен ихсанын түсіне алмайды. «Мұны мен істедім, мен болмағанда бұл болмайтын еді. Мен директор болсам, басшы болсам былай істейтін едім» деп айту ужб болады. Рия мен ужб деген аурулар адамдардың істеп жатқан жақсы амалдарының ішіне байқатпай кіріп алады да амалдардың ниетін де, сауабын да бұзады.

Суфйаны Сәури хазреттері бір қажының үйіне қонақ болады. Үй иесі ұлына «Ұлым, екінші қажылықтан келе жатқанда алған табағымды әкел» дейді. Суфйаны Сәури хазреттері: «Бұл сөзіңмен орындаған екі қажылығыңды да бұздың» дейді. Қабыл болған қаншама көп ғибадат орындаса да, құл өз ғибадатымен жаннатқа кіре алмайды. Бір хадис шәрифте: «Ешкім тек өз амалдарының сауабымен жаннатқа кіре алмайды.» делінген.

Құлдың құнды бір амалын алып бара жатқан періштелер бірінші көкке келгенде, ол жердегі міндетін атқарушы періштелер: «Бұл амалды апарып, иесінің бетіне ұрыңдар. Ол көп ғайбат айтатын, ғайбатшылардың амалы бұл жерден өтпейді» дейді. Екінші көктегі періштелер ықылассыз жасалған амалдарды өткізбейді. Үшінші қабаттағы періштелеп тәкаппарладың амалын өткізбейді. Төртінші қабаттағылар ужб еткендердің амалын өткізбейді. Бесінші қабаттағы періштелер хаседшілердің (көре алмайтындардың) амалын өткізбейді. Алтыншы қабаттағылар мейрімсіздердің амалын өткізбейді. Жетінші қабаттағы періштелер риягерлердің амалын өткізбейді. Жеті қабат көктен өткен амалдың өзі Аллаһтың разылығы үшін болмаса, қайтарылады. Олай болса, әр істе ықыласқа қатты мән беруіміз керек.

 

6- Себептер өткелі

Бұл өткел – хауф (қорқыныш) және рәжа (үміт) бекеті. Хауф, яғни Аллаһтан қорқу күнә істеуге кедергі болады. Нәпсіміз күнә істеуге бейім келеді. Ал егер нәпіс ешнәрседен қорықпайтын болса, оны тоқтату мүмкін болмайды. Бір күні салих бір кісі күнә істегісі келіпті. Өте ыстық, өзгеше бір моншаға барады. Моншадағы ыстық су бұл кісінің қолын күйдіреді. Ыстықта көп тұра алмай талып қалады. Сосын оны сыртқа шығарып тастайды. Біраз уақыттан кейін есін жинайды. Сосын ол кісі нәпсіне былай дейді: «Мына ыстыққа шыдай алмайсың, жаһаннам отына қалай шыдайсың? Шыдай алмайтын жазаға өз қолыңмен ұшырағың келу – ақымақтық болады.»

Аллаһтан қорқу деген нәрсе болмаса нәпіс өз ғибадаттарындағы кемшіліктерді көре алмайды, онысымен қоймай ғибадатымен мақтанатын болады. Ибни Мубәрәк хазреттері нәпсіне былай дейді:

«Сөздерің салихтардың сөздеріне ұқсағанымен істегендерің мунафиқтардың қылығына ұқсайды. Бұл халіңмен ұялмай  қалай жаннатты қалайсың?»

Рәжа, яғни үміт Аллаһқа ғибадат жасауға себеп болады. Ал ғибадат жасау нәпіске ауыр тиеді. Нәпіске, бұл жасағандарының сауабы жүз, жеті жүз тіпті одан да көп есе болып берілетіні білдірілгенде ғана жақсы амалдар істеу оған ауыр келмейді. Ұнатқан нәрсесіне қауышу үшін қиындықтарға шыдайды. Істің соңында ақша алатынын үміт еткен жүк тасушы ауыр жүктерді ыстықта терлеп, суықта тоңып қуана-қуана тасиды. Астық жинау науқанында өнім алатынын үміт еткен диқан, жыл он екі ай суық-ыстық демей еңбек етеді. Өмірінің соңғы бөлігін рахаттықпен өткізу үшін шет елге барған жұмысшы шет елдіктердің зорлық-зомбылығына ұшырайды. Міне, нәпіске жаннатта ойға келмейтін ниғметтердің бар екендігі, иман етіп салих амал істегендердің осы ниғметтерге қауышатыны түсіндірілсе, ғибадаттар оңай орындала бастайды.

Бұл өткелдің екі жағында қауіпті екі жол бар. Бірі (үмітсіздік) жолы, яғни Аллаһу та'аланың рахметінен, мейірімінен үмітін кесу жолы. Екінші жағындағы жол – (сенім) жолы, яғни Аллаһу та'аланың азабына ұшырамайтынына сенімді болу, қорықпау жолы. Бұл екі жол да өте қауіпті. Бұл жолда жүргендердің аяқтары тайып, тура тұңғиыққа батып кетеді. Орта жол болса – Хауф және рәжа (қорқу мен үміт) жолы. Яғни, Аллаһтан қорқып, рахметінен, мейрімінен үміт үзбеу жолы. Бұл жол қорқыныш пен араласқан сүйіспеншілік және үміт жолы.

Адамның өз әлсіздігін сезініп, Аллаһу та'аланың азабының өте ауыр екенін жақсы білуі керек. Дүниедегі ешнәрсесіне сенбеуі керек. Іліміне де, ғибадаттарына да, тегінің ұлылығына да, нәтижесінде, ешқандай үстемдігіне сенбеуі керек. Аллаһу та'ала сексен мың жыл ғибадат етіп, жер бетінде оның сәжде жасамаған жері қалмаған Іблісті бір әмірін орындамағаны үшін мәңгілікке қуып жіберді. Сексен мың жылдық ғибадатын бетіне ұрды. Олай болса, Аллаһтың азабынан құтылғанына сенімді болмау керек және Одан қатты қорқу керек.

Қанша күнәхар болсақ болайық, бірақ Аллаһтан үміт үзбейік. Өйткені Аллаһтың мейірімі мол. Әсхаби Кәһфтің итін де жаннатқа кіргізеді. Залымдардың зұлымдығынан қашып, үңгірге кірген мүміндердің артынан барған бір итке Раббымыз мұндай рақымдылық жасаса, өмірін дінге қызмет етумен өткізген мұсылмандарға не істемейді? Олай болса күнәміз көп деп Аллаһтың мейрімділігінен үмітімізді үзбеуіміз керек. Ғибадатымыз көп деп, өзімізді «жаннаттық» деп те ойламауымыз керек.

 

7- Шүкір өткелі

Өте маңызды алты өткелді өттік. Енді, осы ниғметтер үшін Аллаһу та'алаға шүкір етіп, Оған болған борышымызды өтеуге тырысуымыз керек. Шүкір етілсе ниғметтер жалғасады. Шүкір етілмесе жоқ болып кетеді. Бір хадис шәрифте: «Ниғмет – жабайы құс. Ұшып кетпесі үшін аяғын шүкірмен байлаңдар» деп бұйырылған. Ниғмет екі бөліктен тұрады:

1- Дүниелік ниғметтер: Пайдалы нәрселерге қауышу және зиянды нәрселерден сақтану.

2- Діни ниғметтер: Тура жолға түсу, күпір мен бидғаттан сақтану.

Шүкір – Аллаһтың берген ниғметтерін орнымен жұмсау, жасырын-ашық Аллаһқа мойынсұнып, күнәлардан қашу. Адам Раббының берген ниғметін күнәға құрал етсе, күнә нәрселерге қолданса, шүкір еткен болып саналмайды.

Бір билеуші бір қызметшісін құрмет тұтса, оған сарай салдырып, қызметші жалдаса, «Бұл жақсылықтар үшін күніне бір сағат билеушіге қызмет етесің, қалған уақыттары боссың» десе, қызметші бұл бір сағатты өзге қызметшілердің қолындағы тиын-тебендерін алу үшін жалбарумен өткізсе, билеуші бұл қызметшіге не айтады? «Бұл қызметші жасалған сияпаттардың қадірін түсіне алмайтындай дәрежеде төмен адам екен. Бұны қуып жіберіңдер!» деп айтпай ма? Міне, адамдар нәпсілеріне мойынсұнған кезде осы қызметшінің халіне түседі. Ең үлкен ниғмет – салих мұсылман болу. Берілген бұл ниғметтер қолдан шығатын болса, үлкен пәлекет болады. Өйткені, ең қиын және ауыр нәрсе – сүйілгеннен кейін беделді жоғалту. Аллаһу та'ала саған мұсылмандықты нәсіп еткен екен, демек сен Оның дәргейінде бір беделге иесің. Бұл ниғметтеріне шүкір етпесең, беделің түсіп қуылуың мүмкін. Бұл ниғметтерді санау мүмкін бе? Ниғмет көбейген сайын шүкірі қиындайды.

Бір ғана дем алмасақ өліп қаламыз. Осы ауа ниғметі үшін күніне қанша рет шүкір етудеміз? Тегін болғаннан кейін шүкірді еске де алмаймыз. Оңай дем ала алудың қадірін білу үшін астма ауруына шалдығу керек пе? Астма ауруына шалдыққан бір адам оңай дем ала алу үшін, көріп жүріп екі көзі көр болған адам көре алу үшін, сөйлеп жүріп мылқау болған адам сөйлей алу үшін, қолдары болып кейіннен қолсыз қалған, аяқтары сау болып кейіннен сал болғандар бұрынғы ниғметтеріне қауыша алу үшін барлық нәрселерін беруге әзір. Бұл ниғметтерге ие болған адамдардың шүкір ете алулары үшін бұл ниғметтерінен айрылулары керек пе? Ақыл ниғметін ойлап көрейік. Ақылсыздың халінен ғибрат алып, Раббымыздың берген сансыз ниғметтеріне әр уақыт шүкір ету керек. Бір адам ақылды бірақ ғалым болмаса, ғалым бірақ ілімімен амал етпесе, ілімімен амал етіп, ықылассыз болса, ықыласты бірақ соңғы демін ойламаса міне осыларға таң қалу керек.