22 Қазан 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жаннатты сатып алды

Жаннатты сатып алды

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Мұсылманның алғаны емес, берген мүлкі - өзінікі» деген. Қабірге кіргеннен кейін ешкімнің атағы-абыройы қалмайды. Өлгеннен кейін бір кебінмен топыраққа көміледі. Аты да, заты да жоқ болады. Дүние үшін жиған табыстары дүниеде қалады. Ахирет үшін не жинаған болса, ахирет үшін алдын ала не жіберген болса, барлығы өзінде қалады.

Ал, өмірін дүниеге арнаған, түкке тұрғысыз нәрсе үшін жұмсаған адамның құны қанша болмақ? Әрине ешқанша болмайды. Егер өмірін ахиреті үшін жұмсаған болса, оның құны сол күні, яғни өлген кезде белгілі болады. Барлық адам үшін шынайы өмір өлгеннен кейін басталады.

Бір күні өте кедей бір кісі Мұса алейһиссаламға: «Йа Мұса, жылдар бойы ғибадат етудемін, бірақ кедейліктен өлуге айналдым. Аллаһу та'алаға дұға ет, маған көп мал-мүлік берсін. Жағдайымды түзеп алайын» дейді. Мұса алейһиссалам Тур тауына барып Аллаһу та'алаға дұға етеді. Аллаһу та'ала: «Ол құлымнан сұра! Байлықты дүниеде берейін бе, ахиретте ме?» дейді. Мұса алейһиссалам кедейге келіп сұрайды. Кедей: «Мен байлықты дүниеде қалаймын» деп жауап береді. Мұса алейһиссалам: «Үш күндік дүниені не қыласың? Бір күні барлығын тастап кетесің ғой. Сен байлықты ахиретте сұра, ол жақ мәңгілік» деп кеңес береді. Кедей: «Таңдау маған берілді, мен дүниеде қалаймын» дейді. Мұса алейһиссалам кедейге: «Өзің білесің» деп, Тур тауына барып Аллаһқа: «Йа Раббым, Өзің білетініңдей ол құлың байлықты дүниеде қалады» дейді. Аллаһу та'ала: «Қалауы осы болса, байлықты дүниеде бердім» дейді.

Кедей аз уақыттың ішінде өте бай болады, ақшасы сансыз көп болады. Ақшаларын үнемі жақсы нәрселерге жұмсайды. Ақшасын таратқан сайын арта береді. Қаншалықты көп берсе, соншалықты көп ақшасы болады. Қай жерде кедей адам болса, соған барып көмектеседі. Қай жерде қарызға батқан адам болса, барып оның қарыздарын төлейді. Жетімдерге қамқорлық жасайды. Оларды қуантады. Үйі болмағандарға үй әпереді, үйленгендерге көмектеседі. Өзіне ешнәрсе жаратпайды. Бар мүлкін өзгелерге таратады.

Уақыты келіп, бір күні ол адам қайтыс болады. Мұса алейһиссалам түсінде оны жаннатта зәулім сарайлардың ішінде көреді. Қызығып, мұның хикметін сұрайды: «Йа Раббым, бұл құлың байлықты дүниеде қалады, сен бердің. Ахиретте зәулім үйлерге қалай ие болды?» Аллаһу та'ала былай дейді:

«Иә, ол байлықты дүниеде қалады, мен бердім. Бұл сарайларды ол сол байлығымен сатып алды. Менің берген барлық ақшамды ол осы жерге жұмсады. Ол дүниеде зәулім сарайлар сатып алған жоқ, дүниеде мал-мүлік иесі болмады. Оған берген барлық мүмкіншіліктерді менің разылығым үшін, менің құлдарыма, менің сүйгендеріме таратты, (осылайша) жаннат пен зәулім сарайларға қол жеткізді.»