20 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Дінімізде ілімнің маңызы

Дінімізде ілімнің маңызы

Сұрақ: Ілім үйренудің маңызы қандай?

Жауап: Ілім үйренудің маңызы, құндылығы өте көп. Құран кәрімде, «Білмесеңдер, әһли зікірден (ілім иелерінен, ғалымдардан) сұраңдар» делінген. (Әнбия 7)

Аяти каримадағы зікір сөзі ілім дегенді білдіреді. Бұл аяти кәрима, білмейтіндердің ғалым тауып солардан сұрап, үйренуін әмір етуде. (Хадиқа)

Құран кәрімде былай делінеді:

«Аллаһ иман еткендерді көтереді. Ал ілім берілген мүминдерді (жаннатта) қат-қат дәрежелерге көтереді.» (Мужадәлә 11)

«Оларға айт, білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма? Білетін адам әлбетте қадірлі.» (Зумәр 93)

«Құлдары арасында Аллаһу та’аладан ең қатты қорқатын – ғалымдар.» (Фатр 28)

Хадис шәрифтерде де былай делінген:

«Ілім үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз.» (Бәйһақи)

«Бесіктен мазарға дейін ілім үйренуге тырысыңдар!» (Шира)

«Аллаһу та’ала Ибраһим алейһиссаламға Мен ілім иесімін, ілім иелерін жақсы көремін деген.» (Ибн Абдилбәр)

«Ілім – Исламның өмірі, иманның тірегі.» (Әбушшәйһ)

«Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды.» (Аскери)

«Бос уақытын ілімге жұмсаған адам құтылады.» (И. Мауарди)

«Салих ғалымдардан болыңдар, егер салих ғалымдардан болмасаңдар, сондай ғалымдардың сұхбатына қатысыңдар, сендерді хидаятқа (тура жолға) қауыштыратын, адасушылықтан алыстататын ілімді тыңдаңдар!» (И. Мәуарди)

«Қай жерде ілім бар болса, сол жерде мұсылмандық бар.» (С. Әбәдийа)

«Ілім менің және басқа да пайғамбарлардың мирасы. Кім маған мирасшы болса, жаннатта менімен бірге болады.» (Дәйләми)

«Аллаһ масқара қылғысы келген құл ілім мен әдептен махрұм қалады.» (Ибн Нәжжар)

«Мұсылман, досына хидаятын арттыратын немесе оны қауіптерден құтқаратын хикметті сөзден де артық сыйлық бере алмайды.» (Әбу Яла)

Хазреті Лұқман Хаким баласына былай деді:

«Ғалымдармен отыр, хикмет иелерінің сөздерін тыңда! Аллаһу та’ала көктем жаңбырымен топыраққа өмір бергеніндей, өлі жүректерді хикмет нұрларымен тірілтеді.»

Ілім – жаннатқа апаратын жол, жат елде дос, жалғыздықта сырлас. Ілім – екі жаһанда да құтылу, дұшпанға қарсы қалқан. Адам үшін ар, көздер үшін нұр.

Хазреті Әли былай деген:

«Ілім мал-мүліктен қайырлы, өйткені мал-мүлікті сен қорғайсың, ал ілім сені қорғайды. Мал-мүлік жұмсаумен азаяды, ал ілім жұмсау арқылы көбейеді.»

Имам Ғазали хазреттері де, «Адамның басқа махлұқтардан үстемдігі ілімде, күш-қуатта емес. Өйткені түйе адамдардан күштірек. Үстемдік ірілік тұрғысынан да емес. Өйткені піл адамдардан ірі. Батылдық тұрғысынан да емес. Өйткені арыстанның батылдығы адамдікінен көбірек. Көп жеуде де емес. Өйткені бұқаның қарны адамның асқазанынан үлкенірек. Сондықтан ілім үстемдігі өте жоғары қасиет» деген.

Науқастың ішіп-жеуді үзуі өлімге жетелейтініндей, ілім мен хикметтен махрұм қалған көңіл (жүрек) де өледі.

Ілім үйрену және үйрету өте маңызды. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһу та’ала ілім берген пайғамбарларынан мисак (уәде) алғанындай, ғалымдарынан да ілімдерін жасырмай адамдарға білдіруі үшін сөз алған және, «Раббыңның жолына хикметті, әдемі үгітпен шақыр!» деген.» (Әбу Нуайм)

«Ең жақсы сыйлық – хикметті сөзді жақсылап түсініп, дін бауырына түсіндіру.» (Табарани)

«Бір сағат ілім үйрену немесе үйрету, таңға дейін ғибадат етуден сауаптырақ.» (Дәйләми)

«Әуестенуге болатын екі адам бар: Бірі Аллаһу та’ала берген ілімімен амал етіп басқаларға үйреткен адам, екіншісі Аллаһу та’ала берген байлықты қайырымдылыққа, жақсылыққа жұмсаған адам.» (Бұхари)

«Ілім жолын ұстанған адамға Аллаһу та’ала жаннат жолын ашады.» (Тирмизи)

«Періштелер ілім жолындағы шәкірттен разы болғаны үшін қанаттарын оның үстіне жаяды.» (И. Абдилбәр)

«Ілімнен бір мәселе үйрену, әлемдегі барлық нәрседен қадірлі.» (Табарани)

«Не ғалым, не шәкірт, не тыңдаушы немесе бұларды жақсы көретін адам болыңдар. Әйтпесе құрисыңдар.» (Бәйһақи)

«Тәжірибелі қарттарға мойынсұныңдар. Ғалымдардан сұраңдар. Хикмет иелерімен бірге болыңдар.» (Табарани)

«Ғалым болмаған немесе ілім үйренуге тырыспаған адам бізден емес.» (Дәйләми)

«Бір ғалымның жанында отырып бір сағат ілім үйрену, бір абидтің 70 жыл ғибадатынан қайырлы болуы мүмкін.» (Дәйләми)

«Жасалған бір күнә ғалымға бір, жаһилге (сауатсызға) екі болып жазылады. Ғалым күнәсі үшін азап шегеді. Ал жаһил әрі күнәсі, әрі үйренбегені үшін азап шегеді.» (Дәйләми)

«Аллаһу та’ала дүние істерінің ғалымы, ахирет істерінің жаһилі болған адамды жек көреді.» (Хаким)

«Ілім үйрену – намаз, ораза, қажылық және Аллаһ жолындағы жиһадтан да құндырақ.» (Дәйләми)

«Бір сағат ілім үйрену, түннен таңға дейін ғибадат етуден құндырақ. Бір күн ілім үйрену, үш ай ораза ұстаудан құндырақ.» (Әбу Нуайм)

«Бір адам ілім үйренсе, онымен амал етпесе де мың рәкат намаз оқудан артық сауап алады. Егер үйренген ілімімен амал етсе немесе басқаларға үйретсе, әрі осы сауапты алады, әрі қияметке дейін онымен амал еткендердің сауабын алады.» (Хатиб)

«Парыздарда немқұрайлылық еткен  адам бір дертке ұшырайды.» (И.Ахмед)

«Діни ілімге ие болған адамның қиыншылықтары кетеді және күтпеген жерден ризық келеді.» (И.Нәжжар)

«Ілім үйренген, Аллаһ үшін дос тапқан, дін бауырының жүзіне мейіріммен қараған немесе «Бисмиллаһ» деп жұмысын бастаған адам кешірімге қауышады.» (И.Рафии)

 

Ілім ғалымнан үйреніледі

Шәкірттің ілім үйрене алуы және дұрыс жолды таба алуы үшін үйретушіге қажеттілігі бар. Өйткені хадис шәрифте, «Ілім ұстаздан үйреніледі» делінген. (Табарани)

Ал Құран кәрімде «Егер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар!» делінген. (Нахл 43)

Аллаһу та’аланың разылығына қауышу үшін себептерге жабысу, бір ғалымның көрсеткен жолымен жүру керек. Құран кәрімде «Ей иман келтіргендер, Аллаһтан қорқыңдар және Оның разылығына қауышу үшін себеп іздеңдер!» делінген. (Маида 35)

Бұл аяти каримадан да бір үйретушіге қажеттілік бар екендігі аңғарылуда. Адамның жол көрсетушісі болмаса, оған шайтан жол көрсетуші болады. Жол көрсетуші шайтан болған жағдайда, өзіне ергендерді жардан жарға тастайды.

(Сондықтан бидғатшыларды, діни реформашыларды тыңдамау керек, сөздеріне сенбеу керек, кітаптарын оқымау керек, бұлардан арыстаннан қашқандай қашу керек. Нақылды негізге алған кітаптарды оқу керек. Мәселен Түркістан Кітап Үйі тарапынан шығарылған кітаптар әһли сүннет ғалымдарының құнды еңбектерінен жинақтап әзірленген.)

 

Ілім бар жерде мұсылмандық бар

Әһли сүннет сенімі мен илмихалын үйренбеген және бала-шағасына да үйретпегендер Мұсылмандықтан айрылу, күпір пәлекетіне түсу қаупінде. Хадис шәрифте: «Ілім бар жерде мұсылмандық бар. Ілім жоқ жерде мұсылмандық қалмайды» делінген.

Өліп қалмау үшін ішіп-жеу керек болғанындай, кәпірлерге алданбау, діннен шықпау үшін де дінін, иманын үйрену керек. Ата-бабаларымыз әрдайым жиналып, Илмихал кітаптарын оқып, діндерін үйренетін еді. Тек осылай ғана мұсылман болып қалды. Ислам дінінің ләззатын алды. Бұл бақыт нұрын біздерге дұрыс қылып жеткізе алды.

Біздің де мұсылман болып қалуымыз, балаларымызды ішіміздегі және сыртымыздағы кәпірлердің қолына тастап қоймау үшін ең бірінші әрі қажетті шара – Әһли сүннет ғалымдары дайындаған илмихал кітаптарын оқу және үйрету. Баласының мұсылман болуын қалаған ата-ана баласына Құран кәрім үйретуі керек. Мүмкіндік бар кезде оқиық, үйренейік және бала-шағамызға, сөзімізді тыңдайтындарға үйретейік! (Баршаға қажетті иман)

 

Ілім үйренерде нелерге мән беру керек?

Имам Ғазали хазреттері былай деген:

Шәкірттің кейбір қасиеттері мыналар:

а) Көңілін бүкіл жаман халдерден тазалау. Хадис шәрифте: «Дін тазалық үстіне құрылған» делінді. Бұл жердегі тазалық тек сыртқы тазалық емес, сонымен қатар ішкі тазалық. Басқа бір хадис шәрифте: «Ит бар үйге рахмет періштелері кірмейді» делінген. Жүректі (көңілді) бір үйге ұқсатайық. Бұл үйге періштелер келеді. Ашу, кек, көре алмаушылық, тәкаппарлық сияқты жаман мінездерді үріп жатқан ит деп қабылдайық! Осындай азғын иттерге толған үйге рахмет періштелері кірмейді. Аллаһу та’ала ілім нұрын жүрекке періштелері арқылы құяды. Рахмет періштелері кірмейтін жүрек ілімнен махрұм қалады.

ә) Бүкіл күш---жігерін ілімге байлау керек! Басқа нәрселерден байланысты үзу керек! Ойдың, зейіннің бытыраңқы болуы, жинақы болмауы суы бөлінген арыққа ұқсайды. Оңды-солды аққаны үшін бақшаны суара алмайды.

б) Іліммен тәкаппарланбау керек! Ешбір Ислам ғалымын кіші көрмеу керек! Жаһил және әлсіз науқастың маман дәрігерді қабылдағанындай Ислам ғалымдарын қабылдау керек. Шәкірт жеке пікірін басқа жаққа тастауы керек, Ислам ғалымдарының үгіт-насихаттарына құлақ салуы керек! Ислам ғалымдарының қате сияқты болып көрінген ісін дұрыстыққа болжауы керек!

в) Пайдалы ілімдерді үйренуге тырысу керек! Ілімнен мақсат – жүректі (көңілді) жаман мінездерден тазалап, құндылықтармен безендіру.

г) Қиындықтарға қарсы сабырмен төтеп беру керек. Ілім және басқа да ниғметтер ащы дәрілермен қапталған. Ақылды адам бұлардың ішіне орналастырылған тәттілерді көреді. Үстіндегі ащы қаптауларды да тәттідей қабылдайды. Бұл ащылар жағымды келеді. Ал ауру адам оның дәмін сезе алмайды. Ауру – Аллаһу та’аладан басқаға көңіл байлау деген сөз.

 

Ілімді пайдалана алу үшін:

1) Алдымен ниетті түзулеу керек, жаһилдіктен (сауатсыздықтан) құтылуды ойлау керек! Аллаһу та’ала, «Білген мен білмеген бірдей бола ма?» деген.

2) Адамдарға пайдалы болуды ойлау керек! Хадис шәрифте, «Адамдардың қайырлысы – адамдарға пайдалы болғаны» делінген.

3) Үйренгенімен амал етуге тырысуы керек. Өйткені «Амалсыз ілім обал, ілімсіз амал адасушылық» делінген.

4) Ілім үйренуден мақсат – Хақ та’аланың разылығына қауышу болу керек. Аллаһу та’ала ықыласты, салих амалды мақтаған.

5) Өзіне қажет болмаған нәрсеге араласпау керек. Хазреті Лұқманға «Бұл дәрежеге қалай қауыштыңыз?» деп сұралғанда, «Дұрыстық (адалдық), аманатқа қиянат етпеу және маған қажет болмағандарды тәрк ету арқылы» деп жауап берген.

6) Біреумен сөз тартысқан жағдайда, оның алдында ынсапты болу керек, жылы, жұмсақ сөйлеу керек, өзі мен жаһил арасындағы айырмашылық белгілі болсын. Хадис шәрифте, «Аллаһ рафиқ, жұмсақтықты жақсы көреді. Қатаңдық еткендерге бермеген нәрселерді және басқа ешкімге бермеген нәрселерді жылы, жұмсақ мәміле еткен адамға ихсан етеді» делінген.

7) Сабырлы болу керек. Ибн Аббас хазреттерінен, «Бұл ілімге қалай қол жеткіздің?» деп сұралғанда жауап ретінде, «Таршылықта да, кеңшілікте де сабыр ету арқылы, сұрақ сұрау арқылы және жігерлі, ынталы еңбек арқылы.» Бір әулие кісі де осындай сұраққа: «Ерте тұру, өте кішіпейілді, қарапайым болу және қуатты күш-жігер сарп ету және сабыр ету арқылы» деп жауап берген.

8) Шәкірт барлық адамдармен жақсы мәміледе болуы керек! «Адамдардың қайырлысы олармен жақсы мәміледе болғаны, адамдардың жаманы олармен жанжалдасатыны» делінген.

9) Өте әдепті болуы керек.

10) Бір ұлы ғұламадан ілімді қалай үйренгендігі сұралғанда: «Ұстазымның әрбір сөзін мұқият тыңдау арқылы» деді. Ғалымдар айтады:

«Шәкірт ілімге және ілім үйрететін ұстазына құрмет етпейінше үйренген ілімінің пайдасын көре алмайды.» (Сол себепті мазһаб және ақидадағы имамымызға және әһли сүннет ғалымдарын құрметтеуде құсыр етпеуміз керек.)

 

Ілімнің басы

Пайғамбарымыз ілімнің ғажайыптарынан сұраған ауылдық адамға:

- Ілімнің басын үйрендің бе?- деді.

- Ілімнің басы не?

- Ілімнің басы Аллаһу та’аланы дұрыс тану. Ал бұл Оның ұқсасы, қарама-қайшылығы, теңі, серігі жоқ екендігін, уахид, әууәл, ахир, заһир және батин екендігін білу. (Шира)

Бұдан көргеніміздей ілімнің басы марифатуллаһ, яғни Аллаһу та’аланы тану.

Ілімнің немесе сәттіліктің басы сабыр деуге болады. Ғибадат үшін де осылай. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ғибадаттың басы сабыр.» (Хаким)

Сабырдың маңызы көптеген істерден үлкен. Осы тұрғыдан да «Әр істің басы сабыр» деуге болады.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ілімнен бір нәрсе үйрену, дүние мен ішіндегі барлық нәрседен жақсырақ.» (Табарани)

«Үйрету үшін ілімнен бір мәселе үйренген адам 70 сыддық сауабын алады.» (Дәйләми)

«Ілім үйрену амалдан құндырақ.» (Хатиб)

Ілімнен зиян келмейді. Өлгенге дейін ілім үйренуге тырысу керек! Хадис шәрифте былай делінген:

«Ешкім сауатсыздығымен құрметті, ал ілімімен масқара болмайды.» (Аскери)

Ілімнің пайдалысын үйрену керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһу та’аладан пайдалы ілім сұраңдар және пайдасыз ілімнен Аллаһу та’алаға сыйыныңдар!» (Ибн Мажә)

 

Қажетсіз сұрақтар

Оқырмандарымыз көбінесе пайдалы сұрақтар қояды. Біз де іздестіріп, мамандарынан сұрап жауаптарын жазып жатырмыз. Осылайша сол оқырманымызбен бірге басқа оқырмандарымыз да бұдан пайдалануда. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ілім – қазына, ал сұрақ қою – кілті. Сұраңдар – үйреніңдер! Бір сұрақтың арқасында төрт адам сауап алады. Сұрақ қойған, жауап берген, тыңдаған және бұларды жақсы көрген адам.» (Әбу Нуайм)

Ал кейбір оқырмандарымыз хазреті Ибраһим сойған қойдың етін кім жеді? Пәленше ғалымның анасының аты кім еді? Юнус алейһиссаламды жұтқан балық еркек пе? деген сияқты сұрақтар қойып жатады. Дуррул мухтардың Тахтауи хашиясында былай делінген:

«Адамның білуі керек болмаған нәрселерде сөз тартысуы мәкрух. Үйренілуі әмір етілмеген нәрселерді сұрауы жаиз емес. Мысалы хазреті Лұқман пайғамбар ма? Жын адамдарға қалай көрінеді? Хазреті Иса аспаннан қашан түседі? Осыған ұқсаған нәрселерді сұрамау керек, өйткені бұларды үйрену бізге әмір етілмеген.»

Қазіргі таңда адамдардың көбі Әһли сүннет сенімін білмейді. Үйренуі фарзи айн болған ілімдерден хабарсыз. Пайыз түрлерін, тіпті тамақтанудың парыздарын да білмей тұрып, дүние мен ахиретке қажет болмаған нәрселерді сұрайды. Біз «Білмейміз» деп жауап берсек, «Білетін адамнан сұра» дейді. Онсыз да біз білмегендерімізді білетін адамнан сұрап жүрміз. Бірақ, білу қажет болмаған нәрселерді сұрау қажет емес. Дүние мен ахиретке жарамайтын сұрақтарды сұрау, жауап беруге тырысу және «Мен білемін» деу дұрыс емес. Құран кәрімде де былай делінген:

«Әр ілім иесінің үстінде одан жақсырақ білетіні бар.» (Юсуф 76)

Хадис шәрифте былай делінген:

«Ғалыммын деген адам жаһил (надан).» (Табарани)

«Көп сұрақ қоюдан сақ болыңдар! Сендерден бұрынғылар осы себепті құрыған.» (И. Мауәрди)

«Сендерге көп сұрақ қоюды тыйым саламын.» (Табарани)

«Аллаһ разылығынан басқа бір мақсатпен ілім үйренген немесе ілімін дүние пайдасына құрал қылған адам жаһаннамға түседі.» (Тирмизи)

«Ілімді ғалымдармен жарысу, жаһилдермен (сауатсыздармен) сөз таластырып өшіру және адамдар арасында абыройға қол жеткізу үшін үйренген адам жаһаннамға түседі.»(Тирмизи)

Осы себепті, қажетсіз сұрақ қою және басқа мақсаттармен сұрақ қою дұрыс емес. Сынау үшін, қарсы алдыңдағы адамды масқаралау үшін сұрақ қою да дұрыс емес. Хадис шәрифте, «Үйрену үшін сұрақ қойыңдар! Жаман мақсатпен сұрақ қоймаңдар!» делінген. (Дәйләми)

Сұрақты дұрыс қоя алу ол адамның ілімін көрсетеді. Хадис шәрифте, «Жақсы сұрақ – ілімнің жартысы» делінген. (Табарани)

Ілімді үйреніп амал еткісі келетін адамға үйрету керек! Ілімнің қадірін білмейтін, сөз болсын деп үйренгісі келген адамға ілім үйрету дұрыс болмайды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ілімді оның қадірін білмейтіндерге үйрету, оны жоғалту деген сөз.» (Ибн Әби Шәйба)

«Кейбір қауымдар келеді, фақихтері нәзік және аралас мәселелерді қолға алады, халықты адастырады. Міне осылар, үмметімнің жауыздары.» (Табарани)

 

Ұят болады деп сұрамау

Сұрақ: Мен жас қызбын. Ұятты (хайз) тақырыптағы сұрақтарымды сұрауға ұяламын. Не істесем болады?

Жауап: Қызбала ұятты сұрақтарын анасынан сұрайды. Ол да білмесе, анасына «Әкемнен сұрап бер» дейді. Әкесі де білмесе, әкесінің білетін бір адамнан сұрауы керек. Әкесі жоқ болса, көке сияқты махрем туысқандарынан үйренеді. Бұлар да үйрете алмаса, онда хатпен немесе телефонмен өз атынан емес, «Бір әйелдің әдет жағдайы осынша уақыт жалғасып тоқтаса, не істеу керек» деген сияқты түрде сұрау дұрыс болады. Әйелдің күйеуі осы ілімдерді үйреніп әйеліне түсіндірмесе, әйел ең дұрыс жолмен бұларды үйрене алады. Білетін адамдардан осындай сұрақтарды әдеп шекарасының ішінде сұрауы айып болмайды.

Хазреті Әсманың пайғамбарымыздан қалай ғұсыл алу керектігін сұраған кезде ұялғанын көрген хазреті Айша анамыз, «Ансар әйелдері қандай жақсы, ұялулары діндерін үйренуге кедергі болып тұрған жоқ» деді. (Бұхари) Демек, ұят болады деп өзіне парыз болған ілімдерді үйренбеу қате. Пайғамбарымыз ұятты тақырыпта түсіндірген кезде, «Аллаһу та’ала хақтың түсіндірілуінен тартынбайды» деген. (Тирмизи) Осы мағынада аяти карима да бар:

«Аллаһу та’ала шындықты айтудан тартынбайды.» (Ахзаб 53)

 

Сұрақ: Білмей қалатын кездеріміз болып тұрады. Сұрауға мүмкіндік таба алмаймыз немесе ұяламыз. Сұрамаудың зияны бар ма? Және сұраған адамымыз білетін болса да білмеймін десе, оған зияны бола ма?

Жауап: Қажет болған жағдайларда білмейтіндер білетіндерден сұрауы керек, білетіндер де ілімін жасырмау керек! Хадис шәрифте былай делінген:

«Ғалымның білгенін айтпауы, ал жаһилдің (сауатсыздың) білмегенін сұрамауы халал емес. Өйткені Аллаһу та’ала "Білмесеңдер, ілім иелерінен сұраңдар" деген.» (Табарани)

Дінін үйрену үшін сұрақ сұрағандарға жауап бермеудің жауапкершілігі өте үлкен. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ілімін (білгенін) жасырған адамға теңіздегі балықтан, аспандағы құсқа дейін барлық нәрсе лағынет айтады.» (Дарими)

 

Кітап оқуды әдетке айналдыру

Сұрақ: Мемлекетімізге келген туристтерге, шет елдіктерге қарайтын болсақ, шабадандарының жартысында киім, қалған жартысында кітаптар болады. Ал біз саяхатқа шыққанымызда ойымызға ең соңынан келетін нәрсе – кітап. Кітап оқуды әдетке айналдыру, оқуға деген сүйіспеншілікті арттыру тұрғысында қандай кеңес бере аласыз?

Жауап: Ілімнің қайнар көзі – кітап. Ең жақсы, ең дұрыс және ең оңай ілім кітап оқу арқылы үйреніледі. Кітап – дыбыссыз мұғалім. Түсінбеген жерлерін бірнеше рет оқи аласыз. Түсінбегеніңіз үшін сізге ашуланбайды. Ұрспайды және масқараламайды.

Кітап оқыған кезде әрі жаңа мәліметтер үйреніледі, ой-өрісті арттырады, әрі күнделікті қиыншылықтарыңыздан аз болса да ұзақтаған боласыз. Көп кітап оқыған адамдардың сөйлеу мәнері дұрысталады. Әдемі және түсінікті сөйлемдер құрады. Пікірін орынды түрде жеткізе алады. Көп қателік жасамайды. Оқиғаларды тіл байлығымен қызықты етіп айтып береді. Оңайшылықпен ашуланбайды, сабырды үйренеді. Түсінігі мол және шыдамды болады.

Әрине кітап дегенде, кез-келген кітап бұларды тудырады демейміз. Кітаптың да дұрысы, жақсысы, пайдалысы бар. Бұның терісі де болуы мүмкін. Кейбір кітаптарды оқығанда қаламасақ та болымсыз, жаман жағына қарай әсерлене алуымыз мүмкін.

Жылқы шөпті жеуден бұрын иіскейді. Егер улы болса, күмәнданса жемейді. Кітап та сондай. Кітап жайында алдымен мәлімет жинау, кітаптың жазушысы, авторы жайында пікір алу керек.

Бұзылған азық жеген кезімізде асқазанымыз қалай ауыратын болса, бұзық кітап оқыған кезімізде миымыз да осылайша әсерленеді. (Осы тұрғыдан мазһабсыздардың, діни реформашылардың кітаптарын оқымау керек.)

Адамның ең қатты өкінетін нәрсесі – үйренген қажетсіз және қате ілімдері.

 

Қажетсіз ілім дегеніміз не?

Дүние мен ахиретіне жарамайтын, тек кейбір сөз таластарында және білгіштік атануда жарайтын ілімнің түрі. Мысалы, 1980 жылдың ең тез жүгіретін адамның есімін жаттау сияқты. Өкінішке орай күнімізде жалпы мәдениет делінген кезде осы түрдегі нәрселер ойға келеді. Ғылымға, адамзатқа ешқандай пайдасы болмаған буда-буда ілімдер... Тақырыпты созбай-ақ қояйық.

Кітап оқудың пайдаларын айтып берумен бітіре алмаймыз...

Біздің негізгі айтқымыз келгені – кітап оқуды әдетке айналдыру еді.

Бұл кітап оқу дағдысы кіші жастарда пайда болса, әсерлірек, жақсырақ және тұрақты болады.

Балалар мен жас өспірімдерді кітап оқуға дағдыландыру керек. Ал бұны қалай істеуге болады?

Балалар мен жас өспірім оқыған кезде қызығушылық танытатын комикстер, қысқа хикаялар, қызықты балалар ертегілері, сөз қазынасын арттыратын кросвордтар, жұмбақтар, балалар мен жас өспірім үшін дайындалған журналдар бұл сұрақтың жауабы.

Ең жақсы оқу дағдысын осы атағандарымыз тудырады.

Әйтпесе балаларға ғылымның өзі берілген дәріс кітаптарын және ауыр кітаптарды оқыту өте қиын.

Елімізде, әсіресе қазіргі қоғамда кітап оқу дағдысының жеткіліксіз дәрежеде екенін қабыл етуге мәжбүрміз. Әлемдегі мемлекеттермен салыстырған кезде ең арттағы қатарларда қалудамыз.

Теледидар мен радио сияқты құралдардан алынған білім уақытша. Көп мәлімет берілсе де, бұларды ақылда сақтау қиын. Өйткені бұл мәліметтерге иемдену үшін ешқандай еңбек жұмсалмаған.

Бірақ кітап ондай емес. Белгілі еңбек жұмсалып алынған білімнің ұмыт болу ықтималы өте аз.

 

Сұрақ: Кейбір адамдар діни және іліми тұрғыдан деп айтып жатады. Дін ілімнен бөлек пе?

Жауап: Ислам діні – ілімнің нағыз өзі. Құран кәрімде көптеген жерде ілім үйрену әмір етілген, ілімді адамдар мақталған. Мысалы, «Білетін адам мен білмейтін адам тең бола ма, білетін адам әрине қадірлі» делінген. (Зумәр 9)

Сүйікті пайғамбарымыздың ілімді мақтаған және ілімге ынталандырған сөздерінің көптігі және мөшһүрлігі соншалық, мұсылман болмағандар да бұларды біледі. Жоғарыда бірнешеуін білдірдік.

Ислам дінінде әйел күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл қажылыққа бара алмайды. Сапарға шыға алмайды. Бірақ күйеуі үйретпесе және рұқсат бермесе, оның рұқсатынсыз өзіне қажетті ілімді үйренуге кете алады. Аллаһу та’ала жақсы көрген қажылыққа рұқсатсыз кетуі күнә болып, ілім үйренуге рұқсатсыз кетуі күнә болмайды. Хадис шәрифте, «Ілім қайда бар болса, ол жерде мұсылмандық бар. Қай жерде ілім жоқ болса, ол жерде кәпірлік бар» делінген. Бұл жерде де ілімді әмір етуде. (Баршаға қажетті иман)

Ілім діннен бөлек емес. Ислам ілімдері екіге бөлінеді:

1) Ақли (дүниелік) ілімдер,

2) Нақли (діни) ілімдер.

Физика, химия, математика, әдебиет сияқты тәжірибелік ілімдерге ақли (ақыл) ілімдер делінеді. Тәфсир, кәлам, хадис, фиқһ сияқты ілімдерге нақли (нақл жолымен келетін) ілімдер немесе дін ілімдері делінеді.

«Ислам діні ілімді, ғылымды әмір етеді» деп айту да қате түсінілуі мүмкін. Өйтені Ислам дінінің өзі ілім.

(Физика, математика сияқты) жаратылыстану ілімдері Ислам дінінің бір бөлімі. Дін (Ислам) делінген кезде, ішіне ілім де кіреді. Сол үшін, діни және іліми деп екеуін бөлу қате. Ғылым діннен бөлек емес.

«Дінді, ілімді, әдепті және ахлақты жайыңдар» деген сияқты сөйлемдер қолданатындар, осылай сөйлеп жазатындар, не дінімізді жақсы білмейді немесе мазһабты қабыл етпейді. Бүкіл ілімдер Ислам ілімдерінің ішінде зерттеледі. Дінді ілімнен бөлектеп, ажырататындар батыстық жазушылардан әсерленген адамдар. Дінімізде ахлақ та бар, әдеп те, әдебиет те бар... Осы тұрғыдан «Дінді, ілімді, әдепті, ахлақты жайыңдар» сөйлемі дұрыс емес. Дін мұның бәрін қамтиды. Дін деп айтқанда басқалары қолданылмайды. Дін деген сөзді қолданылмай басқаларының барлығын қолданудың зияны жоқ.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ғылым мен өнер мүминнің жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса алсын!» (Ибн Асакир)

«Ілім Қытайда болса да алыңдар, үйреніңдер!» (Бәйһақи)

Қытай бұрыннан беріге дейін әлі мұсылман емес. Қытайдан алынатын ілім, әрине жаратылыстану (дүниелік) ілімі, әр түрлі технологиялар. Осы тұрғыдан ешкімнің Ислам дінінің ілімге, техникаға, даму, өркендеуге қарсы екендігін айтуы мүмкін емес.

 

Сұрақ: Әйел мен еркекке парыз болған ілімдер қандай?

Жауап: Дінімізде парыз болған ілімдер екіге бөлінеді: Фарзи кифая, фарзи айн болған ілімдер.

Дүние істерін реттеу үшін қажет болған медицина, ауыл шаруашылығы, киім тігу, саясат сияқты ілімдер фарзи кифая.

Бұл ілімдерді білетін жеткілікті мөлшерде адам бар болса, басқа адамдардың бұл ілімдерді үйренуі парыз болмайды. Яғни бұл ілімдерді білмегені үшін басқа адамдар жауапкершілік тартпайды.

Фарзи айн болған ілімдерді әр мұсылманның білуі парыз. Мысалы намаз, ораза сияқты ғибадаттарды әрбір мұсылманның білуі парыз. Ең алдымен Әһли сүннет ақидасын (сенімін) үйрену әр мұсылманға фарзи айн. Зекет беретін байдың зекет ілімін білуі фарзи айн болғанымен, кедейдің білуі парыз емес. Үйленетін адамның үйленуге қатысты қажетті ілімдерді білуі парыз. Үйленбейтін адамның үйленуге қатысты ілімдерді білуі парыз емес. (Хадиқа)

 

Сұрақ: Дінімді жақсырақ үйрене алуым үшін әртүрлі кітап оқудың зияны бар ма?

Жауап: Көп кітап оқу, көп ілім үйрену орнына пайдалы ілім үйрену керек. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ілімнің пайдалысы,  ғибадаттарды дұрыс және жақсы орындау арқылы байқалады. Харамдардан сақтандырмайтын, тақуалықты арттырмайтын ілім, тек Аллаһу та’аланың ашуын арттырады.» (Дәйләми)

«Ілімі көбейгенімен мінез-құлқы түзелмеген адам Аллаһу та’аладан алыстайды.» (Дәйләми)

 

Хикмет дегеніміз не?

Сұрақ: Басқа діндегі адамдардан алынған ілімнен пайдаланудың зияны бар ма?

Жауап: Діни ілімдер әһли сүннет ғалымдарынан алынады яғни солардың кітаптарынан үйреніледі. Ал жаратылыстану (дүниелік) ілімдері әр жерден алынады. Осы жөнінде хадис шәрифтерде былай делінген:

«Хикмет (ғылым және өнер) мүминнің жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса алуы керек.» (Ибн Асакир, Аскери)

«Хикметті ал, қай жерден алынғаны саған зиян бермейді.» (Кунуз-үл Хақаиқ)

«Ілімді Қытайда болса да алыңдар» (Бәйһақи)

Бұл хадис шәрифтер дүниенің ең алыс жерлерінде, тіпті кәпірлерден болса да ілім үйренуді әмір етуде, шығыс немесе батыс деп ілім алудан бастартпау керектігі білдірілуде. (Мәудуат-үл-улум)

Хикмет, ғылым деген мағынаны білдіргеніндей басқа мағыналарды да білдіреді. Мысалы фиқһ ілімі мағынасы да бар. Бір аяти кәримада «Аллаһ хикметті (фиқһ ілімін) кімге қаласа соған береді» делінген (Бәқара 269)

Хикмет заттың маңызын, қасиетін және ерекшелігін білу деген мағынаға да келеді. Аяти кәримада «Аллаһқа шүкір ет деп Лұқманға хикмет бердік. Шүкір еткен адам өзі үшін шүкір етеді.» делінген (Лұқман 12)

 

Сұрақ: Ілім үйренудің шарттары бар ма?

Жауап: Ілім, талап еткен адамға үйретіледі, талап етпей ілім үйренілмейді. Бір нәрселерді жаттап алуы мүмкін, бірақ оның пайдасын көрмейді. Білім алудың ең бірінші шарты ілімді талап ету.

 

Сұрақ: Күнә істеу арқылы білім алуға бола ма?

Жауап: Үйренуі қажетті ілім де күнә істеу арқылы үйренілмейді.

 

Сұрақ: Мектепте және үйде әр сабаққа дайындалған уақытта сауап алу үшін қалай ниет етуіміз керек?

Жауап: Былай деп ниет етуге болады: «Мектепке, оқуым біткенде мұсылмандарға, адамдарға қызмет ету үшін, пайдалы болу үшін кетіп бара жатырмын және сабақтарға сол үшін дайындалып жатырмын. Йа Раббым маған пайдалы ілім нәсіп ете гөр.»

 

Сұрақ: «Біле тұра істемегеннің жазасы өте үлкен» деп діни үкімдерді үйренуді қаламау дұрыс па?

Жауап: Үйренуге мүмкіншілігі бола тұра үйренбеу де күнә болады. Хадис шәрифте былай делінген: «Ғалым да жаһил (сауатсыз) да бірдей күнә істесе, ғалым адамға бір күнә, ал жаһил адамға екі күнә жазылады. Ғалым адам тек күнәнің, ал жаһил адам әрі күнәнің әрі сол үкімді үйренбегеннің жазасын тартады.» (Дәйләми)

 

Сұрақ: Дүниеде де, ахиретте де бақытты болу үшін не істеу керек?

Жауап: Дүниеде де, ахиретте де бақытты болу ілім арқылы жүзеге асады. Хадис шәрифте «Әр нәрсенің бір жолы бар. Жаннаттың жолы – ілім» делінген. (Дәйләми)

Ахиретте бақытты болу ілім арқылы болатынындай, дүниеде де рахат және тыныш өмір сүру ілім арқылы болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сүлейман алейһиссаламға мал-мүлік, салтанат және ілім ұсынылғанда ол ілімді таңдады, кейін мал-мүлікпен салтанат та берілді.» (Дәйләми)

Ең жоғары амалдың қандай екені сұралғанда пайғамбарымыз «Аллаһу та’аланы тану» деп жауап берді. Олар «Йа расулаллаһ біз амал тұралы сұрап жатырмыз, ал сіз ілім жөнінде айтып жатырсыз» деп айтады. «Жақсылап біліп алыңдар, іліммен жасалған аз амал құнды болады. Ал жаһилдікпен (білмей) жасалған көп амал пайдасыз болады» деді. (Ибн Абдилбәр)

Тасаууфты яғни тариқатты үйренуден алдын ілім үйрену керек.

Бәдрәддин Сәрхәнди хазреттері былай деген:

«Имам Раббани хазреттен "Бұхари", "Мишқат", "Хидая", "Шархи Мәуақиф" кітаптарын оқып ілім алдым. Ұстазымыз жастарды ілім үйренуге үгіттейдін еді: "Алдымен ілім, сосын барып зікір" дейтін еді. Менің ілім оқудан қашып, зікірге көбірек құштар екендігімді байқап: "Балам, кітап оқы, ілім үйрен, сауатсыз сопы шайтанның қолында масқара болады. “Рутбатул илми ъаләл рутаб”, яғни мәртебелердің ең биігі ілім мәртебесі" деген еді.» (Хадарат-ул-қудс)

 

Сұрақ: Ең жақсы ғибадат қайсы?

Жауап: Әрқашан дұрыс иман иесі болуға, парыздарды орындап харамдардан тыйылуға, тәубе етіп қаза болған парыздарды өтеуге тырысу керек. Бұларды дұрыс орындай алу да тек қана ілім арқылы жүзеге асады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Түнде бір уақыт ілім үйрену, түні бойы ғибадат еткеннен де артық сауап» (Р. Насихин)

«Азаннан кешке дейін іліммен шұғылдану, жиһад етуден абзал болып табылады.» (Дәйләми)

«Ілімнен бір мәселе үйрену, жүз рәкат нәпіл намаз оқудан да құнды.» (Ибн Абдилбәр)

Ілімсіз жасалған амалдың құны жоқ. Қазіргі таңда ілімнің маңызы өте үлкен. Хадис шәрифте былай делінген: «Сендер факиһтері (фиқһ ғалымдары) 
көп, хатибтары аз, беретіндер көп, алатындар аз заманда өмір сүріп жатырсыңдар. Сондай бір заман келеді фақиһтері аз, хатибтері көп, беретіндер аз, алатындар көп болады. Ал ол заманда ілім амалдан қайырлы болады»
 (Табарани)

 

Пайдалы және пайдасыз ілімдер

Сұрақ: Пайдалы және пайдасыз ілімдер қайсылар?

Жауап: Пайдалы және пайдасыз ілімдерге бірнеше мысал келтірейік:

1) Иман, ғибадат және тіршілік үшін табыс ілімдерін үйрену парыз. (Хиндийа)

2) Фиқһ ілімдерін үйренбей хадис, тәфсир ілімдерімен шұғылдану қате болады. (Бәриқа)

3)  Математика және геометрия, астрономия сияқты ілімдер, егер Аллаһу та’аланың көрсеткен жерлерінде яғни адамдарға қызмет ету үшін қолданылмаса, бұлармен шұғылдану, уақытты пайдасыз нәрселермен өткізген болады. Қыбла және намаз уақыттары үшін және дінге қызмет ету үшін бұл ілімдерді үйренудің зияны жоқ. (М. Раббани, Хиндийа)

4) Балгерлік ілімдерін үйрену харам. (Хиндийа)

5) Кәлам яғни иман ілімдерін қажеттілігінен артық үйрену жаиз емес. (Хадиқа)

Ілімді Аллаһ разылығы үшін және мұсылмандарға қызмет ету үшін үйрену керек. Мал-мүлікке (байлыққа), мансапқа (лауазымға, билікке) ие болу, тәкаппарлық және атақты болу үшін үйренбеу керек. Ілімді үйренгенде де тек қана әһли сүннет ғалымдарының жазған кітаптарынан үйрену керек. (Ислам Ахлақы)

 

Әуелі маңызды болған

Сұрақ: Мұсылманның алдымен білуі керек болған ілімдер қай ілімдер?

Жауап: Әр мұсылманның илмихал үйренуі парыз айн. Аллаһу та’ала «Білетіндерден сұрап үйреніңдер!» деген. Білмейтіндер ғалымдардан және олардың кітаптарынан үйренулері керек. Сондықтан хадис шәрифте «Ілім үйрену әйел-еркек барлық мұсылманға парыз» делінген. Орындалуы және тыйылуы керекті болған ілімдерді дұрыс жазылған ілмихал кітаптарынан үйрену керек.

Ғалымдар әрбір мұсылман әһли сүннет ақидасын қысқаша және күнделікті істеріндегі және ғибадаттарындағы парыздар мен харамдарды жақсылап үйренулері парыз айн екенін ауызбірлігімен білдірген. Бұларды илмихал кітаптарынан үйренбесе бидғат иесі немесе мүлһид (дінден шыққан адам) яғни кәпір болады. Бұлардың көбісін және арап тілінің он екі құрал ілімін үйрену және тәфсир, хадис шәриф, жаратылыстану және медициналық ғылымдарды, есеп яғни математиканы үйрену парыз кифая болып табылады. Бұл парыз кифаяны бір қалада бір адам үйренсе, осы қалада тұратын басқа адамдардың үйренуі парыз болмайды, мүстаһаб болады.

Қалада фиқһ кітаптарының болуы, ислам ғалымдарының болуы сияқты. Мұндай қалада фиқһ мәселелерін артығымен үйрену және тәфсир, хадис үйрену ешкімге парыз болмайды, мүстаһаб болады.

Қажеттілігінше білмейтіндер білетіндерден сұрауы керек, білетіндер де білімін жасырмауы керек! Дүние істерін істер кезде ахиретті ұмыту өте жаман. Хадис шәрифте «Ақыр заманда адамдар мешіттерін сәндейді, көңілдерін (жүректерін) тоздырады. Діннен көп киімдерге мән береді. Дүниелері аман болса, ахиретті ойламайды.» делінген (Хаким)

Үнемі нәпіл намазын оқудың орнына, намазды дұрыс оқуды үйрену одан да құнды. Біліп жасалған аз амал, білмей жасалған көп амалдан қадірлі болып табылады. Бір нәрсені жақсылап істеу тек қана ілім арқылы болады. Барлық нәрседен бұрын ілім үйренуге тырысу керек. Хадис шәрифте «Аллаһтың құзырында ілімді талап ету, намаз, ораза, қажылық және жиһадтан да абзал.»делінген. (Дәйләми)

 

Амалсыз ілім

Сұрақ: Газетпен, поштамен немесе басқа бір жолдармен келген діни ілімдерді үйреніп амал етпесек күнә бола ма?

Жауап: Әрине амалсыз ілімнің күнәсі үлкен. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ілімімен амал етпеген ғалым қияметте ең қатты азапқа душар болады.» (Бәйһақи)

«Ғалым, ілімі аз болса да ілімімен амал еткен адам.» (Әбушшәйһ)

«Бір адамға діни насихаттың (кітап, сұхбат, баспасөз) қандай да бір жолмен жетіп баруы, Аллаһ тарапынан ихсан етілген бір ниғмет. Оны шүкір етіп қабылдасын! Егер шүкір етпесе, бұл Аллаһтың құзырында оған қарсы бір дәлел болады. Күнәсының және Аллаһтың ашуының артуына себеп болады.» (Ибн Асакир)

Ілімімен амал етпеу күнә болады, деп дінін үйренбеу жаиз емес. Өйткені қажетті дін үкімдерін үйрену парыз. Ал парызды орындамау – харам. Парыз болған ілімді үйрену керек және онымен амал етуге тырысу керек.

 

Сұрақ сұраудан ұялу

Сұрақ: Адам сұрақ сұраудан не үшін ұялады?

Жауап: Дін ұлылары былай деген:

Нәпіс үшін ең қиын нәрсе сұрақ сұрау. Өйткені адамның нәпсі білмей қалған жағдайда, сұрақ сұрауға тәкаппарланады, намыстанады. «Ол білгенде, мен қалай білмеймін» дейді. Истишара ету, біреуден бір нәрсе сұрау нәпістің белін сындырады. Ал ештеңе сұрамау нәпісті азғырады. Негізінде нәпісті қуаттандыратын, оны азғыртатын харам істер. Харам істеп соңында күпірге түсіп, кәпір болады. Өйткені харам істегеннен кейін оған әдеттенеді, әдеттенгеннен кейін харам істеуден рахаттанады. Ал рахаттанғанда харам екенін ұмытып, оған мән бермей харам істеуді жалғастыра береді. Харамға мән бермеген адам кәпір болады.

30-40 жылдан бері жақсы танитын таныстарымыз бар. Бір рет болса да сұрақ сұрағандарын көрмедік. Бір күн бір досымызға бір сұрақтың жауабы өте қажет болып қатты тағатсызданды, соңында шыдай алмай «Мына сұрақтың жауабы қандай?» деп сұрамай «Сен ұстазымыздан 30 жыл сұрақ сұрадың, бәлкім мына сұрақты да сұраған болуың мүмкін» деп айтты. Тек қана осындай жолмен сұрай алды. Мұндай жолдармен де болса сұрай алмаған адамдар да көп. Нәпістің тәкәппарлығын, шайтанның аяғын сындыру керек. Сұрақ сұрау дініміздің әмірі. Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Білмегенін сұрамау – халал емес.» (Табарани)

«Ілім – қазына, кіліті – сұрақ сұрау. Сұрақ сұраған адамға Аллаһу та’ала мейірім етеді.» (Әбу Нуайм)

Адам не тәкаппарлығынан сұрақ сұрай алмайды, немесе жаһилдығынан (надандығынан), білмегендігінен сұрай алмайды. Бір нәрсені білетін адам ғана сұрай алады. Сүйікті пайғамбарымыз«Жақсы сұрақ сұрау – ілімнің жартысы.» деген (Табарани)

 

Дінді үйрену үшін

Сұрақ: Дінді үйренү үшін арапша білу шарт па?

Жауап: Арапша үйрену өте жақсы, өте пайдалы болса да дінді үйрену үшін арапша білу шарт емес. Арапша білу дінді білу деген сөз емес. Египет, Сирия Сауди Арабстан сияқты елдердегі адамдардың ана тілі арапша. Ол жердегі адамдардың көбісі уаххабилер немесе мазһабсыздар. Олар арапша білеміз деп Құран кәрімнен өз ойларымен қате мағына шығарып, күпір еткендер де бар. Арапша білудің пайдасымен бірге дінімізді және әһли сүннетті білмейтіндер үшін осындай зияндары да бар.

Бұл елдерде өмір сүретін християндар да арапша біледі, бірақ олар басқа дінде. Демек тіл білу, дін білу деген сөз емес. Әйтсе де мұсылманның арапша білуі, дінін оңайырақ үйренуіне себеп болады, бірақ білуі шарт емес.