19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Иманды болудың екі шарты

Иманды болудың екі шарты

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

«Әмәнту»-дегі алты нәрсеге сену – иман. Бірақ бұл иманның бір мүминде бар болуы екі шартқа байланысты. Біріншісі, ғайыпқа иман, яғни көрместен, өз ақылына, біліміне сүйенбей сену. Екіншісі, хуббы филлаһ пен буғды филлаһ. (Яғни Аллаһу та'аланың жақсы көргендерін жақсы көру және Аллаһу та’аланың жақсы көрмегендерін жақсы көрмеу деген сөз.) Осы екі шарт жоқ болса, «Әмәнту»-дегі алты шартқа сенген адам да мүмин бола алмайды.

Ғұламалар «Кәлимаи шәһәдат айтқан мұсылман – Раббымыздың әулие құлы» деген. Аллаһу та’аланың әулие құлын ренжіту Аллаһу та’аланың ашуына себеп болуы мүмкін. Хақ та’алаға ең жағымды болған ғибадат – мұсылмандардың бір-бірін жақсы көруі. Намаздың шарты уақыттың кіруі болса, иманның шарты да хуббы филлаһ, буғды филлаһ. Яғни мұсылмандарды Аллаһ үшін жақсы көру, ал Аллаһ дұшпандарын Аллаһ үшін жақсы көрмеу. «Ұстазын ренжіткенді жақсы көрген адам иттен де төмен» делінген. Аллаһқа қарсы болғанды жақсы көрген адам әлбетте одан да төмен, одан да жаман. Әрине бұл дұшпандық дегеніміз шабуылдап ұрып-соғу емес, көңілде болған жек көрушілік. Аллаһу та’ала адамның сыртына емес, көңіліне, ниетіне қарайды.

Сыртқы көріністің көптеген ниғметтерге қауышуы, ішкі дүниенің де үлкен ниғметке қауышқандығын көрсетпейді. Көптеген ғибадаттар, өте жақсы қызметтер атқару Аллаһтың ашуына ұшыраудан қорғамайды. Аллаһтан қорқу Аллаһтың ашуынан қорғайды. Ең қадірлі мүмин – тек мешітте, ғибадатта ғана емес, үлкеннің, кішінің немесе әйелінің жанында да, барлық жерде, әр сәтте Аллаһтан қорққан адам. Мұндай мүмин – Аллаһтың құрметті құлы, оның көңілі өте қадірлі. Осы көңілді ренжітуден, сындырудан аса сақтану керек.

Көп сауабым бар деп қуанатын адам, кейбір мүминдерді ренжіткен немесе берген сөзінде тұрмаған болуы мүмкін. Кейбір адамдарға қабақ асып қараған немесе оларды тұрғызып күткізген, ренжіткен болуы мүмкін. Бұлардың бәрі құл ақысына себеп болады. Медреседе ғалымдар шәкірттерін емтиханда тұрғызатын, бірақ өздері де отырмайтын еді. Олар да түрегеп тұратын еді.

Сүйікті пайғамбарымыз бір мұсылманды ренжітіп алмайын деп ешкімге қабақ асып қарамайтын, шақырған адамға мойнын бұрып сөйлемей, бүкіл денесімен оған бұрылатын еді.

Аллаһу та’ала қаншалықты заттық немесе рухани ниғмет берсе, құл соншалықты қарапайым болуға мәжбүр, тіпті міндетті. Әйтпесе бұл бақыт құсы ұшып кетеді. Яғни Аллаһтың разылығынан және жәннаттан мақрұм қалады.