![]() ![]() ИСЛАМДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ФИТНАИмам Раббани Мүжәддид әлфи сани шәйх Ахмед Фаруқи Серһендидің (рахимә-һуллаһу та'ала) Мәктубатынан екінші томның отыз алтыншы хаты асхаби кирамның ұлылығын және әһли сүннет мазһабы мен басқа қате топтардың асхаби кирам туралы айтқан сөздерін баяндайды. Исламда алғаш шыққан фитнаның шиилік екендігін және әһли сүннет мазһабының шиилер секілді шектен шықпағанын, харижилер секілді надандық пен қысқа көзқарас жолын ұстанбағанын көрсетуде әрі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтін мадақтауда. Бұл хатымды жазуды бисмиллаһ айтып бастаймын. Аллаһу та'алаға шүкір! Оның сүйікті пайғамбарына дұға мен сәлем болсын! Ол ұлы пайғамбардың әһли бәйтіне және сахабаларының барлығына әрі бүкіл мұсылмандарға бізден жақсы дұғалар болсын! Дұрыс жолда жүргендерді жақсы көру, олармен танысу, көрісу, олар сияқты болуға тырысу және сол ғұламалардың сөздерін есту, кітаптарын оқу Аллаһу та'аланың ниғметтерінің ең үлкендерінен әрі Оның сыйларының ең құндыларынан. Мухбир-и садық, яғни үнемі дұрыс сөйлейтін Мұхаммед алейһиссалам «Әл мәр’у мә’а мән әхабба» деді. Яғни адам дүниеде және ахиретте сүйіктісімен бірге болады. Сондықтан дін ғұламаларын жақсы көрген адам олармен бірге болады. Олардың Аллаһу та'алаға рухани жақындығында олар сияқты болады. Іс-әрекеті, сөзі жақсы болған, дәреженің жоғарылауына бейім екені аңғарылған қадірлі ұлым қожа Шәрәфәддин Хусейннің айтуынша, ол үлкен ниғмет, сол көркем мінез сізде бар. Әр түрлі істеріңіз және аралас ойларыңыз бола тұра сол ғұламаларды ұмытпайсыз. Дүниелік істер айналаңызды қоршап тұрса да осы өте құнды ниғметті қолдан жіберіп алмадыңыз. Сондықтан Аллаһу та'алаға көп мақтаулар мен шүкірлер болсын! Өйткені сіздің бақытыңыз, сіздің ниғметтерге бөленуіңіз көп адамның бақытқа кенелуіне жол ашады. Олардың құтылуына, бақытқа кенелуіне себеп болады. Тағы оның айтуынша, бұл пақырдың жазбаларын оқиды екенсіз. Сөздеріме мән береді екенсіз. «Оған бірнеше сөз жазып жіберсеңіз өте пайдалы болады» деді. Оның осы өтінішін орындау үшін сізге бірнеше сөз жазуды жөн көрдім. Үндістанда бұл күндері бәрінің аузында «Халифалық кімнің хақы еді? Асхаби кирам андай еді, мұндай еді» дегендей сөздер жүр. Ислам білімдерінің нәзік тармағы болған бұл тақырыпта көп адам өзінің қысқа ақылымен, қате көзқарастарымен жар салып айтып және жазып жүр. Сөздерінің дұрыс екенін көрсету үшін аяти карималар мен хадис шәрифтерге қате мағына беруден де тартынбауда. Ислам ғалымдарының дұрыс сөздерін жасыруға тырысуда. Осы себептен бұл тақырыпта бірнеше қатар жазуды және әһли сүннет ғалымдарының дұрыс әрі тура сөздерін мұсылмандарға жеткізуді әрі бұзылған «Бидғат» топтардың қате жазбаларын дәлелдермен теріске шығаруды, осылайша ақиқатты көрсетуді жөн көрдім. Ей, таза рухты және жоғары жаратылысты бауырым! Әһли сүннет мазһабының ғалымдары (рахимә-һумуллаһу та'ала) бір ауыздан «Шәйхайнды үстем көру және екі күйеу баланы жақсы көру қажет» дейді. Яғни хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омар асхаби кирамның бәрінен жоғары, үстем және хазреті Осман мен хазреті Әлиді жақсы көру керек деді. Әһли сүннет уәл жамағат деп аталатын дұрыс жолдағы әр мұсылманның осы екі тұлғаны үстем санауы және сол екі тұлғаны жақсы көруі қажет. Хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың үстем екенін асхаби кирамның бәрі бір ауыздан хабар берген. Бұл ауызбіршіліктерін табиин-и изамның бәрі бізге бір ауыздан хабар берген. Осындай ауызбіршілігі бар екенін бізге дін ғұламаларымыздың ұлылары, мысалы Имам Шафии хабар беруде. Сенімдегі мазһабымыздың екі имамының бірі Әбул Хасан Ашари хазрет айтқан: «Әбу Бәкір мен Омардың бүкіл үмбеттің ең үстемдері екені нақты». Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) халифа кезінде және мемлекеттің басқаруы мен күш-қуаты қолында болғанда сахабалардан жиналған үлкен жамағатқа қарап: «Әбу Бәкір мен Омар бұл үмбеттің ең үстемдері» дегенін Имам Зәһәби жазған әрі бұл үстемдіктің тәуатур жолымен бізге келгенін хабар берген. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) айтқан: «Пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кейін адамдардың ең үстемі Әбу Бәкір. Одан кейін Омар. Одан кейін басқасы». Тыңдаушылар арасында болған баласы Мұхаммед бин Ханафия: «Омардан кейін сіз үстемсіз!» дегенде хазреті Имамның «Мен тек қана мұсылмандардың бірімін» деп жауаптағанын Имам Бұхари хабар берген. Әбу Бәкір мен Омардың ең үстем екенін хабар берген сенімді, дұрыс адамдардың көптігі сонша, тәуатур күйіне еніп, сену зәрури болған. Бұған сенбейтін адам не надан, не қып-қызыл дүмше және қырсық. Шии ғалымдарының үлкендерінен Абдурраззақ бин Әли Лахижи (1051 [м.1642] жылы өлді) бұл ақиқаттың айқын екенін көріп, қарсы шыға алмаған, сол екі имамның ең үстем екенін айтып, «Имам Әли Әбу Бәкір мен Омардың одан үстемірек екенін айтқаны үшін мен де ол сияқты айтамын. Екеуінің де үстемірек екеніне сенемін. Егер хазреті Әли олардың үстемірек екенін айтпаса, мен де айтпайтын едім. Хазреті Әлиді жақсы көргенім үшін ол сияқты айтамын. Оны сонша жақсы көре тұра ол сияқты айтпайтын болсам, күнә істеген боламын» деген. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі күйеу баласы, яғни хазреті Осман мен хазреті Әли халифа болған кезде фитналар шыққандықтан және мұсылмандардың арасында дүрбелең көбейгендіктен, адамдардың жүректерінде реніш, суықтық пайда болған еді. Араларына дұшпандық пен келіспеушілік кірген еді. Сондықтан әһли сүннет уәл жамағат ғалымдары Хатанәйнді, яғни екі күйеу баланы жақсы көру қажет екенін хабар берді. Осылайша бір наданның шығып алып Расулуллаһтың асхаби кирамына тіл тигізуінің алдын алды. Расулуллаһтың халифаларының, мұрагерлерінің біріне дұшпандық жасауына мүмкіндік бермеді. Аңғарылғанындай, хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) жақсы көру әһли сүннет болу үшін шарт. Хазреті Әлиді жақсы көрмейтін адам әһли сүннет емес. Ондай адамды «Харижи» деп атайды. Хазреті Әлиді жақсы көруде шектен шыққан, жақсы көруде шамадан артық кеткен, оны жақсы көру үшін Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларын балағаттау керек дейтін, сол үшін асхаби кирамға (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) тіл тигізіп, асхаби кирамның, табиин-и изамның және сәләф-и салихинның жолынан адасқан адамдарға «Адасушы» делінеді. Аңғарылғанындай, хазреті Әлиді жақсы көруде олар шамадан артық кетіп, шектен шыққан. Ал харижилер хазреті Әлиге дұшпан болып, осы Аллаһтың арыстанының қадірін түсіне алмаған. «Әһли сүннет» болса екі тарапқа да адаспаған, орта жолмен жүрген. Ақиқат та асыра сілтеп, оңға-солға адасқанда емес, әлбетте тура жолда жүргенде. Оңға-солға кетіп шектен шығу әлбетте жаман әрі қауіпті. Ахмед бин Ханбалдың (рахимә-һуллаһу та'ала) хабар беруі бойынша, хазреті Әли Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған айтты деп хабар берген: «Йа, Әли! Сен Иса алейһиссаламға ұқсайсың. Яһудилер оған дұшпан болды. Анасы хазреті Мәриямға жала жапты. Ал христиандар оны шамадан артық жақсы көріп, болмайтын дәрежеге көтерді. Яғни Аллаһтың ұлы деді». Хазреті Әли бұдан кейін былай деді: «Менің кесірімнен екі түрлі адам құриды. Біріншісі, мені жақсы көруде асыра сілтегендер, менде жоқ қасиеттерді маған айтып, шамадан артық мақтайтындар. Екіншісі, маған дұшпан болғандар және дұшпандық жасап жала жапқандар». Көрініп тұрғанындай, харижилер яһудилерге ұқсайды. Жақсы көруде асыра сілтегендер христиандардай болуда. Олардың екеуі де дұрыс жолдан айрылған. Әһли сүннет туралы хазреті Әлиді жақсы көрмейді деп айту, оны шиилер жақсы көреді деп санау үлкен әрі нашар надандық. Мынаны жақсы түсініп алу керек, адасқан дегені хазреті Әлиді жақсы көру емес, Расулуллаһтың үш халифасына дұшпан болу деген сөз. Асхаби кирамды жамандау, оларға тіл тигізу жаман. Имам Шафии (рахметуллаһи алейһ) айтқанындай, шумақ: Мұхаммед алейһиссаламның отбасын жақсы көру шиилік болса, Ей, адам мен жын, біліңдер, мен шиимін. Яғни шиилер шииліктің Мұхаммед алейһиссаламның отбасын, яғни әһли бәйтін жақсы көру екенін айтады. Егер шиилік оларды жақсы көру болса, шиилер басымыздың тәжі болады. Бірақ әһли бәйттен басқасына дұшпандық ету дұрыс емес. (Хазреті Әли мен Фатимаға және балаларына (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) «Ал-и Расул» немесе «Әһли бәйт» делінеді). Расулуллаһтың әһли бәйтін дұрыс және лайықты түрде жақсы көретіндер әлбетте әһли сүннет. Әһли бәйттің жолындағылар әлбетте олар. Әһли бәйтті жақсы көреміз және олардың жолында жүреміз дейтін адам егер басқа сахабаларға дұшпандық жасамаса әрі асхаби кирамның бәріне құрмет көрсетіп, сүйіспеншілік танытып, асхаби кирам арасындағы соғыстардың жақсы себептерден орын алғанына сенсе, «Әһли сүннет» болады. Адасқан жолда болудан құтылады. Өйткені әһли бәйтті жақсы көрмеу «Харижи» болу деген сөз. Әрі әһли бәйтті жақсы көру, әрі асхаби кирамды құрметтеу, бәрін жақсы көру әһли сүннет болу деген сөз. Аңғарылғанындай, мазһабсыздық Расулуллаһтың сахабаларына дұшпандық етуден туындауда. Өйткені әһли бәйт те асхаби кирамнан. Ал сүннилік асхаби кирамның барлығын жақсы көру деген сөз. Ақылы бар ынсапты адам асхаби кирамға дұшпандық етуді оларды жақсы көруден үстемірек санамайды. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақсы көргені үшін Оның сахабаларының бәрін жақсы көреді. Базбіреулер әһли сүннеттің әһли бәйтке дұшпан екенін айтуда. Бұл тым қате және өте жаман сөздеріне қанша таңқалса да орынды. Өйткені әһли бәйтті жақсы көру әһли сүннеттің иманмен кетуінің белгісі. Әһли сүннет ғалымдары соңғы демде иманмен жан тапсыру үшін әһли бәйтті қатты жақсы көру керек деген болатын. Бұл пақырдың (яғни Имам Раббанидың) әкесі үлкен ғалым еді. Захир және батын ғылымдарда өте білімді еді. Адамдарға үнемі әһли бәйтке деген сүйіспеншіліктің маңыздылығын айтатын. Оларды жақсы көру соңғы демде иманмен кетуге көмектеседі дейтін. Әкем ауырып өлім аузында жатқанында мен қасында едім. Өмірінің соңғы сәттері еді. Дүниемен байланысы аз қалған еді. Әһли бәйтті жақсы көріңдер деген кездерін есіне түсірдім. «Қазір осы сүйіспеншілігіңіз қандай?» деп сұрадым. Есін жоғалтайын деп жатқан кезінде: «Әһли бәйтке деген сүйіспеншіліктің дариясына шомған күйдемін» деді. Осылай жауап бергеніне Аллаһу та'алаға шүкір етіп, мақтау айтқан едім. Әһли бәйтті жақсы көру әһли сүннеттің капиталы. Мазһабсыздар мұны түсіне алмауда. Әһли сүннеттің дұрыс және лайықты түрдегі сүйіспеншілігін тастап, асыра сілтеп жолдан шығуда. Шектен шығып шамадан артық кетпейтін сүйіспеншіліктің қадірі жоқ деп санап, әһли сүннетке харижи деген атау тағуда. Асыра сілтеу мен төмен қалу арасында дұрыс және тура жолдың бар екенін, хақ және дұрыс жолдың осындай екенін түсіне алмауда. Асыра сілтеп шамадан артық кету мен тым төменде қалу деген екі қате жол арасындағы хақ әрі дұрыс болған орта жолды табу абыройы әһли сүннет ғалымдарына нәсіп болған. Әһли сүннет ғалымдарының бұл тура жолды табу үшін үздіксіз, тоқтаусыз, жалықпай атқарған еңбектеріне Аллаһу та'ала мол марапатын берсін. Шиилер де біледі, харижилермен, яғни хазреті Әлидің және балаларының дұшпандарымен әһли сүннет қақтығысты. Әһли бәйттің дұшпандарының жазасын бергендер әһли сүннет еді. Ол кезде шиилер жоқ еді. Бар болса да жоқ дейтіндей шамада аз еді. Әлде олар әһли сүннетке әһли бәйтті жақсы көргені үшін шии дей ме? Осы себептен харижилердің көзін құртқандарды, тарқатқандарды шии санай ма? Олардың әһли сүннетті кейде харижи дейтіні таңқалдырады. Махаббаттарының шектен шықпайтынын, асыра сілтемейтінін көріп харижи деп санайды. Әһли бәйтке деген сол ұлыларға жарасатын лайықты сүйіспеншілікті көрген кездерінде әһли сүннетті шии деп санайды. Сондықтан әрі өте надан болғандықтан әһли сүннет ғалымдарынан әһли бәйтке деген махаббатты естігенде оларды өздерінен деп санайды. Махаббатта шектен шықпау керектігін айтатын және үш халифаны да жақсы көруге тырысатын әһли сүннет ғалымдарын болса харижи дейді. Олардың әһли сүннет ғалымдарына айтқан әділетсіз және орынсыз сөздерінің обалы жоқ. Хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) деген махаббаттың шамадан артық және адуынды болуы себепті хазреті Әлиді жақсы көру үшін үш халифаға және асхаби кирамның көбіне дұшпан болу керек дейді. Ынсапқа келсін, мұндай махаббат бола ма? Расулуллаһтың халифаларына дұшпан болуды және Оның асхаби кирамын балағаттауды, жамандауды шарт деп санайтын ессіздікті махаббат деп атауға бола ма? Әһли сүннетті жақтырмауының, өте нашар сөздермен жамандауының жалғыз себебі әһли сүннеттің әһли бәйтке деген сүйіспеншілікке асхаби кирамның бәріне деген сүйіспеншілікті қосуы. Асхаби кирам арасындағы бөлінуді, соғыстарды біле тұра олардың ешбірін жамандамауы. Әһли сүннет Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатының қадірі мен абыройын түсініп, асхаби кирамның жаман ойдан, қырсықтықтан, бір-бірін көре алмаудан құтылғанын, тап-таза болғанын хабар беруде, әрқайсысының үстем, қадірлі екенін айтуда. Сонымен қатар ол соғыстарда олар дұрыс болғанға дұрыс, қате болғанға қате деген. Бірақ бұл қателіктердің нәпсінің қалауларынан, жаман мақсаттарынан туындамағанын, рәй мен ижтиһад бөлінуі екенін айтқан. Әһли сүннет те асхаби кирамның көбіне дұшпандық еткенде, осы дін ұлылары жамандалғанда, оларға бұл ұнайтын еді. Ол кезде әһли сүннетке тіл тигізбейтін еді. Осы секілді харижилердің де әһли сүннетті жақсы көруі үшін әһли сүннеттің де әһли бәйтке дұшпан болуы керек. Йа, Раббым! Сен бізге тура жолды көрсеткеннен кейін жүрегімізді туралықтан тайдырма! Шексіз рақымдылық қазыналарыңнан бізге де нәсіп ет! Жақсылықтарды беруші тек қана сенсің. Әһли сүннет ғалымдарының ұлыларының айтуынша, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалары бір-бірімен соғысқан кезде үш топқа бөлінген еді: 1) Бірінші топтағы асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) оқиғаларды зерттеп, хазреті Әлидің тарапы дұрыс деп ижтиһад етті. 2) Екінші топтағылар қарсы тараптағылардың дұрыс екенін ижтиһадпен түсінді. 3) Үшінші топтағылар тоқтады. Қандай да бір тараптың дұрыс екенін көрсететін ижтиһадқа қол жеткізе алмады. Бірінші топта болған асхаби кирам өз ижтиһадтарын ұстанып, хазреті Әлиге көмектесуі уәжіп болды. Екінші топта болған асхаби кирамның да өз ижтиһадтарын ұстанып, қарсы тарапқа көмектесуі қажет болды. Үшінші топтағылардың бұл мәселеге араласпауы уәжіп болды. Бір тарапқа көмектесу қате болар еді. Үш топтағылардың бәрі өз ижтиһадтары бойынша амал етті. Әрқайсысы өздеріне қажет және уәжіп болғанын істеді. Олай болса осылай істегендеріне не дей аламыз? Қайбіріне тіл тигізе аламыз? Имам Шафии (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Аллаһу та'ала бұл қанға қолымызды былғаудан бізді қорғады. Біз тілімізді араластырудан қорғауымыз керек». Омар бин Абдулазиздың да осылай айтқаны хабар берілген. Бұл сөзден аңғарылғаны, осы үш топтағы асхаби кирамның ешқайсысына «Дұрыс істеді, қателесті» дегендей айтуымыз дұрыс емес. Барлығы туралы тек қана жақсы болғанын айтуымыз қажет. Хадис шәрифте де осылай бұйырылған. «Сахабаларым еске алынған кезде тілдеріңді қорғаңдар!» хадис шәрифі көрсетіп тұрғанындай, сахабаларым еске алынған кезде бір-бірімен болған соғыстары айтылған кезде өздеріңді қорғаңдар. Бір топты қолдап, басқаларын жамандаудан сақтаныңдар! Бұл әмірге бағыну қажет. Сонымен қатар әһли сүннет ғалымдарының көбінің түсінгені бойынша хазреті Әлимен бірге болғандардікі дұрыс еді. Қарсы тараптағылар қатеге түскен еді. Бірақ бұл қателіктері ижтиһадтағы қате болғандықтан ештеңе деуге болмайды. Ол ұлыларға тіл тигізуімізге себеп бола алмайды. Қателік жасағандарды да дұрыс тараптағылардай жамандауға және төмендетуге болмайды. Сол соғыстар кезінде хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ): «Бауырларымыз бізге ермеді. Олар кәпір емес. Күнәһар да болмады. Өйткені олар түсінгені бойынша ижтиһад етті. Кәпір және күнәһар болмайды» дегені хабар берілген. Көрініп тұрғанындай, әһли сүннет те, шиилер де хазреті Әлимен соғысқандардың қателік жасағанын, хазреті Әлидікі дұрыс екенін айтуда. Алайда әһли сүннет ғалымдары бұл қателіктің көзқарас, түсінік қатесі екенін, бұдан артық ештеңе айтуға болмайтынын хабар берген. Ол ұлыларға тіл тигізуден, оларды жамандаудан сақтану керек дейді және адамдардың ең қайырлысының сұхбатына қатысу абыройын, хақын сақтауымыз керек дейді. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Сахабаларымның хақын қорғауда Аллаһу та'аладан қорқыңдар! Менен кейін оларға тіл тигізбеңдер!». Бұл әмірдің маңызын көрсету үшін екі рет қайталады. Хадис шәрифте: «Сахабаларымның барлығы аспандағы жұлдыздар секілді. Қайбіріне ерсеңдер, хидаятқа, бақытқа кенелесіңдер!» делінген. Асхаби кирамның әрбірін ұлы деп білу, бәріне құрмет көрсету қажет екенін көрсететін тағы да басқа көп хадис шәрифтер бар. Сондықтан бәрін қадірлі, үстем деп санауымыз қажет. Олардың ұсақ-түйек қателіктерін жақсы ниеттермен жасалғанын ойлауымыз керек. Әһли сүннет мазһабы осындай болады. Базбіреулер осы жерде асыра сілтеп шектен шығады. Хазреті Әлиге қарсы соғысқандарға кәпір деп, ауызға келмейтін жаман, жиіркенішті, төмен сөздерді тілге алады. Ауыздарын ластайды. Осы көзқарастарымен егер хазреті Әлидікі дұрыс екенін және оған қарсы соғысқандардың қателескенін айтқысы келсе, мұны жеткізу үшін әһли сүннет секілді айтуы жеткілікті. Әділеттікке, ынсапқа жарасатын жол осылай айту. Сол дін ұлыларын жамандау және оларды балағаттау дін мен мазһаб болмайды. Олар осы жаман жолды өздеріне дін мен мазһаб қылып алған. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларына дұшпандық етуді, балағаттауды дін және иман деп санайды. Имандарының негізі Расулуллаһтың сахабаларын (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) балағаттау болатындай бұл қандай дін және қандай мазһаб? Хадис шәрифте: «Мұсылмандар жетпіс үш топқа бөлінеді. Олардың жетпіс екісі қате сенімде болғандықтан тозаққа түседі. Жалғыз бір топ құтылады» делінген. Осы жетпіс екі бидғат топтың әрбірі түрлі бидғаттар шығарып, әһли сүннеттен айрылды. Осы жетпіс екі топтың ең төмені, ең бұзылғаны асхаби кирамға дұшпандық жасағандар болды. Жетпіс үшінші құтылу тобы болған әһли сүннеттен ең көп алыстаған, ең көп адасқан осылар болды. Дін ұлыларын балағаттауды, оларға лағнет айтуды имандарының, мазһабтарының негізі санайтын адамдардың туралықпен, дұрыстықпен қандай байланысы болуы мүмкін? Олар уақыт өте он екі топқа бөлінді. Барлығы бір-бірін жақтырмайтын болса да, барлығы асхаби кирамды кәпір деуден тартынбаған. “Хуләфа-и рашидинді балағаттау ғибадат” деп санайды. Сонымен қатар өздерін рафизи деп ататқызудан сақтанады. Рафизилер бізден басқа дейді. Өйткені рафизилердің қияметте азап шегетінін хабар берген хадис шәрифтер бар екенін өздері де біледі. Рафизи атауынан қашқанындай осы сөздің мағынасынан да сақтанғанда және Расулуллаһтың асхаби кирамына дұшпандық жасамағанда өте жақсы болар еді. Үндістандағы үнділер де өздерін индуизмнің өкілі деп атайды. Кәпір демейді. Өздерін кәпір деп санамайды. Дарулхарбтағылардың кәпір екенін айтады. Олар қателеседі. Екі мемлекеттегілер де кәпір. Ұстанған жолдары күпірлік жолы. Сонда олар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтін де өздері секілді деп санай ма? Оларды да Әбу Бәкір мен Омарға (радиаллаһу анһума) дұшпан деп біле ме? Осылай санауы әһли бәйттің ұлыларын мұнафиқ, екі жүзді деп білу болып саналады. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) басқа үш халифамен толық отыз жыл ішіндегісін жасырып көріскенін, оларға деген дұшпандығын жасырғанын және хақылары болмаса да оларды үстем санағанын, оларға құрмет көрсеткенін айтады. Бұл сөздеріне қанша таңқалса да орынды. Олар әһли бәйтті Расулуллаһты жақсы көргендіктен жақсы көрсе, Расулуллаһтың дұшпандарын да дұшпан деп білуі қажет еді әрі Расулуллаһтың дұшпандарын әһли бәйттің дұшпандарынан көбірек балағаттауы, лағнет етуі қажет болар еді. Алайда олардың Расулуллаһтың ең үлкен дұшпаны және Оны көп ренжіткен, сансыз қиындықтар көрсеткен Әбу Жәһлді балағаттағаны, лағнет еткені, оның жаман екенін айтқаны еш байқалмаған және мүлде естілмеген. Расулуллаһ ең көп жақсы көретін Әбу Бәкірді өздерінің қате көзқарастарымен әһли бәйттің дұшпаны деп санайды. Осы себептен оны балағаттап, жамандау үшін аузына келгенін айтады. Абыройына жараспайтын нәрселерді айтып жала жабады. Бұл қандай дін мен мазһаб? Аллаһ көрсетпесін! Хазреті Әбу Бәкірдің, хазреті Омардың және бүкіл асхаби кирамның (ридуануллаһи алейһим әжмаин) Расулуллаһтың әһли бәйтіне (радиаллаһу анһум) дұшпан болатынын ойлауға бола ма? Бұл ынсапсыздар, құрметсіздер әһли бәйттің дұшпандарын балағаттағанда ғой. Асхаби кирамның ұлыларының есімдерін айтпағанда, дін ұлыларын жаман деп ойлататын жағдайға түсірмегенде, өте жақсы болар еді. Осылай істегенінде әһли сүннет пен олардың араларында айырмашылық қалмас еді. Өйткені әһли сүннет те әһли бәйттің дұшпандарын дұшпан деп білуде және оларды жамандап балағаттауда. Әһли сүннеттің өте нәзік, өте жақсы бір сөзі бар, түрлі-түрлі күпірлікке түскен белгілі бір адамның да тозаққа түсетінін айтпау керек. Тәубеге келуі мүмкін, қайтадан мұсылман болуы мүмкін дейді. Сондай адамдарды да есімдерін атап лағнет айтуға рұқсат бермейді. Есімін атап белгілі бір кәпірді лағнет етпеу керек. Кәпірлерге лағнет болсын деп жалпы айту керек дейді. Өлерінде имансыз кеткені нақты белгілі болған адамды лағнеттеуге болады дейді. Олардың кейбірлері қиналмай, тартынбай хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омарға лағнет айтады және асхаби кирамның ұлыларына тіл тигізеді, оларды балағаттайды. Аллаһу та'ала бұл бейшаралардың тура жолға түсуін, осы қате адасқан жолдан құтылуын нәсіп етсін! Әмин! Бұл тақырыпта әһли сүннет пен олардың арасында екі үлкен айырмашылық бар: 1) Әһли сүннет ғалымдарының айтуынша төрт халифаның халифалығы хақ, дұрыс. Өйткені ғайыптан хабар берген хадис шәрифтердің бірінде: «Менен кейін халифалық отыз жыл» делінген. Яғни толық, кемел халифалық отыз жыл. Бұл отыз жыл хазреті Әлидің халифалығымен тәмәм болды. Бұл хадис шәриф төрт халифаның да дұрыс жолмен халифа болғанын көрсетеді және халифалық реті де дұрыс. Әһли сүннет болмағандардың бір бөлігі үш халифаның әділетсіз халифа болғанын айтады. Халифалықты күш қолданып, мәжбүрлеп алды деп ойлайды. Тек қана хазреті Әли әділетті түрде халифа болған еді дейді. Хазреті Әлидің басқа үш халифа дәуірінде үндемеуі, оларға бағынуы халық арасында бүлікке жол бермеу, фитна шығармау үшін еді дейді. Пайғамбарымыздың асхаби кирамы бір-бірімен өтіріктен жақсы араласты, екі жүзді болды деп санайды. Қарым-қатынасты бұзбау үшін бір-біріне достай көрінгеніне сенеді. Өйткені олардың айтуынша хазреті Әлидің халифа болуын қалағандар үш халифаның адамдарымен қаламай достық құрған және шын бейнелерін көрсетпеген. Олар да хазреті Әлиді жақсы көрмесе де өтіріктен күлімдеп қарап, дұшпандықтарын жасырған, дос болып көрінген. Олардың айтуынша асхаби кирамның бәрі екі жүзді және өтірікші болуда. Ішінде не болса, соның терісін көрсеткен. Олардың ойынша Мұхаммед алейһиссаламның үмбетінің ең жамандары асхаби кирам болуда. Сұхбаттардың, жиналыстардың ең жаманы да Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбаты болуда. Өйткені бұл жаман мінездер оларға Расулуллаһтың сұхбатынан, Оның насихатынан келген болуда. Дүниенің ең жаман дәуірі асхаби кирамның дәуірі болуда. Өйткені екі жүзділікпен, дұшпандықпен, бірін бірі көре алмаушылықпен, кек сақтаумен өмір сүрген болуда. Алайда Құран кәрімде «Фәтх» сүресінің соңғы аятында: «Олар бір-біріне өте мейірімді» делінген. Осындай жаман сенімдерден Аллаһу та'алаға сиынамыз. Бұл үмбеттің алдыңғы қатарлылары, ең үстемдері осындай жаман мінезді болса, кейіннен келгендерде жақсылық болуы мүмкін бе? Сонда Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сұхбатының үстемдігін және үмбетінің жақсы екенін хабар берген аяти карималар мен хадис шәрифтерді олар естімеген бе? Әлде бұған сенбей ме? Құран кәрімді және хадис шәрифтерді біздерге асхаби кирам жеткізген. Асхаби кирамды жамандайтын болса, олардың бізге жеткізген діні де жамандалған болады. Аллаһу та'ала осындай қате сөздерден, жаман сенімдерден бізді қорғасын! Осы сөздермен олардың исламды құлатуға тырысқаны аңғарылады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтін жақсы көру бетпердесінің артында ислам дінін бұзуға тырысуда. Расулуллаһтың ислам дінін жоқ қылу мақсатын ұстанғаны аңғарылуда. Аллаһу та'ала еліміздегі мұсылмандарды алданудан қорғасын! Әттең олар хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) жақсы көргендерге құрмет көрсеткенде ғой. Оларды мұнафиқ, екі жүзді деп білмегенде ғой. Хазреті Әлиді жақсы көргендер мен оған қарсы тұрғандардың бір-бірімен өтіріктен дос болғаны, отыз жыл бір-бірін алдағанын мәлімдесе, олардың қайбірінде жақсылық қалады? Олардың қайбірінің сөзіне сенуге болады? Хазреті Әбу Хурайраны (радиаллаһу анһ) балағаттайды, оны жамандайды. Оны жамандау арқылы ислам дінінің әмірлерінің, тыйымдарының жартысын жамандаған, жоққа шығарған болатынын түсінбейді. Өйткені мүжтәһид болған үлкен ғұламалардың айтуынша, ислам дінінің әмірлері мен тыйымдары үш мың хадис шәрифтен шығарылған. Яғни ахкам-и исламияның (ислам үкімдерінің) үш мыңы хадис шәрифтерден алынған. Ол хадис шәрифтердің бір мың бес жүзін хазреті Әбу Хурайра хабар берген. Сондықтан оны жамандау ахкам-и исламияның жартысын жоқ қылу, маңызын түсіру болады. Имам Бұхаридың айтуынша ислам ғалымдарынан сегіз жүзден астам адам хазреті Әбу Хурайрадан хадис шәриф алып хабар берген. Олардың көбі асхаби кирамнан және табиин-и изамнан еді. Мысалы Абдуллаһ бин Аббас, Абдуллаһ бин Омар, Жабир бин Абдуллаһ, Әнәс бин Малик хазреттер хазреті Әбу Хурайрадан хадис шәриф риуаят еткен (радиаллаһу анһум). Хазреті Әбу Хурайраны жамандайтын бір хадис шәриф айтып, оны хазреті Әли хабар берді дейді. Бұл сөздері ойдан шығарылған. Бұл сөздің жала екенін терең ғұламалар анықтаған. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Хурайраның білімінің артуына, зейінінің ашылуына дұға еткенін хабар берген хадис шәриф ғалымдар арасында танымал әрі Бұхари кітабында «Китабул илм» бөлімінде жазылған. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында отырған едік. Ол: «Араларыңнан қайбірің киімін шешіп жерге төсейді? Біраз нәрсе айтамын. Кейін киімін жинап бүктесін, сөзімді ешқашан ұмытпайды» деді. Шапанымды шешіп төседім. Расулуллаһ қалағанын айтты. Шапанымды кидім. Кеудемді жаптым. Одан кейін естіген еш нәрсемді ұмытпадым». Хазреті Әбу Хурайра секілді дін ұлысын хазреті Әлиге дұшпан деп санап, ол мүбәрәк тұлғаны балағаттап жамандау неткен ынсапсыздық. Бұл асыра сілтеудің бәрі шамадан тыс жақсы көруден туындауда. Имандарынан айрылуы әбден мүмкін. Егер олар ойлағандай хазреті Әлидің үш халифаға қаламай бағынғанын, екі жүзді болып жүргенін ойласақ та, оның екі халифаны мақтайтын сөздері барлық жаққа тарап кеткен. Бұл сөздеріне не дейді? Мысалы хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) халифа кезінде және мемлекеттің басқармасы қолында болғанда үш халифаның әділетті және дұрыс түрде халифа болғанын айтқанын барлық кітаптар жазуда. Бұған қалай жауап береді? Өйткені екі жүзділік ақыр соңында өз хақы болған халифалықты қаламау және үш халифаның әділетсіз халифа болғанын айтпау деген сөз. Үш халифаның халифалықтарының дұрыс екенін айту және хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Омардың мұсылмандардың ең үстемі екенін мәлімдеу мүлде екі жүзділік емес, ақиқатты хабарлау. Одан басқа үш халифаның және тағы көптеген сахабаның үстемдіктерін көрсететін, әлемнің барлық жеріне тараған сахих және дұрыс хадис шәрифтер бар. Асхаби кирамның көбінің жәннатқа кіретіні хадис шәрифтерде есімдері аталып сүйіншіленген. Бұл хадис шәрифтерге не дейді? Өйткені Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі жүзділік жасайтынын айту мүлде жаиз емес. Әр пайғамбардың барлық ақиқатты болғанындай хабарлауы қажет. Асхаби кирамды мақтайтын аяти карималарға не дейді екен? Аяти карималарда екі жүзділік бар екенін еш ойлауға болмайды. Аллаһу та'ала ынсап берсін! Ақылы бар әр адам екі жүзділіктің жаман мінез екенін біледі. Бұл опасыздыққа жатады. Аллаһтың арыстаны болған хазреті Әлиде бұл жамандықтың бар болғанын айту өте орынсыз. Пендешілікпен бір-екі сағат немесе бір-екі күн сондай болатынын ойласақ та, Аллаһтың арыстанының толық отыз жыл үнемі осы жаман мінезбен өмір сүргенін айту өте жаман жала. Кіші күнәні тұрақты істеудің үлкен күнәға айналатыны хабар берілген. Сатқындардың, мұнафиқтардың белгісі болған осы жаман сипатты жылдар бойы жалғастырған адамның жағдайы қайда барады? Әттең бұл сөздерінің жаман екенін олар түсінсе, хазреті Әлиді жаман жағдайға түсірмеу үшін екі халифаның үстемдігін жоққа шығарудан бастартса, қандай жақсы болар еді. Мұнафиқтардың белгісі болған екі жүзділіктің жамандығын түсінгенде хазреті Әлидің атына осылай дақ түсіру пәлекетінен құтылар еді. Екі пәлекеттің жеңілін қабылдап, екіншісінен құтылған болар еді. Тағы айтарымыз, олардың екі халифаның үстемірек екеніне сенуі мүлде пәлекет емес. Яғни бұл хазреті Әлиді төмендету саналмайды. Хазреті Әлидің халифалыққа хақы бар екенін жоққа шығармайды. Оның халифалыққа хақы, уилаят дәрежесінің биіктігі, хидаят, иршад мәртебесінің күші өз күйінде қалады. Алайда бірінші болып халифа болу оның хақы еді, бұл хақысын тартып алғандарға қаламай дос көрінді деп айту осы ұлы имамды төмендету, жамандау болып саналады. Өйткені екі жүзділік мұнафиқтардың белгісі және өтірікшілердің, алаяқтардың мінезі. 2) Әһли сүннет ғалымдарының (рахимә-һумуллаһу та'ала) айтуынша, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) асхаби кирамы арасындағы қақтығыстар, шайқастар жақсы ойлармен, пайдалы себептермен туындаған. Олардың ешбірі нәпістеріне ермеген, қырсықтықпен ештеңе істемеген. Өйткені асхаби кирамның нәпістері Расулуллаһтың сұхбатында тап-таза болған еді. Жүректерінде бір-біріне деген дұшпандық, кек және қарсылық қалмаған еді. Әрбірі ислам ғалымдарының бәрінен жоғары мүжтәһид болған еді. Әр мүжтәһидтің өз ижтиһады бойынша амал етуі уәжіп. Кейбір мәселелерде мүжтәһидтердің ижтиһадтары, яғни дұрыс деп көргендері бір-біріне сай келмейді. Ижтиһадтары сай келмегенде істері де әлбетте бір-біріне сай келмей қайшы болады. Өйткені әрбірінің өз ижтиһады бойынша амал етуі дұрыс болады. Осы себептен асхаби кирамның істері бір-біріне қайшы болуы ақиқатты табуға, дұрысты шығаруға тырысуынан туындаған. Бұл тырысулары бір-біріне еруі деген сөз. Бөлінуі, қақтығысуы нәфс-и әммараның қалауларын орындау үшін емес. Базбіреулер хазреті Әлиге қарсы соғысқандарға кәпір дейді. Оларға нашар сөздер айтып жамандайды. Алайда асхаби кирам ижтиһад етілуі қажет болған мәселелердің бірнешеуінде Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) да бөлінді және Расулуллаһтың тапқанына, айтқанына сай айтпады. Олардың хақты, дұрысты Расулуллаһтың айтқанынан басқаша тапқанын Аллаһу та'ала да, Оның Расулы да жамандамады. Оларға тіпті жаман сөз де айтылмады. Уахи түсетін кезде ешбірі осы себептен кінәлі деп қаралмады. Олай болса хазреті Әлидің ижтиһадына сай келмейтін ижтиһад иелеріне қалайша кәпір деуге болады? Ижтиһадтары хазреті Әлидің ижтиһадына сай келмегендер неліктен жамандалады? Хазреті Әлиге қарсы соғысқандар олар айтып жүрген бірнеше адаммен шектелмеген. Ислам ұлыларынан мыңдаған адам еді. [Қысас-и әнбияда хазреті Әлиге (радиаллаһу та'ала анһ) қарсы соғысқандардың саны Жәмәл, яғни түйе оқиғасында отыз мың болғаны жазылған. Сыффин оқиғасында хазреті Әлимен соғысқандардың жүз жиырма мың адам екені хабар берілген. Екеуінде өлгендердің жалпы саны қырық бес мың еді. Жоғарыда жазғанымыздай Абдуллаһ бин Сәбә есімді яһуди мен оның достары мұсылман көрініп асхаби кирам арасына фитна кіргізді және мыңдаған мұсылманның шәһид болуына себеп болды. Яһудилердің көптеген пайғамбарларды да шәһид еткені Құран кәрімде жазылған]. Асхаби кирамның ұлыларына, тіпті жәннатпен сүйіншіленгендеріне кәпір деу және оларға жаман сөздер айту оңай іс емес. Ауыздарынан шыққанның жаман екенін түсінсе ғой. Ислам дінінің жартысына жуығын олар хабар берген. Олар жамандалса, діннің жартысына сенім қалмайды. Олар қалай жаман болсын, ислам ғалымдарының ешбірі олардың бірі жеткізген хабарды жоққа шығармады. Хазреті Әли де олардан естігенін хабар беруде. Құран кәрімнен кейін жер жүзіндегі ең дұрыс кітаптың «Сахих Бұхари» кітабы екенін шиилер де біледі әрі айтады. Бұл пақыр [яғни Имам Раббани] шии ғалымдарының үлкендерінен Ахмед Тәбтиден естідім, «Құран кәрімнен кейін жер жүзіндегі кітаптардың ең дұрысы Бұхари кітабы» деген еді. Бұл кітапта хазреті Әлимен бірге болғандар жеткізген хабарлар болғанындай, қарсы тараптағылар жеткізген хабарлар да бар. Хабар берушінің екі тараптың бірінде болуы хабардың құндылығын азайтпаған және арттырмаған. Хазреті Әли жеткізген хабарды жазғанындай, хазреті Муауия жеткізген хабарды да кітабына жазған. Егер хазреті Муауияда және ол хабар берген хадис шәрифте күмәні болса, ол жеткізген хабарды кітабына әлбетте жазбайтын еді. Осы сияқты бүкіл хадис ғалымдары да екі тараптан келген хадистер арасында айырмашылық көрмеген, хазреті Әлимен соғысуды кемшілік және атына дақ түсіру деп санамаған. Ижтиһадтар бір-біріне сай келмеген кезде тек қана хазреті Әлидің ижтиһадының дұрыс болуы, оған бағынбағандардың қате болуы қажет емес. Иә, ол соғыстарда хазреті Әлидің ижтиһады дұрыс еді. Табииннің ғалымдарының және мазһаб имамдарымыздың бір-біріне сай келмейтін ижтиһадтары арасында хазреті Әлидің ижтиһадына сай келмейтін ижтиһадтарды таңдағаны және хазреті Әлидің ижтиһадын қабыл етпегені көп болған. Егер хазреті Әлидің ижтиһадының әрдайым дұрыс болуы қажет болса, оған сай келмейтін ижтиһадтар қабылданбайтын еді. Қазы Шурәйһ табииннің ұлыларынан және мүжтәһид еді. Хазреті Әлидің ижтиһадымен үкім шығармады және оның ұлы Имам Хасанның куәгерлігін қабыл етпеді. Ұлының әкесіне куәгер болуын қабылдамаймын деді. Бүкіл мүжтәһидтер де Қазы Шурәйһтің сөзіне бағынуда және ұлының әкесіне куәгер болуын қабылдамауда. Тағы көптеген жерлерде хазреті Әлидің ижтиһадына сай келмейтін ижтиһадтар бойынша амал етілуде. Діни кітаптар оқыған ынсапты адамдар сөзіміздің дұрыс екенін түсінеді. Сондықтан мысал келтірумен сөзді ұзатпайық. Көрініп тұрғанындай, хазреті Әлидің ижтиһадына сай келмейтін ижтиһадты ұстану және оның ижтиһадына бағынбау айып емес. Оған бағынбағандардың жаман болуы, жамандалуы қажет емес. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) Расулуллаһтың сүйіктісі еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғанға дейін Оны қатты жақсы көріп, үстем тұтатын еді. Расулуллаһ қайтыс болуына дейін оның бөлмесінде өмір сүрді және оның құшағында жан тапсырды әрі оның хош иісті бөлмесінде жерленді. Осындай қадірлі болумен қатар ол үлкен ғалым және мүжтәһид еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) діннің жартысының жеткізілуін оған қалдырған еді. Асхаби кирам істерінде шатасып, қиналған кезде оған барып, жауаптарын үйреніп, мәселелерін шешетін еді. Хазреті Әмірге бағынбады деп осындай құрметті Сыддықаға, осындай мүжтәһидаға тіл тигізу, жаман жалалар жабу мұсылманның ісі емес. Расулуллаһқа иман келтірген адамнан алыс. Хазреті Әли Расулуллаһтың күйеу баласы болса, хазреті Айша жұбайы, сүйіктісі және қадірлі өмірлік жары. Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл пақыр [яғни Имам Раббани] әр аптада кедейлерге ас таратқанымда сауабын «Әһли аба»-ның рухына ниет ететінмін. Яғни Расулуллаһпен бірге хазреті Әли, хазреті Фатима, хазреті Хасан мен хазреті Хусейннің рухтарына да бағыштайтынмын. Бір түні түсімде Расулуллаһқа сәлем бердім. Маған көңіл бөлмеді, басқа жаққа қарады да, «Мен тамақты Айшаның үйінде жейтінмін. Маған тамақ жіберетіндер оның үйіне жіберетін еді» деді. Ояндым. Маған көңіл бөлмеуінің себебі астың сауабын хазреті Айшаға да бағыштамағаным үшін екенін түсіндім. Содан кейінгі астардың сауабын хазреті Айшаға да, тіпті әзуаж-и мүтәххараттың (таза, құрметті жұбайларының) бәріне (радиаллаһу та'ала анһуннә) де бағыштадым. Өйткені олардың барлығы да әһли бәйт. Осылайша әһли бәйттің барлығынан көмек пен шапағат сұраумен абыройландым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Айша (радиаллаһу та'ала анһа) жолымен ренжітілуі Әли (радиаллаһу та'ала анһ) жолымен ренжітілуінен көбірек. Ақылы мен ынсабы барлар осындай екенін оңай түсінеді. Жоғарыда айтқандарымыз, хазреті Әлиді жақсы көру және оны қадірлеу Расулуллаһты жақсы көруден және қадірлеуден туындайды. Расулуллаһқа жақын болғаны және сүйіктісі болғаны үшін жақсы көрілгеніне байланысты. Егер бір адам хазреті Әлиді тікелей жақсы көріп, Расулуллаһты жақсы көруін араға қоспай тек оны қадірлі етсе, бұған айтарымыз жоқ. Оған ештеңе айта алмаймыз. Өйткені ол дінді құлатуға тырысуда және исламды жоқ қылуға тырысуда. Расулуллаһты тастап, басқа жол ұстанған. Мұхаммед алейһиссалам орнына хазреті Әлиге бет бұрған. Ал бұл күпірлік, адасушылық. Хазреті Әли ондай адамдарды жақтырмайтын. Олардың сөздері мен жазбаларына ренжитін. Асхаби кирамды жақсы көру әрі әзуажи тахиратты және күйеу балаларын жақсы көру, бәрі Расулуллаһты жақсы көруден туындауда (алейһи уә алә алиһи уә асхабиһиссалауат). Оларды үстем деп білу және құрмет көрсетудің бәрі Расулуллаһ үшін (алейһиссалату уәссәләм). «Оларды жақсы көрген адам мен үшін жақсы көреді» хадис шәрифі осындай екенін көрсетеді. Осы секілді олардың біріне дұшпандық ету Расулуллаһқа дұшпан болу деген сөз. «Оларға дұшпандық еткен адам маған дұшпан болғаны үшін істейді» хадис шәрифі де осыны көрсетеді. Демек «Сахабаларымды жақсы көру мені жақсы көру деген сөз. Оларға дұшпандық ету маған дұшпандық ету болады» деп айтуда. Хазреті Талха мен хазреті Зубәйр (радиаллаһу та'ала анһума) асхаби кирамның ұлыларынан. Екеуі де жәннатпен сүйіншіленген он кісінің қатарында. Оларға тіл тигізу, жамандау өте орынсыз. Оларға жасалған қарғыс пен жамандық айналып айтқан адамына қайтады. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) қайтыс болатын кезінде өзінен кейін араларынан бірі халифа сайлануын айтқан алты адамның бірі Талха, бірі Зубәйр. Халифа Омар (радиаллаһу анһ) алтауының қайбірінің үстемірек екенін түсіне алмады. Ол екеуі халифалықты қаламайтынын айтты. Ол Талха сондай Талха, Расулуллаһтың алдында (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әдеп сақтамағаны үшін әкесін өлтірген. Аллаһу та'ала Құран кәрімде оның Расулуллаһқа деген осы құрметін мақтаған. Зубәйрге келер болсақ, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны өлтірген адамның тозаққа түсетінін хабар берген. Оған қарғыс айтқан, оны жамандаған адамның төмендігі оны өлтіргеннен аз емес. Діндегі ұлыларымызға тіл тигізуден, исламның ұлыларын жамандаудан сақтаныңыз! Өте сақ болыңыз! Аса сақтаныңыз! Олар бүкіл өмірлерін ислам дінін жаюмен және жаратылыстардың ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссаламға көмектесумен өткізді әрі бүкіл мал-мүліктерін дінді күшейту үшін күндіз-түні ашық-жасырын пида етті. Расулуллаһқа деген сүйіспеншіліктен олар туғандарын, туысқандарын, балаларын, әйелдерін, елдерін, үйлерін, суларын, егістіктерін, ағаштарын тастады. Расулуллаһ үшін (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осылардың барлығын және өз жандарын да қиды. Осыларға деген сүйіспеншілікті және өз жандарына деген сүйіспеншілікті тастап, Расулуллаһқа деген сүйіспеншілікті таңдады. Расулуллаһпен сөйлесу, Онымен бірге болу абыройына, құрметіне кенелді. Оның сұхбатының берекетімен пайғамбарлық үстемдіктеріне жетті. Олар Аллаһу та'ала жіберген уахиды көрді және періштемен бірге болумен абыройланды. Физика мен химия заңдарының тысында болған ғажайыптарға және мұғжизаларға куә болды. Басқалар естіген нәрселер оларға айқын көрсетілді. Кейіннен келгендердің ешқайсына нәсіп болмаған жақындықтар, үстемдіктер оларға нәсіп етілді. Олар соншалықты көтерілді, соншалықты жақсы көрілді, басқалар таудай алтын тарату арқылы тапқан дәрежелерін олардың бір уыс арпа беру арқылы жеткен дәрежелерінің жартысындай да болмайтыны хабар берілді. Аллаһу та'ала оларды Құран кәрімде мақтап мадақтады. Оларға разы болғанын және олардың да Аллаһқа разы екенін білдірді. «Фәтх» сүресінің соңғы аятында абыройлары көтерілді. Бұл аяти каримада Аллаһу та'ала оларға кек, өш сақтағандардың кәпір болатынын хабарлады. Оларға кек, өш сақтаудан күпірліктен қашқандай сақтану керек. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осыншалықты берік байланған және Оның сүйіспеншілігіне, ізгілігіне қол жеткізумен абыройланған мүбәрәк адамдарды ижтиһад орны болған бірнеше мәселеде бір-біріне бағынбағанын, бір-бірімен қақтығысқанын және өз ижтиһадтары бойынша амал еткенін айтып, оларға тіл тигізу, оларды жақтырмау мүлде дұрыс емес. Ондай мәселелерде бірігу емес, бөліну бәлкім дұрысырақ болып, біреудің көзқарасына ермеу қажет болған. Имам Әбу Юсуфтың (рахимә-һуллаһу та'ала) ижтиһад дәрежесіне көтерілгеннен кейін Имам Ағзам Әбу Ханифаға (рахметуллаһи та'ала алейһ) бағынуы қате болды. Өз ижтиһадына бағынуы дұрыс болды. Имам Шафии (рахметуллаһи алейһ) асхаби кирамның ешбірінің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) көзқарасын, тұжырымын өз көзқарасынан үстем қылмады. Әбу Бәкір Сыддық болса да, хазреті Әли болса да, өзіне сай келмейтін ижтиһадтарды алмады. Өзінің ижтиһады оларға сай болмаса да, өз көзқарасымен амал етуді дұрыс деп білді. Үмбеттен қандай да бір мүжтәһидтің асхаби кирамның ижтиһадынан бөлінуі рұқсат болып, хақ болып саналады да, асхаби кирамның бір-бірінің ижтиһадына бағынбауы неліктен айып, кінә болып саналуда әрі осы себептен ол ұлы тұлғаларға тіл тигізілуде? Асхаби кирам (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ижтиһадына сай келмейтін ижтиһадтар да шығаратын. Расулуллаһтың ижтиһадына сай келмейтін әрекеттерге жол беретін. Уахи келген кезде олардың пікірдегі осы бөлінуіне ештеңе айтылмады. Ешбірі осы себептен жамандалмады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ижтиһадына сай келмейтін ижтиһадта болуына тыйым салынбады. Аллаһу та'ала асхаби кирамның ижтиһадтарында бөлінуін қаламағанда, бөлінуін ұнатпағанда, бөлінуіне әлбетте тыйым салатын еді. Бөлінгендердің азап көретінін хабарлайтын еді. Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сөйлескенде дауыс көтеріп сөйлеуге тыйым салынғанын және дауыс көтеріп сөйлейтіндерге азап берілетінін хабар бергенін бәріміз білеміз. «Хужурат» сүресінің екінші аятында: «Ей, мүминдер! Дауыстарыңды Расулуллаһтың даусынан жоғары көтермеңдер. Онымен сөйлескенде бір-бірлеріңмен сөйлескендей айқайласпаңдар!» делінген. Ол ұнатпаған әрекетіне бірден тыйым салған. «Бәдір» соғысында тұтқындарға не істелетіні талқыланған кезде асхаби кирамның ижтиһадтары арасында ерекшелік орын алды. Хазреті Омар мен хазреті Сад бин Муаз тұтқындарды өлтірейік деді. Басқалары ақша үшін босатып жібергісі келді. Расулуллаһ та (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осылай ижтиһад еткен еді. Осы ижтиһадты ұстанып, тұтқындарды босата бастады, дегенмен кейін аяти карима келіп хазреті Омардың ижтиһадының дұрыс екені хабарланды. Ижтиһадтар бір-біріне сай келмеген осындай тағы көптеген мәселелер болған. [Олардың бірін Ахмед Жевдет Паша (рахимә-һуллаһу та'ала) «Қысас-и Әнбия» кітабында былай хикаялайды: Хижреттің алтыншы жылы бір мың төрт жүз адаммен бірге қағбаны зиярат етуге Мәдинадан Меккеге аттанғанда кәпірлер мұсылмандарды Меккеге кіргізгісі келмеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Худәйбия» деп аталатын жерде тұрақтады. «Йа, Омар! Меккеге бар! Соғысуға келмегенімізді, қағбаны зиярат етіп кері қайтатынымызды оларға айт!» деп бұйырды. Хазреті Омар бұл бұйрықтың ижтиһад жолымен берілгенін түсініп, өз ижтиһадын айтып, «Йа, Расулаллаһ! Құрайш кәпірлері менің оларға дұшпан екенімді біледі. Араларына кірсем мені жермен-жексен етеді. Бұл іске Османның баруы дұрыс. Османның ол жақта туыстары көп. Олар оны қорғайды» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Омардың бұл жауабына ренжу былай тұрсын, қабылдады. Меккеге хазреті Османды жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы сияқты сахабаларының түрлі ижтиһадтарын қабылдаған және «Аллаһу та'ала дұрыс сөзді Омардың тіліне орналастырған» деді]. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) соңғы ауруында оларға бір нәрсе жазғысы келіп, қағаз сұрады. Асхаби кирам (алейһимурридуан) қағаз әкелуде пікірлері бір-біріне сай болмады. Қағаз әкелейік дегендер болғанындай, әкелмейміз дегендер де болды. Хазреті Омар-ул Фаруқ (радиаллаһу анһ) әкелмейміз дегендерден еді. «Бізге Аллаһтың кітабы Құран кәрім жетеді» деген болатын. Осы үшін де хазреті Омарға көп тиіседі. Ауыздарына келгенді айтудан тартынбайды. Дұрысы олардың ештеңе айтуға хақы жоқ. Өйткені хазреті Омар ол кезде уахидың тоқтағанын және Аллаһу та'аланың әмірлерінің толық болғанын, исламға қайнар ретінде тек ижтиһад жолының ашық қалғанын түсінген еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол кезде ижтиһадпен түсінгендерін жазатын еді. «Хашр» сүресінің екінші аятында: «Ей, ақыл иелері! Хабар берілгендерден ғибрат алыңдар!» делінген. Бұл жерде ижтиһад дәрежесіндегі ғалымдарға ижтиһад етуі әмір етілуде. Асхаби кирамның бәрі мүжтәһид еді. Ол жерде жазылатын ижтиһад білімдері үшін олар да ижтиһад етер еді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ауруы күшейген кезде осы іс үшін де қиналуын дұрыс санамады. Расулуллаһты қатты жақсы көргендіктен: «Сахабалардың ижтиһадымен мәселенің шешілуі жеткілікті. Расулуллаһты шаршатпайық» деген оймен «Аллаһтың кітабы бізге жетеді» деді. Мүжтәһидтер іздеген білімдерін Құран кәрімнен ижтиһад жолымен шығарғандықтан, сол жазылатындарды ижтиһадпен шығаруымыз үшін бізге Құран кәрім жеткілікті деді. Тек қана «Аллаһтың кітабы жетеді» дегенінен аңғарылғаны бойынша сол кезде жазатын нәрселердің Құран кәрімде айтылғандардан шығарылатынын, хадис шәрифтерден шығарылатын нәрсе еместігін сезген еді. Көрініп тұрғанындай, хазреті Омар (радиаллаһу анһ) Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты жақсы көріп, жанашыр болғандықтан, ауруы ең асқынған, күшейген кезінде жазумен әуре болуын, шаршауын, қиналуын дұрыс көрмей, қағаз әкелуді қаламады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол кезде жазғысы келуі сахабаларына сияпат, көмек көрсету үшін еді. Хабар берілуі міндетті түрде қажет болған нәрсе емес еді. Сахабаларын ижтиһад ету ауыртпалығынан құтқарғысы келген еді. «Қағаз әкеліңдер» әмірі көмек болмай, міндетті түрде қажетті болғанда қайта сұрайтын еді. Қалағанын әлбетте жазғызатын еді. Сахабаларының сөздеріндегі бөлінуді көріп бұл әмірінен бастартпайтын еді. Сұрақ: Хазреті Омар ол жерде «Сандырақтап жатқан жоқ па? Тексеріп көріңдер» деген болатын. Бұл не деген сөз? Жауап: Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) ол кезде Расулуллаһтың ауруы күшейген кезде бұл сөзді қаламай айтқанын түсінген болуы мүмкін. Расында «Жазамын» деуі осындай екенін көрсетеді. Өйткені Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) үмми еді. Ештеңе жазғаны байқалмаған. «Менен кейін жолдан шықпаңдар» деуі де хазреті Омарды солай ойлатқызуы мүмкін. Өйткені Аллаһу та'ала діни білімдердің кемелдікке жеткенін және ниғметтердің толық болғанын әрі Аллаһу та'аланың бұл жағдайды ұнататынын хабар берген еді. Бұл жағдайда жолдан шығу қалай болады және қысқа уақыт ішінде жазылатын бір нәрсемен мұның қалай алдын алу мүмкін? Жиырма үш жылда жазылғандар жетпейді және жолдан шығудың алдын ала алмайды да, қысқа уақытта және ауру күшейген кезде жазылатын нәрсе мұның қалайша алдын алады? Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) осыны бір мезетте түсініп «Қағаз әкеліңдер!» әмірінің пендешілікпен, қалауынсыз мүбәрәк аузынан шыққанын білді. Бұларды жақсырақ анықталуын, қайта сұралуын қалады. Осы жайлы сөйлескен кезде дауыс көбейгенде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Тұрыңдар. Шуламаңдар! Пайғамбардың қасында шулау дұрыс емес» деді. Басқа ештеңе айтпады. Қағаз бен қалам деген сөздер айтпады. Асхаби кирамның ижтиһад жасайтын істерде Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бөлінуі Аллаһ сақтасын нәпсілеріне ерумен, мән бермеумен болғанда олар мүртәд болатын еді. Мұсылмандықтан айрылатын еді. Өйткені Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) құрметсіздік және қарсылық көрсету күпірлікке жатады. Олардың бұл бөлінуі «Хашр» сүресінің екінші аятындағы бұйрыққа бағынудан туындаған еді. Өйткені білімде ижтиһад дәрежесіне көтерілген үлкен ғалымның ижтиһад жасау қажет болған істерде өз ижтиһадын қойып, біреудің ижтиһадын ұстануы дұрыс емес. Олай жасауға ислам діні тыйым салған. Иә, Құран кәрімде және хадис шәрифтерде айқын жазылған істерде ижтиһад жасалмайды. Баршаның бұл айқын бұйрықтарға бағынуы қажет. Бұларға сенуі және бөлінбеуі уәжіп. Асхаби кирамның ешқайсы көз бояушылықты жақтырмайтын, сыртқы көрініске қарамайтын. Бәрінің ойы жүректерін тазалау еді. Ақиқатқа және мағынаға қарап әдеп сақтайтын. Көрініске және сөзге байланып қалмайтын. Олардың бірінші ойы мен қалауы Расулуллаһтың бұйрықтарын орындау, Оны ренжітетін ең кіші нәрсенің өзінен сақтану еді. Олар ата-аналарын, бала-шағаларын, жанұяларын Расулуллаһқа пида еткен еді. Оған деген сенімдері, ықыластары, сүйіспеншіліктері, құрметтері көп болғаны соншалық, мүбәрәк түкірігінің, мүбәрәк тырнақтарының және шаш қидырғанда мүбәрәк шашының жерге түскені байқалмаған. Бұларға таласып, ең құнды олжа ретінде сақтап берекеттенетін еді. Өтірікшілік, бірін-бірі алдау секілді жамандықтар кеңінен тараған бұл заманда ортаға шығарылған сол таза адамдардың бір сөзінде Расулуллаһқа деген құрметсіздік аңғарылатын болса, ол сөзге басқа мағына беру, сөздерінің толығынан аңғарылатын жақсы мағынаны ойлау қажет. Сөздерінің әр мағынасын ойламау керек. Сұрақ: Ижтиһад арқылы қол жеткізілетін діни білімдерде қателесу мүмкін десе, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хабар берген нәрселердің барлығының дұрыс екенін айтуға бола ма? Жауап: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында ижтиһадпен шыққан мәліметтер бір-біріне қайшы болған кезде қайбірінің дұрыс екені Аллаһу та'ала тарапынан білдірілетін еді. Өйткені пайғамбарлардың қате іс жасауы жаиз емес. Бір іске қатысты бір-біріне қайшы ижтиһадтар шыққан кезде олардың қайбірінің дұрыс екені Аллаһу та'ала тарапынан білдірілетін. Дұрысы қатесінен ажыратылатын. Сондықтан Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында бір іске қатысты түрлі ижтиһадтар жасалғанда періште арқылы уахи келіп, қайбірінің дұрыс екені білдірілетін. Сол дұрысы бойынша амал етілетін. Бұл істері хақ және дұрыс болып шығатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан, істеген нәрселердің барлығы әлбетте дұрыс болатын. Қате болу ықтималы жоқ. Өйткені ижтиһадпен шыққан мәліметтердің де айқын айтылғандар секілді дұрыс болғандары періште арқылы хабар берілген. Кейбір істердің айқын айтылмай ғалымдардың ижтиһадына қалдырылуы ғалымдарға сый жасау үшін еді және ижтиһад ету сауабын алу үшін еді. Ижтиһадпен шығарылған діни білімдер мүжтәһидтердің дәрежесін көтерген. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болуынан кейін жасалған ижтиһадтар, яғни ижтиһад арқылы аңғарылған мәліметтер нақты емес. Ол мәліметтерге әлбетте дұрыс деуге болмайды. Сондықтан сол мәліметтер бойынша амал етуге болады, дегенмен дұрыс екеніне сену керек емес. Сенбегендер кәпір болмайды. Бірақ бір іске қатысты бүкіл мүжтәһидтердің ижтиһады бір-біріне ұқсаса, яғни ижма, ауызбіршілік болса, осындай ижтиһадпен шыққан мәліметке сену де қажет болады. Хатымызды әдемі қосымшамен аяқтайық. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтінің (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин) үстемдіктерін көрсетейік: Юсуф бин Абдулбәрр хабар берген хадис шәрифте: «Әлиді жақсы көрген адам мені жақсы көрген болады. Әлиге дұшпандық жасаған адам маған дұшпандық жасаған болады. Әлиді ренжіткен адам мені ренжіткен болады. Мені ренжіткен адам Аллаһу та'аланы ренжіткен болады» делінген. [Базбіреулер осы хадис шәрифке сүйеніп хазреті Әлимен соғысқандарға кәпір дейді. Алайда соғысқандар бір-біріне дұшпан емес еді. Денелері ренжісе де, жүректері бір-біріне ашулы емес еді. Соғыс кезінде хазреті Әли (радиаллаһу анһ) қарсы тараптағыларға «Бауырларымыз» деген болатын. Хазреті Муауия да (радиаллаһу анһ) хазреті Әли туралы «Менің мырзам» деп жазған болатын. «Қысас-и әнбия» кітабының Стамбұлдағы 1331 басылымының жетінші томы, 149-шы бетінде былай жазылған: «Хазреті Хасанның халифалықты тапсыруы және Сад бин Әби Уаққас секілді үлкен сахабалардың қабыл етуі арқылы хазреті Муауияның үкіметі шариғатқа сай болған еді. Хазреті Муауия асхаби кирамнан бола тұра үкіметке күш қолдану арқылы қол жеткізді. Өйткені заман осыны талап еткен еді. Адамдар халифаның әміріне бағынбаған еді. Күш қолдану да қажет болды. Сондықтан сұлтандық дәуірі келді. Бұл іске Муауия (радиаллаһу анһ) хақылы және лайықты еді». Аңғарылғанындай, олар сүйенетін «Қысас-и әнбия» кітабы да хазреті Муауияның асхаби кирамнан екенін жазуда және оған «радиаллаһу анһ» деуде. Жүз елу бірінші бетінде жазған: «Үмбеттің жұмысын жүргізу үшін бұдан былай күш қолдану қажет болған еді. Мұны жүзеге асыру үшін хазреті Муауия лайықты болып көрінген еді. Ислам діні оған дейін халифаның бұйрығымен жүргізілген болса, кейіннен сұлтандық күш-қуаты қажет болды. Ал мақсат ислам дінін жүргізу болғандықтан, сол кездегі асхаби кирамның барлығы Муауияға бағынды (ридуануллаһи алейһим әжмаин)». Жүз елу жетінші бетінде жазған: «Хазреті Муауия асхаби кирамнан еді және Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ілтипатын алған болатын. Ол құрайштың ұлыларынан еді. Ислам дінін күш қолдану арқылы жүргізгендіктен, ол «Халифа-и Расулуллаһ» деп аталды»]. |