19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Сендер қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар...

Сендер қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар...

Адамдар жақсы болса, ол қоғамға жақсы басқарушылар келеді, жаман болса жаман басқарушылар келеді. Құран кәрімде: «Егер сендер өздеріңді өзгертпейтін болсаңдар, Аллаһ сендерге берген ниғметін өзгертпейді» делінген.

Хадис шәрифте де айтылған: «Сендер қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар». (Жамиус сағир).

Тарихта залымдығымен танымал болған монғол қолбасшысы Хулагу 1258 жылы Бағдаттың тас-талқанын шығарады. Төрт жүз мыңнан астам мұсылманның қанын төгеді. Мешіттерді, медреселерді жер мен жексен қылады. Миллиондаған діни және ғылыми еңбектерді Дижлә өзеніне тастап ағызады. Хулагу өзі қаланың сыртында бір жерге орналасып, сол жақтан хабар жолдайды. Сол аймақтың ең үлкен ғұламасымен көріскісі келеді. Бірақ ешкім онымен көріскісі келмейді. Өйткені мұның соңында басынан айрылуы да мүмкін...

Бұл хабар сол заманның жас ғұламаларынан Қадиханға жеткен кезде ол «Мен барып көрісейін» дейді. Бәрі «Құрбан болатын адам табылды-ау» деп жеңілдейді.

Қадихан ол кезде жап-жас жігіт еді. Тіпті сақалы да дұрыс өспеген, денесі арық, әлсіз еді. Ол көрісуге барудан бұрын өзіне бір түйе, бір ешкі және бір қораз беруді сұрады. Адамдар бәрін дереу тауып берді.

Адамдар осы жануарлармен бірге Хулагудың отауына барған кезде оларды сыртта қалдырып, ішке өзі кіреді. Адамдары «Сұраған мұсылман ғалымыңыз осы» деп оны таныстырады.

Хулагу жігітті басынан аяғына дейін толық қарап шығады. Күткен адамы болмағандықтан таңқалып, «Басқа біреуді таба алмаған ба?» деп сұрайды. Қадихан хазрет оның осылай қарсы алатынын білгендіктен, Хулагудың сұрағына мынадай жауап береді:

- Сен көрісуге ірі денелі, алып адамды күткен болсаң, түйемді әкелдім. Жоқ, қария, сақалды біреумен көріскің келсе, ешкі әкелдім. Жоқ, даусы әдемі біреумен көрісуді қаласаң, қораз әкелдім. Үшеуі де есік алдында тұр, көрісуіңе болады!

Хулагу алдындағы адамның бекер адам емес екенін түсініп:

- Мұнда отыр, - деп орын көрсетеді де, бірден алғашқы сұрағын қояды:

- Онда айт! Мені осында алып келген себеп қандай?

Кадихан бұл сұрақты былай жауаптайды:

- Сені мұнда біздің амалдарымыз әкелді. Біз ниғметтердің қадірін біле алмадық. Негізгі мақсатымызды ұмытып, мансап, абырой, мал-мүліктің соңынан жүгірдік, ойын-сауық пен зауыққа берілдік. Аллаһу та'ала берген осы ниғметтерін қолымыздан алу үшін сені жолдады.

Хулагу екінші сұрағын қояды:

- Олай болса, мені бұл жақтан кім қайтара алады?

- Ол бізге байланысты, бұрынғы өз қалпымызға қайтып, қаншалықты аз уақытта есімізді жиып, ниғметтің қадірін біліп, ойын-сауықтан, ысырапшылдықтан, зұлымдықтан, бір-біріміздің кемшілігімізбен әуре болудан бас тартатын болсақ, сол кезде сен бұл жерде қала алмайсың!

Басшыларымызға қайыр дұға етейік. Аллаһу та'ала асыл жұртымызға амандық беріп, басшыларымызды әр ісін сәлим (кәміл) болған ақылмен амал етуден айырмасын...