19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Зекет - Ұшыр - Садақа / Мал-мүліктің зекеті берілмесе

Мал-мүліктің зекеті берілмесе

Сұрақ: Мұсылман кісі зекетін бермесе, зекет ретінде бермеген сол ақшасы, мал-мүлкі ахиретте оған азап болып қайта ма?

Жауап: Мұсылман кісі зекет беруді өзіне міндет деп санамай, парыз екеніне сенбей, бермегеніне қайғырмайтын және күнә істегенін білмейтін болса, иманы кетеді. Жылдар бойы зекетін бермеген адамның зекет қарыздары жиналып, бүкіл мал-мүлкін қаптайды. Ол адам мүлікті өзінікі деп санап, мұсылмандардың ол мүлікте хақысы бар екенін ойына да алмайды, көңілі еш қынжылмайды. Ол сол мүлікке толықтай иемденген. Ондай адамдардан иманын құтқарғандар өте сирек кездеседі. «Тәубе» сүресінің 35-ші аятында:

«Зекеті берілмеген мал-мүлік, ақша тозақ отында қыздырылып, иелерінің маңдайына, бүйірлеріне, арқаларына мөр басқандай бастырылады» делінген.

Хазреті Әли хабар берген хадис шәрифте:

«Мал-мүліктеріңнің зекетін беріңдер! Біліңдер, зекетін бермейтіндердің намазы, оразасы, қажылығы, жиһады және иманы жоқ» делінген.

«Задул-мукуин» кітабында жазылған:

«Бұрынғы ғұламалардың жазғанындай, бес амалды істемеген адам бес нәрседен мақұрым қалады:

1) Мал-мүлкінің зекетін бермеген мал-мүлкінің қайырын көрмейді.

2) Ұшырын бермеген адамның егістігінде, табысында берекет қалмайды.

3) Садақа бермеген адамның бойында денсаулық қалмайды.

4) Дұға етпеген адам қалағанына жете алмайды.

5) Намаз уақыты келгенде оқығысы келмеген адам соңғы демінде калима-и шаһадатты айта алмайды».

Ғұламаларымыз айтқан:

«Ей, адам, дүниенің зауқы мен шаттығының соңында қашанға дейін жүгіресің? Бұл құнды өміріңді харам мал жинаумен қашанға дейін обал қыласың? Исламның әмірлері мен тыйымдарына мән бермейсің! Әзрейіл алейһиссалам келіп жаныңды қинап алатын, ажал деген арыстан жағаңа жабысатын, рух тапсыру азабы басыңа келетін, шайтанның иманыңды ұрлауға тырысатын, достарың «Әттең, көз жұмды, қалғандарға өмір берсін» деп бала-шағаңа көңіл айтатын уақытты ойла! Айрылу дауысы шығып, «Бізге жарайтын ештеңе істемедің, тек өзің ұнатқандарды ғана істедің, біз де саған бізге істегеніңді істейміз» дейтін уақыттан қорықпайсың ба? Қабір мен ахирет сұрақтарына қандай жауап дайындадың? Өзіңді ая! Өйткені сұраққа тартыласың. Хадис шәрифте:

«Ей, адам баласы! Менің мал-мүлкім, менің мал-мүлкім дейсің. Ол малдан сенікі болғаны тек жеп тауысқаның, киіп ескірткенің және Аллаһ үшін беріп мәңгілікке сүргізгенің» делінген».