22 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     23 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Зина

Сұрақ: Бетімдегі безеудің кетуі үшін көбісі үйленуімді немесе қызға баруымды айтып жатыр. Тіпті «Үйленуден бұрын міндетті түрде қыздарға барып тұру керек» дейді. Бойдақтарға да зина харам емес пе?

Жауап: Бұлай сауатсыз надандар айтады. Зина бойдақ, үйленген әр адамға үлкен күнә болады. Бірнеше аяти карима мағынасы:

«Зинаға жоламаңдар! Ол ұятсыздық, нашар, төмен іс, жаман жол». (Исра 32).

«Мүминдерге айт, харамға қарамасын және әурет жерлерін харамнан қорғасын!». (Нұр 31, 32).

«Фухштың (ұятсыздықтың) ашық түріне де, жасырын түріне де жоламаңдар!». (Әнам 151).

Бұл жердегі «жоламаңдар» дегені зинаға апаратын себептерден, іс-әрекеттерден сақтаныңдар, бөтен әйелдерді ойламаңдар, олармен сөйлеспеңдер, олардың дауыстарын тыңдамаңдар, оларға қарамаңдар, олармен қол алыспаңдар деген сөз.

Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Аллаһ дәргейінде зинадан үлкен күнә жоқ». (Р. Насихин).

«Сендер үшін ең көп қорқатыным – зина». (Табарани).

«Зина жасамаңдар, әйелдеріңнің тартымдылығы (әдемілігі, сүйкімділігі, сұлулығы) және махаббаты кетеді, арада суықтық басталады». (И. Нәжжар).

«Түсімде әжетханадағы нәжіс секілді сасыған адамдар көрдім. Кейіннен олардың зина етушілер екенін білдім». (И. Хиббан).

«Зина кедейлікке жол ашады». (Бәйһақи).

«Жастық шағын зинадан қорғаған (мұсылман) жәннатқа кіреді». (Бәйһақи).

«Әйел адам бес уақыт намазын оқып, ар-намысын қорғап, күйеуімен жақсы қарым-қатынаста болса, қалаған есігінен жәннатқа кіреді». (Ибн Хиббан).

«Бір жерде зина мен риба (өсім, пайыз) көбейсе, ол жердің халқы пәлекетке ұшырайды». (Хаким).

«Зина кедейлік шақырады». (Бұхари).

«Зинадан тыйылмаған адам пұтқа табынушы секілді». (Хараити).

«Зина етушінің жүзі тозақта отта жанады». (Табарани).

«Жеті қабат аспан мен жер зина етуші қарияларға үздіксіз лағнет айтады». (Бәззар).

«Зина етушілердің әуреттерінің иісі бүкіл тозақ халқын қинайды». (Бәззар).

«Жаман әйелдер көбейіп, зина қоғамда жайылса, халық оған дейін көрмеген жұқпалы ауруларға душар болады». (Бәйһақи).

«Фажира (жаман) әйелдің фужуры (жамандығы) мың еркектің фужуры секілді. Ал жақсы әйелдің жақсылығы жетпіс сыддықтың жақсылығы секілді». (Әбу Нуайм).

«Ар-намыстарыңды қорғаңдар, зина етпеңдер! Ар-намысын қорғаушыға жәннат бар». (Хаким).

«Жамандықтан қорғану үшін некеде өмір сүріңдер және ар-намысты болыңдар!». (Ибн Асакир).

«Әркімнің әйеліне, қызына қырындаған адам бізден емес». (И. Ахмед).

«Зина еткен адам дәл сол нәрсеге өзі де душар болады». (И. Нәжжар).

 

Көз зинасы

Сұрақ: Зәруліксіз әйелдерге қарау және олармен қол алысу күнә ма?

Жауап: Иә, күнә. Хадис шәрифте айтылған:

«Әйелге шәхуатпен қараған адамның көзіне балқыған қорғасын құйылып тозаққа тасталады». (М. Әнһур).

«Аллаһтың азабынан қорқып, бөтен әйелден бетін бұрған адамға Аллаһу та'ала ғибадаттың ләззатын сездіреді». (Хаким).

«Харамға қарамаған көз тозақ отын көрмейді». (Исфәхани).

«Көршінің әйеліне, досының әйеліне шәхуатпен қарау бөтен әйелге қараудан он есе күнә. Тұрмыстағы әйелге қарау қыздарға қараудан мың есе үлкен күнә. Зина күнәлары да осындай». (Табарани).

«Әурет жерін ашқан, біреудің әурет жеріне қараған адамға Аллаһ лағнет етсін!». (Бәйһақи).

«Әйелдің жүзі мен екі қолынан басқа барлық жері әурет». (М. Әнһур).

«Әйелдермен бір жерде оңаша қалудан сақтаныңдар. Аллаһу та'алаға ант етемін, ер адам әйелмен оңаша қалғанда араларына шайтан кіреді. Адамның батпақтан шыққан шошқамен қысылып қалуы ол адамға өзіне халал болмаған әйелді ұстауынан жеңіл болып қалады». (Табарани).

Хазреті Айша анамыз айтқан:

«Пайғамбарымыз өзіне халал болған әйелдерден басқа ешбір әйелмен қол алыспады». (Бұхари, Мүслим).

Әйелдердің Құран кәрім, мәуліт, илаһи, нашида оқып дауысын ер адамдарға естіртуі харам. (Ал микрофон, радио және теледидар арқылы естіртуі мәкрух болады). (Тәрғибуссалат, Хадиқа).

 

Сұрақ: Құран аудармасынан оқыдым, зина еткен әйелге мүлде үйленуге болмай ма?

Жауап: Аудармадан дін үйренуге болмайды. Зина еткен әйелге үйлену рұқсат. Өйткені «Зина еткен әйелмен басқа ер адамдар некелесе алмайды» деген аяттың үкімі өзгертілген.

 

Сұрақ: ЖИТС (СПИД) туралы хадис шәриф бар дейді, рас па?

Жауап: ЖИТС (СПИД), АИТВ (ВИЧ), мерез (сифилис) секілді аурулар еуропадан келген. Хадис шәрифте: «Жаман әйелдер көбейіп, зина қоғам ішінде жайылып кетсе, халық оған дейін көрмеген жұқпалы ауруларға душар болады» делінген. Сифилис секілді спид те бұрындары белгісіз еді. Қазірге дейін әлі белгісіз тағы басқа аурулар шығуы да мүмкін. Сондықтан бұл хадис шәрифте айтылған ауруды тек спид деп айту қате болады. Еуропадан келген сифилис, гонорея да кейіннен пайда болды.

 

Сұрақ: Зина етушінің зина еткен адамына үйленуге мәжбүр ме?

Жауап: Жоқ.

 

Сұрақ: Зина еткен адамның некесі бұзыла ма?

Жауап: Некесі бұзылмайды. Бірақ зина ең үлкен күнәлардың бірі.

 

Сұрақ: Зинаның қандай зияны бар?

Жауап: Зинаның зияны көп. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Зинаның дүниеде үш зияны бар:

1) Сұлулықты және сүйкімділікті кетіреді,

2) Кедейлікке жол ашады,

3) Өмірдің қысқаруына себеп болады.

 

Ахиреттегі үш зияны:

1) Аллаһу та'ала ашуланады,

2) Сұраққа, есепке тартылуы ауыр өтеді,

3) Тозақ отында азап шегуге себеп болады». (Табарани).

 

Көз зинасы

Сұрақ: Зина некесіз қатынас деген сөз емес пе? Көз зинасы деп те атайды. Көзбен қатынас бола ма?

Жауап: Зина харам болған қатынас деген сөз болса да, харамға қарау да көзбен істелетін харам болады. Бұл харамға көз зинасы дейді. Хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Көздің зинасы харамға қарау, құлақтың зинасы ұятсыз сөз тыңдау, тілдің зинасы ұятсыз сөз сөйлеу, қолдың зинасы намахрамды (бөтенді) ұстау, аяқтың зинасы күнә жерлерге бару». (Бұхари).

Демек әр мүшенің зинасы болады. Мұрынның да зинасы бар. Хадис шәриф мағынасы:

«Иіссу себініп сыртқа шыққан және иісін сездіру үшін бір топ адамның қасынан өткен әйелге және оған қараған (оны иіскеген) адамға зина күнәсі жазылады». (Нәсаи).

Бұл жерде де мұрын істейтін иіскеу зинасы болады. Сонымен қатар әйелге қараса көз зинасы да болады. Сүйсе ерін зинасын істеген болады. Шәхуатпен немесе қажеттіліксіз сөйлессе тіл зинасы болады. Ұстаса немесе зәруліксіз қол алысса қол зинасы болады. Хадис шәриф мағынасы мынадай:

«Адамның басына темір шоқпар қадалуы бөтен әйелді ұстауынан жеңіл болады». (Табарани, Бәйһақи).

Олай болса зинаның барлық түрінен аулақ болу қажет. Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» делінген. Бұл зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден аулақ болыңдар деген сөз.

 

Сұрақ: Аяқтың, көздің де зинасы бола ма?

Жауап: Діни кітаптарда: «Аяқтың зинасы ислам тыйым салған жерлерге, харамға бару, қолдың зинасы харамды ұстау, көздің зинасы ислам тыйым салғанға, харамға қарау» деп жазылған.